ХИМИЯ, БИОЛОГИЯ ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫНЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНА БЕЙІМДЕУ. ҚР Конституциясының 29 бабында «ҚР азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар» деп көрсетілген. Сонымен қатар Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан - 2030» - жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында жас ұрпақтың толыққанды денсаулығын қалыптастыру мәселесіне зор көңіл бөлген. Денсаулық дегеніміз - адамның ең ұзақ ғұмыры бойындағы әлеуметтік белсенділігі мен тиімді еңбекке қабілеттілік дәрежесін, биологиялық, физиологиялық және психологиялық қызметін сақтауы мен дамыту үрдісі Ендеше, жас ұрпақтың дені сау, білімді азамат болып ер жетуі, ең алдымен, ата-анасына, одан соң білім нәрімен сусындыратын мектепке және қоршаған ортаға байланысты. Қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын сақтау, білім мен салауатты өмір салтын қалыптастыру – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Дені сау бала оқу процесіне белсене араласады, әрдайым жайдары , көңіл күйі жоғары болады. Сондықтан да мектептің негізгі міндеті - әр оқушының денсаулығына нұқсан келтірмей, нығайта отырып, оқуға деген құштарлығын ояту, әрбір баланың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, бала бойындағы қасиеттерін дамыту[1]. М.Жұмабаевтың мына тұжырымына тоқталатын болсақ бүгінгі күні көтеріліп отырған маңызды мәселенің түп - төркіні осында деп ойлаймыз. Ол баланың өсіп, жетілуіндегі, жеке дамуындағы ортаның ықпалымен айналасындағы жауапты адамдардың қауметін бойынша түсіндіреді: «Бала ауру, зағип болса, баладан емес тәрбиешіден, бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі; бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы». Мұндағы баланың денсаулығы мен жеке дамуына тікелей ықпал етуші факторлар атап көрсетіліп, тәптіштеп түсіндіруі тегін емес. Егер мектеп жасындағы бала өз өмірінде кімнің жанында көп уақыт болатынына көңіл аударсақ, әрине ата-анасымен және мұғаліммен бірге болатыны баршаға аян. Сондықтан сабақтың дұрыс ұйымдастырылуы мен өткізілуі мұғалімнен үлкен жауапкершілікті талап етері сөзсіз [2]. Сондықтан да әріптестеріміздің есіне салатын ең маңызды нәрсе - сабақ жоспарын құруда өзімен бірге айналасындағы адамдардың тікелей қарым -қатынаста болатын баланың денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Біз әр сабағымызды сыныптың тазалығына көз жіберіп, сонымен қатар баланың орындықта түзу отыруын қадағалаудан бастауымыз қажет. Осылармен қоса әр мұғалім өз сабағында мейлі ол гуманитарлық пән болсын, мейлі жаратылыстану пәндері болсын дені сау адамның мүмкіншілігінің зор екенін, денсаулық ең құнды байлық екенін ескертіп және де салауатты өмір салтын ұстануға оқушыны бейімдеуі тиіс. Жаратылыстану пәндерінің ішінде химия мен биология пәндерінің теориялық та, практикалық та білімі салауаттылық негіздерімен сыбайлас жатады. Осы пәндерді оқып үйрену үстінде оқушылардың өмірге икемділігі артады. Бұл пәндердің әрбір тақырыбында оқушыларға салауаттылық тәрбиесін беруге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер тақырыпқа тоқталып өтейік. 8 сыныпта өтілетін Менделеевтің химиялық элементтердің периодтық жүйесін өткенде, адам баласы химиялық жүйеден тұратындығы, адамға қажетті элементтер макроэлементтер және микроэлементтер деп бөлінетіндігін, егер де адам бойында осы элементтердің аз мөлшері жетіспесе денсаулығының ауытқуына әкеледі деп, химияны адам өмірімен тікелей байланыстырады. Сонымен қатар дәрі - дәрмектеріміз де химиялық қоспалардан дайындалатынын айтып отыруымыз қажет. Адам ағзасына пайдалы қоспалардан басқа, бүгінгі күнде үлкен мәселеге саналып отырған қоршаған ортаның химиялық заттармен ластануын да айта кетуге болады. Ластану дегеніміз - бұл ауа, топырақ пен судың физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттерінің қолайсыз өзгерістері, олар тек адам тіршілігіне ғана мен, сонымен қатар өсімдік пен жануарлар әлеміне де зиянды әсерін тигізеді. Ең кең таралған ластағыштардың қатарына өнеркәсіп қалдықтары жатады. Бұлар, айталық табиғатта бұрын болмаған, өздерінің химиялық құрлымы жағынан мүлдем жаңа заттар болуы мүмкін. Олар тірі ағзаға мүлдем жат, бөгде, бұлардың кейбірінің әсеріне адам ағзасы эволюциялық жағына бейімделмеген. Адамға жаңа химиялық заттардың, әр алуан сәулелердің әсер етуі бұрын тіпті болмаған генетикалық, тыныс жолдары, эндокриндік және т.б. ауру түрлерінің пайда болуына жеткізеді. Ал биология пәні тұрғысынан алсақ ауадағы улы химиялық қосылыстардың әсерінен жасушаның құрлымы мен қызметі бұзылады. Мұның нәтижесінде жасуша қызметтерінің жоғалуымен немесе бұрмалануымен сипатталатын патологиялық процестер пайда болады. Жасушаның зақымдануы оның мембраналарының бүлінуімен тікелей байланысты. Ал мембрананың атқаратын қызметтерінің бірі ауруға төзімділікті - иммунитетті қамтамасыз ету, бөгде заттарды және өзінің улы өнімдерін сыртқа шығару және усыздандыру. Яғни ағзаға бөгде химиялық заттардың енуі ағзадағы қышқылдық-негіздік тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп соғады [3]. Жалпы алғанда химия және биология пәндерін денсаулық саласынан бөліп алып қарастыра алмаймыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей әрбір тақырыпта салауатты өмір салтын дәріптеуімізге, сонымен қатар экологиялық тәрбие беруімізге мүмкіншілігіміз мол. Қорыта айтарымыз бүгінгі күннің талабына сай білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлері бірігіп, балалардың үйлесімді өсуін қамтамасыз ету, олардың денсаулығын сақтап нығайту, бар мүмкіндікті пайдаланып оқушылардың білімді, толыққанда жетілген психологиялық дамыған тұлға ретінде тәрбиелеу және де амандық, саулық – ең бірінші байлық екенін ұғындыру. Пайдаланған әдебиеттер: [1] Р. Қалиева «Эксперименттік мектепте денсаулық сақтау педагогикасының идеяларын дамыту - бүгінгі күннің өзекті мәселесі.» 12 жылдық білім Республикалық ғылыми әдістемелік және ақпараттық сараптамалық журнал №5, 2005 жыл. [2] Б. Г. Игенбаева, С. К. Шабажанова «Сабақтың дұрыс ұйымдастырылуы – бала денсаулығының кепілі.» 12 жылдық білім Республикалық ғылыми әдістемелік және ақпараттық сараптамалық журнал №7, 2005 жыл. [3] А. Карімов «Типтік тізімдегі кейбір заттардың адам ағзасына әсері» Химия - мектепте. Ғылыми педагогикалық журналы. №1, 2007жыл.
Источник: http://ХИМИЯ, БИОЛОГИЯ ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫНЫ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫНА БЕЙІМДЕУ. |