Главная » Статьи » В помощь учителю » История |
УДК Камбасова Мөлдір Мұратбекқызы Өскемен қаласы әкімдігінің «Көпбейінді №3 мектеп -гимназиясы» коммуналды мемлекеттік мекемесі «ТАРИХ ПӘНІН ОҚЫТУДАҒЫ ДИАЛОГТЫҚ ӘҢГІМЕНІҢ ТИІМДІЛІГІ МЕН МАҢЫЗЫ» «Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту ең маңызды мақсат». (К.Д.Ушинский) 1995 жылдың шілде айында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес «Қазақстан Республикасындағы тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасын» бекітті. Онда: «...өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау-жалпыұлттық бірлігіміздің, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бітімі қалыптасуының, оның егемендігін нығайтудың, азаматтық мен отаншылдықты тәрбиелеудің ең басты факторларының бірі болып отыр. Тарих - халықтың зердесі, ол содан қуат алады, ол содан әлеуметтік шығармашылыққа, жарқын болашаққа бастайтын шабыт алады» [1, 32б],- деп Отанмыздың тарихын оқытудың маңыздылығы атап көрсетіп, мемлекеттік саясаттың тарихи сананы қалыптастырудағы негізгі басымдықтары айқындады. Тарихи сананы қалыптастыру міндетін жүзеге асыру үшін мектепке дейінгі, мектептегі және жоғарғы оқу орындарындағы білім беру жүйесі, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет мекемелері, қоғамда тарихқа ден қою, тарихқа деген құрмет пен тағзым, тарихты түйсіну ахуалын туғызуы тиіс болды.Осындай игі шараның аясында Қазақстан тарихы пәні тек қане мектеп қабырғасында ғана емес, барлық жоғары жоғарғы оқу орындарындағы барлық мамандық студенттеріне міндетті пән ретінде оқытылып, мемлекеттік емтихан ретінде қабылдануда. Тарих пәнінің оның ішінде Қазақстан тарихының мектепте 5 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін оқытылып, 11 сыныптың Ұлттық біріңғай тестісіне де негізгі пән ретінде енгені де белгілі. Тарих пәні сонымен қатар адамзат дамуының барлық сатысындағы әлемдік тарихты да қамтитыны белгілі. Ал, осындай өте үлкен тарихи кезеңіндегі сан қилы оқиғаларды тек қане дәріс, немесе мұғалімнің жетектеуімен оқушы санасында ұзақ уақытқа қалдыра алмайсың. Немесе, қазіргідей мектептен тыс уақытта да оқушының қолы жетер ақпараттық технологияның дамыған заманында жасөспірімдердің пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін, ұстаз да өз пәнін жетік білетін, АКТ –ны меңгерген, кез-келген жайттардан шығар жолды оңай таба білетін, құзіреттілігі жан-жақты дамыған болуы қажет. Оқушы тарапынан қойылатын сауалдар өте көп, солардың жауаптарын қанағаттанарлықтай етіп беру де қажет. Дәстүрлі сабақтардан бөлек заманауи оқыту технологияларының да басты назар аударатыны да диалогтық оқыту әдістері болып отыр. Диалогтық оқыту арқылы оқушының қызығушылығын арттыру, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, өзгелер алдында қысылмай, ойын ашық білдіруге, аудиторияны өзіне баурап алу қабілеттерін қалыптастырудың маңызы өте зор. Әрине бұл жерде оқушының жас деңгейі, сыныптың қабылдау деңгейі, жалпы ахуалы, тақырыптың мазмұны мен ауқымы, ондағы фактілар мен деректердің күрделілігін де ескеру қажет. Оқушыларды неғұрлым төменгі сынып кезеңінде ойларын жүйелеуге дағдыландырсаң соғұрлым олардың жоғары сынып деңгейіне жеткенде ойларын бүкпесіз білдіру, өзгемен тез қарым - қатынас жасау дағдылары, кез-келген ортада өздерін ұстау мәдениеті де дами түседі. «Балалар күннен күнге қолжетімділік артып келе жатқан анағұрлым кең коммуникациялық үдерістерге тиімді және ойдағыдай қатысуға мүмкіндік беретін сыни тұрғыда ойлау мен зерттеу дағдыларын дамыту керек» ( Wolfe and Alexander) [2, 50 б]. Александер (2004) білім берудегі әңгімелесуді – қарым – қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екі жақты бағытта жүреді, осының негізінде оқушының білім алу үдерісі алға жылжиды деп есептейді. Және Александер (2008) диалог түрінде білім беру оқушыларды ынталандыру және дамыту үшін әңгіме күшін қолдануға мүмкіндік береді деп санайды. [2, 39 б] Мерсер (2005) құрдастар тобындағы өзара қарым – қатынас оқуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті. Сонымен қатар, Мерсер әңгімелесуді үшке бөледі; әңгіме – дебат, топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме[2, 39 б]. Бұндай әңгімелесудің тәсілдерін барлық сыныпта әр түрлі сипатта пайдалануға болады. Бұл жерде диалогтық әңгіме оқушы мен оқушы, оқушы мен топ, топ пен топ, ұстаз бен оқушы, ұстаз бен жұптар немесе топтар, ұстаз бен сынып ұжымы арасында жүзеге асса ғана сабақ өз нәтижесіне жетеді. Жоғарыда айтып кеткендей, әр сынып деңгейінде диалогқа тарту мақсатында мұғалім тарапынан қойылатын сұрақтар деңгейі де әр түрлі болады. Мысалы: 5 және 6 сынып оқушыларына қойылатын сұрақтар: « Ол кім? Бұл не?»- дегеннен басталып, «сенің ойыңша..., не жайында айтылуы мүмкін, көз алдыңа қандай бейнелер келеді, өз ойыңды қалай дәлелдей аласың, менің ойымды немесе құрбыңның ойын қалай жалғастырар едің?» тәріздес бағыттаушы немесе жетелеуші сұрақтар болуы мүмкін; 7 және 8 сыныптарда орта буын оқушыларына: «оқиға не себепті бұлай аяқталды?, не себепті ондай әрекетке барды, не себеп болды, егер де..., бұл жағдайда сенің әрекетің қалай болар еді?, барлығына ортақ не бар немесе айырмашылығы неде?» - деген сияқты, ой жүйелеуге, қорытуға, сараптама жасай алуға бағыттайтын сауалдар болуы қажет. 9 және 10 сынып оқушыларына « Бұл жерде ондай іс-әрекеттің қажеттілігі болды ма?, белгілі – бір оқиғаның, тұлғаның әрекетінің, мемлекет саясатының жетістігі мен кемшілігі неде болды?, басқа оқиғалармен салыстыратын болсаң..., дәлелдеуге тырыс, қандай нақты дәлелдермен сөйлер едің?, тура сол кезеңде тағы қандай оқиға болды?» - мазмұнындағы ойларын дәледеуге, фактілерді саралауға итермелейтін, сараптама жасауға дағдыландыратын сұрақтар қойылады. 11 сынып оқушысына, мектеп бітіруші түлек ретінде барлық курстарды қайталау жұмысын жасауға, тарихтағы оқиғаларды тізбекті түрде жүйелеуге мүмкіндік беретіндей жетелеуші, бағыттаушы, сұрақтар қойып, оқиғаларды салыстыра отырып, баяндату, бір-бірімен ой бөлістіру арқылы есте сақтауларын, сол арқылы ақпаратты пайдануға мүмкіндік беру қажеттігін ескеру керек. Жалпы Кембридждық оқыту тәсіліне дейін де тарих сабағында менің тарапымнан оқушыларға жоғарыдағы тәріздес сұрақтар қойылғанымен, оқушы мүдірген жағдайда өзім жауап беруге асығатынмын. Ал, үшінші деңгейлік курс барысында сыныптағы құрбыларына бірін-бірі толықтыруға мүмкіндік берудің маңызын ұғындым. Бұл тарапта Мерсер де (2005) құрдастар тобындағы өзара қарым – қатынас оқуда маңызды рөл атқаратынын көрсетті. [2, 39 б] Әрине, берілген сұрақтардың бәріне менің қалауымша жауаптар алынбаса да, курстан өткен уақыттан бері байқағаным, оқушылар өздерінің білетіндерін еске түсіріп, салыстырып, жинақтай отырып ұжымға жеткізе білді. Тіпті, зерттеу нысанасы ретінде алған әр сыныптағы ұяң оқушылардың өздерінің сабақтың тұтастай болмаса да белгілі бір кезеңінде топтық немесе жұптық жұмыстарға белсене араласып, құрбыларына толықтырулар жасап отыруға дағдыланып келетінін аңғардым. Қазіргі таңда менің сабақ жоспарларым толықтай болмаса да белгілі – бір деңгейде, Кембридждық оқыту тәсілінің мазмұнына сай, «Сыни тұрғыдан ойлау» жобасының құрылымымен жасалып жүр. Кембридждық оқыту тәсілінің өзімізге белгілі жеті модулі толықтай қамтылмаса да (әдетте 3-5 модуль қамтылады), диалогтық оқыту модулі барлық сабақта, барлық сыныптарда қамтылуда. Бұл ретте «Сыни тұрғыдан ойлау» жобасының: «Ой қозғау», «Миға шабуыл», «ЖИГСО-І», «ЖИГСО-ІІ», «Блиц-сауалнама», «Үш қадамды сұхбат», «6 неге?» сияқты әдістерінің көмегі өте зор. Сол сияқты, жұптық және топтық жұмысқа негізделген сабақта ортақ нәтижеге жету мақсатында жұптар немесе топтағы оқушылардың өзара диалогқа түсу әрекеттерінің барысында көшбасшылардың белсенділігі төмен оқушыларды да сабаққа тарту үрдісінің жоғары деңгейде қалыптасып келе жатқанын да байқадым. Диалог барысында оқушылар нәтижеге жету үшін күш-жігерін жұмсайтын және Мерсер (2000) сипаттағандай, білімді бірлесіп алуда немесе «пікір алмасу» барысында тең құқылы серіктестер болып табылады[2, 39 б]. Құрбылар арасындағы пікір алмасу, ортақ нәтижеге жетуге деген ұмтылыс, қосымша шығармашылық жұмыстар оқушылардың коммуникативті, ақпараттық, өзін-өзі дамыту сияқты құзіреттіліктерін де қалыптастырып, дамытып отырады. Пікір алмасу оқушылармен диалог құруға әкелетін әрекет болып табылады. Бұл жерде ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынастың сенімділік және демократиялық деңгейде қалыптасуын ескеру қажет. Жоғарыда келтірілген мысалдардың диалогтық тәсілдің ауызша және жазбаша түрлеріне сүйене отырып пайдаланған әдіс – тәсілдердің қайсысы болмасын дерлік сыныптағы оқушылардың ойын жүйелеуге, жинақтауға, салыстыруға, еске түсіруге, білгендерін пайдалануға, ортақ тұжырымға келуге тиімді болды. Әрине, бұл жерде бұрын бұл тәсілдер сабақтарда пайдаланған жоқ деген қате ұғымға келмеу керек. Тарих сабағы көбінде ауызша жүргізілетін сабақтардың бірі, сондықтан сұрақ – жауап әдістерінің болуы заңдылық. Дегенмен, осы бағдарлама барысында оны тек сабақтың бір құрамдас бөлігі деп қане қарастырмай, керісінше сабақтың негізгі қозғаушы күші ретінде қарастырдым. Сондықтан жоғарыда жасалған сараптамадан соң, төмендегідей қорытындыға келдім. Яғни, диалогтық оқыту тәсілінің мазмұнын саралай келе, мен жалпы сабақтарымда қандай өзгеріс байқадым: • Ұяң оқушылардың топтық, жұптық жұмысқа өз еріктерімен кірісе бастағанын; • Дарынды, қабілеті жоғары оқушының менің атап көрсетуінсіз де ұжым арасынан суырылып шыға алатынын; • Оқушылардың бірін - бірі менің көмегімсіз де қателіктерін түзетіп, толықтыра алатынын; • Жетекші сұрақтар арқылы өткен сыныптағы білімдерін еске түсіре алатындықтарын; • Өздерінің деңгейлеріне сай сұрақтарды өздерінің анықтай алатынын; • Өздерінің іс-әрекеттерін бағалауда сараптама жасауға қалыптасып келе жатқанын; • Ойын ұжым алдында еркін жеткізуге дағдыларының қалыптасып, дамып келе жатқанын; • Өз жастарына сай сөйлеу мәдениеттерінің қалыптасып келе жатқандықтарын; • Менің де сұраққа жауапты өзім бере салмай, сынып ұжымының ойын тыңдауда төзімділік пайда болды. Жоғарыда айтылған өзгерістерді қорытындылайтын болсам, әр ұстаз «ойы анық еместің, тілі анық емес» деген қағиданы есте сақтай отырып, үнемі өзінің білім, білік дағдысы мен қатар құзіреттілігін де дамытып отыру қажет. Сонда ғана, өзін сүйіп тыңдайтын, сабағына зор қызығушылықпен қатысатын, заман талабына сай бәсекеге қабілетті, жан-жақты құзіреттілігі дамыған, адамгершілік-рухани өресі кең шәкірт тәрбиелей алады. 1. «Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы». – Алматы: Қазақстан, 1995. – 32 б. 2. «Мұғалімге арналған нұсқаулық». - 2012ж. | |
Просмотров: 4686 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|