Құдайбергенова Алуа Болатқызы, Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, тарих-педагогика факультеті, сызу және бейнелеу өнері кафедрасы, кәсіптік оқыту мамандығы, П-309 тобы «Оқушыларға эстетикалық тәрбие беруде заманауи қазақ ұлттық костюмінің әлеуетін қолдану» Тәрбиенің қай саласы болса да негізінен ол балаларға, жасөспірімдерге арналады. Ал оларды әсемдікті сезініп, түсініп, қадірлей білуге баулу эстетикалық тәрбие жүргізу арқылы іске асырылады. Еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылу бағытындағы үлкен мәселелердің бірі – келешек ұрпақтың рухани дамуы. Бұл бағытты Елбасы Н.Назарбаевтың ұлттық рухани дамудың кең көлемді мәселелерін екшей келе « Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ меңзеп тұрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» дегеніне сүйене отырып қазақ жастарын эстетикалық талғамы жоғары, мәдениетті, ізгілікті, сезімтал, өнер сүйгіш етіп қалыптастырудың маңызы ерекше. Адам баласы қай кезде болсын өнерді, оның түрлерін өзінің қабілетіне қарай қабылдап, оған бейімделе білген. Эстетикалық тәрбие, ең алдымен, үй ішімен отбасынан, екіншіден, бала-бақшадан, үшіншіден мектеп қабырғасынан басталады. Баланың отбасы мен балабақшадан алған эстетикалық тәрбие қоры мектеп қабырғасында жетіле әрі дами түсіп, оқушының өмірге деген көзқарасы қалыптаса бастайды. Кейінгі ұрпақ үшін қасиеті мен қадірі, мәні мен мағынасы, берер тәлім-тәрбиесі мен ұлағаты ерекше асыл мұра – қазақтың ұлттық киімдері. Қазақ ұлттық киімдері өзінің сипатымен, сырымен, сұлулығы мен сәнімен сан ғасырлық тарихының иісін сақтаған, бедерін жеткізген. Қазақ ісмерлерінің қолынан шыққан киімдерден ұлтымыздың дүниетанымдық, философиялық көзқарасы мен дүниені қабылдауы көрінеді. Халқымыздың бүкіл ішкі жан дүниесі, ұстанған діні мен ділі киім үлгілерінен, олардың пішілуінен, тігілуінен, қолданылған әшекейлерден, таңдалған түр-түстен аңғарылады десек әсіре айтқандық емес. Киім үлгілерінің ұлттық көрінісінің нақыштары, өрнектері, айшықты, ырғақты, стильдерді өз ерекшеліктерімен құнды. Ұлттық киімді әшекейлеп әзірлеу, қолданбалы ою-өрнекті қолдану, ол ғасырлар бойы сіңірген қазақ халқының өнері болып табылады. Көшелерде, түрлі қоғамдық орындарда әрі заманымызға сай, әрі қазақы, әрі мұсылмандық канондарға сай киінген қыз-келіншектер көбейсе, ұлттық мәдениетіміз де өркен жая бастайтыны даусыз. Әрине, бір ғана ұсыныспен бүкіл мәселе бірден шешіле қоймас. Қазіргі уақытта зерттеу барысында қазақ киімдерінің қорлары молаюда. Әртүрлі модалық киім тігу үйлері ашылып, шетелдерге экспортқа шығуда.Қай қоғамда болмасын киім тәсілі, жолдары ерекше орын ала бермек, күнде өзгеріс болып жатқан дәстүрімізді, тарихи байлығымызды қадірлей білуіміз керек.Бүгінгі мен кешегімізді қастерлеу – қоғамның парызы. Сол қоғамды дамытушы адам. Жас ұрпақ ертеңгі қоғам иесі.
|