Главная » Файлы » В помощь учителю » Мой Казахстан |
2012-02-07, 10:30 AM | |
Тәрбие сағаты Тақырыбы: «2020 жылы қазақстандықтар мемлекеттік тілде сөйлей ме?» (пікірталас) 9-11-сыныптар Мақсаты: оқушылардың қазақ тілінде ауызекі сөйлеу тілін дамыту, өзіндік пікірі болуына жағдай туғызу, ой-пікірлерін ашық айтып, дұрыс жеткізе білуге үйрету. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы туралы мәлімет беру, сөздік қорының молаюына мүмкіндік жасау, Отанына, еліне, мемлекеттік тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, патриоттық сезімдерін ояту. Көрнекі құралдар: шарлар, тіл туралы нақыл сөздер, интерактивті тақта, домбыра, үнтаспа. Іс-шараның барысы: І. Кіріспе сөзді мұғалім Майра Сағындыққызы бастайды. -Міне, балалар, қазақ тіліміз 1989 жылы 22 қыркүйекте мемлекеттік тіл мәртебесін алғанынан бері тіл мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Мемлекетіміз Тілдің өркендеуіне қанша күш салып, қаражат құйғанымен, қазақстандықтар мемлекеттік тілде сөйлей қойған жоқ. Біз осы 20 жылда Астанадай алып қала салып үлгерсек те, мемлекеттік тілде сөйлей алмай жүрміз. ІІ. Елбасымыздың Жолдауы туралы мұғалім Төлегенова Қ. С. таныстырып өтеді. Тіл-Тәуелсіздік тірегі. Өзіңді сыйлау мемлекеттік тілге деген құрметтен басталады. Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Руханиятымыздың, ұлттық болмысымыздың, мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі де – тіл. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оны білу әркімнің міндеті әрі парызы. Тәуелсіздіктің 20 жылында абыройы артқан айбынды елге, қуатты ұлтқа айналған еліміздің болашаққа барар жолының бағдарын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2011 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындап берді. Елбасының Қазақстан халқына биылғы кезекті Жолдауында да, Президенттің 2011 жылғы 29 шілдедегі №110 Жарлығымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама да ел дамуында шешуші роль атқаратын үлкен міндеттер қойылып, межелер белгіленді. Жолдауда мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны 2017 жылы 80 пайызға, 2020 жылы 95 пайызға жетеді делінген. ІІІ. Әртүрлі адамдардың мемлекеттік тіл туралы пікірлерін бейне материалдан ұсынамыз. Сосын сұрақтарға жауап бересіңдер. Бейнетаспадан көрініс. ІҮ. Ой - талқы. 1-сұрақ. «Қазақ сыныбында оқи тұра, сіздер сабақтан тыс уақытта орысша сөйлейсіздер. Неге?» Оқушылардың жауаптарын тыңдау. Толықтыру. Оқушы: Елбасының мұндай межені Қазақстан халқының алдына 2005 немесе 2015 жылы емес дәл биыл, 2011 жылы қойып отыруы сондықтан. Тәуелсіздіктің 20 жылында біздің мемлекеттігіміз сияқты тілдік ахуалымыздың да іргетасы қаланды. Мемлекеттік тіл өзінің Ата заңмен бекітілген мәртебесіне толықтай ие болды. Ендігі уақытта сол мәртебені ары қарай нығайтып, оның Қазақстан қоғамының барлық саласында, әсіресе, ғылым мен жаңа технологияда кең қолданылуына жол ашуымыз керек. Осы орайда тағы бір мәселені айтпай кетуге болмас. Біздің тіл жанашырлары тіл саясатына қатысты әңгімелерінің барлығын «Тәуелсіз ел болғанымызға жиырма жыл болды. Жиырма жылда адамның тілі шықпақ түгілі отау құрып үлгереді. Ал біздің тіліміз әлі былдырлаған балаң күйде» – дегенге саятын таптаурын сөзбен бастайды. Мұндай ойлар осыған дейін тіл мәселесін өзіне қатысты емес сияқты көретін бейтарап азаматтарды ояту үшін керек те болған шығар. Бірақ байбалам салудың аса үлкен пайдасы жоқ екенін уақыт өзі көрсетіп отыр. Байбаламмен іс бітетін болса тіл мәселесі баяғыда-ақ шешілмес пе еді. Сондықтан таптаурын болған пікірлерден арылып, тіліміздің тұғырын бекіте түсуді ойлауымыз керек Ү. Музыкалық пауза. Солтанов Бекнұрдың орындауында күй. (домбыра) ҮІ. Пікірталастың 2- сұрағы. «11 жыл қазақ тілінде оқып келесіздер, бірақ әлі сөйлей қойған жоқсыздар, кейбіреулеріңіз тіпті ағылшын тілінде жақсы сөйлейсіздер. Кім кінәлі?» Оқушылардың жауаптарын тыңдау. Түсініктеме. Оқушы: Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрініс тапқан 2020 жылғы меже лепірме лозунг емес. Бұл нақты іске асыру тетіктері айқындалған, қоғам арасында талқыға түсіп, сүзгіден өткен жоспарлар кешені. Елбасының алға қойған міндеттерін іске асыру жолында Шығыс Қазақстан облысында қандай мүмкіндіктер, қандай кедергілер бар деген сауалға жауап іздеп көрейік. 2010 жылы мемлекеттік тілді меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 68 пайызды құрады. 2015 жылы бұл көресткішті 76 пайызға жеткізу басқарманың стратегиялық жоспарында көзделген. Осыған қарап бүгінгі алған бағдарымыз бен жұмыс қарқыны Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін көруге болады. Алайда мұның бәрі төккен тер мен жұмсаған қажыр-қайраттың нәтижесінде ғана болған және болатын дүниелер. ҮІІ. Үзіліс. 10 «Ә» сынып оқушысы Сәметқалиева Ақнұр өзі шығарған өлеңін оқиды. ҮІІІ. Пікірталастың 3-сұрағы. 2020 жылы қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеп кетуі үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыруға болады? Оқушылардың жауаптарын тыңдау. Толықтыру. Оқушы: - Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтың өмірлік қажетіне айналдыру керектігін Елбасы өзінің сөзінде әрдайым айтып келеді. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамытуға барлық жағдайды жасап отыр. Оның айшықты көрінісі ұлттық-мәдени орталықтар жанынан ашылған жексенбілік мектептер. Қазір біздің облыстың өзінде 121 үйірме жұмыс істейді. Онда 1731 тыңдаушы 15 ұлттың тілін оқып жатыр. Соңғы екі жылда өзге ұлт тілдерін үйрететін 23 жексенбілік үйірме ашылып, саны 19 пайызға көбейді. Тыңдаушылар саны 6 пайызға артты. Жексенбілік мектептерде тіл үйреніп, өз ана тілдерін оқуда үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды тегін жолдамамен Тіл лагеріне жіберу дәстүрге айналған. 2010-2011 оқу жылының қорытындысы бойынша өз ана тілдерін оқуда үздік нәтиже, жақсы білім көрсеткен мектеп жасындағы 20 тыңдаушыға осындай он күндік тегін жолдама берілді. Өзге этнос өкілдерінің өз тілімен бірге мемлекеттік тілді тегін үйренуіне барлық жағдайды жасап отырмыз. Енді олардың тілді оқыту орталықтарынан басқа, интернет жүйесі арқылы мемлекеттік тілді үйренуге мүмкіндіктері бар. Үстіміздегі жылы «Учимся говорить по казахский» (www.kazcenter.kz) оқыту интернет сайтын әзірлеп, іске қостық. Бүгінгі күні тоғыз мыңға жуық адам сайттың қызметін пайдаланып отыр. Енді осы сайт бойынша skype (скайп) жүйесі арқылы жеке оқыту жобасы енгізілетін болады. Елбасының өзінің биылғы Жолдауында орыс тілінің қызметі мен қолдану аясы сақталып қалатынын да ескертті. Ал ағылшын тілін меңгергендер саны 2020 жылға қарай халықтың 20 пайызын құрау керектігін де атап өтті. Бұл бағыт – Қазақстандағы ұлттық бірлік пен азаматтарымыздың халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болмақ. ІХ. Түйіндеме. Сөз қонақтарға беріледі. Тәуелсіздіктің 20 жылында біздің мемлекеттігіміз сияқты тілдік ахуалымыздың да іргетасы қаланды. Мемлекеттік тіл өзінің Ата заңмен бекітілген мәртебесіне ие болды. Ендігі уақытта сол мәртебені ары қарай нығайтып, оның Қазақстан қоғамының барлық саласында, әсіресе, ғылым мен жаңа технологияда кең қолданылуына жол ашуымыз керек. ХІ. Марапаттау. Пікірталасқа белсенді қатысқан оқушыларды марапаттау рәсімі. ХІ. Сазды сәлем. 9 «А» сынып оқушысы Каракальчева Юлиананың орындауында «Астана» әнін тамашалаңыздар. Осымен бүгінгі іс-шарамыз аяқталды. Барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз. Сау болыңыздар! | |
Просмотров: 4486 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | |
Форма входа |
---|
Категории раздела | |||||||||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|