Главная » Статьи » В помощь учителю » Классному руководителю |
«Әліппе»-ғылым анасы Мақсаты: Алғашқы қолдарына ұстаған, оқуға, жазуға үйреткен «Әліппелерімен» қоштастыру. Міндеттері: оқушыларға әліппе мен ана тілінің маңызын түсіндіру; ата-аналарға балаларының жарты жылда қандай білім игергенін іс жүзінде көрсету; оқушылардың эстетикалық талғамын дамыта түсу; оқушыларды ұйымшылдыққа, достыққа тәрбиелеу. Көрнекілігі: Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың суреті, Рәміздер, шарлар, мақалдар, әріптер, интерактивті тақта, көрме суреттер. Барысы: І. Кіріспе. Мұғалім: - Сәлеметсіздер ме, қадірлі халайық! Бүгін сіздер кеше ғана жүректері лүпілдеп, жүрексіне, жан-жағына таңырқай қарап мектеп табалдырығын аттаған кішкентай бүлдіршіндеріміздің енді, міне, өздерін оқуға, жазуға үйреткен сүйікті де қымбатты ӘЛІППЕлерімен қоштасу ертеңгілігінің куәсі болғалы отырсыздар. Балаларыңыздың әрқашанда дендері сау болып, қанаттары талмай, білім нәрімен сусындап, биік шыңдардан көріне берсін! Сіздерді жақсы қылықтарымен, үлкен нәтижелерімен ылғи да қуанта берсін! Жүздерінен күлкі кетпесін! Әліппені бітірді балаларым, Әліппеден нәр алған даналарым. Өзі оқып, жазатын халге жетті, Құтты болсын мерекесі балалардың! Құрметті, ата-аналар! Бала деген шіркін-ай балдай екен, Тәттілігі жая мен жалдай екен. Арып-ашып даладан келгеніңде, Бал иісін таттырып алдайды екен,-деп Кенен атамыз айтқандай бүлдіршіндеріміздің бал тіліне кезек берелік. Оқушылар: Нұрмерей: Армысыздар, мұғалімдер, әз жандар! Білім іздеп инемен құдық қазғандар! Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді, Би биленіп, ән де бүгін шырқалар. Темірлан: Қош келіпсіз, қасиетті ата-аналар! Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар. Алдарыңызда жауқазындай құлпырған, Біз алаңсыз балғын шақты балалар. Балапан әні Аяулым С Данасы болар даланың Аяулым деген баламын. Көп оқып, көп тоқитын Білімді мен боламын. Аружан Салауатты өмір санамда, Мақсат қылмай қалам ба? Жетелеген арманым Аружан мен болам да. Темірлан Ау, халайық, жарандар! Бәрің маған қараңдар. Шымыр болып шыныққан Темірлан деген балаң бар. Нұрмерей Күшім толы бойымда, Білім толы ойымда. Озат оқу мақсатым Шығар Нұрмерей деген жақсы атым. Дильназ Дильназ деген мен болам Ылғи бестік алатын. Әл-Фараби атамдай Математик болатын. Кербез Сөйлегенім тым тәтті, Сәулелі де сымбатты. Кербез деген қыздарыңыз Сіздерге қарап тіл қатты. Гүлсапар Адалдықты жақтайтын, Бәрін біліп жаттайтын, Тек менен жақсылықты күт Гүлсапар атты қыздарыңда бар үміт. Абдуболат Жайғанда арман құшағын, Кеткенше қайрат, күш-әлім, Биікке самғап ұшатын Абдуболат деген балаңмын. Малика Айтқан тілді алатын, Жұмсағанда баратын. Білімнен бақыт табатын Малика деген мен боламын. Аяулым Е Атым менің Аяулым, Қуантып ата-анамды, Жақсы атымды Әлемге мен жаямын. Баян Кіп-кішкене ғана баламын, Баян деген мен боламын. Үлгі алып ұлылардан Білім жолын қуамын. Бәрі: Білім деген ғажаптың Әліппесін меңгерген. Болашағы қазақтың Басталады біздерден. ІІ. Сұрақ-жауап: Мұғалім: -Балалар, болашағы біздер болатын қазақ елі қай мемлекетте тұрады? -Қазақстан Республикасында. -Осы мемлекетіміздің президенті кім? -Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. -Республикамыздың астанасы қай қала? Малика Отанымның төрінде, Сарыарқаның өрінде. Ту ұстаған Астана- Әсем қалам, бас қалам! -Қазақстан қандай ел? Аружан Қазақстан- Туымен тұғырлы. (Ту) Елтаңбасымен-еңселі. (Елтаңба) Әнұранымен-айбатты. Мұғалім: -Қазақстан біздің- -Отанымыз. -Отан деген не? Дилназ Отан дейміз от жаққан жерімізді, Отан дейміз өсірген елімізді. Отан дейміз туған жер, атамекен, Биік тау, орман-тоғай көлімізді. Осындай Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен-еңселі, Әнұранымен-айбатты, Астанадай әсем, бас қаласы, астанасы бар елдің балалары біздер қандаймыз? Бақытты балалық әні Мұғалім. -Балалар, мен сендерге бір жұмбақ жасырғым келіп тұр. Іші толы әріпке Білімдегі жарық не! (Әліппе) Ең алғаш Әліппені жазған кім? -Ыбырай Алтынсарин атамыз. -Дұрыс. Онда, Әліппе бүгін бізде қонақта. Қане, Әліппемен амандасайық. Бәрі. -Қош келдің, қымбатты Әліппе! Әліппе. Армысыздар, жас достар! Армысыңдар, ата-аналар! Болашаққа жол бастар, Әліппе келді ортаға. Сендер мені оқып сауаттарыңды аштыңдар. Әдемі жазуға, мәнерлеп оқуға үйрендіңдер. Гүлсапар Әліппем, менің әліппем! Сені қолға алып мен. Есігін аштым мектептің, Ертеңгі сәуле жарықпен. Әліппем, менің әліппем! “А” деген бастап әріптен. Сөз құрап жаза бастадым Тақылдап таңба танып мен. Осылай алға аттадым. Әр әріпті жаттадым. Жаттаған сайын әріпті Сөйлем құрап жаза бастадым. Аяулым С Бар кітапқа бас болған «Әліппе»-ғылым анасы. Әліппеден басталған Даналықтың данасы. Бұрқыраған білімнің, Қайнар көзін көріп пе ең? Том-том қалың кітаптың, Басы болған әліппем. Әліппем, менің әліппем, Сені қолға алып мен. Есігін аштым мектептің Ертеңгі сәуле жарықпен. Абдуболат Әсем ою өрнекпен, Көмкерілген Әліппем. Сен болмасаң білімге, Бастайтын жолды біліп пе ем. Әліппе. -Ой, жарайсыңдар! Кербез Алфавиттің “А” тұрады басында, Әрқашанда “Ә” тұрады қасында. Байқадың ба “Б” тұрады үшінші, Ал осының сыры неде түсінші. А деген ол аналар ғой ардақты, Ә деген ол әкелер салмақты. Б деген ол балалар ғой әдемі Біздің елде үшеуі де кәделі. Д дегенім-достық, дарын, даналық. Темірлан Е дегенім-еңбек, ерлік, еліміз. Нұрмерей Ж дегенім-жолдас, жақсы жаңалық. Дильназ З дегенім-зейін, зерек, зергерлік. Гүлсапар И дегенім-игілік, иба, инабат. Баян К дегенім-кітап, кәсіп, кәмпит қой. Абдуболат М дегенім-мектеп, мақсат, мереке. Малика Дильназ Барлық әріп бағалы, Айттың әділ бағаны. Әріпсіз сөз болмайды, Буын онсыз толмайды. Адам барлық әріпті, Ардақтайды қолдайды. Әліппе. Ал енді, балалар, мен сендерді ары қарай білім нәрімен сусындататын өзімнің досыммен таныстырғым келеді. Ол үшін сендер осы уақытқа дейін алған білімдеріңді маған көрсетулерің керек. Менің қолымда бірнеше қағаз қиындылары берілген. Сол қағаздардың артында әртүрлі тапсырмалар бар. Мұғалім: Жақсы білім көрімдік, Болсын бізге халайық. Не үйреніп, не білдік, Кәне ортаға салайық! 1. Өлеңдер оқу. 2. Мақал-мәтел айту. Білекті бірді жығар, Білімді мыңды жығар. Аружан Оқу-білім бұлағы, Білім-өмір шырағы. Кербез Күш- білімде. Аяулым Өнерлі өрге жүзер. Малика Еңбек түбі-береке. Аяулым С Туған жердей жер болмас, Туған елдей ел болмас. Нұрмерей Талаптыға нұр жауар. Абдуболат Оқусыз білім жоқ, Білімсіз күнің жоқ. Гүлсапар 3. Жаңылтпаш оқу. Үш кіші ішік піштім, Бес кіші ішік піштім, Неше кіші ішік піштім. Аяулым С Қырда қырау, Қызыл ала бұзау. Тауда тарғақ, Тарғыл ала торпақ. Баян Шілікті шаптым, Жілікті астым. Шілікті жақтым, Жілікті шақтым. Нұрмерей Есет атам ет асатар, Ет асатса бес асатар. Абдуболат Шүрегей сүңгігіш пе, Сүңгуір сүңгігіш пе? Дильназ 4. Жұмбақтар шешу Жазу жазып жалықпаған Жаза-жаза арықтаған. Бор Алты қырлы, Алтын сырлы. Қарындаш Қабат-қабат қаттама, Ақылың болса аттама. Кітап Үйреткен ілімді, Қырық екі білімді. Алфавит Өшірді, сүртті, Өзгені құртты, Өзін де құртты. Өшіргіш Сақинаға қарайық, Ұқсайды оған қай әріп? О Білезікке қарайық, Ұқсайды оған қай әріп? С Қосылса 1 мен 3-тің арасы, Қандай әріп қарашы? В Қос бүйірін таянып, Тұратұғын қай әріп? Ф Ұқсайды өзі шалғыға, Елестет көз алдыңа. Ғ 5. Математикадан есептеулер, санамақ Оң қолымда 5 алма, Сол қолымда 5 алма. Барлығын қосқанда Болады неше алма. 10 Сол алманың үшеуін, Досың сұрап алады. Айтшы сонда нешеуі Өз қолыңда қалады? 7 6. Дүниетанудан сұрақтар 7. Көрініс Сабақтан үзінділер көрсету. 8. Ойын Әліппе: Міне, сендер қағаз қиындыларындағы тапсырмаларды дұрыс шешіп, келешекте сендерді оқытатын кім екенін білдіңдер. Ана тілі: -Сәлеметсіңдер ме, достарым! Балалар: -Сәлеметсіз бе, ана тілі! Ана тілі: Туған елдің тілімін, Ақылы мен таңымын. Түсіндірер бәріңе, Ана тілі пәнімін. Әліппе: -Ал, балалар, мен сендердің білімдеріңе ризамын. Ары қарай сендерді менің досым ана тілі оқытып, үйретеді. Сау болыңдар, балалар! Сабақты жақсы оқыңдар! Малика Қош бол, құтты әліппем, Көп нәрсені үйреттің. Таныстырып әріппен, Тақылдатып сөйлеттің. Аяулым Е Әліппем, менің әліппем. Өмірді келем танып мен Қайталап айтам мың рахмет, Өзіңе көп,көп рахмет! Темірлан «Әліппемен» қош айтысып қаламыз, Енді қолға ана тілін аламыз. Ата-ана қуанышқа ортақ бол, Сауатты боп шықты, міне, балаңыз. Таныстырған 42 әріппен, Қош бол, менің қасиетті Әліппем! Сенің арқаң оқи, жаза білгенім, Сауатты адам санатына енгенім. Ана тілі: -Балалар, сендерге әліппені оқытып, білім берген кім? Кербез Ең алғаш алғанымда Әліппені, Қызығып қарай бердім әріптерді. Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді, Ұстазым оның кілтін алып берді. Баян Келгенімде алдыңа, Қызыл арай гүл алып, Жақын тарттың жаныңа, Шәкіртім деп қуанып. Сипадың да басымнан, Әліппені ұсындың, Бақытымның осыдан, Басталғанын түсіндім. Аружан Атағым Алатаудай болып биік, Тұрса да төбесі өсіп көкке тиіп. Алдыңда әрқашанда тағзым етіп, Тұрамыз «ұстазым» деп басымызды иіп. Мұғалім: Рахмет, балалар! Ал, енді осы -Сендерге жарық сыйлаған кім? -Анам! -Жылатуға қимаған кім? -Ана! -Сендер ауырсаңдар қиналған кім? -Ана! -Ақ аналар жүріңдерші - Есен-аман! Ата-ананың тілегі Адам болып өскенің. Адамдықтың тірегі, Адал болып өскенің –деп келесі сөзді аналарға береміз. (Тілектерін айту, сыйлық беру) Ән «Ақ мамам» Енді балалардың бір-біріне деген тілегіне құлақ салайық. (Балалар бір-біріне лентамен тілек айтады. Лентаны ұстап айналып ән орындайды.) Ән «Бала тілегі» Ана тілі Мына №51 мектебінің шаңырағының астында ана тілімізді жұлдыздай жарқыратып, ешқашан сөнбейтіндей таза, шұбарламай сөйлейік. Нұрмерей Мектеп деген білім кені, жыр кені, Мектеп деген ғылымның ең үлкені. Мектеп деген тәрбиеші адамға, Мектеп деген даналардың мекені. Мектебім-білім берер алтын ұям, Ержетіп сенде сөзім, артты санам. Баулисың 11 жыл бойы ата-анамдай, Әрқашан қасиетті атың маған. Мұғалім: Ажырамай мектептен бір елі сіз, Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз. Сөз береміз құрметпен өзіңізге Балаларға арналсын тілегіңіз.-деп мектеп директоры _____________ береміз. Мұғалім: Жүздеріңнен көрем шаттық арайын, Болсын солай әрбір күнің, әр айың. Тойларыңыз құтты болсын, ата-ана, Тойларыңыз тойға ұлассын, ағайын!-дей отырып, ««Әліппе»-ғылым анасы» атты ертеңгілігімізді аяқтаймыз. | |
Просмотров: 2948 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|