Главная » Статьи » В помощь учителю » История |
Тәуелсіздік алған елімізде бұрынғы кеңестік дәуірде мемлекеттік саясаттың негізін құрап, үстемдікте болған, «құндылық» саналғанның бірі - атеистік тәрбие де келмеске кетті. Қазақстанда осындай хаосты әлеуметтік-мәдени жағдаяттың қалыптасуы ұзаққа созылмады, оның орнын оған мүлде қарама-қарсы көзқарастарды білдіретін діни сипаттағы саяз ойлаушылық толтырды. Бұл сол кездегі нормативтік құжаттардағы, мысалға барлық конфессия діндарларына қызметтерін еркін атқаруына толықтай кепілдік берген 1992 жылғы ҚР Заңындағы «сенім еркіндігі» ұғымын қате түсінуден көрініс берді. Әртүрлі дүниетанымды ұстанатын көпшіліктің ішінен оның белсенді бөлігі саналатын жастар діни мәдениеттің озығы мен тозығын еш талғаусыз қабылдай бастады. Бұлайша ақылға салмай әрекет ету, мүмкін бір жағынан радикалдық ағымға терең бойламауға, аталмыш топтардың жетегінде бірден кетпеуге де себеп болған шығар. Екінші жағынан қызығушылықтың онша болмауы, білімнің аздығына орай кез келген ақпаратқа сенуге жетелеген сияқты. Діни ұғымдарды атүсті түсіну, діни сенімді салт-дәстүрге балау, мәдениетпен шатастыру, тіпті кейде заман ағысына сай модаға айналғанының куәсі болып жүрміз. Мысалға, хиджаптың қазақ ұлтына да, исламға да еш қатысы жоқ. Ол нақты бір елдің географиялық орналасуына, климаттық жағдайға байланысты амалсыз қолданған салты. Арабияның оңтүстігіндегі Руб әл-Хали шөлінде 50 градус температурада– «Ажал демі» аталып кеткен құмды боран соққан кезде осылайша тұмшаланып киінуге мәжбүр болған. Жалпы исламда паранжаға да тиым салынған. Құранда мұсылмандарға киім киюге қатысты екі рет айтылған. Біріншісінде, көшеге, көпшілік ортаға шыққан кезде әдемі киініп шығуды ұсынса, екіншісінде басына шәлі бүркенуді және кеудені жалаңаштамауды еске салады. Намаз оқымағанның барлығының күнәкар саналуы, оларға жиhад жариялау да шектен шығушылық. Асыл кітапта «жиhад» сөзі 35 рет кездессе, оның тек 4-уі ғана соғысқа қатысты екен. Пайғамбарымыз Мұхамед с.а.у. соғыстан оралып келе жатқанда «Енді бізді алда үлкен жиhад күтіп тұр» дегені бар. Қасындағыларға оның мағынасы адамның өз нәпсісімен күресуі екенін айтқан. Тағы да бірде жас жігіттің соғысқа сұранып келгенінде оның қарт ата-анасының бар екендігін біліп, «қарттарды бағып-күт, сен үшін одан артық жиhад жоқ» дегені бар. Осы сияқты іс-әрекеттердің кейіннен қоғам мүшелерінің тек рухани өзін-өзі анықтауға деген табиғи қажеттілігі ғана емес, сонымен бірге жалған діни ұйымдардың белсенділігімен жүргізілген, жымысқы іс-әрекетінің нәтижесі екендігі де анықталды. Бірақ қазіргідей ғаламдық экономикалық тоқырау заманында біздің елде де жұмыссыздықтың болуы мен әлеуметтік қиындықтарды бетперде ұстанған осындай дүмшелер өз мақсат-мүдделері үшін еліміздегі халықтардың қалыптасқан мәдени және рухани салт-дәстүрлеріне жат, небір қисынсыз ақпараттарды оңды-солды таратуда. Осындай діни еркіндіктің ақыры жастар арасында әртүрлі деңгейдегі келеңсіздіктерге әкелгенін жасыра алмаймыз. Оған қарсы тұру үшін оқушыларды патриоттық тәрбиелеуге, олардың рухани-адамгершілік даму деңгейін көтеру бүгінгі күні ең өзекті мәселе болып отыр. Мұны азаматтық қоғамдағы барлық азаматтар билік пен дін өкілдерімен бірлесе, өзара үйлесімдікпен атқаруға тиісті. Қазақстан Республикасының Конституциясындағы 1-ші бап еліміздің зайырлы екендігін тағайындап берген. Ендеше, мемлекеттік білім беру ұйымдарында барша халыққа тек бір дінді ғана насихаттау немесе оған күштеп енгізу саясатын жүргізу міндеттелмеген. Солай бола тұра жаңа құқықтық жағдайларды ескеріп, әлеуметтік-экономикалық және саяси қарым-қатынастардың өзгеруіне байланысты білім беру саласындағы оқу-тәрбие іс-шараларының мазмұны мен өткізілу түрлеріне жаңашылдықтың қажеттілігі қатты сезілуде. Сондықтан да діни төзімділікті қалыптастыру мен діни экстремизмнің алдын алудың ең тиімді тәсілі ретінде оқушылардың діни сауаттылығын арттыру керек. Осы орайда міндетті факультатив ретінде оқытылып келген «Дінтану негіздері» курсының мақсаты өзгеріп, соған сәйкес мазмұнының жаңартылуы оны «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп атауға мүмкіндік берді. Болашағынан көп үміт күттіретін бұл курс әлемдік, ұлттық діндер мен діни жаңа құрылымдардың тарихы мен діни сенімдерінің мәні, олардың арасындағы өзара ерекше қарым-қатынас жәйлі кешенді білім беруді мұрат еткен. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен әлемдік және тарихи діндер көшбасшыларының Астанада өткізілген бес сьезінің материалдары да діни сауаттылыққа қатысты біршама ақпараттардан хабардар ете алады. Оқушылардың бойында басқаның діни көзқарасына деген құрметті қалыптастырудың тиімді әдісі есептелетін бұл қадам халықтың діни сауаттылығын біршама арттыруға себепкер болды. Дін, оның жалпы адамзат, сондай-ақ қазақ елі тарихындағы рөлі туралы білімге тұшынбаған оқушылар өз елін жарылқай қояды деуге сену қиын. Оған тұжырымды негіздеу шін бірнеше дәлелдер келтіруге болады. Дін ең алдымен қандай да бір өркениеттің, елдің немесе бір аймақтың өзіндік бет-бейнесін әрқашан айқындап келді және болашақта да айқындай бермек. Ендеше еліндегі діни ахуалды білмеген оқушы оның одан әрі қалай дамитындығын да көзіне елестете алмайды. Осыдан кейін әлемдік және аймақтық саяси күрестердің, қазіргі болып жатқан дау-жанжалдар мен соғыстың мәнін түсінуге өресі жетпейтін болады. Адамдардың діни факторларды ескермеуі ақыр соңында бірнеше ұрпаққа жүк болатындай сан соқтыруға әкелгенін тарихымыздан сан мәрте естіп-білгенбіз. Діни сауаты төмен адамдарды, әсіресе өмірлік тәжірибесі аз жастарды жалған діндарлар өз қатарларына оңай қосып алатындығы белгілі. Ендеше, діни сауаттылық жастардың бойында жеке тұлғалық асыл қасиеттердің ашылуына, жақсы мінез-құлықтардың толысуына және толерантты азаматтың қалыптасуына бірден-бір себепші болатындығы айдан анық. Дін мәдениеттің бір саласы болғандықтан оқушылар білуге тиісті діни ақпараттың олардың өмірінде қолданылып, кәдеге жарағанын қалаймыз. Бұл оқушыны әлеуметтендіруіне қажетті заманауи талапқа сай құзыретті білім берілуін керек етеді. Бұларға салауатты өмір салтына қатысты берілетін адам ағзасына сіңімді халал өнім мен гендік модификацияланған тағамның зиянын жатқыза аламыз. Сондай-ақ исламдағы әйел мен бала құқығы, зекет, садақа, қарыз мәселелері, дәстүрлі емес діни ұйымдардан келген суицид және т.б. зардаптардың алдын алу немесе қайта оңалту мәселелері қарастырылмақшы. Осылайша, жастардың діни сауаттылығын жетілдіру діни төзімділікті қалыптастыруға бағытталып, дінаралық диалогтың маңызы факторына айналып отыр. Өйткені толерантты қоғамдағы ұлты мен діни сенімі әртүрлі адамдар арасында ешқандай түсінбеушілік болуға тиісті емес. Әртүрлі діндердің силасымды ошағына айналған Қазақстанда дінаралық қарым-қатынас пен рухани келісімнің тұрақтылығы баянды болмақ. Бұл өз кезегінде экономикасы дамыған 30 елдің қатарына енуді мұрат еткен еліміздің алға қарай қарыштап дамуын қамтамасыз етіп, тұрақты түрде өркендеп-өсуіне кепіл бола алады. | |
Просмотров: 1238 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|