Главная » Статьи » В помощь учителю » История |
Қазақ хандығының 550 жыл тарихы - мемлекет тарихы Курчатов қаласы, №1 орта мектеп тарих пәні мұғалімі Зияданова Турсын Салыковна Қазіргі кезде еліміздің егемендігі бекіп, іргесі нығайған сайын оның болашағы мен тарихына деген қызығушылықтар арта түсуде. XV ғасырдың 60-жылдары өмірге келген Қазақ хандығы бұл мезгілге дейін аяқталып қалған қазақ халқының қалыптасуының табиғи жалғасы әрі жиынтығы болатын. Қазақ хандығының құрылуын мойнына міндет қылып алған — белгілі Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандар болды. Әбілхайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп тұрғанда сұлтандарға көп жайсыздық туғызып Жәнібек пен Керей сұлтандар өздеріне қараған руларды басқа жаққа көшіріп әкетуге мәжбүр болды. Жақын Моғолстанға барғанда Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, Шу өзені өңіріндегі "Қозыбасыны" тапсырған еді. Осы жерлерде қазақ халқы тұңғыш рет бостандық өмірді басынан кешіп бейбіт өмірге жетті. Қазақ хандығының құрылған мезгілі мынадай жылдар болып 1465—1466 (1470—1471) саналады. Осы кезден бастап Шығыс Қыпшақ даласының далалы аудандары мен Сыр бойының орта сағасындағы қалалы орталықтарды өзіне қарату үшін әрекет ету XV ғасырдың 70—80-жылдары, алдымен, Жәнібек пен Керей хандардың, содан соң олардың мұрагерлерінің негізгі қызмет арқауына айналады. Бұл жігерлі де мақсатты әрекет XV ғасырдың соңы және XVI ғасырдың алғашқы онжылдықтарындағы қазақ хандарының қызметінде өз жалғасын тапты. Қазақ билеушілерінің Түркістан мен оның төңірегіндегі қалалық орталықтар үшін мұндай табанды күрес жүргізуінің өз себептері болған. Кезінде қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинаған және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды. Сыр өңірі мен Қаратау — қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді. Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестер болды. Оның басты кезеңі — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады. 16-17 ғғ. қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты.Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді. «Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды. Қасым ханның мұрагерлері, олардан кейін де қазақ хандығын басқарған хандар қазақ мемлекетінің нығаюына, басқа көрші мемлекеттерден қысым көрмеуіне, мемлекеттің жер аумағын жылдан – жылға кеңейтуге өз үлестерін қосты. Қазақ хандығы — қазақтардың XV және XIX ғасырлар аралығында қанат жайған, тәуелсіз ұлттың мемлекеті. Қазақ хандығы қазақ халқының ғасырлар бойы сақтап, қорғап келген мемлекеттігінің нышаны. Ол ұлан – байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктіруде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды. «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз». Мемлекет басшысы Н.А.Назарбаевтың осы сөздері біздің мемлекетіміздің өз тарихына, ата-бабаларымыздың кезінде басынан өткізген қиыншылықтарын қашан да еске сақтап мемлекетіміздің нығаюына әрқайсымыздың үлес қосуымызды талап етеді. | |
Просмотров: 926 | Комментарии: 3 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|