Главная » Файлы » В помощь учителю » Казахский язык и литература |
2015-04-22, 10:35 AM | |
ҚАЗАҚСТАН БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ГЛУБОКОЕ АУДАНЫ Ғылыми-тәжірибелік жоба Бағыты: гуманитарлық Секция:тіл мен әдебиет Тақырыбы: Қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің ауызекі және жазба тілде қолданылуы Жоба авторы:Хамитов Диас Нүрланұлы "Бобровка орта мектебі"КММ 5 -"А"сынып оқушысы Жетекшісі:Бекжанова Гульнар Зайнолдановна "Бобровка орта мектебі"КММ қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Бобровка селосы 2014 жыл Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы , "Бобровка орта мектебі"КММ 5- «а» сынып оқушысы Хамитов Диастың қазақ тілі секциясы бойынша «Қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің ауызекі және жазба тілде қолданылуы» атты ғылыми-зерттеу жұмысына П І К І Р Глубокое ауданы ," Бобровка орта мектебі" КММ 5- «а» сынып оқушысы Хамитов Диастың бұл ғылыми-зерттеу жұмысы тың тақырыптардың біріне жатады. Тақырыптың көкейкестілігі: Оқушы зерттеу барысында Бобровка орта мектебі оқушыларының ауызекі тіліндегі қазақтың байырғы өлшем бірліктерін жазып алып, әр түрлі тәсілмен зерттей білген. Осы тақырыпты таңдап алып,қосымша әдебиеттермен танысып,оқушылар арасында зерттеу жұмыстарын өз дәрежесінде жүргізуі үлкен еңбек деп бағалаймын. Қазақ халқының мол мұрасын келер ұрпақ еншісіне жеткізуде бұл зерттеу жұмысының үлкен орны бар деп ойлаймын. Бекжанова Г.З: ____________ "Бобровка орта мектебі"КММ қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі, зерттеуші жетекшісі Абстракт (Аннотация) " Қазақтың байырғы өлшем бірліктерінің ауызекі және жазба тілде қолданылуы " атты ғылыми жобамен жұмыс бірінші жыл жүргізіліп отыр. Зерттеудің мақсаты: Халық тілінің сөз байлығын меңгеруде байырғы өлшем бірліктерін танып білу. Болжам: Егер мен қазақтың байырғы өлшем бірліктерін зерттесем,қазақ тілінің тарихына,халықтың этнографиясына деген қызығушылығым оянып,пәнге деген ықыласым арта түседі. Болжамды шешу мен мақсатқа жету үшін төмендегі жұмыстар жүргізілді: 1-кезең- "өлшем бірліктері ", "байырғы өлшем бірліктері"деген терминдермен жұмыс істеу.Аймақтық жазушылардың еңбегімен танысып,қосымша әдебиеттерді іздеп,зерттеу. 2-кезең-мектеп оқушыларымен сұхбаттасу,сауалнама алу,алынған мәліметтерді сұрыптау,зерттеу,бір арнаға тоғыстыру. 3-кезең-ұсынылатын зерттеу жұмысын дайындау,рәсімдеу. Зерттеудің әдіс-тәсілдері: Материалдарды талдау,оларды салыстыру,жүйелеу,қорытындылау. Өзектілігі:Қазақтың байырғы өлшем бірліктерімен танысып,зерттеп,әдеби тіліміздің қалыптасуына өзек болып отырған халық тілінің сақталуына ұйтқы болу. Жаңашылдығы:Байырғы өлшем бірліктерін зерттеу барысында аймақтық жазушылардың еңбектерінің қолданылуы. Мақсаты:1.Халқымыздың мәдени мұрасын,тілдік мұраларды зерттеп,зерделеу,оларды қоғам игілігіне айналдыру. 2. Халық тілінің сөз байлығын меңгерудегі байырғы өлшем бірліктерін, ,ондағы тіл ерекшеліктерін танып білу. Міндеті:1.Әдебиеттерді қарап шығып сұрыптау. 2. Аймақтық жазушылар шығармаларындағы байырғы өлшем бірліктерін табу. 3.Мектеп оқушылары арасында сауалнама алу. Өзектілігі: Байырғы өлшем бірліктерімен танысып,әдеби тіліміздің қалыптасуына өзек болып отырған халық тілінің сақталуына ұйтқы болу. Зерттеу нысаны: Байырғы өлшем бірліктері атаулары Болжам: Егер мен байырғы өлшем бірліктерін зерттесем,қазақ тілінің тарихына,халықтың этнографиясына деген қызығушылығым оянып,тіл байлығым арта түседі. Зерттеудің әдіс-тәсілдері: Материалдарды талдау,оларды салыстыру,жүйелеу,қорытындылау. Жаңашылдығы: Байырғы өлшем бірліктерін зерттеу барысында аймақтық материалдардың қолданылуы. Кіріспе Байырғы қазақ өлшемдері – қазақ халқының тұрмыс-салт ерекшеліктеріне, кәсіптік қажеттілігіне байланысты қалыптасқан өлшем бірліктері.Өлшем – мөлшер, мөлшердің сандық бірлігі. Мөлшерсіз дүние жоқ. Әлемнің де, табиғаттың да өзіндік жарасымды өлшемі, мөлшері бар. Өлшем - өндірілетін өнімдердің, күнделікті тіршілік-тұрмысқа қажетті заттардың сандық және сапалық көрсеткіші, оның ұзындық, қалыңдық, көлемдік, сондай-ақ жол сапарға байланысты оның қашықтық мөлшері бар. Бұл замандағыдай дәлдік өлшем аспап-жабдықтары жоқ ертеде мөлшер негіздеріне қоршаған орта көріністері, төңіректегі табиғи заттардың, бүтін бітімі немесе бөлігі, еңбек құралдарының үлгісі, мал өрісі көші-қон шегі, өзге де материалдар сандық және салыстырмалы түрде, сондай-ақ адамның дене тұрқы да алынған. Ғалымдар қазақ тілінде кездесетін ескілікті өлшем атауларын төмендегі такырыптык топтарға бөліп қарастырған. 1. Ұзындық өлшемдері Тұтам – бес саусақты жұмғандағы көлденең ұзын- дық. Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты жазғандағы ара-лық. Сынық сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық, бір сүйемнің төрттен үш бөлігі. Қарыс – бас бармақ пен ортан саусақты кергендегі аралық. Кере қарыс – бас бармақ пен ортан саусақты керіңкіреп созғандағы аралық. Аршын – шынтақтан саусақ ұшына дейінгі ұзындық. Құлаш – иық деңгейінде созылған екі қол ұшының аралығы. Кере құлаш – иық деңгейіңде кере созылған екі қол ұшының аралығы. Сала (көш) құлаш – үш құлаш. Адым, қадам - жай жүргендегі екі аяқ арасының алшақтығы. Аттам – адымның созылыңқы шегі. Ұзындыққа есік пен төр аралығы, қамшы сабы, арқан, желі бойлары, бір көйлектік (мата) өлшемдері де алынған. 2. Қалыңдық өлшемдері Қыл елі. Пышақ сырты (қыры). Шынашақ. Елі. Жарты елі. Бармақ елі. Табан елі. Сере. Қалыңдық өлшемге тұтам, сүйем, қарыс сияқты ұзындық өлшемдері және күрек бойы, құрық бойы, кісі бойы тәрізді тереңдік өлшемдері сөз қисынына қарай пайдала-нылған. 3. Көлем өлшемдері Ине жасуындай. Түйіршік. Түйір. Алақандай. Жапырақтай. Ат төбеліндей. Уыс – қол саусақтарын жымдастыра бүккенде шұң-қырайған алақан аясының іші, алақанға сиярлық мөлшер. Құшақ – қауышқан екі қолдың ішкі жағын қамтитын адамның алдыңғы иіні, қойын. Ұлтарақтай – адам табаны-ның көлемі. Табақтай – жалпақ. Тулақтай – мал терісінің көлемі. Үй орнындай – киіз үйдің ішкі көлеміндей. Бір танап жер – гектардың алтыдан бір бөлігі. Бір мойын жер – жарты гектар. Бір айдам жер – бір гектар. Көлдей – өте көлемді, кең. 4. Салмақ өлшемдері Титімдей, титтей. Тинақтай, тырнақтай. Оймақтай. Шүйкедей – ұршыққа ыңғайланып шиыршықталған жүндей. Бір жапырақ – бір жұлым. Бір жұтым – ауыз толтырып бір ішерлік (су, сүт, т.б.). Бір шайнам – ауызға бір салар (тағам). Бір тілім, үзім - өте жұқа, жарты бөлшек. Бір тартым – 1. Бір рет шегуге жетер шылым. 2. Көлге, өзенге бір рет ау салып тартқанда торға ілінетін балық мөлшері. Бір шөкім, бір шымшым, бір атым (насыбай) үш саусақтың ұшымен, бір қайнатым (шай) шымшып аларлық өлшем, бір мысқал (мысқал – 5 гр.). Қадақ – 200 грамм (кейбір әдебиетте 400 гр.). Бір шелек (су, сүт) – 10 литр. Бір торсық (айран) – 6-7 литр. Бір саба (қымыз) – 10-15 литр. Бір қап (ұн, қант) – 50-60 кг. Бір арқа (жүк) – 45-50 кг. Найза қап, қанар – 70-80 кг. Пұт – 16 кг, жуық. Бір құлақ су – 3- 4- текше метр. Батпан - әр елдің өлшемі әр түрлі. Балуан Шолақ көтерген 51 пұттық таразының тасы да бір батпан. 5. Қашықтық өлшемдері Қол созым жер. Қарға адым жер. Қамшы салым жер – тым жақын жер. Таяқ тастам жер. Иек астындағы жер – бір қыр асты, таяу жер. Иек артпа жер. Әудем жер – тиіп тұрған жер. Шақырым – 1000 метр. Дауыс жетер жер – 2- 3 шақырым. Ит үргені естілер жер. Қара көрінім жер. Көз ұшындағы жер - 2,5-3 шақырым (Кейбір қырағы кісілер 25-30 шақырымнан көреді). Қозы өрісіндей жер. Бір бауыр (бой жазар) жер – 4-5 шақырым. Қой өрісіндей жер – 5-6 шақырым. Тай шаптырым жер. Аяқ жетер жер. Қозы көш жер – 6-7 шақырым. Құнан шаптырым жер – 8-10 шақырым (құнанды 10-15 шақырымға да шаптырады). Бір көш жер 10-15 шақырым. Ат шаптырым жер – 20-35 шақырым. Бір лаң жер. Түстік жер – 30-40 шақырым. Күншік жер – 90-100 шақырым. Ара қоным жер – 200-250 шақырым. Ит өлген жер. Ит арқасы қиянда – қашық, жырақ жер. Жер аяғы қиянда. Қиыр, өте алыс, шет жер. Жан өтері жер. Жер түбі. Жер мойны қашық. Түйенің табаны түсер жер. Алты айшылық жер – Меккеге қажылыққа барар, тым шалғай жер Негізгі бөлім Бүгінгі таңда қазақ өлшемдері көпшілік ортада жиі қолданыла бермейді. Себеп те бар шығар. Алайда, көркем әдебиетті оқып жатып, кейде түсінбей қалып жататын жайымыз бар. Ондағы жазылатын өлшем бірліктері көнерген сияқты болып көрінуі де мүмкін. Шын мәнінде қазақ халқында өлшем бірлікке байланысты айтылатын әдемі сөздер жеткілікті. Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ең алдымен әр түрлі әдебиеттердегі байырғы өлшем бірліктері туралы ақпараттармен таныс болдық.Зерттеудің келесі кезеңінде классик жазушы Мұхтар Әуезов,Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкей,қара сөзлдің шебері Қалихан Ысқақ сынды аймақтық жазушылардың шығармаларымен танысып,шығарма беттерінен байырғы өлшем бірліктерін табуға тырыстық.Оралхан Бөкей «Апамның астауы»әңгімесінде «Бір-бір арқа отын көтеріп ең алда апам,содан кейін құндыздай шулаған біздер,күліп-ойнап келе жатыр едік».(83-бет), ал «Ардақ»әңгімесінде «Әйтпесе бір атым насыбайға бола өкпелескен абысындардай тосыраңдай қашатын қылық менің ғана мінім бе?»(26-бет). «Айпара ана»атты шығармасында «Кемпірқосақ қол созым жерде уықтай иіліп тұрар еді»(60-бет)деп суреттеген.Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді»повесінде «Дөрбиген торсық танау қайыс бәтеңкенің басына табаным кере қарыс жетпей қалды»(22-бет),ал «Тұйық»атты романында «Зор денелі жігіттің сала құлаш кеудесін қап жаншып тастағандай,көмірдей тықыр бұйра шашы боз қыраудан бурылға айналған»(147-бет)деп жазған.Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы»роман-эпопеясының 1-томында «Жидебайдан жиырма шақырым жердегі Шыңғыс кешкі шақта ымырт жабыла,көкшілденіп,суық тартып алыстай береді»(90-бет) Бұл сөйлемдерден бір арқа отын,бір атым насыбай,қол созым жер,кере қарыс,сала құлаш,шақырым сияқты т.б байырғы өлшем бірліктерін шығарманың өн бойынан кездестіруге болады.Сөз маржанын терген ағаларымыздың еңбектерін оқу арқылы сөздік қорымызды байытсақ, тілдік мұрамызға бір табан жақындай түсер едік. Зерттеудің үшінші кезеңінде оқушылардан сауалнама алдық.Сауалнамаға қазақ сыныптарынан 35 оқушы қатысты. Сауалнама қорытындысы бойынша "Қазақтың байырғы өлшем бірліктерімен таныссың ба?"деген бірінші сауалға сұралған оқушылардың 60% "жоқ",40 "иә"деп жауап берді." Байырғы өлшем бірліктері бізге қажет пе?"деген екінші сауалға сұралғандардың 50% "қажет емес",30 %"қажет ",10% "білмеймін"деп жауап берді. Біз тек көркем әдебиеттен ғана оқимыз деген жауаптар да болды.Үзындық өлшемдерінен аттам,қарыс,адым деген сөздерді жиі айтса, қалыңдық өлшемдерінен шынашақ, елі деген ұғымдарды сирек те болса қолданады екен. Салмақ өлшемдерінен титтей, бір жапырақ ,бір жұтым, бір тілім,бір үзім, бір шелек (су, сүт), бір қап (ұн, қант)деген сөздерді күнделікті тұрмыста үнемі сөз арасында айтса ,ал қашықтық өлшемдерінен ит өлген жер,ит арқасы қиянда ,жер түбі, алты айшылық жер сияқты фразеологизмдерді қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында сөйлем құрағанда,шығарма жазғанда ғана алса,шақырым сөзін математика сабағында мәселе есеп шығарғанда жиі қолданады екен. Біздің зерттеуімізше, қазақ балаларының ауызекі сөйлеуі жатық емес, қанағаттандырмайды. Оқушының әдеби тілмен айшықтап, мақалдап сөйлеуі, теңеулер келтіріп, өз ойын анық, өз дәрежесінде жеткізуі жоқтың қасы. Оқушыға суырылып сөйлеу тұрмақ, қара дүрсін әңгімелеудің өзі бір алынбас қамалдай. Көңіліндегі небір жақсы ойды айтуға келгенде берекесі қашып, сәні болмай, еңсесі түсіп, білгенін айта алмау қазақ баласына тән қасиет болып барады. Сондықтан да, баланың тілдік қорын дамытуда көркем әдебиетті оқудың маңызы зор деп ойлаймыз. Тағы бір байқағанымыз,Қытайдан көшіп келген оқушы балалар,соның ішінде жоғары сынып оқушылары жергілікті қазақ балаларына қарағанда өз сөздерінде байырғы өлшем бірліктерін көбірек қолданады екен.Бұдан шығатын қорытынды,қазақтың салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмаған жерде тіліміз де өз көркемдігін сақтайды екен. Қорытынды Қазақ даласының ерте дәуірінде бастау алған байырғы өлшем бірліктерінің атаулары бүгінгі ұрпақ құлағына жат естіліп, ұғымына қабыспауы мүмкін. Әйтсе де ата-бабалар өткен жол – тарихи тәлім, өнеге болып,зерттеу жұмысымызға басты бағдар,негізгі арқау болып табылды. Себебі,тіл тарихын зерттеуде,халық тілінің сөз байлығын меңгеруде байырғы өлшем бірліктерінің атауларын танып білудің маңызы зор.Олардың құрамында көне сөздер,басқа түркі тілдерімен туыстығын көрсететін фактілер сақталып қалған. Тіл – адамдардың өзара түсінісу, қатынас құралы болуымен қатар, ол – адамның рухани өмірінің, қоғам мен табиғат құбылыстарының бірден бір көрсеткіші. Сондықтан тілдік ерекшеліктерді саралай отырып жалпы халық тілінің өркендеуіне үлес қосамыз.Ал бұл халық тілі-әдеби тіліміздің қалыптасып,дамуына ұйтқы болған тіл. Байырғы өлшем бірліктерінің атаулары күнделікті өмірімізде өз маңызын жоғалтпайды,өз қызметін тоқтатпайды.Ендеше,тіліміздің жаңа дәуір талабына сай өркендеп,өсуіне бүгінгі күні мағынасы көмескіленген байырғы өлшем-бірлік атауларын қайта жаңғырту арқылы үлес қосу,дәстүріміздің,тарихымыздың,қасиетті тіліміздің жанашыры болу-бүгінгі ұрпақ,біздің міндетіміз. . Қолданылған әдебиеттер тізімі: 1. Әуезов М. Таңдамалы шығармалар. І том. «Абай жолы» 2. Сейдімбеков А. Халық қазынасы. Алматы. 3.Бөкей О.»Кербұғы» 4.Ысқақ Қ. «Қоңыр күз еді» 5. Нұрмағамбетов Ә. Сөз сырына саяхат. Алматы: Жалын, 19990-125 6.Ғаламтор ресурстары | |
Просмотров: 1817 | Загрузок: 0 | |
Форма входа |
---|
Категории раздела | |||||||||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Статистика |
---|