Коллеги - педагогический журнал Казахстана

Учительские университеты

Главная » Статьи » Личности

Ұстаз салған соқпақ жол
ҰСТАЗ САЛҒАН СОҚПАҚ ЖОЛ
(Білім саласына еңбегі сіңген құрметті ұстаз Бименде Амалбеков туралы естелік)

Мен 1948 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы орталығындағы Ленин атындағы №1 орта мектептің 5 сыныбына келіп түстім. Ауылдан келген біз сияқты бозөкпелер «Б» сыныбына, аудан басында тұратындар «А» сыныбына тіркеледі екен. Онжылдықты бітіргенше интернатта жаттым. Интернаттың меңгерушісі Далбаев Төлеу ағамыз, соғыстан келген, қатаң тәртіп талап ететін. Кең далада өскендік пе, интернатқа симайтынбыз. Соны білетін Төкең бізді таңертең санап тұрғызады, мектепке жібереді, кешке санап жатқызады(отбой дейтін). Жатқанға дейін, электр жарығы тартылмаған, керосин шаммен үй тапсырмасын орындап аламыз. Жағдай әлі түзеле қоймаған кез. Соған қарамастан қанағатшыл едік. Мектеп директоры Бименде Амалбеков туралы оқушылар қорқынышты әңгімелер айтады. Қатал дейді. Ұрыспайды, ұрмайды, бетіңе тура қарап тұрып сөзбен сойып салады дейді. Содан директор келе жатыр десе жым-жырт боламыз. Төсек орнымызды, бөлмемізді жинап, өзімізді тәртіпке келтіріп, тап-тұйнақтай қылып, сабақ оқыған болып отыра қаламыз.
Бірінші тоқсан аяқталмай-ақ барлық мұғалімдердің мінез-құлқын жаттап алдық. Әрқайсысында әртүрлі мінез бар. Жастары қатарлас, құрдастай бір-бірімен қалжыңдасып ойнайтын, олар да адами пенделер екенін көріп, етіміз үйрене бастады. Әсіресе интернат балалары олардың әкелік қамқорлықтарын сезініп, біреулері келіп басымыздан сыйпап кеткенде, көңіліміз көкке екі-ақ елі жетпей қалатын.
♦ ♦ ♦
Келе-келе біз де аудан балаларынан кем емес екенімізді таныта бастадық, Үлгілі тәртіппен, үздік оқумен көзге түстік. 6 сыныптан бастап аудан баласы, ауыл баласы деп бөлген жоқ, барлығымызды араластырып жіберіп, екі сыныпқа бөліп оқытты. Мен Көкенова Еркін, Рахметова Жүрсін, Қошанова Сапия, Беков Әуезхан сияқты ауданда тұратын үздік оқушылармен бірге оқыдым. 6 сыныпты бітірер жылы, төртінші тоқсанның соңында ауданның барлық мектептерінен үздік оқитын оқушылар қатысқан «Үздіктер слеті» болды. Оқушылардың күшімен аудан жұртшылығына үлкен концерт берілді. Сол концертте Өспеннен Қасымхан Асанов, Райхан Тойғанбекова(мен ол кезде оларды тани қоймаймын, бірақ есімде қалыпты), біздің сыныптан Рая Тәжіғұлова(басқалары есімде жоқ) шырқаған әндері, Раяның Роза Бағланова орындайтын чехтың «Биле, биле» және басқа әндерін құлпыртып орындап, кәнігі әртістердей өнер көрсеткені көпке дейін есімізден кетпей жүрді. Кейін білдік, Биекеңнің оқушылардың өнерлі болып, жан-жақты дамуына қамқоршы, ұйымдастырушы болып жүретінін. Үлкен үзілісте сынып жетекшіміз, сынып старостасы оқушыларды дәліздің екі жағына тұрғызып қойып өлең айтқызатын. Көбінде «Қазақстанды» айтамыз. Биекең мектеп директоры болып тұрған жылдары мектеп оқушылырының ән-хор үйірмесі жұмыс істеп тұрды. Оның басы-қасында әйгілі өзіміздің жоғарғы сынып оқушысы Игілік Омаров жүретін. Әрі әнші, әрі ұйымдастырушылығы шебер Игілік ағамыз үйірмеге оқушыларды өзі жинап алатын. Домбыра үйірмесін физика пәнінің мұғалімі, мінезі ашық, «ой, батыр» деп сөйлейтін Ақтомпай Бәкіров жүргізді. Оған Беков Әуезхан, Қалиев Қыдырбай, бізден бір сынып жоғары оқитын Тоқанов Ералы қатысып жүрді. Қыдырбай мен Ералы интернатта жататын. Қашан көрсең Ералының қолынан домбыра түспейді. Қайдан келесің Ералы, десе, домбырадан келемін. Қайда барасың Ералы, десе, домбыраға барамын. Қызық еді мінезі. Сейдімбеков Хасен мұғаліміміз оқушылардың күшімен спектакль дайындайтын. Бір спектакльге мен суфлерлік те болғам. 1951-1952 жылдары болу керек, 9 сыныптың оқушылары Гогольдің «Ревизорын» қойды. Ермекбай, Қазығұл, Мереке, Сәтек – бұлардың екеуі Ляпкин-Тяпкинді, екеуі Бобчинский-Добчинскийді, Қалижан мен Коммунардың біреуі, қайсысы екенін ұмытып қалдым, Хлестаковты ойнап, мектептің даңқын аспанға көтергені бар. Сонда мектеп алдындағы клубқа халық симай, спектакль біткенше түрегеп тұрып көрді. Спектакльдің соңында шын ревизор келетін жерде, келді деп естиді ғой, сол жерде, отырғаны отырған жерде, түрегеп тұрғаны сол күйінде, демдері шықпай, көздері бақырайып, қисайған
қалыптарында қатып қалып, шек-сілемізді қатырғаны бар. Сол жылдары Хамит Жаманов жас ақындардың кешін өткізіп тұрды. Өлең құмар оқушылар бірінен соң бірі сахнаға шығып өлеңдерін екпіндетіп оқып жатады. Қалиақпардың өлеңдері ширақ, патриотизмге толы, қалғандарымыздыкі орташа, солғын шығатын. Хамит көтермелеп қояды. Қалиақпар кейін елге танымал, қалыптасқан ақын болып шықты. Ауданның мәдени өмірінде мектеп комсомол ұйымы үнемі үлгі болып жүрді. Ұйымның хатшысы Баян Жирембекова болатын. Қазан төңкерісіне, 23-ақпан Кеңес Армиясы, 8-наурыз Халықаралық әйелдер, 1-мамыр, 9-мамыр мерекелеріне арналған іс-шаралардың бәріне қатысатынбыз. Сөйтіп, Биекең ата-аналарды, оқушыларды, мұғалімдерді қоғамдық-мәдени іс-шараларға араластыра жүріп, ауданның мәдени өміріне жылылық, көктем лебіндей леп әкеліп, аудан халқының мәдени дамуына үлкен үлес қосқанын енді-енді танып біліп жатырмыз..
Біз жататын интернаттың жағдайы мәз еместін. Пеш жағушы бар, өзіміз көмектесеміз. Интернат саманнан жасалған барақ. Бір бөлмесінде асхана, төрт бөлмесінде ұлдар, екі бөлмесінде қыздар жататын. Тағы бір бөлмеде кітапхана, шахмат, дойбы үшін үстелдер қойылған. Осының бәрін Биекең балалар бос уақытын мазмұнды өткізсе екен деген оймен жасатыпты. Кітапханадағы кітаптар мектеп кітапханасының меңгерушісі Өтешев Балғатай ағамыздың есебінен ұйымдастырылған. Содан кітап алып оқитын болдық. Кітап оқушылар көбейді. Биекеңнің өзінің басшылығымен кітап оқушылар конференциясы өткізіліп тұрды. Оған үздік оқитын жоғарғы сынып оқушылары тартылды. Есімде қалғаны, осындай бір конференцияны Биғамбекова Роза деген оқушы өткізді. Алдын-ала ол бізге Б.Полевойдың «Нағыз адам туралы повесть» деген кітабын оқып келуге тапсырды. Осы конференцияға интернаттағы барлық бала қатысты. Биғамбекова Роза сұрақ бере отырып, балалардың кітапты қаншалықты түсінгенін айтып, ризалығын білдірді. Кітап оқуға шақырды. Содан бұл кітапты оқымағандар іздеп жүріп оқитын болды. Интернатта жататын жоғарғы сынып оқушылары Жақан Смақов, Әди Бақтыбаев қабырға газетін шығарып тұрды. Онда қызықты өлеңдер, әсіресе әзіл өлеңдер жиі жарияланып тұрды. Жақан мен Әдидің әзіл айтыстарын оқитынбыз. Сабақтан, ұйқысын қимай қалып қоятындар, төсегінде отырып нан соғатындар, олақ, салақ оқушылар қабырға газетінен жиі көрінетін. Бірақ, кітап оқуды, шахмат, дойбы ойнауды ешкім тастаған жоқ. Ауылдағы «Тоғыз батырдан» басқа ештеңе оқымай келген біз кітап әлеміне кірдік те кеттік. Әсіресе Төлеуов Жанбек екеуміз мұндағы кітаптарды тауысып, аудандық кітапхананың кітаптарын алып, жастықтың астына тығып оқитын болдық. Мен кейде үйде жататын Қалиақпардың үйіне де барып, кітап оқып қайтатын едім. Ол да кітапты жинай беретін. Үйлері интернаттан алыс емес. Ал интернатта менімен бірге жататын, әлі күнге дейін таңым бар, менен де көп оқитын Жанбек досым қалай әдебиетші болмады деп. Кенші болып кетті. Интернатта шахмат, дойбыдан айына 1-2 рет жарыс өткізіліп тұрды. Біз шахматты үйреніп алдық. Жарысқа үйде жататын Әбдірахман Игіліков келіп жүрді. Жанбек екеуін ешкім жеңе алмайтын. Қайдан еститінін білмейміз, ауыздарынан Капабланка, Алехин, Ботвинник түспейді. Шахмат та, дойбы да бос уақытымыздың кәсібіне айналды. Осылайша әркім өз бетінше рухани байлыққа соқпақ тауып жатты. Ия, бұның аржақ түбінде Биекең сияқты тұлғалардың тұрғанын кім білген. Ал, маңдайы жарқырап жүретін Жақан ағамыз Алматыға барып, оқып, ақын болғанын естідік.
Жоғарыда үздіктер слеті туралы айтып едім. Оқушылар концертінен кейін слеттің жай-жапсары, қорытындысы туралы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Б.Садықов сөйлеп, көптеген оқушыларға мақтау қағаздарын тапсырды. Ал, менің бағаларымның «төрті» көп, «бесі» аздығына қарамастан осы жиында Биекеңнің маған жазған мінездемесі болу керек, аудандық оқу бөлімі бір комплекті жаздық киім(форма) және Ақмола облысының «Ақкөл» пионер лагеріне бір айлық жолдама берді. Бұл мен үшін үлкен награда еді. Біздің мектептен 4 бала бардық.
♦ ♦ ♦
Осындай жақсы жағымнан көрініп жүрген мен бір күні, әлі күнге дейін ұмытпаймын, көзге түсіп қалдым. Біздің сыныптар екінші ауысымға көшірілгентін. Күн ыстық. Параллель сыныпта оқитын Садырбаев Кәрібай екеуміз ебін тауып ертерек мектепке кіріп кеттік. Ол тыныш отыра алмайтын, жылдам еді. Кәрібайдың екінші қабаттағы сынып бөлмесінде отырғанбыз. Менің біресе оң жағымнан, біресе сол жағымнан келіп қайта-қайта түртіп кете береді. Қусам жеткізбейді. Әбден ызамды келтірді. Бір уақытта ол партаның терезе жағында кептеліп қалды. Осы кезді пайдаланып қалайын деп қолымдағы іші қағаз толған сөмкемді басына, бет-аузына
тигізейін деп дәлдеп тұрып, бар күшіммен лақтырып кеп жібердім. Қу екен. Бұға қалды. Сөмке ұшқан бетімен, бағытын өзгертпестен, терезенің шынысын быт-шыт қылып далаға кетті. Мектептің есігі терезе тұрған жақта болатын. Бітті саудам. Қалшылдап кеттім. Сөмке ұшқан бетімен, мектепке кіре алмай тұрған балалардың ортасына топ етіп түсіпті. Биекеңнің де мектепке келген беті екен. Шуды естіген. Балалар менің сөмкемді ұстата беріпті. Биекең келгенше өшімді алайын, жағын сындырайын деп, ашуға булығып тап бердім. Үстіндегі жеңіл күрткесі қолымда қалды. Өзі дәлізге қашып үлгерді. Биекең оған қарсы кездесті. Сынған терезені көрді. Екеумізді кабинетіне алып келді. Бізде тіл жоқ. Биекеңнің сұрағына жауап бере алмай мелшиіп тұрмыз. Ол кісі үндемей біраз тұрды. Сәлден соң, мектептің мүлкін сындыру–қастандық. Сендер әдейі жасаған жоқсыңдар. Кінәлі сен боларсың деп Кәрібайға қарады. Бұдан былай қайталаушы болмаңдар, -деп бізді босатып жіберді. Кіруге қоңырау соғылып жатыр. Біз аман-есен шыққанымыздан есімізді жия алмай жүрсек, балалар: -әй, не деді, не деді, -деп сұрақ жаудырып, әрі таң қалып жүр. Бір сағаттың ішінде Биекең мектептің есепшісі Омаров Қамажан ақсақалға айтып, терезені бүтіндетіп тастапты. Биекеңнің «қатал жазалаушы» дегенді сырттан естуші едім, енді қалай жазалағанын өз көзіммен көрдім. Кәрібай болса, онжылдықтан кейін медициналық институтты бітіріп, дәрігер-хирург, ғылым докторы болды. Биекеңді көріп жүріп, адамды мінезбен де, сөзбен де тәрбиелеуге болатындығын кейіннен түсіндік қой.
♦ ♦ ♦
Биекеңнің сабақ беру тәсілі өзгеше. Оны түсінбей қалуың мүмкін емес. Кейінірек ұстаз рухына арнап бірер шумақ өлең жазып едім. Соны келтірсем математик ретіндегі бейнесі шамалы болса да көрініп қалатын шығар.
Сымбатты, сырбаз еді, мұнтаздай киінетін,
Кішілерге қамқоршы, үлкендерге иілетін.
Мейірбанды ұстаздың шәкірттері ақ жүрек,
Өнегесін үлгі етіп, табынатын, сүйінетін.
Жаны таза, кісілігі мол еді, біз білетін,
Әр сабаққа жан беріп, сән мен өңін кіргізетін.
Маржандай ғып, әдемі жазғандарын тақтаға,
Дәптерге де дәл солай тізгізетін.
«Есеп пәні осы ғой, терең ойға өрілетін, —
Кілтін тапсаң, ашылып, сыр болып төгілетін»-
Дейтін еді үнемі ұлағатты ұстазым,
Сондықтан да, ол маған Пифагор боп көрінетін.
Жылдар өтіп кетсе де, істерің тұр жаңғырып,
Жол сілтеген арманға шырақшыдай мәңгілік.
Өзің баптап ұшырған шәкірттерің қаншама,
Көк байрақты көтерді шетелдерді таң қылып.
Ұмытпайтын іс істеп Тәуелсіздік таңы үшін,
Күшті еді ғой рухың да, күшті еді ғой намысың.
Ұрпағың бар тегіңді жалғастырып жүретін,
Мақтан еткен елің бар үлгі қылған арысын.
Математикаға қабілетті оқушыларға қиын есептерді беріп қоятын. Сол есептерді біздің алдымызда бір сынып жоғары оқитын Жүнісов Ермекбай мен Көшмағанбетов Аманғазы мүдірмей уақытынан бұрын шығарып әкелетін. Оларға шығару жолдарының басқа нұсқаларын іздестіріп келіңдер деп сол есептерді қайта беретін. Сөйтіп оларды ізденіске ұмтылдыратын. Олардың талантын байқаған Биекең интернаттың қойма үшін пайдаланып жүрген қосымша тапал үйлерінің бір бөлмесін соларға босатып береді. Ешкім кедергі жасамасын деген оймен. Екеуі де мектепті күміс медальмен бітірді. Біздің екі сыныптан 4 бала Игіліков Әбдрахман, Көкенова Еркін, Қошанова Сапия, Беков Әуезхан күміс медальға үміткерлер болды. Бірақ біз мектепті бітіретін жылы Биекең Өспен мектебіне директор боп ауысып кетті. Дегенмен жаңағы төртеудің екеуі күміс медальді ақтап шықты. Биекеңнің бізге математикадан сабақ берген жылдары ізсіз кеткен жоқ. Көптеген оқушылары өндіріс мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарына түсіп кетті. Олар үшін математикадан емтихан тапсыру шемішке шаққанмен бірдей еді. Мен білетіндерден Жүнісов Ермекбай, Салықов Әйкен, Қошанова Сапия, Көкенова Еркін, Игіліков Әбдрахман, бірер жыл бұрын бітіріп кеткендерден Әшірбеков Жұман, Мұқанов Сейсен, Әбілдин Қалиақпар, Омарова Зейнегүл, Кәдірбекова Ақборық, Малдыбаев Балтабай, Әльмағанбетов Жолшыбек, Жақыпбекова Гүлсім, Сәтбаев Саттар және мен Биекеңнің жолын қуып кеттік.
♦ ♦ ♦
Биекең Ленин атындағы мектепті басқарып тұрған жылдары түбінде керек болады-ау деген жоспарларды іске асырды. Олар: орысша оқығысы келетін қазақ балалары үшін орыс сыныптарын ашты. Орысша білмесең оқуға түсе алмайсың, не жұмыс істей алмайсың, араңда бір орыс отырса, орысша сөйлеуің керек, жиналыс болса, орысша өткізуің керек. Сондай талап болатын. Қазақ балаларын осылай алға сүйреу керек болды. Содан біраз пәндерді физикадан Ақтомпай Бәкіров, химиядан Қаутай Қасымбеков, математикадан Лариса(тегін ұмытып қалдым) орыс қызы орысша жүргізді. Біздің алдымыздағы он бітіретін бір сыныпқа орыс тілінің мамандары сынып жетекші болып Зинаида Семеновна Свинтидзе, ал бізге Вера Михаиловна Скиба жетекшілік етті. Осы сияқты мектеп ішіндегі өзгерістер тиімді нәтиже берді. Одан біз ұтылған жоқпыз. Биекеңнің өзі де орысшаны таза сөйлейтін. Бізідің сынып жетекшіміз Вера Михаиловна Биекеңді үлгі тұтып бізге әр сабақ сайын айтып отыратын. Тіліміз жаттықсын деп конспект жаздыратын. 1954 жылғы, мектеп бітірер кездегі орыс әдебиетінен жазған конспектім әлі күнге дейін бар.
♦ ♦ ♦
Тағдыр қызық. Қарағанды педагогикалық институтының физика-математика факультетін 1960 жылы бітіріп, жолдамамен Өспенге келдім. Рахымбеков Мұса директор екен. Биекең орынбасары. Директордың ауырып жүрген кезі. Барлық жұмыс Биекеңнің мойнында. Биекеңді көріп қуанып кеттім. Ол кісі де: -жас келсе іске, — деп мені қуана қарсы алды. Математикадан педагогикалық жүктеме аз екен. Физикадан сағаттар бар. Физикадан сабақ беріп жүрген Тойғанбекова Райхан Қарағандыға отбасы жағдайымен ауысып кеткен екен. Жүктеменің жартысы қазақша, жартысы орысша. Қорықпа, -деді Биекең. Сыныптағы оқушылардың барлығы да қазақ балалары, 1-2 басқа ұлттың балалары бар, олар да қазақшаға судай. Саған ауыртпалық түспейді, орысша физиканы ал да жаттай бер, сосын оны өз сөзіңмен баяндап беруге дағдылан. Артынан қалыптасып кетесің деді. Көндім. Маған бәрінен қиын болғаны, мектеп бітіретін екі оныншы сыныптардың – біреуіне қазақша, біреуіне орысша беру керек. Күнде сынақ тапсырғандай күй кештім. Жұмыс істеуіме қолайлы болсын деп, жаңадан үй көтеріп жатқан рудниктің энергетигі Кәріпов Мұрат ағайдың бітер-бітпей тұрған үйінің бір бөлмесін сұрап, мені сол үйге орналастырды. Мені олар өз баласындай етіп, жатырқама деп қабылдап алды. Төсек-орынмен, жұмыс үстелімен толық қамтамасыз етті. Бағыма қарай Мұрат ағай да, жеңгей де қолы ашық, кісі жатырқамайтын жандар боп шықты. Райхан бастап кеткен физикалық лабораторияға ие болдым. Мектептің радиоторабын іске қосып, анда-санда сөйлетіп қоям. Физикадан үйірме жүргіздім. Негізінен қатысатындар 8 сыныптың оқушылары. Релемен жұмыс істейтін бірнеше схемалар тауып алып, соларды балаларға беріп қоям. Өзім де ізденемін. Балаларды қызықтыратын даладан үйге кіргенде шам жанатын, кетерде сөнетін бір схемалар болды. Осылайша менің жұмысым жүріп кетті. Балалар жасаған бірнеше макеттерді Биекең аудан орталығында өтетін көрмеге апартқызды. Аудандық білім бөлімі мектепті мақтады, мен де кенде болғам жоқ. Үйірмеге бар ынтасымен, өзінің тосын ойларымен қызыға қатысатын Теңізбай Рахымжанов деген бала болатын. Физик болады ғой деп ойлаушы ем. Онды бітіріп, Алматыға барып, жазушы болып кетіпті. Мектеп ұжымымен жақсы қарым-қатынаста болдым. Әріптестерімнің бәрі Биекеңмен жақсы қарым-қатынаста. Биекеңмен дәмдес бола жүріп, дастарханның сәнін келтіріп, зілсіз әзіл айтып, кісіні жалықтырмайтын әңгімешіл екендігін көріп, Биекеңді тағы бір қырынан тани бастадым.. Әдебиетті, тарихи әңгімелерді терең білетіндігіне таң қалып жүрдім. Осылай Биекеңмен бұрын шәкірттік қарым-қатынаста болсам, енді үзеңгілес, әріптес боп шыға келдім.
Менің мұғалімдік қабілетім бар ма, жоқ па, ол туралы менің шәкірттерім мен әріптестерім айта жатар, ал мектеп басқаратын менде ешқандай белгі болмайтын. Аудандық оқу бөлімін басқаратын Әпсаматов Мәдіхан ағамыз мені Айнабұлақ сегізжылдық мектебіне директор боп баруға шақырды. Мектептердің жетіжылдықтан сегізжылдыққа ауысып жатқан реформаның тұсы болатын. Жассың, өсуің керек, жаңадан ашылып жатқан сегізжылдық мектеп, оқушылар да, мұғалімдер де шағын, басқарып кете аласың. Бар. Қалғанын өзіміз көмектесеміз, -деп қысқа қайырды. Биекеңмен Өспенге келіп ақылдасып ем, қиындықсыз адам өспейді, жеңіл дүние жеміс бермейді, -деп баруымды қолдады.
Айнабұлақтың аудан орталығынан алыстығы болмаса, менің жұмыс істеуіме ешқандай проблема туғызған жоқ. Онда өз бауырым Айкен бар екен. Шешей асты-үстіме түсіп, құдды өз баласы келгендей қуанып жүр. Сол үйде жатып бір жыл жұмыс істедім.
♦ ♦ ♦
Қаражалдың қала болайын деп дайындалып жатқан тұсы мені қызықтыра бастады. Қалада істегім келді. Айналып Мәдіхан ағайға келіп ем, ол кісі жолата қоймады. Қаражалды мұғалімдермен қамтамасыз ету жұмысын Ермекбай ұйымдастырып жүр екен. Ермекбай көмектесіп Қаражалға ауысып алдым. Қаражалға келсем осындағы №1 мектепте Биекең директор екен. Мен сол мектепке математик боп орналастым.. Міне, Биекеңмен тағы да ұстаздық жолда кездесудің сәті түсіп, тағы да қызметтес болып шыға келдім. Биекең 1967 жылы Қаражалдан қайтадан Өспенге мектеп директоры болып кетті. Соған дейін араластығымыз үзілген жоқ.
♦ ♦ ♦
Биекең 1941 жылдан 1953 жылға дейін, арасындағы 1-2 жылды есептемегенде, он жылдан аса Ленин атындағы мектепті басқарған екен. Биекеңді, бірге қызметтес болған мектеп ұжымын, осы аралықта мектепті бітірген оқушылар олардың уақытпен санаспай оқушылардың арасында болатындығын, көмектерін аямайтындығын күні бүгінге дейін аңыз ғып айтып жүретіндігінің куәсі болып жүрміз. Олардың бір-бірімен әзіл-қалжыңы жарасқан қарым-қатынасы, сыйластығы бізге үлгі болатын. Олар шын мәнінде бағымызды ашқан, бағыт-бағдар берген жұлдыздар еді. Жаңаарқаға барған сайын өзім оқыған мектепті, оның арт жағындағы райкомға қарай, мұғалімдер бәріміз жабылып отырғызған ағаштарымыздың бұл күндері жайқалып, орман болып тұрғанын көріп, кеудені қуаныш кернеп, көңілім көтеріліп қалады. Сол жерде Биекеңнің, Қаутайдың, Хасеннің, Сәбиттің, Төлеудің, Далбайдың, Хамиттің, Ақтомпайдың т.б. қолдарының табы, іздері қалғанын білетін ұрпақтың жүргенін көргің келетіні бар.
Бұл мақалада негізгі айтқым келген ой Биекеңнің ұлағатты ұстаз деген дәрежеден әлдеқашан асып кеткендігі, Биекең салған соқпақтың Құс жолына барып қосылатындығы. Кезінде С.Қирабаевтың, М.Ақбиевтың, Қ.Мұсылманбековтың, Х.Әбжановтың, А.Сейдімбектің тағы басқалардың Биекеңнен дәріс алғандығын, естеліктерінде жылы лебіз білдіргендерін, яғни, ұлылардың да ұстаз алдынан өскендігін ескерсек, Биекеңнің бейнесі ұлы ұстаздардың, ұлт ұстаздарының қатарынан көрініп жүргені, әрбір ұстаздың салған соқпағы даңғыл болса екен деген ниетке жетелейді.
Ошақбай СУХАНБЕРЛИН
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, зейнеткер ұстаз.
Қарағанды қаласы.
Категория: Личности | Добавил: osh (2015-10-14) E
Просмотров: 243 | Комментарии: 2 | Теги: Бименде, тұлға, ұстаз | Рейтинг: 3.5/2
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Вторник, 2016-12-06, 3:49 AM
Приветствую Вас Гость

Форма входа

Категории раздела

Школа, как она есть [588]
Рассказ об интересных школах республики, об их опыте
Семиречье - взгляд сквозь годы [22]
История Семиречья
Великая Отечественная [166]
Личности [113]
Великие педагоги [30]
Юмор, анекдоты, школьные ляпы [17]
2007 год - год русского языка [13]
Дайджест прессы [174]
Конкурс юных сказочников [40]
Сказки, присланные на Международный конкурс юных сказочников
Клуб любителей поэзии [76]
Биографии и стихи известных поэтов
Профессиональное образование [373]
Из дальних странствий возвратясь [10]
Наш календарь [41]
Российская история
Школа: взгляд сквозь годы [41]
Многоточие. Газета для добрых и неравнодушных людей [21]
Творческая мастерская [589]
Если у Вас интересный, необычный проект - вас сюда.
Творческие проекты учащихся [192]
Пионерский клуб [16]
Истории из пионерского детства
Стихи о школе [77]
В помощь учителю [20717]
Материалы в помощь учителям-предметникам
Игротека [123]
Игры подвижные, на молодежных вечерах, на смекалку и сообразительность, словом, все, что интересны детям и взрослым.
Английский клуб [181]
Диспут-клуб [14]

Социальные закладк

Поиск

Друзья сайта

Академия сказочных наук

  • Театр.kz

  • Статистика

    Рейтинг@Mail.ru