Главная » Файлы » В помощь учителю » Классному руководителю |
[ Скачать с сервера (23.5 Kb) ] | 2014-01-26, 12:35 PM |
1 – жүргізуші: Жиналыппыз сәтті күні бәріміз де, Үлкен – кіші, жасымыз, кәріміз де. Төрлетіңдер, қадірменді қонақтарым Гүл – гүл жайнап біздің, мына, төрімізге. Армысыздар, аяулы ұстаздар мен патша көңіл көрермендер! Бүгін біздің жауқазындай құлпырған әсем де сұлу қыздарымыз сіздердің алдарыңызға өз бағын сынауға келіп тұр. 2 – жүргізуші: «Арулар – аяулылар, ардақтылар Өмірді бір-бірімен жалғап тұрар», - деп ақын ағаларымыз нәзік жандарды жоғары бағалаған. Ал бір философ: «Қыздары тәрбиелі болған халық тәрбиелі, қыздары тәрбиесіз болған халық тәрбиесіз. Қыздары үнемшіл, жігерлі, талантты болса, халқы бай, ал қыздары жалқау, ысырапшыл болса, халқы тақыр кедей болады» деген екен. 1 – жүргізуші: Дұрыс айтасың, Раушан. Шынында да өркениетті елдермен иық түйістірер шақта қыз бала тәрбиесі кезек күттірмейтін мәселе. Ал «Тәрбие басы – тал бесіктен» басталатынын ескерсек, мектебімізде өтетін қыздар байқауының да берер ғибраты мол. Олай болса, қыздар байқауын, «Мектеп аруын» таңдар думанды бастауға рұқсат етіңіздер. 2 – жүргізуші: Бүгінгі байқау 8-10 сынып оқушы қыздары арасында өтеді. Бұл байқау қыздарымызға эстетикалық тәрбие беруді көздейді. Өйткені қыздарға жан сұлулығымен қоса тән сұлулығы бірдей болғандығы жарасады. Сондықтан ибалы, инабатты қыздарымыз көбейе берсін деген ниетпен байқауымызды бастайық. 1 – жүргізуші: Қазақта жігітке: «Сұлу ару – жүрек, Ақылды ару – тірек, Кербез ару – есер, Шайпау ару – кесел» - деген нақыл сөз бар. Ал біздің мектептің арулары қандай екенін анықтау үшін қатысушы аруларды ортаға шақырайық. 2 – жүргізуші: Мың бұралған арулар аңдап басып, Келеді міне ортаға толқып тасып, Аруларын сыйлаған халқым менің, Қыздарды қошеметпен қарсы алайық. 1 – жүргізуші: Жас ботаның көзіндей мөлдіреген, Қызғалдақтай құлпырған кезі ме екен? Ортаға шықты міне Ботагөз де Көктемдегі бәйшешектей уілдеген. 2 – жүргізуші: Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты, Алдымызға келді ару Айдана атты Парасатты бойжеткен аталамын, Деп өзінің сыныбын алға тартты. 1 – жүргізуші: Әуезі ән, жаны раушан, күй жүрегі Шөл басқан сезімді де идіреді. Ортада Айгерім қыз мың бұралса, Жер тербеліп, аспанымда Күн күледі. 2 – жүргізуші: Мінезі ашық-жарқын, жүзі жылы Келбетінен көрінеді ішкі сыры. Нұргүлдей келді міне білімді қыз, Аспаннан шашылғандай күннің нұры. 1 – жүргізуші: Қандай әсем, көрікті үлбіреген, Билейді әуенімен тебіренткен. Арайлым атты аруымыз шықты ортаға, Дайындықпен сайысқа бүгін келген. 2 – жүргізуші: Би билеуге жаны құмар, Шаршамайды, сірә бір. Қарлығаштың бар сан өнері, Сырын терең ұға біл. 1 – жүргізуші: Сайысымызды бастамас бұрын жеребе арқылы қыздарымыздың кезегін анықтап алайық. Ол үшін қыздарымыздан Раушанның қолындағы реттік нөмірі жасырылған қағаздарды таңдап алуыңызды сұраймыз. Рахмет. 2 – жүргізуші: Ал, құрметті халайық, Сайысты енді көріңдер. Әділқазы алқасы Әділ баға беріңдер – дей келе бүгінгі кештің әділ бағасын берер әділқазылар алқасымен таныстырып өтейін. 1. 2. 3. 4. 1 – жүргізуші: Бүгінгі кеш бойы сіздермен бірге сахна төрінде жүргізушілер – Раушан 2 – жүргізуші: және Бекбол 1 – жүргізуші: Арулар бар өнерін салары анық, Өнегелі тәлімді алған қанып. Ал ендеше таныстырып өтейік біз, Бөлімдерін сайыстың бөліп – жарып. 2 – жүргізуші: Сайысымыздың бірінші бөлімі «Мен қазақтың қызымын» деп аталады. Бұл бөлімде әр ару өзін таныстырып өтеді. 1 – жүргізуші: Гүл көңілің қуаныштан өрілді, Жанарыңнан жалын нұры төгілді. Жыр ұшқындап тұр ғой әне үніңнен, Көпшілікке таныстыршы өзіңді. 2 – жүргізуші: Бақ сынап кете жарысар, Білімді көппен табысар. Әр қызымыз бір дастан, Ерекше келіп танысар, - деп қыздарымызды өздерін таныстыруға шақырамыз. (Қыздар бір – бірден шығып өздерін таныстырады.) 1 – жүргізуші: Бірінші бөлім бойынша әділқазы алқасынан аруларымыздың бағаларын сұраймыз. Рахмет. 2 – жүргізуші: Таныс болдық арулар тегіменен, Туып-өскен мекені еліменен. Қыздарымыз бәрі ақын көрінеді, Таныстырып кетті ғой төгіп өлең. 1 – жүргізуші: Қыздар қызыл киігі жанұяның, Қайықтары махаббат дарияның Ескектерін ерліктің жоғалтпаған, Сіңлілері – ай Мәншүк пен Әлияның! 2 – жүргізуші: Қыздар-ай қызыл жалау түзге ұстаған, Қорғап тұрған шырылдап қызғыш далам. Сендер гүлге керемет ұқсағанмен, Гүлдер бірақ көбірек қызға ұқсаған! 1 – жүргізуші: Қыздар, қыздар көңілдің көк гүлдері! Көк көлдердің көзге ыстық кептерлері. Азаймаңдар, арулар – жауқазындар, Азаймасын өмірдің көктемдері! 2 – жүргізуші: Ал, арулар, сайысқа қалайсыңдар? Сендер өтер әлі де талай сын бар. Сұрағыңды таңда ұяшықтан қымсынбай кеп, Жауап қатсаң сұраққа жарайсыңдар. 1 – жүргізуші: Сайысымыздың екінші бөлімінде аруларымыз өздері таңдаған ұяшықта жасырылған сұраққа жауап береді. 2 – жүргізуші: Екінші бөлім бойынша әділқазы алқасынан сайыскерлеріміздің бағасын сұраймыз. Рахмет. 1 – жүргізуші: Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы, - деген Абай атамыздың сөзі халықтың өз ұрпағын өлең, сөзді қадірлеуге шақырған даналық деп ойлаймыз. 2 – жүргізуші: Ендеше, сайысымыздың келесі бөлімі «Шашылайын шуақ боп...» деп аталады. Қыздарымызды мәнерлеп өлең оқуға шақырамыз. 1 – жүргізуші: Үшінші бөлім бойынша әділқазылардан аруларымызды бағалауларын сұраймыз. Рахмет. 2 – жүргізуші: Ал, халайық ықыласпен демейік, Арулардың сән үлгісін көрейік. Сыры менен сымбатына қарап біз, Әділдікпен бағаларын берейік,– деп сайысымыздың ендігі бөлімінде қыздарымыз сән үлгісі көрсетеді. 1 – жүргізуші: Осы біз қыздар мен әділқазы алқасы туралы айта береміз бе? Одан да жүргізушілер туралы айтайық, Раушан. 2 – жүргізуші: Жарайды. Жүргізушілер туралы не айтасың, Бекбол? 1 – жүргізуші: Осы сен жүргізушілер мен сынып жетекшілерінің қандай айырмашылығы бар екенін білесің бе? 2 – жүргізуші: Жоқ, білмейді екенмін. Ал сен ше? Сен білесің бе? 1 – жүргізуші: Иә, сынып жетекшісі мектепке ата – аналарды шақырады, ал біз, жүргізушілер сахнаға талантты әртістерді шақырамыз. 2 – жүргізуші: Олай болса ортаға 9 «а» сынып оқушысы Құрманбай Айнұрды шақырайық. Айнұрдың орындауында «Шығыс елі» әнін қабыл алыңыздар! 2 – жүргізуші: Әділқазы алқасы, «Сән үлгісі» бөлімінің бағаларын көрсетсеңіздер. Рахмет. 1 – жүргізуші: Құлақтан кіріп, бойды алар Әсем ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар Әнді сүйсең, менше сүй, - деп келесі «Ән шырқайық қосылып» атты бөлімімізді бастаймыз. 2 – жүргізуші: Бұл бөлімде қатысушыларымыз бір ұяшықты таңдап, сол ұяшықта жасырылған әншінің өлеңін орындап беруі керек. Ал, бастайық, бірінші нөмірлі аруымызды қошеметпен ортаға шақырамыз. 1 – жүргізуші: Сайысымыздың келесі бөлімі «Би билеу де өнер» деп аталады. Бұл бөлімде де аруларымыз ұяшықты таңдап, сол ұяшықта жасырылған әр ұлттың биін билеп беруі керек. Қанекей, бастайық. 1 – жүргізуші: Әділқазы алқасы, екі бөлімге бір баға беруіңізді сұраймыз. Рахмет. 2 – жүргізуші: Сайысымыздың соңғы бөліміне көшейік. Бұл бөлім «Өнерліге өріс кең» деп аталады. 1 – жүргізуші: Ал, кімнің өнері бар қаншалықты, Би билеп, ал біреуі ән салыпты. Бүгінгі қыз сынында бәйге алуға Арулар аянбай-ақ жан салыпты, - деп ендігі кезекте қыздарымыздың өнерін тамашалайық. 2 – жүргізуші: Әділқазылардан «Өнерліге өріс кең» бөлімінің бағаларын сұраймыз. Рахмет. Осымен біздің байқауымызда мәресіне жетті. Әділқазы алқасы қорытынды бағаларды шығарғанша аруларымызға арнап жырдан шашу шашайық. 1 – жүргізуші: Қыз сұлу көрінеді қылығымен, Жарыса төгілген қос бұрымымен. Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы, Қыз сұлу көрінеді білімімен. Қыз сұлу көрінеді шашыменен, Ай қабақ қиғаш қара қасыменен. Қыз сұлу көрінеді толған айдай, Он бес пен он сегізде жасыменен. Қыз сұлу көрінеді өрмегімен, Тізілтіп сөз маржанын тергенімен. Майыса бұратылып, майда басып, Жаныңа наз қылықпен келгенімен. Дарытқан бар асылды өз елінен, Қыз сұлу көрінеді өнерімен. Құлпырды мектебімнің арулары, Өткендей сұлулықтың елегінен Көрімдікке жырымды беремін мен. 2 – жүргізуші: Кімдер жүйрік, өнерпаз білейікші Аруы деп мектептің жүрейікші. Әділқазыларға тек әділдікті, Ал аруларға сәттілік тілейікші. 1 – жүргізуші: «Мектеп аруы – 2012» байқауын қорытындылау үшін сөз кезегін әділқазы алқасына береміз. 2 – жүргізуші: Демеңіздер біз өнерді аяп қалды, Мезгілде біраз жерге таяп қалды. Қош болып тұрыңыздар көріскенше Осыменен байқауымыз аяқталды! 1 – жүргізуші: Құрметті көрермендер! Алтын уақыттарыңызды бөліп, біздің байқауымызды көруге келгендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Сау болыңыздар! | |
Просмотров: 1505 | Загрузок: 125 | Комментарии: 2 | |
Форма входа |
---|
Категории раздела | |||||||||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|