Главная » Статьи » Творческие проекты учащихся |
«Екібастұз қаласы әкімдігінінің №17 жалпы орта білім беру мектебі» КММ Амиртаева Майрам 9 «а» сынып Сәбит Дөнентаевтың мысал өлеңдері атты ғылыми зерттеу жұмысы СӘБИТ ДӨНЕНТАЕВ – САТИРАЛЫҚ ӨЛЕҢ ШЕБЕРІ Секция: әдебиет Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Рахимжанова Айгуль Нурхасымкызы Аңдатпа Зерттеудің көкейкестілігі. Бұл жұмыс білім беру саласындағы көркем әдебиет үлгілерін жаңаша талдау мен жаңаша пайымдауымен ерекшеленеді. ХХ ғасыр әдебиетінің тұлғаларының ішінде Сәбит Дөнентаев шығармалары кең зерттелмеген. Оның сатиралық шығармаларын әдеби жағынан саралау, , халықтық дүниетаным мен тарихи аспекті арқылы ашып дәлелдеу тақырып өзектілігін анықтайтыны даусыз. Зерттеудің мақсаты. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты ақынның мысал өлеңдерін талдау арқылы сатиралық өлең шебері екенін дәлелдеу. Сондай-ақ, сатира өнерінің де пайда болу тарихы, ерекшеліктеріне қысқаша сипаттама беру болып табылады. Зерттеу жұмысының құрылымы. Ғылыми жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Зерттеу әдістері. Жұмыста ой қорыту, саралау, салыстыру және ертегіні талдау әдістері қолданылды. Зерттеудің практикалық маңызы. Жалпы орта білім беретін мектептің қазақ әдебиеті жанрларын терең әрі сапалы талдап тануға жол ашу. Сатиралық өлеңдердің мазмұнын ғана баяндап қоймай, оның астарындағы әдеби, мәдени, тарихи ерекшеліктерді терең түсініп қабылдауға мүмкіндік беру. Кіріспе Мысал – айтылатын өнегелі ойды тұспалдап жеткізетін, көбіне өлең түрінде келетін сюжетті, шағын көлемді көркем шығарма. Мысалдың тақырыбы сан-алуан, кейіпкерлері — аң, құс, балық, өсімдік дүниесі, кейде оқиғаға адам да қатыстырылады. Негізгі сюжетке қоса, нақыл түрінде келетін түйіндемесі де болады. Кейіпкерлерді сөйлестіру – диалог тәсілі жиі қолданылады. Баяндауы ширақ, жинақы, тілі қарапайым келеді. Жанры жағынан ғибратты, уағыздық сарындағы дидактикалық әдебиетке жатады, кейде мысқыл-сықақ үлгісіне ауысады. Жазба әдебиетінде өлеңмен жазылған мысқыл кеңінен орын алды. Түп-төркіні хайуанаттар туралы тұспалды мағынасы бар ертегі, қысқа әңгіме ңұсқалармен жалғасып жатыр. Уағыздап, нақтылық айту тәсілі жағынан халықтың мақалдарымен, нақыл сөздерімен де ұштасады. Қазақ жазба әдебиетінде мысал жанрын қалыптастырып кеткендер Абай мен Ыбырай. Олардың дәстүрін жалғастырушылардың XX ғасырдың басындағы әдебиет өкілдерінің бірі жерлес ақын журналист Сәбит Дөнентаев. Қазақ әдеби тарихы, әдебиеттану ғылымында бұрын мүлде аз зерттелген саланың бірі мысал жанры. Сәбит Дөнентаевтың ақындық шығармашылық қызметі екі дәуірге бөлінеді.Алғашқы дәуірі 1912-1918 жылдар арасы, екіншісі 1918-1933 жылдар арасы. С.Дөнентаев шығармаларында өмір шындығын дәл өз қалпында айтып суреттеуден гөрі аллегориялық әдіспен жазу көбірек орын алады. Мұндай мысал әдісімен жазылған өлеңдерінде ақын еркін түрде билеуші қауымның жасаған қиянатын, мықтының әлсізге істеген зорлықтарын әшкерелеп отырады. Сәбит өз өлеңдерін қысқа сюжетке құрады. Әр сюжетті диалогқа құрып, жанды сурет жасайды, қысқа өлеңге аз сөзбен көп мағына, терең ой сыйғызатын диалогтың өткір түрін қолданады. Шынында, шағын өлеңге үлкен бір поэманың немесе ұзақ бір әңгіменің оқиға желісін сыйғыза білген шебер ақын Сәбитке тән бір қасиет осында. Диалогтың мұндай түрін жасау Абайдың аударма өлеңдерінен ғана көрінсе, Сәбит мұңы өзінің төл-тума өлеңдерімен жетілдіріп отырды. І тарау. Сәбит Дөнентаевтың мысал өлеңдерінің табиғаты Мысал – айтылатын өнегелі ойды тұспалдап жеткізетін, көбіне өлең түрінде келетін сюжетті, шағын көлемді көркем шығарма. Мысалдың тақырыбы сан-алуан, кейіпкерлері — аң, құс, балық, өсімдік дүниесі, кейде оқиғаға адам да қатыстырылады. Негізгі сюжетке қоса, нақыл түрінде келетін түйіндемесі де болады. Кейіпкерлерді сөйлестіру – диалог тәсілі жиі қолданылады. Баяндауы ширақ, жинақы, тілі қарапайым келеді. Жанры жағынан ғибратты, уағыздық сарындағы дидактикалық әдебиетке жатады, кейде мысқыл-сықақ үлгісіне ауысады. Жазба әдебиетінде өлеңмен жазылған мысқыл кеңінен орын алды. Түп-төркіні хайуанаттар туралы тұспалды мағынасы бар ертегі, қысқа әңгіме ңұсқалармен жалғасып жатыр. Уағыздап, нақтылық айту тәсілі жағынан халықтың мақалдарымен, нақыл сөздерімен де ұштасады. Мысал жанрының әр түрлі үлгілері барлық халықтардың ауыз әдебиетінде бар. Ежелгі грек елінде мысалдың таралуы аты аңызға айналған Эзопқа байланысты айтылады. Батыс-шығыс әдебиетінде де бұл жанр кең тараған. Үндінің «Панчатантрасы», арабтың «Калила мен Димнасы», Византияның «Стефанит пен Ихнилаты» шығармаларында мысал жанры берік орын алған. Ежелгі Грекияда – Эзоп, Францияда – Ж.Лафонтен. Х. Геллерг – Германияда, Томас Мур – Англияда мысалшы атағына ие болған. Орыс әдебиетінде XVIII ғасырда мысал жазғандар В. Тредиаковский, А. Контемир, А. Сумароков т.б. орыс классикалық мысал атасы И. Крылов болды. Қазақ жазба әдебиетінде мысал жанрын қалыптастырып дамытуға Абай, Ыбырай, Ахан, Шәкәрім, Әлихан, Спандияр Көбеев сияқты ақын жазушылар. Ө. Күмісбаев 1. 501 Иә, жоғарыда айтылғандай қазақ жазба әдебиетінде мысал жанрын қалыптастырып кеткендер Абай мен Ыбырай. Олардың дәстүрін жалғастырушылардың XX ғасырдың басындағы әдебиет өкілдерінің бірі жерлес ақын журналист Сәбит Дөнентаев. Қазақ әдеби тарихы, әдебиеттану ғылымында бұрын мүлде аз зерттелген саланың бірі мысал жанры. С. Дөнентаев шығармалары да әдебиеттану ғылымында бірнеше зерттеулерге өзек болып зерттелгенімен, мысал өлеңдері жан-жақты зерттеле қоймаған. Міне, осы жұмысты қолға алып, ден қойып зерттеген мақсатымыз да сол. С. Дөнентаев шығармаларының ішінен мысал жанрының қолдану ерекшелігін қарап, талдау. Сәбит Дөнентаев қазақ әдебиетінің даму тарихында аса бағалы әдеби мұра қалдырған ақын. Ол 1894 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Кереку уезі, Ақсу болысы, төртінші ауылында (Қазіргі Павлодар облысы( кедей шаруаның отбасында туған. Әкесі Дөнентай кедей еді. Руы Арғын ішінде Бәсентиін. Қасымқажы Ертісбаевтың медресесін бітірген соң өлең жазу бастады. Жас кезінде молдадан ескіше оқиды. Сәбит Дөнентаевтың ақындық шығармашылық қызметі екі дәуірге бөлінеді.Алғашқы дәуірі 1912-1918 жылдар арасы, екіншісі 1918-1933 жылдар арасы. С.Дөнентаев шығармаларында өмір шындығын дәл өз қалпында айтып суреттеуден гөрі аллегориялық әдіспен жазу көбірек орын алады. Аллегория (пернелеу) — жай ұғым қалпында тұрған дерексіз нәрселер кәдімгідей көзге көрінер деректі нәрсеге ауыстырылады (көбінесе мысал өлеңдерде). Мұндай мысал әдісімен жазылған өлеңдерінде ақын еркін түрде билеуші қауымның жасаған қиянатын, мықтының әлсізге істеген зорлықтарын әшкерелеп отырады. Сәбит Дөнентаев мысал жанрындағы шығармашылығын жан-жақты қарастыру үшін Cәбиттің замандастары Ахмет Байтұрсынұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сияқты мысалшы-ақындардың шығармаларымен салыстыру тәсілі қолданылды. Яғни олардың көркемдік шығарма тілі, сөздігі, өлең тақырыптары салыстыруға түсті. Сәбит пен оның замандастарының өлең тақырыптары көбінде бір жерден шығып отырды. Яғни олар өмір сүрген қилы заманының ең өзекті мәселелерін көтерген. Олардың қаламынан надандық, ескілік, байлықтың құлына айналу, көп әйел алу, ел деп жалған еңірейтіндер т. б. шайпау мінездер тыс қалмаған. Алайда ел тағдырын қолында ұстаған бай-шоңжарлармен жаға-жыртысу, оларды әжуалау оңайға түспеген. Сондықтан ақындар көбіне сатиралық персонаждарды хайуанаттардан алып, өзі көрген, білген, көңіліне түйген кемшілік мерез мінездерді мысал жанрында әшкерелейді. ІІ тарау. Сәбит Дөнетаевтың мысал өлеңдерінің ерекшеліктері Жағымсыз қылық , мінездерді сықақтаудың бір түрінде ажуалау, кекеп айту басым болса, екіншісінде шенеу,кекесін, үшіншісінде әшкерелеу басым болып отырады. Осы ажуалау (юмор), кекесін, шенеу (ирония), ызылы күлкі (сарказм) т.б. сатиралық суреттеу әдістері Сәбит поэзиясынан толық табылып отырады. Юморда күлкінің зиянсыз түрлері алынады. Юмордағы күлкі — әзіл, әділ келемежге айналса — ирония, келемеж ащы мысқылға айналса, сын үдей түссе — сарказм болады. Сатиралық образ — ұнамсыз тип.Сатира өмірдегі кері кеткендікті сықақ етеді, мысқылдайды, адам бойынан жиреніш шақырады.Сатираның юмормен бірлігі — күлкі.бірақ мұндағы күлкі жай әзіл емес, ызалы күлкі, кекті күлкі. Сатираның міндеті — ескіні өлтіре сынап әшкерелеу, соған қарсы жұртшылықтың өшпенділік, ыза-кегін тудыру, сол ескілік қалдықтарына қарсы көптің күлкісін оятып отыру болып табылады. Сәбиттің сатиралық шығармалары бір жағынан халық әдебиетіндегі, Абай поэзиясындағы сатиралық дәстүрді дамыта отырса, екінші жағынан орыс әдебиетіндегі сатиралық поэзиядан үлгі алып отырды. Әсіресе, Крылов пен татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың идеялық-көркемдік әсері айқын сезіледі. Сәбит Дөнетаев мысал әдісімен мінез-құлық түзеу тұрғысынан жазған бірталай өлеңдері бар, атап айтсақ, «Бит пен бүрге», «Көзі тоймайтын ит», «Екі теке», «Көк төбетке», «Ұры мен баласы», «Ауырған арыстан», «Бір көлдегі үш балық», «Бұлбұл» сияқты өлеңдері өзіндік мысалшыл сатиралық стилін анықтайды. Ол нені болсын еппен, баппен айтқанды, астармен жеткізгенді жөн көрді. Өнер тілін, өлең тілін сатираға, аллегорияға (пернелеп айтуға), метонимияға(алмастыруға) ұластырып, алыстан орағытып әкелгенді дұрыс санады. Бұл Сәбит Дөнентаев лирикасының басты кредосы болды. Әрбір мысал өлеңінде қазақ тұрмысына, қоғамдық ойына бейімдей беруге назар аударады. 1915 жылы Уфа қаласында 19 жастағы С.Дөнетаевтың «Уақ-түйек» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді. Мұнда ақынның көптеген мысал өлеңдері кірген. Бұнда Крыловтан, Тоқайдан аударма есебінде келген мысалдар да бар. Өмірдің көп қалтарысын С.Дөнетаев қазақ ұғымына лайықтап, қарапайым жұрт ұғар дәрежеде түсінікті тілмен айтып баяндайды. «Екі теке» мысалында бір-біріне жол бермеген текелер мысалға алынып, ең дұрысы кішіпейілділік екені, адамдар арасындағы сыйластық жөн деп ескертеді. Елімізде ауызбіршіліктің, ыңтымақтың болмауы: Екі теке келіп түсті көпірге, Біреуі - әрі, бірі бері өтуге, Көпірдің дәл ортасында килігіп, Біріне-бірі бақырды кейін кетуге. ... Екеуі де суға құлап тыныш тапты...2. 17 («Екі теке») «Ауырған арыстан» мысалында Түлкі — қулық, Арыстан — зорлық, Қасқыр — қастық бейнелеріне көшіріліп, пернеленіп көрсетілген. Түлкіні жамандаған қасқырдың өзі өліп, сіңірінен айрылғаны айтылады.Өсекшіл қасқырды арыстанның қаһарына кіріптар қылған түлкінің қулығын айта келіп: Қазақта қасқыр да көп, түлкі де көп, Алайда , жіп тақпаймыз ешкімге деп, Сөз жүгіртіп шағыстырған қасекеңдер Түлкіге қалып жатыр күлкі де боп,— ( «Ауырған арыстан») деп қорытынды жасайды. Яғни өсектің заманы өткенін, қасқырдай өр көкіректердің де күні сөнгенін, тек түлкі қулық, шебер ақылдың аман алып шығаррып, арыстан Ресейден сақтар сол екенін ескертеді. «Көзі тоймаған ит» атты мысалында ашқарақтық, қомағайлық жол емесін білдіреді. Көпірге түсті бір ит сүйек тістеп, Ойы бар көпірінен дария кешпек. Көрінді су бетінде бұған бір ит, Мұнда да бір сүйек бар, басқа түстеп. Судағы ит — бұл бейбақтың көлеңкесі Білерлік көлеңкені болмады есі. Толымды көрінген соң анау сүйек Ол иттен тартып алмақ бар дәмесі. Сол оймен атты суға айбаттанып, Бар күшін жинап бойға, қайраттанып. Түскен соң жойқын суға ол батырдың Ісінің не болмағы айдан анық. Әрқайда ашкөздінің олжасы осы, Байқасаң іс түбіне көзің салып. Қызғаншақтық соңы жақсылықпен бітпесін айтады ақын. Сәбит өз өлеңдерін қысқа сюжетке құрады. Әр сюжетті диалогқа құрып, жанды сурет жасайды, қысқа өлеңге аз сөзбен көп мағына, терең ой сыйғызатын диалогтың өткір түрін қолданады. Шынында, шағын өлеңге үлкен бір поэманың немесе ұзақ бір әңгіменің оқиға желісін сыйғыза білген шебер ақын Сәбитке тән бір қасиет осында. Диалогтың мұндай түрін жасау Абайдың аударма өлеңдерінен ғана көрінсе, Сәбит мұңы өзінің төл-тума өлеңдерімен жетілдіріп отырды. Жұмыста жоғарыда айтылған жәйттардың бәрін толық қамтып шығуға тырыстық. Яғни, осы ұлы замандас-ақындардың шығармаларын салыстырып, олар өмір сүрген қилы заманға деген көзқарасын ашуға тырыстық. Данышпан Абай салған мысал дәстүрінің жалғасын қарастырдық. Зерттеудің нәтижелері практикада әдебиет сабақтарында, тіл мәдениеті курстарында, тіл мен әдебиетті салыстыра оқытқанда пайдалануға болады. Біз Сәбит дөнентаевты өз дәуірінің қоғамдық шындығын кең жырлаған, ешкім қайталамайтын сатиралық стилін қалыптастырған ірі суреткер ақын дейміз. Қазақтың көркем әдебиетін дамытуға өзінше атсалысқан ақындар аз емес, әдебиетіміздің алтын қазынасына үлес қосқан . ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 1. «Қазақ әдебиеті» энциклопедия Алматы «Білік», 1999жыл 2. С. Дөнентаев «Ұрпағыма айтарым» шығармалар жинағы Алматы «Жазушы», 1989жыл 3. А. Байтұрсынұлы «Шығармалар» 4. «Қазақ әдебиеті» хрестоматия 10-сынып, Алматы «Рауан», 1998жыл 5. Ш. Құдайбердиев «Қазақ айнасы» шығармалар жинағы Алматы «Атамұра», 2003жыл 6. Абай «Халықаралық Абай клубы» шығармалар жинағы, Семей 2001жыл | |
Просмотров: 14165 | |
Форма входа |
---|
Категории раздела |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|