Главная » Статьи » Творческая мастерская |
Ақмола облысы Бурабай ауданы Бекбулатова Ш. Т. Щучинск қаласының №8 м/г-ның кітапханашысы Кітапханалық сабақ Тақырыбы: Кітап- білім бұлағы, білім- өмір шырағы Мақсаты: Қазақстанда жазу мен кітап басып шығару тарихымен таныстыру; -оқушылардың алған материалдар негізінде қорытынды жасау қабілеттерін дамыту; -кітапқа ұқыптылықпен қарауға баулу, оқушылардың бойында азаматтылық және елжандылық қасиеттерді тәрбиелеу. Көрнекілігі: кітап макеті, нақыл сөздер, карта, слайдтар, кітаптар,портрет Сабақтың формасы: саяхат-сабақ Күтілетін нәтиже: жаңаша көзқарас, пікір, ой қалыптастыру; -қоғамдағы жағымсыз жайттардың ұрпақ тәрбиесіне тигізер кері әсерлерін болдырмау, бос уақытын тиімді пайдалануға, кітап оқуға баулу. Сабақтың барысы: 1.Ұйымдастыру кезеңі 2. Станциялар бойынша саяхат: -Кітаптар әлемі; -Алфавиттер сыр шертеді; -Даналық мемлекеті; -Менің елім болашаққа қанат сермейді 3.Қорытынды жасау 4.Үйге тапсырма 1.Ұйымдастыру кезеңі: Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгінгі біздің кітапханалық сабағымыздың тақырыбы «Кітап-білім бұлағы, білім-өмір шырағы» деп аталады. Бұл сендерге таныс, ғасырлар бойы халықтың жинаған ойларының қысқартылған түрін не деп атаймыз, қане ойланып көрейікші?! (Мақал) . Сонымен, біздің тақырыбымыздың негізіне «Кітап-білім бұлағы, білім- өмір шырағы»,-деп аталатын халық мақалы алынған. Қазір балалар дәптерлеріңді ашып бүгінгі тақырыпты жазып қояйық. Ал жазып болсаңдар, осы тақырыпта кездесетін екі сөзді талдап көрейік: бұлақ (ағын су), шырақ (жарық ) деген сөздердің мағынасын түсіндіріп көрелік (оқушылар өз түсініктерін айтады). Кітапханашы: Балалар, бұлақ-ағын су, ол ешқашан таусылмайды, себебі жердің астынан, көзден шығатын ағынды су, ал шырақ - бұл қараңғы түнде жол табуға көмектесетін жарық көзі, қолыңда шырақ болса адаспайсың, іздеген жеріңе жете аласың. Яғни, ағын су бұлақ болса, білімнің бұлағы не екен? (кітап). Өмірде адастырмайтын шырақ не? (білім). Сонымен, білімді болғың келсе кітап оқы, ол ешқашан сарқылмайды, адамды үлкен жетістікке жетелейді Білім саған өмірдегі қиын жағдайдайдан еш қиындықсыз шығуға көмектеседі. Ал енді кітап туралы тағы қандай мақал- мәтелдерді білесіңдер? Олардың мазмұнын сендер қалай түсінесіңдер?(Балалар қысқаша мазмұнын түсіндіреді). Біздің өмірімізде кітаптың маңызды орын алатынын Ахмет Байтұрсынов бабамыз өзінің өлеңінде көрсеткен: Балалар, бұл жол басы даналыққа, Келіңдер, түсіп байқап, қаралық та, Бұл жолмен бара жатқан өзіңдей көп, Соларды көре тұра қалалық па?! Даналық- өшпес жарық, кетпес байлық, Жүріңдер іздеп тауып алалық та! (Осы кезде біреу есік қағады, кітапханашы есікті ашқанда үлкен кітап бейнесін мойнына ілген оқушы кіреді). Балалар, бізге біреу қонаққа келді ғой деймін, қош келдіңіз, жоғары шығыңыз, балалар бізге кім келді? (балалар « кітап»,-деп жауап береді). Кітап : Бәрекелді! Мың рахмет Ахмет атамызға. Балалар мен сіздерге үлкен қуанышпен келдім және дос болып қайтатыныма сенімдімін, сендермен бірге саяхатқа шыққым келеді. Кітапханашы: Қош келдіңіз, қымбатты досымыз кітап! Жоғары шығыңыз, сіз біздің бүгін көмекшіміз боласыз. Балалар, бүгін біз сендермен бірге кітаптың тарихын, оның -өмірде алатын орнын білу үшін саяхатқа шығамыз, өзімізбен бірге ақылшымыз, таусылмас дария кітапты алып шығамыз. Қазір барлығымыз бірлесе отырып, саяхатқа шыққанда жүретін жолымызды анықтап алайық . Біз жүретін жолда төрт бекет(станция) бар: 1) «Кітаптар әлемі», 2) «Алфавиттер сыр шертеді», 3)»Даналық мектебі», 4) «Менің елім болашаққа қанат сермейді». Кітап: Ал, енді өзімізге сәттілік тілей отырып, жолға шығайық , біз түйелерге мінетіндіктен керуен басшысы мынадай шарт қойды, оқушылар жолда кездесетін кедергілерден өтуі үшін жұмбақтарды шешуі керек, сонда ғана әрі қарай жүре аламыз деді. Мен бұл шартты орындаймыз деп келістім, себебі біздің оқушыларымыз өте алғыр, сабақтарын жақсы оқиды деген дәлелімді айттым. Енді назарларыңды маған аударыңдар, бүгінгі саяхатқа жылдам шығу үшін мына жұмбақтарды шешейік: -Көп әңгіме, өлеңім, Күнде ақыл беремін! -Жақсы көрсе мені кім, Мен оны жақсы көремін (кітап) -Қабат-қабат қаттама, Ақылың болса аттама (кітап) -Үндемес серік, ақылы берік (кітап) Кітап: Ой, балалар, біз бірінші бекетке (станция) келіп қалдық, қане, ол қалай аталады ? Барлығымыз бірлесіп оқиықшы (балалар бірлесіп станцияның атын оқиды) Кітапханашы: Балалар сендер қандай тілдерді білесіңдер, қане , айта қойыңдаршы? (қазақ, орыс, ағылшын, неміс, араб). Бізді бекетке кіргізбеуі мүмкін, сондықтан біз алдымен «кітап» деген сөздің аудармасын біліп алайық, ол қай тілден шыққан деп ойлайсыңдар? Қазақ тіліне аударғанда қандай мағынаны білдіреді? Қазір дәптерімізге жазып қоямыз, «кітап» араб сөзі, қазақ тіліне аударғанда «жазу» деген мағынаны білдіреді. Қалай ойлайсыңдар балалар, алғашқы шыққан кітаптар бүгінгі кітаптарға ұқсай ма? Олар қашан шыққан? Олар неден жасалған еді? Біз енді сөзді саяхаттанушы оқушыларға берейік, олар бізді күтіп тұр екен: 1-оқушы: Ең алғашқы кітаптар қазіргі кітаптарға мүлде ұқсамайды, олар саз балшықтан, ағаштан жасаған тақтайшаларға, бамбук, қайың ағаштарының қабықтарына, папирус, палма өсімдіктерінің жапырақтарына, өңделген мал терісіне, таза матаға(щелк) жазған. Кітапханашы: Балалар, жасаған кітаптарын адамдар қайда сақтаған? ( балалар кітапхана екенін айтады). Ал кітапханалар туралы не айта аламыз? -2-оқушы: Кітапханада адамдарға қажетті кітаптардың барлығы сақталады. Мен, мысалы өзіме керекті кітаптарды өзіміздің мектеп кітапханасынан аламын. Бұрынғы заманда да кітапханалар болған. Мысалы: әйгілі Александрия, Пергам, Отырар кітапханалары (кластер жасау). -3-оқушы: Отырар кітапханасы Сырдария өзенінің бойында орналасқан Отырар қаласында болған еді. Мұнда сирек кездесетін өте құнды кітаптар болған, олар малдың терісіне жазылған еді, шеттеріне алтын жалатқан екен. -4-оқушы: Ежелгі заманда кітапты адамдар жоғары бағалаған. Монғол-татарлардың Отырарға шабуылы кезінде адамдар: «Өзіміз өлсек те, болашақ ұрпағымыз үшін қажет дүние-кітаптарды сақтап қалуымыз керек»,-дейді, сөйтіп, жер астына -5-оқушы: Ежелгі замандағы кітапханалардағы кітаптар саз балшықтан, қайыңның қабығынан, пальма жапырағынан, малдың терісінен жасалған, папирустан да жасалған.(кластер көрсету). Балалар, сонымен «кітап» қай тілден шыққан сөз екен? Кітаптарды қандай материалдардан жасаған? Қандай атақты кітапханаларды білесіңдер? Кітапханашы: Ал балалар, біз түйеден түсіп бойымызды жазып алайық(физминуты). Енді саяхатымызды жалғастырайық. Кітап: Жолымызды қысқарту үшін өз өнерімізді көрсетіп көрейік, қане, кім өлең оқып беремін дейді? (оқушы өзі шығарған өлеңді оқиды). Кітап(оқушы): Тамаша! Мен саған шығармашылық табыс тілеймін, бұдан былай да жақсы өлеңдеріңмен бізді қуанта береді деп ойлаймын. Кітапханашы: міне, жол қысқарып келесі бекетке де келіп қалдық , ол бекет «Алфавиттер сыр шертеді» деп аталатынын біз білеміз. Балалар, біз қолданатын алфавит қандай алфавит деп аталады? (қазақ алфавиті). Онда неше әріп бар? (42). Ал, қалай ойлайсыңдар, ежелгі бабаларымыз осы алфавитті пайдаланған ба? Қазір тақтаға назарларыңды аударыңдар, мына суреттердегі не деп ойлайсыңдар? Бұлар алфавит па? Сендер қазір дәптерлеріңе «петроглиф» деген сөзді жазыңдар, ол қабырға суреті деген мағынаны білдіреді. Ежелгі адамдар айтқысы келген ойларын сурет салу арқылы білдірген, ондай белгілердің саны 3500-ге жеткен. Сендер көз алдарыңа ежелгі адамның суреттермен жазған жазуларын елестетіп көріңдерші, өте ыңғайсыз және кейде түсініксіз болған, оның не айтқысы келгенін түсіну мүмкін бола бермеген (жабайы аңдардың, үй жануарларының суреттері, жауынгер суреті, аң аулау сәті т.б.). Осындай суреттер Қазақстанда Қапшағай маңында, Қаратау тауында, Арпаөзен , Шығыс Қазақстанда Бестерек селосының маңында кездеседі. Сонымен уақыт өтіп жатты, адамдар ойын жеткізу үшін басқа да белгілерді пайдалана бастады, мысалы таяқшалар, сызықшалар, бірте-бірте адамдар әріптерді ойлап таба бастады. Кітап: Балалар, сендер білесіңдер ме, қазақтар бүгінгі пайдаланып жүрген алфавитке дейін қандай алфавиттерді пайдаланған? Біздің халқымыз осы пайдаланып жүрген қазақ алфавитіне дейін руникалық, ежелгі түрік, араб, латын алфавиттерін пайдаланған, дәптерлеріңе жазып алыңдар. Балалар қазір сендемен халқымыз пайдаланған алфавиттің түрлерін кластер арқылы көрсетейік. (кластер). Сонымен, қазақтар қандай алфавит түрлерін қолданған? Кітап: Балалар, біз сендермен сапарымызды әрі қарай жалғастырайық, жол жылдамдасын десеңдер, мына сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғайық. Қане, соңғы оқыған кітаптарымызды есімізге түсірейікші. 1,2 оқушы өздерінің оқыған кітаптарын естеріне түсіріп, қысқаша айтып береді. Бәрекелді, мен сияқты кітаптарды оқи берсеңдер ақыл, даналық бойларыңа даритын болады, сондықтан ешқашан ерінбеңдер. Балалар, біз «Даналық мектебі» атты бекетке де жетіп қалыппыз. Мұнда бізді қандай қызық күтіп тұр екен?! -1-оқушы: Қош келдіңіздер, құрметті саяхатшылар! Бұл бекетке аялдасаңдар көп нәрсені білетін боласыңдар. Мен сендерге Отырар кітапханасының оқырманы болған Әбу-Насыр-әл-Фараби туралы айтқым келіп тұр(870-950) (портретін көрсету). Мен бұл ғалым туралы біраз деректер жинадым: Әл-Фараби қазақ жерінде, Отырар қаласында туған. Ол түрік тілінде оқыған, кітапханадан жиі кітап алып оқыған. Өзінің білімінің аз екенін сезінген ол арабтардың мәдени орталығы Бағдад қаласына барады. Сонда араб тілін үйренеді, математиканы, логиканы, астрономияны оқиды, музыкамен айналысады. Оның артына қалдырған мұрасы Батыс пен Шығыстың мәдениетінің дамуына әсер етті. Әл-Фараби қағазға басылып шығарылған кітаптарды оқыған. Кітапханашы: Сендерге алдын - ала сұрақтар берілген болатын, сол сұрақтардың жауаптарын тыңдап көрелік: 1)Қазір пайдаланып жүрген қағазды қай мемлекетте ойлап тапқан? (Қытай, 2-ғасыр). -Кітапты қай жерде басып шығарды? (Қытай). -Қазақстанда алғашқы кітап қашан пайда болды? (19 ғасыр). -Ең алғашқы қазақ тілінде шыққан кітаптың авторы кім? (Ыбрай Алтынсарин), ол қалай аталды? - Балалар біздің мектеп кітапханасынан басқа қаламыздағы қандай басқа кітапханаларды білесіңдер? Кітапханашы: Балалар, соңғы аялдамаға асығайық, уақытымыз тығыз, ол «Менің Отаным болашаққа қанат сермейді»,-деп аталады. Қане, бекетке жеткенше мен сендерге тірек сөздерді беремін, олар тақтада жазулы тұрады: кітап, жетелейді,үлес, білімді, оқушы, болашақта, еліміз, дамыған ел, мен, қосамын. Осы тірек сөздерді пайдалана отырып, шағын эссе жазайық(5 мин). Балалар жазған эсселерін оқиды. Кітапханашы: Сонымен, балалар біздің саяхатымыз аяқталып келеді. Кітап: Балалар, қане есімізге түсірейікші, біз қандай бекеттерге аялдадық? -Кітапты алғаш рет қай жерде ойлап тапты? -Қазақстандағы алғашқы кітаптың авторы кім, ол қалай аталды?(Қырғыз хрестоматиясы). -Қағазды ойлап тапқанға дейін кітапты қандай материалға жазған? -Ежелгі адамдар өзінің айтқысы келген ойларын қалай жеткізген? Петроглифтер дегеніміз не? Алфавит қалай пайда болды? Қорытынды: Кітапханашы: Құрметті балалар, кітапты неліктен оқуымыз қажет, біз кітапсыз, білімсіз өмір сүре аламыз ба? Ұлы Абай өзінің 41-қара сөзінде былай деген екен: «Кітап жан азығы, жығылғанда сүйеу болады, адасқанда тура жол салады». Осы дана сөздер біздің өміріміздің ұраны болсын. Болашақта үлкен қызметкер, мұғалім, дәрігер, инженер, қарапайым жұмысшы болсаң да кітаптың берері көп. Сондықтан кітап оқудан ешқашан жалықпайық . Сендерге өмірде серік болатын кітаптар көп, Бұл кітаптар сендердің қызығушылықтарыңды туғызса, алып оқуларыңа болады .(кітапханашы кітаптармен таныстырады). сондай кітаптар бүгін біздің көрмемізде де тұр. Үйде қандай ертегілерді оқығандарыңды естеріңе түсіріп келіңдер, сол бойынша келесі кітапханалық сабақта әңгімелесеміз. Ал балалар, бүгін кітап рөлінде болған оқушыға, белсенді қатысқан барлық оқушыларға, қонақтарға үлкен алғысымды білдіремін. Сүйікті кітаптарыңыз өмірде жол көрсететін жұлдыздарыңыз болсын дегім келеді . Сонымен сабағымыз аяқталды, барлықтарыңызға сәттілік тілеймін! | |
Просмотров: 3560 | Комментарии: 1 | | |
Форма входа |
---|
Категории раздела |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|