Главная » Статьи » В помощь учителю » Казахский язык и литература |
Қарағанды қаласы, ЖББ №65 ОМ КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Масалимова Гаухар Аскарбековна Тақырыбы: Мұқағали мұрасы-халық қазынасы. Мақсаты: Ғасырлар тоғысында ғасыр ақын атанған Мұқағали Мақатаевтың ақындық жолы мен шығармашылығын оқушы жадында мәңгілікке тұрақтандыру. Міндеттері: Ақынның ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату; Ақын өлеңдерінің құндылығын ұғындыру; Талантты ақынды дәріптеу; Өнерге деген сүйіспеншіліктерін қалыптастыру; Халықтың асылдарын ұлықтауға баулу. Көрнекіліктер: М. Мақатаев жайлы слайд, бейнефильм интерактивті тақтадан көрсетіліп тұрады. Зал шарлармен, Мұқағали өлеңдері жазылған плакаттармен әдемі безендіріледі. 1-жүргізуші: Бүгін менің туған күнім. Ой, бәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай. Мына дүние неге жатыр үндемей?! Алаулатып тойдың шоғын үрлемей. Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып, «Мынау-шапан, Мынау-атың, мін» демей. 2-жүргізуші: Мына жұртқа жақпады ма әлденем?! Бекер өмір сүргенім бе, әлде мен? Халқым, Сенің қасиетіңді білем деп, Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!-деп жырлаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаев биыл 82 жаста. 2-жүргізуші: -Армысыздар, құрметті қонақтар, аяулы ұстаздар және оқушылар! Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешкен ақиық ақын, қазақтың күпі киген қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орайластырылып ұйымдастырылған «Мұқағали мұрасы-халық қазынасы» атты кешімізге қош келдіңіздер! М.Мақатаев өмірбаянына шолу. Бейнеслайд 1-жүргізуші: Мұқағали– қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік, ақиық ақын. Ақын поэзиясы талай жүрекке от берді, бозбаланың жыры, бойжеткеннің сыры болды. Оның жырлары оқырманымен бірге мұңайып, бірге шаттанды. Бар қазақтың жүрегіне жол тауып, ұлтымыздың «мәңгі өлмес мұрасына» айналды. Мұқағали өмірінен көрініс. Сахнадан Мұқағали шығады (көңілді, шабытпен) Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін, Алынбаған ақым бар, сенде менің Бұйрат құмдар бұйығып шөлдегенім, Бура бұлттар бусанып терлегенім Аспанындай кей сәтте күрсінемін Жас талындай жауқазын бүршік едім Кең дүние керемет қалпыңменен, Жүрек болып кеудеме кірші менің Байтақ ел. Балауса тау. Бозаң далам, Секілді бәрі менен көз алмаған Кең дүние, Кенде етсең, сыбағамнан Шырылдаған сәбидей мазаңды алам. Мазаңды алам! Мазаңды алам! Муза! Муза (жақын келіп) Ақын аға не дедің? Бар ма менің керегім?! Керек болсам мен сізге, Бақыттымын дер едім, Мына кітап сіздікі Оқимын да, толқимын Осы менің жаныма, Азығым да, қорегім Мұқағали қызға жақындап: Ұшар ма ең қанат байланып, Қалар ма ең ойланып! Келерме ең менің қасыма, Періштем боп айналып?! Қайтар ең, жаным? Мұқағали мен Муза Махаббат диалогы -Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің? *Сені іздеумен мәңгілік өтер едім. -Отқа түсіп өртенсем, не етер едің? *Күл боп бірге соңынан кетер едім. -Бұлдырасам сағымдай не етер едің? *Жел боп қуып, ақыры жетер едім. -Қайғы әкелсем басыңа не етр едің? *Қойшы , сәулем, бәрін де көтеремін. 2-жүргізуші: Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда: «...Ақынмын деп қалай мен айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым. Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын, — деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын. 1-жүргізуші: Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр. Қазір ақынның өзіне құлақ салайық. Бейнефильм. (2.45) 2-жүргізуші: Поэзия! Менімен егіз бе едің Сен мені сезесің бе, неге іздедім? Алауыртқан таңдардан сені іздедім, Қарауытқан таулардан сені іздедім. Сені іздедім кездескен адамдардан, Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан. Шырақтардан, оттардан, жалаулардан Сені іздедім жоғалған замандардан... ... Сені іздедім. Ӏздеймін тағат бар ма? Сені маған егіз ғып жаратқан ба?» Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз. Сахналық көрініс. Мұқағали: (Қарияға келіп) -Ассалаумағалейкум, ата! Қария: -Уағалейкумассалам! Апыр-ай, бұл күнде қазақша сәлем беретін бала бар екен -ау! Амансың ба, жарығым. Түрің түтеп тұр ғой. Не нәрсеге налыдың? Кімнің баласысың? Аты-жөнің кім, жарығым? Мұқағали: Баласы Мақатайдың Мұқағали, жас бала, жаман қатын, жұтаған үй... Нағыз соның өзі мен болам, ата! Қария: -Е, шырағым дүние бірден құралмайды, өмірден бүйтіп түңілме! Әкең бар ма еді? Мұқағали: Әкем соғыста қаза болған дейді. Мен соған сенбеймін, әкемнің майданға аттанған күні әлі есімде... 1941 жыл ақпандатқанда, Сыртта аяз Алдымызда үрей тұр соғыс дейтін Алапат, аспан жерді аттандатқан. Кеудемде содан бері сұрақ қалған, Сенбеймін әкең өлді дегенге мен, Себебі ол үйімізден тірі аттанған! Қария: Алла, тәңірі-ай, солай болған де! Сонда өзің нешедесің? Мұқағали: Мен 30-дан асып барамын. Дәлірек айтсам 35-темін! 35 жыл, Өмірді кезіп келем, Және 35 бола ма? Сезіктенем.... Әкем менің есімде шам түбінде. Және бір сәт есімде ақпандағы, Әкем отыр майданға аттанғалы. Бәрі есімде Дала, егіс, ауыл, мектеп Ұстаздар, интернаттың қатқан наны. Бәрі есімде далам да, тұрағым да. Тек есте жоқ күлдім бе, жыладым ба. Есімде жоқ, Бала боп өсіп пе едім? Болсам неге жылы сөз есітпедім? Есімде тек, білем жеңіс құстың, Біздің жаққа бір апта кешіккенін Осылай өскенмін, Мен солдаттың жандырып кеткен жалыны Сөнбедім де, өшпедім, Мен 35-темін. Қария: Біз ендеше 60-қа келдік, шырағым. Ал сен болсаң, 30-дан енді ғана асып барасың. Сен әлі баласың. Мұқағали: (сахнада жалғыз қалып, ақ қайыңға сүйеніп тұрады. Музыка.): Жапырақ жүрек жас қайың! Жанымды айырбастайын Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын. Келісесің бе, жас қайың! Сен-дағы жерден нәр алдың, Мен-дағы жерден нәр алдым Біреуден сен де жаралдың, Біреуден мен де жаралдым. Тілің жоқ, жанды қайың сен, Айырмашылығым-Адаммын Бар-жоғы менде бір жүрек, Ол өлсе мәңгі кеткенім Сендегі семсе мың жүрек. Келгенде жасыл көктемім Тірілер қайта дүркіреп. Жапырақ, жасыл жас қайың! Жанымызды айырбастайық. Адам боп жүрсең қасқайып, Қайың боп тұрам қасқайып, Тәуекел айырбастайық! 1-жүргізуші: Адам бар жерде поэзия бар. Табиғаттың таңғажайып құбылыстарын алдымен сезініп, ләззаттанып, жиіркенетін сол адам десек, ендеше поэзияның бүкіл болмысының өзі сол адамның ақыл парасаты мен сезім түйсігінен жаралған. 2-жүргізуші: Қазіргі кезде Мұқағали Мақатаев өлеңдерін жаттап, сусындап нәр алып өскен оқушыларымыз да аз емес. 5 сынып оқушыларын қарсы алайық! 1-жүргізуші: Мақатаев бүгінде ән болып аспанда қалықтап, жыр болып жұлдыздармен сырласып, сонау поэзия әлемінде шырқап жүр. Оның жырлары - әрбір адамның жүрегіне жол тапқан жалынды жыр, өлмес өлең. 2-жүргізуші: Ақын өлеңдерінің көкжиегін кеңейтіп, жұртшылықтың жүрегін, ықыласын аударып ала қоюының сиқыры, сыры- атамекенге деген махаббаты. Ән «Сарыжайлау» 1-жүргізуші: Бүгінгі назарларыңызға ұсынылған «Мұқағали мұрасы-халық қазынасы» атты әдеби кешіміз аяқталды. Келесі кездескенше сау-саламат болыңыздар! | |
Просмотров: 2824 | Комментарии: 5 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|