Главная » Статьи » Английский клуб » Поликультурное образование |
Баяндаманы дайындаған КМКҚ Семей геологиялық барлау колледжінің ағылшын тілі оқытушысы Смагулова Г.А. КӨПТІЛДІЛІК - ЗИЯТКЕР ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ Көптілділік , мультилингвизм, полилингвизм – нақтылы коммуникативтік жағдайдың әсер етуімен белгілі бір әлеуметтік ортада, мемлекетте бірден үш, одан да көп тілде сөйлей білушілік. Мұның өзі жеке адамның (индивидумның) көптілділікгі және ұлт пен ұлыстың көптілділікгі болып бөлінеді. Көптілділіктің үш тілді меңгеру дәрежесі сол адамның немесе бүтіндей халықтың өмір сүрген тілдік ортасы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі секілді көптеген факторларға байланысты. Ұлттық құрамы бірыңғай, бір ғана этносмекендейтін мемлекетте көптілділік сирек. Көптілділік – АҚШ, Ресей Федерациясы, Үндістан, Нигерия сияқты жүздеген ұлт пен ұлыс мекендейтін мемлекеттерге тән құбылыс. Көптілділік: жаппай көптілділік, ішінара көптілділік болып бөлінеді. Жаулап алу, халықтардың қоныс аударуы, көрші елдермен тығыз қарым-қатынас секілді тарихи себептерден кейбір халық өкілдерінің жаппай көптілділікгі қалыптасқан. Сондықтан да көптілділік көп ұлтты географиялық кеңістікте кең тараған. Мәселен, жаппай көптілділік Кавказдағы армян, аджар, осетин, құрд, грек, т.б. халықтар арасында, сондай-ақ, Дағыстан халықтары арасында жиі кездеседі. Қазіргі Қазақстан Республикасындағы қалыптасқан жағдай да осыған ұқсас. Мұндағы славян тектес халықтар – негізінен бір тілде ғана сөйлейтіндер, қазақтардың көпшілігі екі тілде сөйлейді. Ал ұйғыр, өзбек, дүнген, құрд, түрік, әзербайжан, тәжік, татар, т.б. ұлт өкілдері арасында көптілділік кең тараған. Неміс, корей, шешен ұлттарында да көптілділік едәуір жиі ұшырасады. Кейінгі кезде шет тілін үйренуге ден қойыла бастағандықтан, қазақтар арасында да көптілділік көбейіп келеді. Бүтіндей ұлт пен ұлыстың көптілділікгі – социолингвистердің зерттеу нысаны боларлық күрделі құбылыс. Жаппай көптілділік жағдайында коммуникативтік формалар (диалектілер, әр алуан жаргондар, жеке тілдер) өте күрделі қолдану иерархиясын құрайды. Мысалы, 1) тар локалды шағын топ арасындағы қатынас (үйішілік тіл); 2) топаралық тұрмыспен байланысты локалды қатынас құралы (мыс., Азия мен Африканың көп ұлтты елдеріндегі “базар” тілі); 3) билік жүргізетін әкімшілік (немесе ұлт) тілі; 4) көп ұлтты аймақтың ресми тілі; 5) мемлекеттік тіл (немесе халықаралық байланыс тілі). Егер бастапқы екеуі ресми қатынас құралы болмай, тек ауызекі сөйлесу тіліне жатса, соңғы үшеуінің атқарар қызметі жан-жақты. Олар – жалпы халыққа ортақ қарым-қатынас құралы, білім мен ғылымның, ақпарат пен баспасөздің, әдебиет пен мәдениеттің тілі. Көптілділік билингвизмнен (қостілділіктен) бастау алады. Көптілділік сирек кездеседі. 1989 ж. мәлімет бойынша, бұрынғы Кеңестер Одағындағы 73 млн. қос тілділердің (23,4%), 61 млн-ының екінші тілі орыс тілі болған. Олардың шағын ғана тобы көптілділікге (полиглотқа) жатқан. Көптілділік үшін тілдің қолдану мәртебесінің жан-жақты болуы, қажеттіліктің қалыптасуы, сондай-ақ тілдердің туыстығы (генетик. және типол. жақындығы) шешуші рөл атқарады. Халқымыз ежелден тіл абыройын биік көтеріп, әдетте тіл жөнінде, тіл ــ адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы деп, оған жай-жадағай анықтама берілгенімен, іс жүзінде тіл тек адамдар ара қарым-қатынас жасау құралы ғана болып қалмастан, қайта онан да маңыздысы, ол белгілі бір ұлттың ұлттық сана-сезімі, халықтың халықтық қасиеті, оның жалпы тарихы, әдет-ғұрпы, мәдениеті қатарлыларды тұтастай өз бойына қамтып жататын күрделі ұғым. Сондықтан тіл мейлі қайсы ұлттың болмасын тарихы мен тағдырының, тәрбиесі мен тағылымының, бүкіл халықтық болмысының баға жетпес асылы, сарқылмас құнды қазынасы, ұлт рухының ұйтқысы болып келген. Бүгінгі таңда елімізде «Көптілділік» мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі болып саналады. Елбасымыз сол үшін де тілдердің үштұғырлылығын міндеттеп отыр. Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі, жаһандандыру және киберкеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет»-деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Кем дегенде үш тілді меңгеру-заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеудің негізгі факторларының бірі- мектепте көптілді білім беруді жолға қою болып табылады. Бұл халықаралық тұрғыда бағытталған тұлғаны тәрбиелеуде тікелей құрал болып есептеледі, яғни өзін өркениетті және тарихи субъект ретінде тани алатын, даму кезінде өз елінің және адамзат тарихын қабылдай алатын, өзі үшін, халқы үшін, мемелекеті үшін, адамзат болашағы үшін жауапкершілік жүгін сезінетін, өзара тәуелділік пен әлем бүтіндігіне, адамзат өркениетінің ғаламдық мәселелерін шешуде мәдениаралық қатынастың қажеттілігін жете түсінетін, адамның азаматтық құқықтарын (мәдениет және тілдік құқықтарын қоса) мойындайтын және саяси бостандыққа ұмтылатын, қоғамдағы гуманизм идеалын жасау үшін басқа адамдармен, қозғалыстармен, қоғамдық институттармен қызмет атқаруға дайындығы мен қабілеттілігін көрсете білетін және де қоғам, адам және табиғат арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыратын ұқыпты да тиянақты, білікті маман мен адамды дайындау осы заман оқытушылары мен ұстаздардың алдында қойылатын үлкен заман талабы деп білуіміз керек. Көптілді білім - көп мәдениетті тұлғаны қалыптастырудың өзегі. Бүгінгі таңда көп тілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін қажеттілік. Үш тілде оқыту – заман талабы десек, оның негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, ал орыс тілі мен шетел тілдерінің бірін білу тұлғаның ой - өрісін кеңейтеді, оның «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға болып дамуына жол ашады, ұлтаралық қатынас мәдениетін, толлеранттілігін және планетарлық ойлауының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Маманға шет тілін меңгеру кез - келген шетелдік ортада өзін еркін ұстап, жаңа кәсіптік ақпараттар легіне немесе жалпы ақпараттық ғаламшарға бейімделу мүмкіндігіне ие болады. Әр адамның түрлі әлеуметтік қызметтерінде жеткен жетістіктерінің нәтижелері түрлі болмақ, сол себептен шетел тілін оқытудың мақсаты тек нақты білім іскерліктерін біліп қана қоймай, сондай тілдік тұлғаны қалыптастыру болып табылады, оған шет тілі «өмір заңдылықтарында» және «нақты жағдаяттарда қарым-қатынас жасай алу үшін» қажет болмақ. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жылдағы дәстүрлі Жолдауында «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдету тиістігіне ерекше мән береді. Сонымен қатар бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытудың сапасын арттыру қажеттілігіне ерекше назар аударады. Сондықтан қазақ тілін тереңдетіп оқыту, сонымен қатар көптілділікті меңгеруді жолға қою- бүгінгі таңдағы орта білім жүйесінде педагогикалық үрдістің негізгі бағыттарының бірі. Әлемдік білім беру іс- тәжірибесінде көптілді және билингвалды білім беру жаңалық емес. Қазақстандық білім беру жүйесінде көптілді және билингвалды білім берудің халықаралық іс-тәжірибесінде қолданыс тапқан моделдерін енгізу- жаңа педагогикалық проблема, өйткені ол жаңа жағдайларда шығармашылық тұрғыдан іске асырылуы тиіс. Өзекті мәселелерді жүзеге асыру үшін басты мақсатымызды анықтап алдық. Ол — Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті орта білім стандарттары талаптары деңгейінде үш тілде білім меңгерген, көптілді коммуникативтік құзырлылықтары қалыптасқан, көп мәдениетті, рухани-адамгершілік қасиеттері дамыған тұлғаны тәрбиелеу. «Тілі бірдің-тілегі бір», «Тіл тағдыры-ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі- тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парыз. Ендеше жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығулары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббаттарын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу- басты міндетіміз. Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер: 1. Қазақстан Республикасының Призендеті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «әлеуметтік – экономикалық жаңғырту -Қазақстан дамуының басты бағыты» Астана, 20126 27 қаңтар 2. Қазақстан Республикасының Призендеті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы. Астана, 2007ж 3. Қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар № 1(64) 4. Құдайбергенов Р. Техникалық көптілдік сөздік: 50 мыңға жуық терминдер/Р. Құдайбергенов. – 2008 5. Қазақстан Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері/құраст. Е. Баянов 2-ші кітап. – 2009 6. Солташұлы Ы. Заман Талабы ــ Көп Тілді Болу. // Ақиқат. 26 қараша- 2012 ж. № 11. 14-15 б. 7. Алметова Н.Ш., Касенова Р.К. Многоязычное обучение в школах Казахстана: опыт, проблемы и решения//Педагогика, №5, 2011г. С.117-122 8. http://www.akorda.kz/kz/category/poslaniya_narody. Қазақстан Республикасы Президентінің Ресми сайты. 9. Минасова С.Г. Язык и межкультурная коммуникация. – M.: Слово/ Slovo, 2008. С– 264-270 10. Абсатмаров Р.Б., Садыков Т.С. Воспитание культуры межнационального общения студентов. – Алматы, 1999. 11. Жаминова Р.Ж. Модульдік оқыту технологиясын қолдана балалардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыру. // Мұғалімнің кәсіби дамуы: дәстүрлері мен өзгерістер. ІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция. ІІ том. Астана-2012 ж. 115-120 б. | |
Просмотров: 1903 | |
Форма входа |
---|
Категории раздела | ||||
---|---|---|---|---|
|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|