Коллеги - педагогический журнал Казахстана

Учительские университеты

Главная » Статьи » В помощь учителю » История

Абай еліне саяхат
Абай еліне саяхат
Сабақтың мақсаты:
1. Оқушыларға Абай Құнанбайұлы туралы өз беттерімен ізденуге, зерттеу әрекетін енгізуге міндеттеу.
2. Оқушылардың шығармашылықпен ойлау қабілетін, санаткерлік және жалпы даму көрсеткіші негізінде тілін дамыту.
3. Отаншылдыққа, ұлттық патриотизмге тәрбиелеу.
Қолданылған әдіс-тәсілдер: ой-пікір алмасу, шығармашылық жұмыстар.
Сабақтың түрі: сырттай саяхат, телекөпір.
Көрнекілігі: Абайдың портреті, Семейден Жидебайға дейінгі жолдың сызбасы, Қазақстанның физикалық картасы, Жидебайдағы мұражай, мемориалдық комплекс жайлы сюжетті суреттер.
Сабақтың барысы: (Үнтаспадан Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні естіліп тұрады).
Мұғалім: Балалар, біздің бүгінгі тәрбие сағатымыз өзгеше болмақшы. Бүгін біз сендермен әлем әдебиетінің алыбы, қазақтың бас ақыны, асқан поэтикалық қуаттың иесі, халықтың мақтанышы Абай Құнанбайұлы жайлы әңгіме қозғап, шығармаларын және әлем зиялыларының Абай туралы жазғандарынан үзінді оқып, тасында тарихтың таңбасы бар, қойнауы мен беткейі аңыз-шежіреге толы Жидебай өлкесіне сырттай саяхат жасаймыз.
(Осыдан соң оқушыларды бүгінгі сабақ жоспарымен таныстырып, әр кезеңнің өткізілу барысына қысқаша тоқталып өтемін).
I кезең. Оқушыларға сұрақтар қойып шығамын:
- Балалар, Абай аталарың қашан және қай жерде туып еді?
- Абай қайда білім алды?
- Абайдың шын аты кім? Неге Абай деп атаған?
- Абай шығармашылығының тақырыптары қандай?
- Іштеріңде «Абай жолы» роман-эпопеясын кімнің жазғанын білетіндерің бар ма?
- Жидебай, Қасқабұлақ жерлерінде болғандарың бар ма?
Оушылардан жауап алынған соң өздері дайындап әкелген «Жидебайға барғанда» атты тақырыптағы шығармаларынан үзінді оқиды.

Жидебайға барғанда
«Жидебайдағы Абай мұражайы бірнеше бөлмеден тұрады екен. Оның әр бөлмесінде өз кезінде ұлы ақын ұстаған бұйымдары, қолданған заттары бар. Тіпті сырты күміспен қапталған ағаш тегене де, ожау да, тостағандар да сол қалпы сақталыпты.
Өзінің жұмыс үстелінде Абайдың тоғызқұмалақ тақтасы тұр екен. Өте көне тақта болса да көз тартады. Бөлмеге кіріп барғанда сол жақ босағаға дөңгелек пеш, оның алдында жез леген мен шәйнек қойылыпты. Одан жоғарырақ әдемі сүйек төсек тұр. Төсектің алдында көрпеше, жастықшалар жатыр. Сондай-ақ Абай пайдаланған кітап шкафы, қабырға сағаты да, кітаптары да осы бөлмеден орын алған.
Ал ас бөлмесі мүлдем өзгеше: онда үлкен-кіші қазан мен самауырындар қойылған. Мұражаймен таныстырушының айтуынша, үлкен қазанда ет, кіші қазанда жеңіл-желпі тағамдар пісірілген көрінеді.
Шыға берістегі бөлмеде айыр бұтақтары бар ағаш, қазан, мылтық, мосы бар екен. Жаңағы ағашқа бұрын ет ілінген екен.
Жыл сайын мұнда келетін қонақтардың өзіне естелік етіп алатын, ескерткіш ретінде ойына сақтайтындары көп».
II кезең. Мұғалім: - Балалар, сендер шығарманы өте жақсы жазып келген екенсіңдер. Енді Абай аталарыңның жазған шығармаларынан үзінді оқып көріңдер:

«Жиырма төртінші қара сөзі». «Осы күнде жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллион қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?»
«Отыз бірінші қара сөзі». «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі, көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші, сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші, сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші, ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер».
III кезең. Ән айту. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін сынып оқушылары орындайды.
IV кезең. «Мәңгілік жұмбақ құбылыс» - әлем зиялыларының Абай туралы жазғандарынан:
Абай қазақ халқы үшін теңдесі жоқ ұлы құбылыс. Ол қуатты ақылдың адамы, құдіретті талант иесі, поэзия баһадүрі! Қайсын Құлиев, Ресей.
Алматыдағы Абай атындағы опера театрын көргенде, ұлы Абайға ескерткішті көргенде: «Ұлттық сананы бейнелеп жеткізіп бере алған ақын бақытты, өз ақынын соншалықты сүйіп, құрметтеп, асқақатата ардақтай алған халық бақытты!» – деп жар салғың келеді.
Жорж Буион, Франция.
Абай тек поэзия тілін түсініп берген жоқ, жалпы тіліміздің орамдылығын, бейнелеу шеберлігін, сөйлем құрылысындағы әр сөздің өз орнын, сөйлемдегі ой салмағын қайда, қалай қалауын да үйретіп кетті. Ғабит Мүсірепов.
Ырысалды: Абайдың даңқы тек Қазақстанмен шектелмей, басқа да көптеген елдер сияқты Қазақстанмен ортақ мәдени мирасқа ие Түркияда да танымал һәм сүйікті.
Танер Себен, Түркия.
Данияр: Абайды таныту арқылы біз әлемге Қазақ елін танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуға тиіс.
Нұрсұлтан Назарбаев.
Жанерке: Абайды оқы, таңырқан, басың шайқа!
Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Нұртаза: Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?
Жамбыл Жабаев.

V кезең. Бұл кезеңде Семей – Жидебай телекөпірі өткізіледі.
Телекөпірдің жүргізілуі:
Журналист рөліндегі оқушы телекөпірдің жүргізілу барысы туралы қысқаша түсіндіреді. Сынып оқушылары сұрақ қойып отырады, ал сұрақтарға телекөпірге Жидебай жағынан қатысушы қонақтар жауап береді.
Журналист: Қымбатты балалар! Біз қазір «Семей – Жидебай» телекөпірін, яғни Жидебаймен тікелей байланысу мүмкіндігін жүзеге асырмақпыз. Әркім өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қоюға дайындалып отырсын.
Сұрақ: Жидебай туралы біраз әңгімелеп берсеңіз.
Жауап: Шығыстан батысқа қарай шөккен түйедей көлбеу түсіп, екі жүз шақырымға созылған, бір жағы – Ақшатау сілемдері арқылы атақты Тарбағатай тауларымен, бір жағы – Абыралы шоқыларымен астасып, тамырша тарасып жататын әйгілі Шыңғыстаудың картадағы белгісі елеусіз болғанымен, тарихтағы орны – оқшау, өмірдегі өрісі ұзақ дер едім. Себебі, осы Шыңғыстауды жайлаған тобықты руының ішінде 1845 жылы қазақ халқының ұлы ақыны дүниеге келген. Ал Жидебай – ақын өмірінің ең соңғы жылдары оның талай тарихи өлеңдерінің өзегіне нәр берген жер ұйығы. Еліміздің ой-қырынан, әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған қонақтардың әулие орнына, киелі мекеніне арналған Жидебайда өздеріңе М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан белгілі бірнеше тарихи адамдардың мүрдесі жатыр. Жидебайда ең әуелі көзге түсетіні – 1960 жылы мәрмәр тастан салынған Абай Құнанбайұлының ескерткіші. Одан әрі 1986 жылы аналарға арнап ақын ұрпақтарының өздері жасаған алты қырлы кесенесі, ақынның 125 жылдық тойы қарсаңында салынған мұражайы, 1995 жылы бой көтерген мемориалдық кешені көрінеді.
Сұрақ: Басқаларыңыздың қосатындарың бар ма?
Жауап: Семейден оңтүстік батысқа қарай 178 км, Қарауыл ауылынан 25 км жерде орналасқан жер ұйығы Жидебайда соңғы жылдары Абай оқулары өтетіні баршаларыңызға белгілі. Ал одан екі ғасыр бұрын бұл жер Өскембай бидің иелігінде болады да, ұлы ақын дәл осы Жидебайда өзінің 75 өлеңін, 45 қара сөзінің 27-сін, Лермонтов пен Крыловтың аудармаларын жазды.
Сұрақ: Семей мен Жидебай аралығындағы тарихи орындар жайлы не айтуға болады?
Жауап: Семейден оңтүстік батысқа қарай 178 км қашықтықта орналасқан Жидебайға барар жолда кенезесі кеуіп келе жатқан жолаушыны қиыршық қызғылт тасты қақ жарып, мөлдіреп аққан бастау бұлақ көрінеді. Оның оң жақ қапталында «Күшікбай асуы» деп аталатын әйгілі Күшікбай батыр жерленген жер бар. «Күшікбай асуынан» әрі асып «Қанайдың қарағаны» аталатын атыраптан өткеннен кейін жан-жағы адырлы бел, құйқалы қыратты, сыздауытты, тұзды жер Бөріліге жетесіз. Бөрілі – атақты жазушы М.О.Әуезовтің кіндік қаны тамған ата қонысы. Мұнда әйгілі жазушының мұражайы бар. М.Әуезовтің 90 жылдық мерекесі қарсаңында бұл мұражай бүтіндей қайта жөнделіп, қажетті экспонаттармен толықтырылды. Одан әрі сонау ұлға – бұғау, қызға – тұсау болған зар заманда запыран жұтып, бірін-бірі сүйгені үшін тас бауыр қатал заманның құрбаны болған қос ғашық Еңлік-Кебектің мүрдесі жатыр.
Сұрақ: Абай мұражайы туралы өзіңнен естігіміз келеді.
Жауап: Жидебайдағы Абайдың мұражайы – республикадағы көрнекті мәдени орталықтардың бірі. Мұражай туралы қысқаша мәлімет беріп өтейін. Мұражайға кіре берістегі оң жаққа ақынның бюсті орнатылған. Ал мұражайға кіргенде алдымен кең бөлмелі ас үйге тап боласыз. Ас үйде қойылған қазан, самауырындар, ыдыс-аяқтар, асадал, кебеже – Абайдың өзі қолданған бұйымдары. Келесі қонақ күтетін бөлмеде күмістеген құты, кесе, кебіс, айбалта, шақша сияқты заттар да көз тартарлықтай. Алдағы қос бөлме– Абайдың жыр жазып, кітап оқып, оңаша жұмыс істеген бөлмелері. Ондағы төргі бөлмедегі үстелдің үстіне қойылған шыны қорапшаның ішіндегі протез тісі, қалта сағаты, қалам сабы мен сия сауыты Абайдың өмірінен елес беріп тұрғандай көрінеді. Сонымен қатар, Абайдың өзі ойнаған тоғызқұмалақ ойынының тақтасы да сол қалпы сақталған. Мұражайдан шыға беріс дәліздің сол жағында тошала бар. Қабырғалары таспен қаланған тошала қысы, жазы бірқалыпты жылылықты сақтап тұрады. Менің айтайын дегенім осы, тыңдармандарға өте қызықты болды ғой деп ойлаймын.
Сұрақ: Жидебайда айрықша есте қалатын тағы қандай орындар бар?
Жауап: Ұлы ақынның 150 жылдық мерекесі қарсаңында Жидебайда алматылық архитекторлардың авторлығымен мемориалдық кешен жасалды. Мемориалдың күмбезі платформаға тұрғызылған. Оның бір жағында биіктігі 32 метр, диаметрі 12 метр болатын Абайдың кесенесі, платформаның екінші жағында Абайдың шәкірті Шәкәрімнің кесенесі бой көтерген. Кешеннің дәл ортасында поэтикалық оқулар мен айтыстар өткізілетін амфитеатр бар.
Сұрақ: Біздің бала кезіңізден ақындық жолды қуып, өлең шығарумен айналысатындар да бар екен, енді сөз кезегін болашақ-ақындарға берсек...
Жауап: «Болмасаң да, ұқсап бақ» - дегендей, менің де ақын болуға құлшынысым бар, әрине, ақын болу үшін көп іздену керек. Мен өзімнің Абайға арнап жазған өлеңімді оқып берейін:
«Өлеңнің өр мінезді найзағайы»
Қазақтың сырын айтып ашылмаған,
Шабыты тасқын судай басылмаған.
Өлең сүйер салмақты ақын Абай,
Халқынан бар өнерін жасырмаған.
Тірлікте тіршіліктің кеткен құны
Сейілмен серке жұрттың көптен мұңы.
Түнектен түлеп ұшқан алтын күндей,
Жүректен сәуле болып төккен жыры.
Баз кешіп бал сәтінде балалықтың,
Сойқанын арқалады санаң жұрттың.
Өлеңнің өр мінезді найзағайы,
Қақ тілген қара бұлтын надандықтың.

Журналист: Телекөпірге қатысушыларға алғысымызды білдіреміз. Енді назарларыңызды «Жер ұйығы – Жидебай» атты фотомонтажға аударыңыздар. (Тақтада Бөрлідегі М.О.Әуезовтің мұражайы, «Еңлік-Кебек» мүрдесі, Жидебайдағы Абай мұражайы, әдеби-мемориалдық кешен бейнелері көрсетілген фотосуреттер ілінеді).
VI кезең. Қорытынды.
Бүгін XXI ғасыр басында біз Абайдың шығармашылығынан қазаққа қажет руханилықты табамыз. Бізден кейінгілер де өздеріне қажетін табатыны сөзсіз. Себебі Абай адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап береді. Абай – адамзат ақылманы.
- Балалар, сендер Абай аталарының жайлы көптеген ойға тоқитын мәліметтер алдыңдар. Бүгін Абай өлеңдерін, қара сөздерін әдемі нақышына келтіріп оқыған және Абай жайлы зиялылардың жазғандарын өз беттерімен жинақтап әкелген оқушыларымыздың да, сазды әуенімен құлақ құрышын тұндырған әншіміздің де, тыңдаушыларымыздың да ішінде бәлкім дарын иесі, болашағынан зор үміт күттіретін ақын-жазушы, Абайдай елінің мақтанышы болатын азаматтар да отырған шығар.
- Құрметті балалар, бүгінгі сабаққа сендер өте жоғары деңгейде даярланып келіпсіңдер. Барлықтарыңа өзімнің ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, телекөпірді жүргізуші журналистеріміз бен оның қонақтары өз рөлдерін жақсы атқарды.
- Бүгінгі телекөпірге қатысқан сынып оқушыларына алғысымды білдіремін
Категория: История | Добавил: elmira_ok (2015-11-17) | Автор: Сыбанбай Инабат Мұсақызы E
Просмотров: 965 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 0.0/0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Четверг, 2024-04-25, 9:37 AM
Приветствую Вас Гость

Форма входа

Категории раздела

Русский язык и литература [1611]
Школьный психолог [547]
История [783]
Опыт [554]
Научная кафедра [234]
Воспитание души [262]
Мастер-класс [251]
Семья и школа [201]
Компьютер-бум [271]
Английский язык [875]
Великие открытия [30]
Университет здоровья [142]
Математика [1278]
Химия [406]
Классному руководителю [701]
Биология [612]
Думаем, размышляем, спорим [113]
Казахский язык и литература [1894]
Краеведение [108]
Начальная школа [4177]
Беседы у самовара [26]
Мировая художественная культура [49]
Новые технологии в обучении [409]
Сельская школа [84]
Профильное обучение [89]
Демократизация и школа [34]
Физика [323]
Экология [198]
Дошколенок [1768]
Особые дети [330]
Общество семи муз [66]
Школа и искусство
Уроки музыки [668]
Авторские разработки учителя музыки СШ № 1 г. Алматы Арман Исабековой
География [494]
Мой Казахстан [248]
Школьный театр [84]
Внеклассные мероприятия [1275]
Начальная военная подготовка, гражданская оборона, основы безопасности жизнедеятельности [107]
ИЗО и черчение [233]
Физическая культура [591]
Немецкий язык [61]
Технология [321]
Самопознание [445]
Профессиональное образование [133]
Школьная библиотека [93]
Летний лагерь [26]
Дополнительное образование [70]
Педагогические программы [24]

Социальные закладк

Поиск

Друзья сайта

Академия сказочных наук

  • Теги

    презентация Ирина Борисенко открытый урок информатика флипчарт животные новый год 9 класс 5 класс творчество Казахские пословицы проект конспект урока 6 класс физика язык класс педагогика стихи Казахстан математика урок праздник наурыз познание мира музыка доклад программа литература география природа сценарий семья воспитание классному руководителю осень игра казахский язык и литература викторина Начальная школа тест конкурс ИЗО внеклассная работа литературное чтение Русский язык 3 класс технология воспитательная работа сказка Здоровье Оксана 8 марта искусство независимость английский язык психология учитель 3 класс биология статья внеклассное мероприятие классный час ЕНТ выпускной школа 1 класс Русский язык ЕГЭ тесты химия начальные классы Дети экология Дошкольники любовь разработка урока казахский язык самопознание Английский родители br конспект спорт критическое мышление патриотизм дружба дошколенок История обучение тренинг разработка 7 класс физическая культура игры КВН занятие детский сад физкультура Абай коучинг

    Статистика

    Рейтинг@Mail.ru