Главная » Статьи » Личности |
Ұлы ақын, жазушы, ағартушы Абай музыкалық саласында үлкен мұра қалдырды. Өзінің асыл өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жазып қалдырса, музыкалық жұмыстары ретінде мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені, Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыз дәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты, ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті. Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі - олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі - мелодиялық, ырғақтық жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Бұл өзгешелік алғашқы кезде тыңдағандардың бәріне бірдей түсінікті бола қоймады, болмақшы да емес еді. Мәдениеттің дамуына кедергі болатын феодалдық жағдайда кейбіреулер үшін ол әндердің жаңа тілдері қазақтың халықтық ән дәстүрінен шығып кеткендік болып көрінуі де мүмкін еді. Бірақ жаңа, прогресшіл мәдениет күрескері болған Абай өз бетінен қайтқан жоқ. Сейтіп, Абай әндері алғашқыда оның өз айналасына - ауыл- аймағына, кейін жалпы қазақ арасына тарай бастады. Абай әндері халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан, нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды халықтың музыкалық салтында болмаған жаңа өткір тілмен өлең мәтініне құрылуы да себеп болды. Жаңа ырғақ - өлшеу, жаңа кейіпті мелодия жолы, жаңа үн сөздіктері - осы үшеуі Абай музыкасының жаңалығы болды. Бұрынғы он бір және жеті-сегіз буынды өлеңдермен айтылатын әндерге Абай әңдері ұқсамады. Абай тудырған жаңа поэзия лебі оның әндеріне де жаңа лебіз берді. [1] Абай әндерінің ерекшелігіне, тәрбиелік маңызына тәнті болған зерттеуші С.Күзембаева оның қазақ музыкасына жаңа жол салғанын айта келіп, ол “Абай әндерінің өлең құрылысы, музыкалық тілінің көркемдік байлығы, әуен-сазы мен мақам жүйесінің ерекшеліктері, өлшемдік-ырғақтық құрылысына тән негізгі белгілері, түрінің ұйқастығы Қазақстан композиторлары үшін ерекше мектеп болды” дегеніне қарап, ақын мектебінің даму тапқанын, оның шәкірттерінің де жалғасқанын байқауға болады. Өйткені, ақын әндерінің көптеген камералық, симфониялық шығармаларға, хор және опера музыкалық шығармаларға арқау болып оның үлгісінде жаңа әндер, романстардың туындағанын бұған мысал ретінде айтуға болады. Осы туралы айта келіп,зерттеуші С.Күзембаева Е.Г.Брусиловскийдің “Қор болды жаным” әнінің әуенін “Панорама” көрінісінде пайдаланғанын; А. Жұбанов пен Л. Хамидидің “Абай” операсында, М.Әуезовтің “Абай” пьесасында пайдаланғаны; “Абай әні” атты алғашқы ұлттық кинофильмге Л.Хамиди ақын әндері негізінде музыка жазған. 1940 жылдары А.Жұбановтың “Абай” симфониясына, Е.Брусиловскийдің “Жалғыз қайың” симфониялық поэмасына негіз болған. Бұдан басқа А.Жұбанов “Абай” операсы әндеріне фантазия, халық аспаптар оркестіріне арнап, “Абай” сюитасын жазды. Сондай-ақ, 1956 жылы белгілі композитор Г.Гризбилл “Абай” атты симфониялық поэма, 1961 жылы оны симфониялық оркестрге жазды. Музыка өнерін зерттеуші У.Бекенов Абайдың әндері мен қоса күйлерінің де көп болғанын, бірақ олардың “Абай күйлерін үйреніп, таратушы домбырашылар болмағандықтан біртіндеп, ұмытыла берді” дей келе, “артындағы ұрпақтарына 40-қа жуық классикалық әндер қалдырған” дейді. [2, 4 бет] Абай туралы деректерді жинап, жариялаушылардың бірі болған Ілияс Жансүгіров 1923 жылы «Тілші» газетінде «Абай кітабы» деген мақаласында тұшымды ой тастайды. «Абайдың алды-артындағы ақындардан артықшылығы: өлең, жырларын неше түрлі күй сымбалдарына салғандығы, кейінгі жазушылардың Абайдың күйін көп қолданып жүрсе де, Абайдан артық күй тапқан жоқ. Аспақ түгіл кейбір тәтті күйіне өлең өлшем де жаза алған жоқ (мәселен, «Сен мені не етесің»), Абай қазақ әдебиетіне тіл жағына үлгі болса, күй жағынан да үлгі» - дейді. Абай кітабын бастыруда орын алған кейбір жаңсақтыққа, сөздердің бұрмалануына сын айтып Абай сөздерін түзетсек жазушыға қиянат қылған боламыз. Абай халықтың өз рухы тілімен сөйлеген ақын», - деп Абай шығармаларын бастыруда түпнұсқаны бұлжытпай өз қалпында беруді талап етті. [3] Абай әндерінің жинақталуы, нотаға түсірілуі мен кітап түрінде жарыққа шығуы ХХ ғасырдың 20 жылдарынан басталады. Абайдың көзі тірісінде ауыздан ауызға көшіп, жатталып қалған әндерін А.Бимбоэс (ұлты -неміс), А.Затаевич (ұлты –поляк) сынды зиялылар нотаға түсірген. Абай айналасында өлең айтып, ән саламын деген әнші ақын болса, қыз-келіншек, жас-кәрі болса - барлығының да топта, ойын-тойда айтатын жырларының көбі Абай сөздері болады. Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ақынның ақындығын сөз қылып қоймай, осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар, әншілік (композиторлық) еңбегін де атау керек. Абай өзі жақсы домбырашы болған. Қазақтың ескі ән-күйін жете білген, барынша сүйген. Елдің ән-күйін сүйіп айтқан: Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй, Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй... - деген өлеңдері бұған дәлел. Және сол ән баян еткен ескі халды ойлап, толғанып кеп: Есіткендей болады, Құлағым ескі сыбырды, Ескі ойға көңілім толады, Тірілтіп өткен құрғырды - [4, 37 бет] -деген сөздері бүның өз еңбектерінің терең тамырлары, сол қазақтың өткен өнер, мәдениетімен жалғасып жатқанын көрсетеді. Көп өлеңінде Абай ән-күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Сонымен қатар Абай музыканың өзіне әнші болып та ат салысады. Абайдан қалған 16-17 әні бар. Бұлардың көбі өзі жазған жаңа әуен, жаңа ұйқас, жаңа түрлі өлеңдеріне арналған әндер. Және Абайдың осы әншілік еңбектерінде де, ақындық еңбегі сияқты, өзіне тиісті үлкен өзгешеліктері бар. Ол әнде де бұрынғы әннен көрі өзгерек түрлер шығарады. Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық ізденудің нәтижесі еді. [4, 38 бет] Хакім Абайдың әндері: "Ата - Анаға Көз Қуаныш", "Татьянаның Хаты", "Айттым Сәлем Қаламқас", "Сегіз Аяқ" , "Қор болды жаным", "Көзімнің қарасы", "Бойы бұлғаң", "Домбыраға қол соқпа, Абай", "Қараңғы түнде тау қалғып", "Жарқ етпес қара көңілім", "Қартайдық қайғы ойладық", "Өзгеге көңілім тоярсың", "Есіңде бар ма жас күнің", "Тереңдеп қарайсың", "Ғашықтық, құмарлықпен-ол екі жол", "Желсіз түнде жарық ай". Белгілі жазушы Т.Әлімқұлов Абай әндерін саралай келе, оның “Желсіз түнде жарық ай” әнін ақынның бозбала шағындағы әсерінен туған, “суда дірілдеген ай сәулесі, сол сәуледей дірілдеген қыз, қауышқан жігіт сезімі әннің сазын өте-мөте назды, сыршыл, ләззатты етеді” деп, оны қыз айтатын ән десе, “Қор болды жаным” әнінде торығыс, түңіліс бар . Бұның өзі екі түрлі – серттен тайған жардан түңілу, жастық дәуренді аңсау. Екіншісі – заманнан торығу... сұм заманның сұмдығы жатады деп оны ер адам айтатын ән екенін атап көрсетеді. Осы екі әннің эстетикалық тегін талдай келе, Т.Әлімқұлов олардың эстетика санаттарына қатысын “біріншісі – тамылжы-ған лирика, екіншісі – торыққан трагедия” деп көрсетеді [5]. Жазушы одан әрі қарай осы такт сөзіне байланысты “Бұны Абай сән үшін алмаған. Әннің төркінін тұспалдайтын тәрізді” деп жұмбақтайды. Бірақ сол “әннің төркіні туралы” айтпайды. Өйткені біріншісі – сағынышты қыз, екіншісі қам көңілді қария деп өз ойын дәріптейді. Әрине, Т.Әлімқұлов жазушы, бірақ компо-зитор, әнші емес. Сондықтан кейбір жаңсақтықтардың кетуі де мүмкін ғой. Ал, біздіңше, осы өлеңдегі ақынның айтып отырғаны бір ғана сөзбен айтарлық аз ғана дүние емес. Ақынның эстетикалық санасы мен сезіміне байланысты секілді. Алайда, осы ақын өлеңіндегі “такт” сөзі түбінде орыстікі емес неміске латыннан келген, орысшаға аударғанда – действие, влияние; қазақшаға аударсақ – қимыл, ықпал дегенді білдіреді. Абай бұл жерде осы әндегі әуен қимылы немесе қозғалысының адамның жан-дүниесіне ықпал етіп, көңіл-күйін оятып, одан ары қарай іс-әрекетке жетелеуін айтып отырған болса керек. Бұны өлеңдегі шартарапқа адам ойының түрленіп ауатынының дәлелі болса, екіншісі, әннің баста миды оятары, үшіншісі – адамның сыртқы дене қозғалысын айтуында. Ақынның ән өнеріндегі ерекшелікті көре білген Т.Әлімқұлов“Абай әндері әріден жатқан халық әндерін де, өзінен шамалы бұрынғы сахара композиторларының әндерін де қайталамайды, оларға жиі жуықтамайды” деп, оның әндеріндегі әуен ерекшелігін айта келіп, ақынның көптеген өлеңдерінің халық арасына кең таралуының басты себепшісі осы әндері екенін көрсетеді [5] «Қараңғы түнде тау қалғып» әні Абайдың 1892 ж. М. Ю. Лермонтовтың «Из Гете» атты өлеңінен аударылған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады, барлығы 8 жолдан тұрады. Лермонтов бұл шағын өлеңді 1840 ж. неміс тілінен тікелей тәржімалаған. 1780 жылдың күзінде Кикельхан шыңына жаяу сапар шегіп, И. В. Гете шың түбіндегі аңшы үйінің қабырғасына қарындашпен небәрі сегіз жол өлең жазады. Бұл кейін бүкіл дүние жүзіне танымал болған, сан - алуан тілдерге аударылған әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» еді. Бұл лирикалы - пәлсапалық миниатюраның негізгі түйіні, әлеуметтік мәні мен астары, көркемдік құдіреті аса тереңде жатыр. 1889 жылы жарқ етіп, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы – «Сегіз аяқ» атты жыр туды. Алдымен бас абайтанушы Мұх¬тар Омарханұлы Әуезовтің пікіріне көз тігейік: «Сегіз аяқ» – ұлы ақын¬ның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шық¬қан, зор шығарманың бірі» [6, 137 бет], – дей ке¬ле, Мұхтар Әуезов терең ой-пайымдарын былайша тиянақтаған: «Абайдың кейін¬гі жырларынан осы «Сегіз аяқ¬тан» басталған көп мұңды кө¬реміз» [6, 139 бет]. Соңғы сөзде «Шүбәсіз, ұлы ақынды қайғы-шер¬ге қамаған – қалың елі қазағының тағ¬дыры, ал сол «мамықтан төсек, тастай боп кесек» ұйқысын шайдай аш¬қан кезең қайсы?» деген сұрақ¬тың жауабы тұр. Демек, «Сегіз аяқ» – Абай қайран жұртының мұңын мұңдаушы, жоғын жоқтаушы халық ақыны боп толықтай қалыптас¬қа¬ны¬ның куәсі. Жырдың алғашқы ой-шылдық үлгідегі толғау болуы осы¬ны растай түседі. «Зерттеуші ғалым ақын әндерінің ішінде ең көп тарағаны “Татьянаның әні” екендігін айта келіп, А.С.Пушкин өлең жазып , оған П.И.Чайковский опера жазған соң, “Татьянаның хаты” шығармасы халық арасына қаншалықты кең таралып, сүйіспеншілікке бөленсе, Абай шығарған осы іспетті ән де қазақ арасында ақын оқырмандары, оқушылары мен тыңдармандарына “...күтпеген жерден жарқ еткен шынайы шындыққа ұқсап әсер етті” деп жазады. Бұның басты себебі әннің халық дәстүріне тән “хат және оған жауап” түріндегі махаббат, сүйіспеншілік пен нәзік ішкі толқуларды бейнелеуі болды. Белгілі болғандай А.С.Пушкиннің “Евгений Онегин” романында Татьяна жазған хаты, оған Онегиннің жауабы, одан соң қайта Татьянаның екінші хаты бар. Абай аударған осы екінші хат ақынның “Ішім өлген, сыртым сау” өлеңіне шығарған әуенімен айтылады. 1938 ж. Онегиннің Татьянаға жауап хатының әуенін А.Қ.Жұбанов М.Мұхаметжановадан нотаға түсірді, “Онегиннің мелодиясы Татьяна сөздері әнінің мұңды варианты болып саналады” дейді В.П.Дернова [7, 79-85]. «Айттым сәлем, Қаламқас...» Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі. Әрқайсысы 4 тармақты, 10 шумақтан тұрады. Шығарма Абайды дүниежүзі әдебиеттің өресіне көтерген туындыларының бірі. Өлеңде ақын жастықты, сұлулықты, ғашықтықты жырға қосып, бірін - бірі сүйген екі жастың сүйіспеншілігін, ішкі сезімдерін ашып көрсетеді. Кейіпкер монологы арқылы оның жан - жүрегін, кіршіксіз ақ махаббатын сөйлетеді. Туындыдағы сүйген қызына сәлем жолдаушы жігіт – Абай тұсындағы оқыған, өмірден тоқығаны көп жаңа тұрпатты азамат. Өлең 7 - 8 буынды қара өлең ұйқасымен өрнектелген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Ақын бұл өлеңіне ән шығарған. Ол негізінен өлеңнің бастапқы 3 шумағы бойынша айтылып жүр. Абай бұл әнмен қазақ халқының әдет - ғұрпына, салт - санасына, талғам – танымына, дәстүріне қайшы келмейтін «Сәлем хат» атты жастықты, сұлулықты, махаббатты жырлайтын жаңа бір поэзиялық музыкалық жанрды дүниеге әкелді. Қаламқастың өмірдегі шынайы бейнесі Жәнібек қызы Тұржан деген байламға тоқтайды. Қалихан Алтынбаевтың келтірген зерттеу деректеріне ден қойсақ, Тұржан мен Абайдың алғаш кездесуі 1861-62 жылдар шамасында көрінеді. Бұл Абайдың он бес-он алты жастағы кезі. Құда түскенімен Ділдаға әлі үйленбеген еді. Ең бастысы, Тұржан есімімен емес, Қаламқас деген атпен айтылуда». «Қор болды жаным...» - Абайдың 1889 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты 4 шумақтан тұрады, көлөмі 24 жол. Абайдың ең мол қалам тартқан тақырыбы - адам сөзімі, махаббат болса, бұл өлеңінде сүйген жарына қолын жеткізе алмаған, махаббат азабын тартып, жүдеген жанның кейпі сомдалады. «Сен мені не етесің?» өлеңімен мазмұндастық, ойсабақтастығы сезіледі. Абай лирикасына тән ішкі динамика, ой терендігі, сөзім мелдірлігі мүнда да айқын көрінеді. Оқырман лирикалық қаһарманның жүрегін жаралап, жігерін жасытқан ыстық сағынышқа шүбәсіз иланады. Оның кейіпкері ғашығының бірауыз сөзіне зар болып, қаншалықты қамықса да егілмейді, үмітін үзбейді. Абай өлеңдерінен ара кідік көздесіп қалатын тағдырға мойын ұсынушылықтың, жақсы-жаман атаулыны тағдырдың ісі деп санаушылықтың да нышаны байқалады. Өлеңнің сыртқы пішінінде жаңалық бар. Оның шумақ, буын, үйқас өрнектері қазақ өлеңінің дәстүрлі үлгілерімен үйлеспейді. Шумақтардың алгашқы 4 жолы шалыс (-а, -б, -а, -б) ұйқасады да, негізгі ойдың түйіні өзара ұйқасқан соңғы 2 тармақта беріледі. Өр тармақтағы буын сандары да әр қилы: тармақ бойынша алғанда ол 5/7, 5/7, 6/6 түрінде аралас буын болып келеді. Өлең алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланды [8]. Абай әндерінің бізге жеткендері қазақ му¬зы¬ка¬сы¬на жаңа леп қо¬са,¬¬¬ сол¬ заманның өз¬ін¬де-ақ¬ ел¬ден¬¬ елге шапшаң тарады. Орыс ориен¬¬тବлис¬¬терінің пайымын¬ша,¬¬ Абай¬ Құ¬нан¬баев¬тың кейбір өлеңдері әнмен таралып, авторы беймәлім халық¬тық¬ репертуарға айналып кет¬кен.¬ Абай әндерінің эстетикалық маңызы – мақамының поэзия құры¬¬лы¬¬мы¬¬мен біртұтас бітіп, үн¬дес¬¬тік¬те келісу жаңашылдығы. Ақын сөзімен айтқанда, «жұп-жұмыр, бүтін кел¬сін¬ айналасы». "Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді" [9]. Қорытып айтқанда, Абай дарынды композитор болды, өзінің нота сауатынан хабарсыздығына қарамастан, ән шығару ісінде айта қалғандай жаңалықтар тудырды. Оның басты себебі - Абай поэзиядағы сияқты музыкалық шығармашылықта да орыс халқының прогресшіл өнерінің артықшылығын түсініп, оны меңгеруге тырысты. Сөйтіп қазақтың халықтық музыкалық дәстүрінде ол өзіне дейін болмаған жаңа үнді, жаңа ырғақты ән шығарды. Сонымен қатар ақын, композитор, орындаушы - үшеуі бір кісі болған тұста ол қолынан келгенше, олардың арасында еңбек белісінің керектігін сезіп, өз аулында, айналасында болса да, сол жұмыстың басын бастап кетті. Өзінің баяу даусымен шығарған үлкен сырлы әндерін халық көпшілігіне жеткізудің бар шарасын қолданды. Оның ән, күй, орындаушылық женінде қысқаша айтып кеткендерінің әлі күнге дейін үлкен мәні бар. Композиция жағынан Абайдың музыкасы көп жанрлы деуге болады. Онда драма, сатира, трагедия, әдет-ғұрыптық, жаратылыс суретін бейнелейтін т. б. сан түрлі музыка бар. Ал оның музыкалық сыншылығында жан-жақты, терең философиялық пікірлер жатады. Қазір Абай әндері бұл күндері қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына енді. Жүрекке жақын, көкірекке жылы ұялаған Абайдың әсем әндері үй-іші, жанұя ортасында, үлкен мерекелер мен концерттерде жиі орындалып жүр. Міне, мұның бәрі ақын-композитор А. Құнанбаевтың шығармашылығына деген халқымыздың өлшеусіз махаббатының, әрі оның өлмес музыкалық мұрасының Қазақстан өнеріндегі зор мән-маңызының айқын дәлелі болып табылады. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. https://kk.wikipedia.org/wiki/Абай_музыкалық_мұрасы. 2. Бекенов У. Абайдың музыкалық мұралары:Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай/ //Қазақ әдебиеті.-1993.-11маусым.-4 б. 3. https://old.elorda.info/kk/news/view/2496-olmejtughyn-artyna-an-qaldyrghan. 4. "Абай - қазақтың ұлы ақыны" М.Әуезов, А. Кенжебаев, г. Алма-ата, Гостипография, 1945. - 37-38 бет. 5. Әлімқұлов Т. Әнді сүйсең менше сүй: Абай әндерінің халықтығы жайында // Қазақ әдебиеті.- Алматы, 1970. 3 июль. 6. Абай Құнанбайұлы. Монография. –Алматы, 1995. –137-139 бет. 7. Дернова В.П. «Письмо Татьяны» Абая Кунанбаева //Советская музыка. – Москва, 1960, №1. – С. 79-85. 8. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9 9. http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-abai-zhane-hhi-gasyrdagy-kazakstan-atty-makalasy. | |
Просмотров: 1060 | |
Форма входа |
---|
Категории раздела |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|