Главная » Статьи » Личности |
ЕҢ ПАРАСАТТЫ МҰҒАЛІМ Шәкірттерінің берген бағасы. Оқушыларға шығармашылықпен жұмыс істеуді үйрете алатын, олардың қабілетін дамыта алатын мұғалімді–нағыз шебер мұғалім деп жүрміз. Мына қитұрқы заманда өскелең ұрпақты ақылмен, біліммен қаруландырып қана қоймай, ұлтымыздың ұлттығын жетекшілік, ұйытқышылық деңгейге көтере оны әрі қарай дамыта білетін, Алаш арыстарының ой-армандарын орындай алатын, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты»(М.Жұмабаев) жігерлі жастарды тәрбиелеуде мұғалімнің де қаншалықты деңгейде білімді, білікті, ізденімпаздығы, қабілеттілігі, парасаттылығы болуы керектігі түсінікті жәйт. Елімізде ондай мұғалімдер жеткілікті. Осындай мұғалімдердің алдыңғы легінен, қала, облысты былай қойып, Республика бойынша Жамбыл атындағы №7 мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Тауықбаева Бәтіш Мұқатайқызының көрініп жүргені біздің мақтанышымыз. Бәтіш Мұқатайқызының үлгі боларлық ерекшеліктері неде. Әріптес бола жүріп Бәтіш Мұқатайқызының жанынан оқушылардың үйіріліп жүретінін көретінмін. Яғни, оқушылармен тіл табысу шеберлігіне бай адам болғаны. Көпшілігімізге осы қасиет жетпей жатады да, оларды өзімізден қашықтатып алатынымыз жасырын емес. Ал, Бәтіш Мұқатайқызының сабағы дөңгелек үстел немесе семинар сияқты ашық алаңға ұқсайды. Қашан көрсең осылай, пікір-талас, ашық әңгіме – қорытындысы оқушылардың қанағаттанып шығып жатқаны. Бұндағы ұстаздың негізгі принципі ынтымақтастықты, ізгілікті қалыптастыра отырып, оқушыларды ой-әрекетіне баулу, ой-пікіріне еркіндік беру, жүрексінбей тең дәрежеде сұқбаттасуға үйрету. Мұндай сабақ көңілсіз өтуі мүмкін емес. Негізі өз пәнін жақсы меңгерген адам оны өткізудің де технологиясын жетік білуі керек. Сабағын шәкірт жүрегіне жеткізе алмай жатса, оның несі мұғалім. Кеңестік жүйе кезінде оқытудың алуан түрі пайда болғаны белгілі. Соның ішінде тірек сызбалары бойынша оқыту және ұжымдық оқыту технологиясы күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Тірек сызбаларының авторы В.Ф. Шаталов ұсынған технологияның ерекшелігі – нақты дәл есептелген оқу процесін құра білу және уақыт үнемділігі. Мысалы, белгілі бір тақырыпты түсіндіру барысында бірнеше тақырыпты жинақтап, ықшамдап бір-екі тірек сигналына сыйдыруға болады. Бәтіш Мұқатайқызы осы тәсілді жетік меңгеріп, өз тәжірибесінде тамаша жетістіктерге жетті. Бұл тәсілдің тиімділігі негізінде 8 сынып бойынша синтаксис тақырыбына арналған «Ой түрткі» тірек конспектісі жеке әдістемелік құрал ретінде жарыққа шығып, республика мұғалімдерінің сұранысына ие болғанын білеміз. Бәтіш Мұқатайқызының ізденімпаздығы керемет. Дем алуға уақыты да болмайтын шығар. Оқытудың барлық технологиялары – «Білім беруді ізгілендіру технологиясы», «Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы», «Дамыта оқыту технологиясы», «Модульдік оқыту технологиясы», «Түсіндіре басқарып оза оқыту технологиясы», «Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы», «Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқыту технологиясы» т.б. жөнінде қашан сұрасаң көмегі дайын. Мектеп мұғалімдерінің, мейлі тарихшы, мейлі математик болсын бәрінің пікірі осындай. Тоқсаныншы жылдардың басында Өскеменде өткен республикалық мектеп-интернат басшыларының семинары кезінде жаңашыл ұстаз, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ.О.Бітібаеваның республикалық ғылыми-әдістемелік атаулы мектебі ашылып, соған шақырылған Бәтіш Мұқатайқызы осы атаулы мектептің мүшелігіне қабылданады. Ол кезде Бәтіш Мұқатайқызының қызметі Қарқаралы ауданы Нүркен атындағы №10 мектепте болатын. Бәтіш Мұқатайқызының жемісті еңбек етіп жүргенінен мол хабары бар облыстық білім Департаментінің бас маманы Қазиза Ғабдоллақызы Смағұлова ол кісіні Қарағандыға гимназиялық типке көшейін деп жатқан №7 мектепке келуге қолқа салады. Бұл мәселені естіген Жамбыл атындағы №7 облыстық мектеп-интернаттың директоры Н.Қ.Қайырбаев қоярда-қоймай жүріп Бәтіш Мұқатайқызын көндіріп, мектептің іргесінен елдің қолы жете бермейтін пәтер тауып беріп, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасары етіп тағайындайды. Бұл мектептің гимназиялық типке сатылап көшіп жатқан 1995 жылы болатын. Содан бері тура жиырма жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде Бәтіш Мұқатайқызының бағындырған асулары аз емес екен. Жоғарыда атап өткен технологиялардың қатары Қ.О.Бітібаеваның «Конструкциялық жобалау технологиясымен» толықты. Бұл кезеңдерде Бәтіш Мұқатайқызының қырыққа жуық баяндамасы мен мақалалары ғылыми жинаққа енгізіліп, әдістемелік журналда жарияланды. Өзінің озық іс-тәжірибесінен бірнеше рет республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, тәжірибесі республика көлемінде тарады. Қазақ тілі пәнін оқытуға арналған «Ойтүрткі» тірек конспектісін, «5-8 сыныптарына арналған диктанттар жинағын», «6-9 сыныптарда МОТ негізінде қазақ әдебиетін оқыту» әдістемесін баспадан шығарды. Қ.О.Бітібаева жетекшілік жасайтын республикалық атаулы мектептің белсенді мүшесі, «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы авторларының бірі. Ол кісінің пір тұтатын адамы Қанипа Бітібаева. Ол туралы жастарға үнемі айтып отырады. Бәтіш Мұқатайқызының еңбектерінің өзектілігі, мазмұнының өткірлігі, бүгінгі талаптың қажеттілігіне сай екендігі республикаға мәлім. Сондықтан да Алматыда, Таразда, Өскеменде, Қарағандыда, қай жерде болмасын өткен ірі-ірі Республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға шақырылуы, баяндамаларын оқуы, олардың айналымға түсуі Бәтіш Мұқатайқызының нағыз педагог-ұстаз екендігінің айғағы. Аталған еңбектерінің көпшілігі «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», өзіміздің «Орталық Қазақстанда», «Өзгеріс-Перемена» баспа беттерінде, конференциялардың жинақтарында жарияланып тұрды. Бұл күндері «Модульдік оқыту технологиясын» өз тәжірибесіне енгізіп, оның қыр-сырларын әріптестеріне де үйретіп жүр. Н.Қ.Қайырбаевтың пәрменімен келген, ол кісінің талапшылдығынан, іскерлігінен тәлім алып ысылған Бәтіш Мұқатайқызы өзі де бүгін шыңдалған, ақылшы, үйретуші ұстаз. Тұрған бойы – өнеге мектебі. Бәтіш Мұқатайқызының алдынан бірнеше жүздеген шәкірттер өтті. Шәкірттері филология, журналистика мамандықтарын таңдап, қазір бірі мұғалім болса, енді бірі журналист. Бәтіш Мұқатайқызының шәкірттерін аймағымыздың барлық мектебінен кездестіруге болады. Әртүрлі себептермен, отбасы жағдайымен басқа қалаларда жұмыс істеп жүрген оқушылары, әріптестері Қарағандыға келген сайын Бәтіш Мұқатайқызына соқпай кетпейді. Ұстаздың керемет қасиеті осы ғой деймін. Сүйсінесің. Олай дейтініміздің себебі бар. Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары бола жүріп, мектептегі барлық кафедралардың жұмысын түпкі нәтижеге бағыттай білді. Олардың шеберліктерін көтеруге бар күш-жігерін жұмсады. Жас мұғалімдерге көмектесе жүріп, оларды тәжірибелі мұғалімдерден үйренуге жағдай жасап, бекітілген тәлімгерлер арқылы кәсіби өсуіне қамқорлық жасап жүрді. Ал олар мұндай қамқорлықты ұмыта алмайды. Өзі сабақ беретін оқушыларының үлгерімі өте жоғары болатын. Қазақтың тіліне, әдебиетіне деген сүйіспеншілікті арттыра білген Бәтіш Мұқатайқызының біржылдары мектепті бітірген шәкірттерінің 86 пайызы жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне түскені кездейсоқтық емес еді. Бұл еңбектің жемісі. Облыстық болсын, республикалық болсын, «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары», «Махамбет оқулары» сияқты сайыстарға қатысып жүретін шәкірттері үнемі жеңіс жүлделерін қанжығасына байлап келетін. Мектепішілік «Жас өркен» кейін «Шұғыла» журналын шығарып, оқушыларды мақала, өлеңдер жазуға жаттықтырды. Осы журналдардың компьютерлік өңдеуі менің қолымнан өтетіндіктен білетінім Бәтіш мұғалімнің оқушылары қаптатып өлеңдерін әкеліп жататын. Соның нәтижесінде мектептің бір топ оқушысы «Болашақ» университетінде өткен шығармашылық конкурста жүлделі орындар алып, шығармалары университеттің әдеби жинағына жарияланып, жекеше кітап боп шықты. Сол шығармашыл топтардың ішінде көп көзге көрініп жүретіндері Ғалиева Алуа, Сенбек Ләззат, Мұңғылбай Әбілғазы, Есепхан Жадыра, Базарқұлова Гүлжазира, Сәлімова Ақерке, Ибрахим Сұлушаш, Балаубекова Айнұр, Ғинаятова Құралай, Қойбағаров Нұрсұлтан, Орынбасарұлы Ерназар, Бөлегенов Нұрсұлтан, Имашхан Тілеубек, Ашықбекова Әйгерім, Касенов Аман, т.б. Бұлардың ішінде «Айгөлек» фестиваліне қатысқандар да бар. Сол журналдың бас редакторы Қымбат Әбілдақызы «...шын әдебиетші екеніңізді танып, еске алдым.», -деп қол таңба қалдырыпты. Бәтіш Мұқатайқызы әр сабақ сайын шәкірттеріне қазақ тілін құрметтеуді, аялауды үйретеді, рухани нәр береді. Абзал жан - қазақтың қасиетті тілінің мәртебесін көтеруге, кең қанат жаюына үлес қосып келе жатқан құрметті ұстаз. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатының, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері, көптеген құзырлы органдардың Құрмет Грамоталарымен марапатталған, шәкірт бойына өз халқын шексіз сүйетін қайсар рух, парасаттылық пен білімділік қасиеттерді сіңіруді басты мұраты санайтын Бәтіш Мұқатайқызы осындай жан. Оқушыларының және баспа бетінде көрінген пікірлерді оқып көріңіздер: «Аяулы ұстаз!. Сіздің біз үшін еткен еңбегіңіз шексіз ғой. Сол жақсылықты қайтара алсақ арман жоқ-ау. Қолым жетсе шыңдарға, Сенің арқаң ұстазым. Үмітіңді ақтасам, Арманым жоқ ұстазым. Шәкіртіңіз – Ләззат». «Ұстаздық тұлғаң айнымас, Есейіп мен кетсем де. Сізге тағзым етемін, Асқарға биік жетсем де. Жазира». «Ұстазым! Сізге бар жақсылық, бақыт тілеймін. Мен 2030 жылы осы мектепке қайтып келемін. Сіздің жолыңызды жалғастырамын. Назым». «Жыл сайын еңбек етіп ерте күзден, Қайықтай тыныш суда сырғи жүзген. Деңгейі терең, білімі – теңіз болса, Ұстазсың сол тереңнен маржан сүзген. Әріптестері». “Азия-Транзит” журналындағы “Үнемі іздену жолында” атты мақаладан: “Мұндай кісілер хақында біз, жанымызда жүр жақсы адам дейміз. Осы бір қағылез де қарапайым жан табиғатынан ұстаздыққа бейімделіп жаралған ба деп ойлайсыз. Тек қазақ тілі мен әдебиетінің маманы емес, сонымен бірге әр оқушының ішкі дүниесін тани білетін жантанушы десек те бұл кісіге артық болмас.” «Орталық Қазақстан» 28 маусым 2002 жылғы нөміріндегі «Ұстаздық ұлық қызмет емес» атты мақаладан: «Біз осы мектептің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын сыныбында ана тіліміздің інжу-маржанынан сусындап өстік. Қазақ халқы бар жерде қазақ тілі де бар. Біз соны зердемізге түйіп, ұлықтап жетілдік. Осының бәрі - Бәтіш апайымыздың көрсеткен тағылымының жемісі». «Сөзі – ақыл, мінезі алтын, өзі – дана, Пейілі кең. көңілі судан таза. Ұстазға асқан сыйлық керек емес, Ыстық болар шәкірттің жыры ғана. Абыройың жүретұғын қырды асып, Ақылыңмен кітаптағы сырды ашып, Бәтіш ұстаз әр күн сайын жүреді, Шәкірттердің талабына нұр шашып. Жаны таза, ақыл-ойдың зерегі, Барлық шәкірт біліміңді тереді. Ардақтайды, аялайды құрметпен, Сіздей ұстаз – мектебімнің жүрегі. Бөлегенов Нұрсұлтан». Шәкірттерінің, әріптестерінің құрметіне бөленіп жүрген осындай ұстаз туралы ойымды төмендегі арнау-өлең жолдарымен аяқтасам деймін: Жүрексіз Өмір болмайды ғой, белгілі, Ал,... Мұғалімсіз–болмайды елдің елдігі. Данышпан да, патшалар да бас иген, Мұғаліммен өлшенеді–дүниенің кеңдігі. Ақыл-ойдың таусылмайтын бұлағындай–мұғалім, Жылуымен нәрлендіріп тұратұғын ұланын, Қашан көрсең гүл суарып мәпелеген бағбандай, Жүретұғын мұғалімді–Мұғалім деп ұғамын. Ұстаз-ғұмыр мектебімен, шәкіртімен жалғасқан, Сөзге шешен, ойы терең, өткір тілі алдаспан. Ұстаз осы – рухы биік әдебиеттің қамқоры, Алып жүрген Алашымның аманатын талмастан. Ұлт уызынан қанып ішіп, қуат алып, нәр алған, Ұстаз сондай терін төгіп шәкірт үшін жаралған. Ұстаз үшін басты құрмет шәкіртінің озғаны Бар байлығын солар үшін, тек соларға бере алған. Бәтіш ұстаз–дәл осылай жаралған. Ұлттың тілі, әдебиеті өмірінің өзегі, Бәтіш ұстаз сол байлықтың-мол байлықтың өзені. Бәтіш ұстаз– тірі тұрған қазақ тілді факультет, Соны білсең, филфагыңның, бар ма, сірә, керегі Ошақбай СУХАНБЕРЛИН, Қарағанды қаласы. Источник: http://kollegi | |
Просмотров: 1245 | | |
Форма входа |
---|
Категории раздела |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|