Алдабергенова Алмагүл Қажымұратқызы
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының жетекші ғылыми қызметкері, филология магистрі.
ШҚО, Семей қаласы
ҰЛЫ АБАЙДЫҢ ШӘКІРТІ – УӘЙІС
Ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді, рухани өмірімізді қамауда ұстап келген коммунистік саясаттың қанды торының үзілуі елімізге тың серпіліс әкелді. Өткен тарихымызға, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің ойы мен қырына, даму тарихына ұлттық көзқараспен жіті көз тігіп, әдебиетіміздегі орны ойсырап тұрған тұлғаларды түгендей бастадық. Кешегі кеңестік империя дәуіріндегі идеологияның ықпалынан толыққанды түрде айтылмай келген төл әдебиетіміздің қатпарларына ұлттық көзқараспен жаңаша пайымдаулар жасауға мүмкіндік туды.
Белгілі ақын, айтулы әнші композитор – Уәйіс Шондыбайұлы қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы көрнекті өкілдерінің бірі. Уәйіс ақынның шығармашылығы кеңестік заманда шектеу көргенмен зерттеуші-ғалымдар мен ел ішіндегі көкірегі ояу жандардың арқасында бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Біз бұл арада Абай мен Уәйістің арасындағы, яғни ұстаз бен шәкіртті байланыстырып жатқан ақындық дәстүр жайында сөз қозғамақпыз. «Уәйіс – Абай мектебінің көрнекті шәкірті» - дегенді М.О.Әуезов, Қ.Мұхамедханұлы сынды ғалымдар өз зерттеулеріне арқау еткені белгілі.
1951 жылғы Абай мұрасын талқылауға арналған ғылыми айтыстан кейін, енді ғана қанатын кең жайып келе жатқан кезде тоқырауға түскен Абайдың әдебиет мектебі қаншама жылдардан кейін шаңырағын қайта көтерді. Ұлы Абайдың ақындық мектебінің талантты шәкірттері де өздерінің әділ бағаларын алып, халықпен қайта табысты.
Қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін салған ұлы Абайдың ақындық құдіретінің, азаматтық қызметінің нәтижесінде әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған, болған күннің өзінде өзгеше түрге еніп, өзіндік сипатқа ие болған әдеби құбылыстар реті пайда бола бастады. Сондай түзілістің алғы легінде атауды қажет ететіні қазақ жеріндегі тұңғыш ақындық мектептің қалыптасуы болды. Қасына талантты, талапты жастарды жинап, оларға тақырыптар ұсынып, шығармаларының кем-кетігін сынап, түзу жолды бағдар қылып ұсынған Абай Құнанбайұлының ұстаздығы елден ерек еді. ХІХ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындары ішінен де Абай айрықша орынға ие болған ақын. Абай қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуіне орасан үлес қосты. Абай тұлғасы – ойқастап, оқшау тұрған ұлы тұлға. Өткенді, қазіргіні, болашақты барлай Абай жазған шығармалар қазақ халқының көркем әдебиетінен айрықша орын алады. Абай терең ойға толы алуан түрлі шығармалар үлгісін қалдырды. Ақын өлеңдері мен қарасөздеріндегі әрбір жол қанатты, әрбір сөз мағыналы.
Мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Ойын-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ... – деп өзінің шығармашылық поэзиясын осылайша өлең жолымен өрнектеген. Абай деген атты ауызға алғанда: теңіздей терең ойдың , кең ақылдың, ұшқыр қиялдың иесі, ел үшін адал еңбек етіп, бойындағы бар қасиетін халқының бақыты үшін жұмсаған қамқордың жарқын бейнесі, кемеңгер дана ақынның тарихи тұтас тұлғасы көз алдына келеді. Абайдың ақын шәкірттері қазақ жұртшылығының көбіне ертеден мәлім. Олардың ақындық еңбектері қолжазбалар арқылы, ақын-жыршылардың айтуымен елге жайылған. Абайдың төңірегіндегі ақындарға бірінші көңіл аударып, оларды ғылыми зерттеу ісіне алғашқы жол ашып, негіз салған ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезов болды. М.Әуезов өзінің 1933 жылы «Абайдың туысы мен өмірі» атты үлкен мақаласында 1889 жылдан бастап Абай алды үлкен мектепке айналып, Абай айналасына талантты жастардың шәкірт есебінде жиналып, топтала бастағанын айтады. «Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы талантты жастардың бәрі шәкірт», - дейді М.Әуезов. Ғалым осы мақаласында Абай айналасындағы ақындар арнаулы зерттеуді қажет ететін мәселенің бірі екенін көрсетіп, келешектегі зерттеу жұмысына айқын бағыт сілтеп береді.
Бұрын Абайдың кейбір ақын шәкірттерінің өлең, поэмалары газет, журналдарда үзінді ретінде, үлгі ретінде жарияланып отырса, қазіргі таңда Абайдың ақындық мектебінен білім алған ақын-шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығы терең зерттеліп, жинақталған деректер жеке кітап болып жарық көріп жатыр.
Абайдың ақындық мектебі – қашан да, қай уақытта да – ұлы тағылым мектебі. Қазақ өлеңінің, қазақ айтысының, қазақ әндерінің ең ұлы деген хасталанттарының қай-қайсысы да Абай мектебінен дәріс алмай, оның тереңінен сусындамай, оның қалың ойына бойлап сүңгімей өткен емес. Абай өз елінің ғана емес, маңайындағы көрші елдердің ішінде өнерпаз жастар болса, оларға да көңіл бөліп отырған. Абай сол ретпен Уәйіс ақынды да шақыртып алған. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында суреттеп жазған: «Бір топ жолдасымен Байғабылдан Ақылбай келген. Абайдың сәлемімен, осы соңғы жылдарда «ақын» деген атағы шыққан Керей Уәйіс, Топайдан Бейсенбай деген ақындар да келіпті. Түстен бері осы қонақтар Абайдың үйіне келіп, сәлем берісіп, түстік астан, күндізгі шайдан ішті. Отаулар, қонақ үйлер, көрші үйлердің қазіргі жататын орындарын анықтасты»...
Абай қалыптастырған әдеби дәстүрден тыс қалдыруға болмайтын ақындардың бірі, Абайдың талантты шәкірттерінің бірі – Уәйіс Шондыбайұлы. Ол әрі әнші, домбырашы, гармоншы және өзі де ән шығаратын сегіз қырлы бір сырлы өнерпаз. Уәйістің ақындық, әншілік өнері өз заманында өз ортасында әйгілі болған. Абай оның өнерпаз, жас талант екенін естіп, білген соң, әдейі арнап шақыртып алып, өлең айтқызып, ән салдырған. Ұлы ақынның сондай мінезі жөнінде Көкбай Жанатайұлы былай дейді: «Өлең айтқыш жігіттердің сөздерінде нәр, жұғын болса, дәмді сөзін көріп риза болса, ондайлардың өлеңді көбірек айтқанын тілейтін... Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда еш уақытта басқа бөтен нәрселерге аумай таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тыңдап болған соң, мағынасы мен мәнін ұғындырып сын айтатын.»
Уәйіс Шондыбайұлының айтыстағы импровизаторлық келбеті, лирикалық нәзік ұстанымы, дастан жазудағы шеберлігі мен аударма саласына қосқан үлесі қазіргі таңда зерттеліп, ғылыми негізде қарастырылып жатқан мәселелердің бірі.
Оның «Перуайым», «Бозқараған», «Шұбартау», «Шыңғыстау» т.б. әндері халық арасында кең тараған. Көкбай, Ақылбай, Мағауия сияқты дарынды ақындар тобына қосылып, Абайдың ақындық мектебінен өтеді. Оның ел аузында, көшірме жазбаларда және архив қорында сақталып жеткен орыс ақыны П.Ершовтың әйгілі «Конек-Горбунок» ертегі - дастанының желісімен жазған «Иванушка - дурачок» поэмасы, «Жошы - Алаша хан» (Ақсақ құлан аңызының бір нұсасы), «Қырық уәзір» әңгімесінен алынған «Бір қыздың оқиғасы» атты дастандары мен «Кеңшілік кедейлерге заман бар ма», «Дүние байқағанға бір кең сарай» атты өлеңдерінде халықты азаттық күреске үндеп, ел қамқоры болған Абайды жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынады.
Абайдың талантты ақын шәкірттері, әсіресе, поэма жанрында ұстаз жолын жалғастыра дамытты. Ақынның өзі «ондай әңгімелі өлеңдерден өзі ойлаған өсиеттік, адамгершілік терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көргенімен», шындығында поэзияның бұл жанрында да өз талап-тілегінің, мақсат мүддесінің көздеген нысанадан алыс кетпей сәтімен шыққандығын байқағаны анық. Сол себепті де поэма жанрының ендігі жердегі үрдіске айналуына өзі себепкер болып, шәкірттеріне дәл осы жанрдың мүддесінен шығатын тақырыптар ұсынып, сюжеттерді алға тартып қозғау сала бастайды. Соның нәтижесінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде поэма жанры кезеңдік белсенділікке ие болып, жоғарғы дәрежедегі поэмалардың алғашқылары ретінде қалыптаса бастайды.
Уәйіс Шондыбайұлының «Жошы - Алаша хан» поэмасы – Абай ықпалымен жазылған тарихи шығармалардың бірі. Ертеден келе жатқан қазақ аңызын негізге алған Уәйіс Абай еңбегіндегі Алаша хан туралы аңызды поэмасына арқау ете отырып, өзіндік өрнекпен көркем туынды қашай білген. Бұл поэмасындағы қалың жұрттың дертті болатын себебі уағдаласу әрекетінен туындаған. Нысан абыздың ашқан балынан кейін әлдебір тосын оқиғаның ұшығы аңғарылатындай, бұдан да кітап көтерген молдалардың сөзінен о бастан-ақ секем ала бастайсың. Жалғызының үйге аман қайтпасын ханның өзі де сезгендей болады. Халық енді хан баласының өлімін естірте алмай дал болады.
Өлді деп кімде кімің естіртсең
Аламын уағда болсын басын қағып
Уағда осы. Алайда оларды тығырықтан алып шығатын халықтың өзінің құдіретті өнері. Қазақтың қастер тұтатын киелі домбырасы. Бұл арада өнерді құрметтеу, дәріптеу де бар. Жалғыз ұлдың өлімі жанға батқан хан Меккеге бармақ болып, жолда пілінің белі мертігіп Бетпаққа қалады. Халық қапаланады. Сол сәтте домбырашы Тыма тағы да жол табады. Шерткен күйінің өзі тапқырлықтың, талантты дарындылықтың таразысындай.
Жол жүріп ай далада жаттым келіп
Бір алтын тауып алдым жолдан көріп
Таласты бір адам кеп менікі деп,
Поэмада ел билеген патшаға деген халықтың құрметі аңдалмай қалмайды. «Хан жылаудан қалжырап күндіз-түні, Халықтың қараң болды көрген күні», «Хан кеткен соң ел қалды болып мұңлы», «Падиша жоқ, хан сайлап алмақ емес, Қайғырып қалған ел де құр сандалып», «Еңіреп ес таба алмай ел жүргенде, Баяғы домбырашы Тыса келді» тәрізді жолдар осы ойды айғақтайды. Патшаның ақылға тоқтамды, өнерді құрметтеп тұратын, қара халықтың айтқанына құлақ сала білетін, астыртын айтылған ойды аңдағыш сұңғыла екендігі көрінеді. Домбырашы Тыманың жаңағы айтқан сөзіне төмендегіше үн қатады.
Патша айтты: шырағым, тілге нансаң,
Халқыңнан айрыларсың қайғылансаң.
Тапқан көріп, таныған өзі алмақ,
Алтынын өзіне бер тілімді алсаң
Тыма патшаның өзінің осы сөзіне жабыса кетеді.
-Жә, тақсыр, қайта бер деп айтпа, деді,
Осы айтқан уағдаңнан қайтпа деді.
Хан Жошы алтын еді-иесі алды,
Қамалып бұл Бетпаққа жатпа, - деді
Уағдасын қайтып ала алмаған хан еліне қайтып оралған. Поэмада «сөз тапқанға қолқа жоқ» деген халық нақылының астары анық көрінеді.
Абай шәкірттерінің әуелден көздеген мақсаты адам бойындағы ізгілік пен зұлымдық, қатыгездік пен мейірбандық, махаббат көріністері арқылы қоғамдағы әділетсіздікті әшкерлеу, қазақ хылқының көзін ашу сияқты хәкім Абайдың ұлы идеяларын жалғастыру.
Шексіз шыншыл, жалынды ақын – Уәйіс ақынның құдіретті өлең – жырлары, патша үкіметінің қолшоқпары: болыс, би, атқамінер әкімдеріне сексеуілдің шоғындай басылып, өзектерін өртейді, мірдің оғындай тиеді. Қалың бұқара халықтың қамқоры, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адал азаматы, ардақты ақындарының бірі – Уәйіс.
Олай болса Уәйіс Шондыбайұлының мұрасы қайта қаралып, оның Абайдың ақындық мектебін көрген дарын екенін және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті саласына өзіндік үлкен үлес қосқан ақын, әнші, өнерпаз екенін сеніммен айта аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. – Алматы: Санат.-1995.-320б.
2. Әуезов М. Абайдың ақындық айналасы. Әдебиет майданы. 1934. №11-12. 11 – 20 б.
3. Мұхамедханов Қ. «Көп томдық шығармалар жинағы». 1-4-том.-Алматы,
«Алаш», 2005.-328бет.
4. Нұрқатов Айқын. Абайдың ақындық дәстүрі. Монография. Алматы, «Жазушы», 1966. 348 бет.
5. Әубәкір Ж.М. Көкбай Жанатайұлы. – Шығармалары: өлеңдер, айтыс-қағыстар, қисса-дастандар. Алматы: «Информ-Арна», 2001. – 200 бет.
6. Мұқашев Е.С. Уәйіс ақын. Семей: «Интеллект», 2008. – 200 бет.
7. Ердембеков Б.А. Абайдың әдеби ортасы. – Семей «Үш биік», 2010. – 307 бет.
8. Абай Құнанбайұлы. «Толық жинақ», Алматы, 1933 жыл
|