Главная » Файлы » В помощь учителю » Казахский язык и литература |
[ Скачать с сервера (33.0 Kb) · Скриншот ] | 2018-05-06, 9:29 AM |
Айткенова Молдир Болатовна, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы, Aytkenova_m@mail.ru Танабаев Сакен Нуркешевич «Шахтинск қаласы әкімдігінің №1 гимназиясы» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, tanabaevsn@mail.ru КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУДЕ БЕЛСЕНДІ ОҚЫТУДЫ ҚОЛДАНУ Мақалада орта білім беру ұйымдарында көптілді білім беруді жүзеге асыру мәселелері қарастырылады. Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес үштілді білім беру жағдайында оқытудың белсенді стратегияларын пайдалану жолдары анықталады. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын табысты ету үшін тиімді жұмыс түрі – белсенді оқу стратегияларын пайдаланумен байланыстырылады. Тиімді стратегияларға түсініктеме беріледі. Түйін сөздер:көптілді білім беру, жүйелілік, функционалдық, коммуникативтілік, функционалдық сауаттылық, белсенді оқу стратегиялары. Қазіргі заманауи білім берудегі қажеттілік – халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті, жоғары білім алған, білімді, көптілді жеке тұлғаны тәрбиелеу. Осы мақсатта баланы мектеп қабырғасынан бастап зерттеушілік, тәжірибелік жұмыстарға қатыстыру, қазақстандық, әлемдік білім беру жүйесінің таңдаулы әдіс-тәсілдеріне ыңғайланған орта білімнің инновациялық үлгісін құру талап етіліп отыр. Сондай басым бағыттардың бірі – үштілді білім беру моделі. Үштілді білім беру мынадай жолдармен іске асырылады: 1) қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейлік меңгерілуін қамтамасыз ету; 2) сабақтан тыс жұмысты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру. Тілдік пәндердің мазмұны ойын және танымдық іс-әрекеттер арқылы білім алушылардың бойында тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен оң қатынасын дамытуға, сондай-ақ ақпарат алмасу, тілдік материал ретінде мәтінмен жұмыс істей білу, фразалар мен сөз орамдарының мәнін түсіну және оларды нақты жағдайлар кезінде қолдану үшін бастапқы коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған [1]. Қазақстан мектептерінде үш тілде білім беруді кезең-кезеңмен енгізу 2017-2018 оқу жылында 5-сыныптан басталады. Ол дарынды балаларға арналған 33 экспериментті мектептің, 20 НЗМ-нің және 30 қазақ-түрік лицейінің тәжірибесі бойынша жүзеге асырылады. Оқыту технологиясының жаңа сапаға жетуін, заманауи оқу-әдістемелік және ғылыми-педагогикалық базаның дамуын қамтамасыз ететін Үш тілде оқытудың бірыңғай тілдік стандартына сәйкес тілдік пәндер бойынша отандық оқулықтар мен ОӘК әзірленеді. Жоғары сыныптар үшін төрт пән бойынша (информатика, физика, химия және биология) шетелдік оқулықтар мен ағылшын тіліндегі ОӘК бейімделетін болады. Осы мақсатта тілдік стандарт «білімге екі жақты ену» қағидасын тілді үйренуге қолдануды қарастырады. Оның үш түрлі себебін анықтайды, біріншіден, тіл білім беру үрдісінде әрі оқыту құралы, әрі үйрену пәні ретінде қолданысқа енеді, екіншіден, тіл басқа пәндермен тілдік пәндердің кірігу механизмі ретінде қолданысқа енеді, үшіншіден, пәндік терминологияларды белгілі бір кезеңмен үйрету, сыныптан тыс іс-шараларды және мақсатты тілде элективті курстарды өткізу арқылы пән мен тілді кіріктіре оқыту әдістемесі қарастырылады [2, 4]. Үш тілде білім беруді дамыту жұмысы бойынша кең ауқымды іс-қимыл жүргізу үшін 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы әзірленді [3]. Жол картасы бойынша облыста қазіргі таңда үштілді білім беруді енгізу және жүзеге асыру бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Жол картасы төрт бағытты –үштілді білім беруді енгізуді нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету, кадрлар даярлау және педагогтердің біліктілігін арттыру, үштілді оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, көпшілікке тарату және ақпараттық сүйемелдеуді көздейді. Үштілді енгізу бойынша облысымыздағы пилоттық ұйымдар: 18 мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту ұйымдары, 50 жалпы орта білім беру ұйымдары және 5 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары анықталды. №1, №2, №3 қазақ-түрік лицейлері және «Мұрагер» мен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттары үштілді білім беруді өрістету бойынша стажерлық алаңдар болып табылады. Бес педагогикалық колледжде көптілді білім кафедралары мен топтар ашылды.Педагогтер мен оқушылардың дайындығына қарай үштілділікке көшу 2019 жылдан басталады [4]. Көптілді білім беруде оқу пәндерінің үш тілде аудармасыз оқытылуы назарға алынады. Оқушылар өз ана тілінде білім ала отырып, жаратылыстану-ғылыми бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде меңгеру көзделеді. Ағылшын тілі – ақпарат алу тілі, заман талабынан туындайды, себебі ғылымға қатысты жаңалықтардың басым көпшілігі ең алдымен ағылшын тілінде жарық көреді. Олай болса, көптілді білім беру мәселесі оқушыларға тек бірнеше тілді меңгеру үшін ғана емес, алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін қажеттіліктен туындайды. Ал бұдан шығатын мәселе білім беруде үштілді білім беру ортасын қалыптастыру үшін пәндердің мазмұнын, оқыту технологиясын, әдістер мен тәсілдерді қайта қарауды қажет етеді. Бұл 3 қағидатқа – жүйелілікке, функционалдыққа, коммуникативтілікке негізделеді. Жүйелілік оқыту пәнінің мазмұнымен тікелей байланысты, бағдарламаның тақырыптарымен нақтыланады, оқу жылына, тоқсандарға, тақырыптарға жіктеліп, жүйелі жоспарлауға негізделеді [5, 21]. Ал функционалдыққа келетін болсақ, алған білімді оқушылар өмірде туындауы мүмкін жағдайларда дұрыс, орынды пайдалануға дайындалады.Оқушылардың функционалдық сауаттылығы алған білімімен, құзыреттілігімен, білімін өмірде тиімді қолдана білуімен қалыптасады. Олай болса, Қазақстан 2009 жылдан бастап қатысқан PISA зерттеуі оқушылардың қабілеттерін емес, ол оқу барысында меңгерген білімдерін, дағдыларын өмірлік жағдайларда қолдану ептілігін бағалауға бағытталады. Зерттеудің міндеті – білім беру саясатында ғылыми дәлелденген және жасампаздық шешімдерді шығару үшін білім беру саласындағы әлемдік басымдықтарды сипаттайтын зерттеу құралдарының негізінде объективті өлшеулер арқылы алынған айқын нәтижелерді талдау болып табылады [6, 6]. Осы тұрғыда оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығы өмірден алатын білім, білік және дағдыларды адам жұмысының әртүрлі саласындағы алуан түрлі тапсырмаларды шешудің, еңбек өнімділігі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың, әлеуметтік қатынастардың оқушының меңгеретін білім мазмұнымен байланысы арқылы қалыптасады.Бұл туралы кезінде Ахмет Байтұрсынұлы: «Тіл білімін ереже жаттау түрінде үйретпей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тануға үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс»,- деген тұжырым жасаған [7]. Функционалдық сауаттылық жүйесін құрастыру білім беру деңгейлерін әрбір пән бойынша білім-білік пен құзыреттіліктерді қарап, өзара сабақтастықта айқындайды. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын табысты ету үшін тиімді жұмыс жүйесін құру қажет: 1) әртүрлі оқу пәндерінің тақырыптық материалдарынан тапсырма даярлау керек, оның дұрыс орындалуы кіріктірілген білім мазмұнын талап етеді; 2) әртүрлі ақпарат дайындау қажет (мәтін, кесте, графиктер, диаграммалар, суреттер, т.б.); 3) шығармашылық тапсырмаларды сабақта, сабақтан тыс іс-шараларда қолдануды арттыру керек. CLIL тәсілдемесі аясында басқа тілдің когнитивтік қызметі жүзеге асырылады. Дискурсивті маркерлер, қайталау, мысалдарды, синонимдерді жиі пайдалану, кең түсінік беру, өзгертіп айту, анық артикуляция, түрлі екпіндік құрылымдар және т.б. арқылы оқытылатын пәннің мазмұнын қабылдау жақсарады. Бұған қоса, оқушыларда екінші (үшінші) тілде оқылған мәтінге жауапкершілік артады, себебі негізгі басымдылық ең алдымен мазмұнға, сосын материалдың берілу жолына түседі [8, 88]. Тілдерді меңгерту жүйесінің тиімділігі белсенді оқу стратегияларын пайдаланған жағдайда арта түседі. Белсенді оқу оқушының ойлау қабілетін және оқу сауаттылығының дағдыларын дамытады. Бірнеше белсенді оқу стратегияларын талдап көрелік. «Ойлан, жұп тауып ал, бөліс» 1. Мектепте немесе отбасында, достарыңнан үйренген нәрсе туралы ойлан(Бұл оқу, практикалық тапсырма болуы мүмкін). Бұл мәні бар, сенің жадыңда анық қалған мәлімет болуы тиіс. Үйренген нәрсеңді сипаттап бер. 2. Түсіндіру кезінде қасыңдағы адамға бұрыл. Сұрақтар бойынша өзіңнің ойларыңды талқыла. 3. Енді өз идеяларыңмен сыныппен бөліс. Басқа оқушылар нені үйренгенін, қалай үйренгенін мұқият тыңда. Қажет ақпаратты жаз. Бұл стратегия оқушылардың бір мәселені өз бетінше талқылауына мүмкіндік береді. Олар бір-бірімен идея алмасады. Әр жұп басқа жұппен де идея алмаса алады. Мысалы, оқу сауаттылығы тұрғысынан алатын болсақ, оқушылар мәтінде кездескен немесе пайдалану негізіне байланысты белгілі бір сөйлем немесе сөз туралы ойланады. Олар өз идеясымен жұпта бөліседі. Басқа жұппен идея алмасады [9, 21]. Белгілі бір тақырып аясында диалогтық тілдесімді дамыту үшін тиімді тілдік жағдаятты туғызу қажет. Ол шынайы, шартты немесе мәселелік болуы мүмкін. Тілдік білім беру жағдаяттары бірлескен орта құруға, тілдік кедергіні жоюға септігін тигізіп, өздігінен білім алуға, өзін-өзі ұйымдастыруға әрі өзара оқытуға мүмкіндік береді [10,71]. Оқушыларды осындай тапсырмаларға қатыстыру арқылыекінші (үшінші) тілде оқыту мәселелерін шешужеңіл болады. «Мәтіндік граффити» («Үнсіз әңгіме») Мәтінмен жұмыс жасауда қолайлы стратегия.Мәтінге қызығушылықты оятып, өзара әрекеттестікті қолдайды. Стратегияның мақсаты мәтінді үнсіз оқып шыққан соң оқушылар бір-біріне мәтінді түсінуге, мәнін ашуға, автор қолданысындағы сөздер мен сөз тіркестерін түсінуге көмектеседі. Қадамдары: 1. Мәтінді үнсіз оқып шық (Дауыстап оқу түрлерін де пайдалануға болады: хормен, бір оқушының оқуы, тізбектей оқу). 2. Мәтін мазмұнын ой елегінен өткіз. Ойыңды қағаз бетіне түсіруге дайындал (сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын ашуға болады, сұрақ қоюға болады, сызба, сурет т.б. арқылы сипаттама беруге болады). 3. Өз ойыңды параққа (флипчартқа) жаз. Жазба жұмысы топ мүшелеріне түсінікті, нақты болуы тиіс. Мәтіннің бөлігін, сөзді, сөйлемді қоршау арқылы сілтеме де жасауға болады. Топ мүшелері бір мезгілде жазатын болады. 4. Топ мүшелерімен жазған түсініктемелерді, сұрақтарды кезек-кезек оқып, жұмыс жаса. 5. Жазбаша ой алмасуды бөлінген уақыт ішінде жалғастыр. Қажет болған жағдайда жазбаша ой алмасуға қайта тоқталуға болады, қосымша сұрақтар қоюға болады [9, 43]. «Сократтық семинар» Мәтін бойынша ашық сұрақтарды пайдалана отырып бірлескен интеллектуалды диалог жүргізуге болады. Бұл жұмыс оқушыларға мәтінді өзара бірлесіп зерттеу үшін сұрақтар қоюға, сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік береді. 2 топ жұмыс істейді. Бір топ ішкі айналымды, бір топ сыртқы айналымды құрайды. Ішкі айналымның оқушылары тапсырманы орындап жатқан кезде сыртқы айналымның оқушылары бақылайды. Талқылау аяқталған соң айналымдар орнын ауыстырады. Сократтық семинарға дайындық: 1. 4 адамнан тұратын 2 топ дайындаңыз. 2. Топтың әрбір мүшесі 2 рөлді де атқарады: ішкі айналымда да, сыртқы айналымда да жұмыс жасайды. 3. Ішкі айналым дөңгеленіп отырады, бір-біріне мәселе төңірегінде түсініктеме беріп, сұрақ қойып кезектесіп сөз алады. Ал сыртқы айналымдағы бақылаушылар бір-бір оқушыдан бөліп алып, ішкі айналымның жұмысын бақылайды. Талқылау уақыты аяқталған соң, әркім өзі бақылаған оқушының жұмысы туралы пікір айтады. Сократтық семинарға арналған басқарушылық қағидалары: • Қол көтерме, еркін сөйле; • Тақырыпты ұстан, топ мүшелерінің де тақырыптан ауытқымауына көмектес; • Сенің мақсатың топ мүшелерінің мәтін бойынша түсініктерін кеңейту, талқылау екенін естен шығарма; • Өз сұрақтарыңмен бөліс, басқалар қойған сұрақтарға жауап бер; • Мәтінге мүмкіндігінше көбірек көңіл бөл; • Күманды ойларды талқылауға тырыс; • Басқалардың түсініктемелеріне сүйен, тыңда; • Бір-біріңнің идеяларыңды талқыла. 1 кесте – Бақылаушының бланкісі [9, 70-71]. Бақылайтын оқушының әрекеті иә жоқ Қорытынды/ мысалдар Топ мүшелерінің сұрағына сыпайы жауап бере ме? Мұқият тыңдай ма, сөзді бөлмей ме? Әрістеспен сөйлескен кезінде көзіне қарап сөйлесе ме? Семинарға дайындығын көрсете ме? Жылдам жауап бере ме, талқылауда мәтінге сүйене ме? Талқылауға қатыса ма? Түсініктеме немесе сілтеме сұрақтарды сұрай ма? 2 кесте – Академиялық тілдік көмек[9, 71-72]. Ойын білдіру Мен ... ойлаймын, себебі мәтінде ... Менің ойымша ..., себебі мәтінде ... Менімен барлығы келіспейді, бірақ ... Нақтылау Бұған мысал келтіре аласыз ба? ... нені білдіретінін түсіндіріңіз. Тағы қайталап жібересіз бе? ... деп айтқанда не айтқыңыз келді? Егер мен дұрыс түсінсем, онда... Басқаша айтқанда, ... Ойлаудың жоғары дәрежесін зерттеу ... үшін қандай мысалдар келтіре аласыз? Бұл идеяның ... қандай қатысы бар? ... басқаша қалай қарауға болады? ... салыстырғанда қандай ұқсастықтар мен өзгерістер бар? Басқалардың ойына сүйену Сенің айтқаныңмен келіспеймін, ... Қызықты ой келтірдіңіз, мен оған ... қосқым келеді Сіз менің ойлануыма себеп болдыңыз Диалогқа шақыру Кім келіседі? Кім келіспейді? Қандай мәселелер көресіз? Қандай қорытындыларыңыз бар? Кім ой қосады? Келіспеу Мен бұл тұжырыммен келіспеймін, себебі... Мен мұны басқаша түсінемін, себебі... Жалпылау Қорытындылай келе... Сонымен, сіздің басты идеяларыңыз... Ұсыныстар ұсыну, қайта бағыттау Мен мәтінмен байланысты көріп тұрған жоқпын. Кім басқа ойлар ұсынады? Тілдерді игеру барысында оқушылардың ана тілінде, орыс және шет тілдерінде еркін сөйлеу машығы дамытылып, үштілді болуы қамтамасыз етілуі арқылы базалық, пәндік, түйінді құзыреттіліктері қалыптасуы тиіс. Осы аталған мәселелерді шешу мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы Қарағанды облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының филиалы2016 жылдан бастап ҚР орта білім мазмұнын жаңарту аясында қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстарын өткізіп, тыңдаушылардыжаңартылған білім беру бағдарламасымен, тілдік дағдыларды дамытуда тиімді оқыту мен оқудың тәсілдерімен, үштілді оқыту бағытының жүзеге асырылу жолдарымен таныстырады. Республика мектептерінде биылғы жылдан бастап 1-сыныптан қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі оқытыла бастады. Үштілді оқу оқушының сөйлеу əрекетінің (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) түрлерін дамыту арқылы қазақша еркін жəне сауатты сөйлеу, жазу, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Мектептердің үштілді оқыту бағыты тілдерді оқыту əдіс-тəсілдерін, тілдік пəндердің жəне өзге пəн мұғалімдерінің рөлдерін анықтайды. Осы орайда белсенді оқыту әдістерін тиімді, орынды пайдалану нәтижені жақсартатыны сөзсіз. Оқушылардыңдара даму траекториясы есебінен өз бетінше қосымша үш тілдегі қажетті ақпараттарды ала білуі мүмкіндігінше жоғары деңгейде дамыту негізінде құрылуы қажет. Әдебиеттер тізімі: 1. Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары: [ЭР]. – [URL]: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1200001080 2. Үш тілді оқытудың бірыңғай тілдік стандарты. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2016. – Б. 4 3. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы: [ЭР]. – [URL]:http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1600000205 4. Дорожная карта развития трехъязычного образования на 2015-2020 годы: [ЭР]. – [URL]:http://umckrg.gov.kz/content/view/1/478 5. Ұлттық тілде оқытылатын мектептерде «Физика» пәнін көптілді оқыту бойынша әдістемелік ұсынымдар//Мектеп директоры. – 2014 ж. – № 4. – Б. 21 6. PISA халықаралық зерттеуі. Әдістемелік құрал – Астана, ҰББСБО, 2012. – 112 б. 7. Мақал-мәтелдер: Алаш қайраткерлерінің тіл туралы қанатты сөздері: [ЭР]. – [URL]:https://rector.kz/makal-matelder/lists/36 8. Жетписбаева М.А. Предметно-языковое интегрированное обучение в образовательной системе средней школы. «Өрлеу. Үздіксіз білім жаршысы» – «Өрлеу. Вести непрерывного образования» – №4 (11)/2015. – С. 86-92 9. PISA халықаралық зерттеуін жүргізу аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту әдістері бойынша Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Оқу сауаттылығы. 2014. – 214 б. 10. Доскарина Г.М. Развитие коммуникативных навыков учащихся на уроках русского языка. «Өрлеу. Үздіксіз білім жаршысы» – «Өрлеу. Вести непрерывного образования» – №3 (10)/2015. – С.70-76 | |
Просмотров: 662 | Загрузок: 16 | |
Форма входа |
---|
Категории раздела | |||||||||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|