Главная » Статьи » Личности |
АУЫЛДЫҢ ШАМШЫРАҒЫ Қыркүйектің соңғы күндері, Ұстаздар күніне арналған Бұқар Жырау ауданының Ақжар ауылына «Төлеуов Игілік Кәлейұлына – 80 жыл: Ұрпақтар үні» атты еске алу салтанатына келдік. Мектеп жанындағы ашық алаңға жиналған халықта есеп жоқ. Немере-шөберелерін жетектеген ата-әжелер, алыс-жақыннан келген қонақтар, мектеп ұстаздары мен оқушылар ұжымы — бәрі осында. Тап-тұйнақтай, алақандай ауыл. Тұрғындармен қол беріп, қол алысып танысып жатырмыз. Ауыл тарихынан не айтар деген оймен сыр тартқан боламыз. Көңілі ояу, көзі ашық жергілікті қариялар бұл жер тегін емес, ел аралап жүріп, осы ауылдың үстімен өткен, дәм татып, суын ішкен Бұқар Жыраудың, Мәшһұр Жүсіп Көпеевтің, Әлкей Марғұланның, Қаныш Сәтбаевтың, Жыржыс қажының, Мәулен Ғазалиевтің т.б. текті тұлғалардың ізі қалған, әлі де елімізге елеулі еңбек сіңіріп жатқан қайраткерлер, ақындар, ғалымдар шығып жатқан қасиетті мекен, деп мақтаныш сезімдерін де білдіріп, үлгеріп жатыр. Риза болып қалдық. Айтулы іс-шараға 1935 жылы Ақжар ауылында дүниеге келіп, сол жерде бастауышты, артынан Үлгі орта мектебін, 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, Ақжарда өмірінің соңына дейін ұстаздық еткен «Білім беру ісінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» , «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, ондаған облыстық, Республикалық физика-математика олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұлағатты ұстаз, қырық жылдан астам ғұмырын білім саласына жұмсаған Төлеуов Игілік Кәлейұлының өнегелі өмірі мен ұстаздық жолына адалдығы негіз болған. Шешесінен ерте айрылып, бір шаңырақта жалғыз қалған Игілік, өмірдің ащы-тұщысын тарта жүріп, оқып, мамандық алып, бәйбішесі Дариға екеуі 11 баланы дүниеге әкеліп, аман-есен өсіріп, оқытып, бәрінің жоғары білім алуына, өз жолдарын табуына, берекелі отбастарын құруына, өмірінің ақырына дейін қамқоршы болған аяулы азаматтың отбасылық өнегесін де ауыл тұрғындары үлгі тұтып, айтып жүр. Сондықтан да артында өшпестей із қалдырған ұлағатты ұстазға арналған бұл ауқымды іс-шараны ұйымдастырып оны өткізуге Бұқар Жырау ауданы Білім бөлімінің басшылары, ауыл әкімі, жұртшылық қолдау көрсеткен. Осы игі шараны өткізу жоспарын орындау барысында Игілік Кәлейұлының еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген дос-жарандарынан, шәкірттерінен, жоғары оқу орындарындағы сыйлас азаматтардан, курстас достарынан, ғылым жолындағы ұл-қыздарынан, үлкен баласы химия ғылымдарының докторы, профессор Бораш Игілікұлының ғылым жолында жүрген шәкірттерінен, туған-туыстарынан, ауыл қарттарынан қыруар естеліктер жиналды. Естеліктер арқау болған «Адам Игілік туралы» қалың кітап жазылды. Еске алу күніне Қарағанды облысы Мәслихатының депутаты, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик С.М.Әдекенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Б.Қ.Қасенов, осы жолдардың авторы, ғылым докторлары мен кандидаттары, ардагерлер – барлығы 300-ден аса адам қатысты. Аталған шарада үш бөлім қарастырылған. Бірінші бөлімінде «Төлеуов Игілік Кәлейұлы – ұлағатты ұстаз, үлгі тұтар тұлға» атты ашық сабақ өткізу. Бұл шеберлік сабағын мектеп директоры Мағзұмов Қайролла Қабылтайұлы егжей-текжейлі баяндап жүргізді. Онда Игіліктің өскен ортасы, туған жеріне деген көзқарасының қалыптасуы, ұстаздарының үлгі-өнегесі, өзінің ұстаз болуы, шәкірттерін спортқа, кітап, газет-журнал оқуға баулуы, уақытпен санаспай қосымша сабақтар жүргізе беретіні, теледидардың жоқ кезінде аудан орталығынан аптасына екі рет кино әкеліп көрсететіні көрініс тапты. Мағзұмов Қайролла: -Бүгіндері Игілік ағамыз сол бір қараңғы күндері сәулесін шашып, көзімізді ашқан шамшыраққа ұқсайды. Ауылдың шамшырағы еді, -деп аяқтады. Мектептің үздік үш оқушысына Төлеуовтер әулетінің атынан планшет пен диплом тапсырылды. Ашық сабақ соңында осы өңірдің азаматы, белгілі заңгер және ақын Мейрам Мәзұлы Қарасартов өзінің Игілік Кәлейұлына арналған Арнау өлеңін оқыды. Жергілікті азамат, ақын Шыныбектегі Қалиасқар мен Қалдыбаев Дулаттың бастауымен Сарытау орта мектебі оқушыларының концертін де тамашаладық. Екінші бөлімінде Төлеуов Игілік Кәлейұлы атындағы қаладан және аудан мектептерінен келген оқушылардан мини-футбол турнирі Қарағанды облысы Мәслихатының депутаты, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик С.М.Әдекеновтың басшылығымен өткізілді. Жарыс басталмас бұрын С.М.Әдекенов Игілік Кәлейұлының жүрген жерін романтикаға бөлеп, маңайына ауыл балаларын жинап, әртүрлі мәдени шараларды өткізуге ұйытқы болып, спорт жарыстарын дамытып, жастардың жігер-намысын көтеріп жүретіндігін, тағы басқа ұйымдастырушылық қырлары туралы қысқаша баяндап өтті. Мұнда да жарыс қорытындысы бойынша үш жүлделі орынға кубок пен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Үшінші бөлімінде химия ғылымдарының докторы, профессор, Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Фитохимия» Халықаралық ғылыми-өндірістік Холдингінің зертхана меңгерушісі Бораш Төлеуовтың «Адам Игілік туралы» атты кітабының тусаукесер рәсімін жүргізу осы жолдардың авторы(О.Суханберлин) мен С.М.Әдекеновке бұйырды. Кітапта білім саласында 40 жылдан астам еңбек еткен Төлеуов Игілік Кәлейұлының өмірі мен еңбек жолы туралы сирек кездесетін және ұрпақтары үшін аса құнды болып табылатын мағлұматтар берілген. Үлкен тебіреніспен жазылған естеліктерден Игілік Кәлейұлының жарқын бейнесі мен ізгілікті өмір жолдарымен тағы бір толығырақ танысуға мүмкіншілігіңіз бар. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды. Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды». Игілік Кәлейұлының кім екендігін бағамдай беріңіз. Кітаптың бір данасы автордың қол таңбасымен мектеп директоры Мағзұмов Қайроллаға табыс етілді. Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру саласының қазіргі жағдайына және ауылға маман ұстаздар тартуға септігін тигізетін –Ұлағатты Ұстаз және үлгі тұтар тұлғаны сыйлау мен ұлықтау сияқты тәлім мен тәрбиеге негізделген адамгершілік парызды тұғырлау еді. Мақсатымыз толығымен орындалған сынды. Бұған қосымша жергілікті тұрғындардан, білім мамандарынан Төлеуов Игілік Кәлейұлының атындағы игі шараларды әрі қарай дамыта отырып, «Төлеуов Игілік атындағы физика-математикалық олимпиадаларды», футбол жарыстарын, үздік бітірушілерге шәкірт ақы тағайындауды дәстүрлік шараларға айналдырса деген ұсыныстар және тілектер түсті. Ұсыныстар ескерусіз қалмас деген ойдамыз. Келген қонақтар білім саласының майталманы, ауылдың құрметті азаматын ардақтап, осындай игі шараны ұйымдастырған аудан, ауыл басшыларына, Төлеуов Игілік әулетіне шексіз ризашылықтарын білдірді. Еске алу іс-шарасы аудан имамы Аманбол қажының Игілік Кәлейұлының аруағына бағыштап Құран оқуымен және арнайы ас берумен аяқталды. Ошақбай СУХАНБЕРЛИН ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, зейнеткер ұстаз. Қарағанды қаласы. | |
Просмотров: 1131 | | |
Форма входа |
---|
Категории раздела |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|