Главная » Статьи » В помощь учителю » Казахский язык и литература |
Жаңаша білім беру - заман талабы Қазіргі білім беру саласында заман ағымына орай жаңаша білім берудің әр түрлі жолдары іздестірілуде. "Педагогикалық құрамның сапасын көтеру, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру талаптарын күшейту қажет" деген елбасы жолдауына орай мемлекетімізде қолға алынған ҚР педагог қызметкерлерінің үшінші деңгей бағдарламасы бойынша біліктілік арттыру курсын аяқтап, білім беру саласында бірқатар оң өзгерістерді бойыма жинақтаған едім. Бұл оқыту жүйесі бойынша жеке тұлға бұрын білімді қабылдаушы, жинақтаушы болса, ал жаңа талап бойынша өздігінен білім алушы, үйрене білуші ретінде танылады. Қазіргі кезде жоғары білім беру жүйесін реформалаудың басты мақсаты- білімді игеру кезінде күтілетін нәтижелерге қол жеткізу. Мұнда басты назар оқытушыдан жеке тұлғаға ауысыды. Жеке адамның дамуы белгілі қоғамдық қолдау мен әлеуметтік қажетсінуді керек етеді. Бұл бағытта американ ғалымы А. Маслоудың идеяларына жүгінеміз. Адамның өзін-өзі өзектендіруі жетінші деңгейде қарастырылады. Яғни оқушы өз ақылына, сезіміне сүйене отырып, шешім қабылдауға үйрену керек. Сондықтан "Абай - қазақ даласының сұңқары" атты сабағымда құзіреттілікті қалыптастыруға баса мән бердім. Осы мақсатта Блум таксаномиясы арқылы құрылған бір сабағымды талдағалы отырмын. Блум танымдық салада алты деңгейді бөлді, атап айтқанда ол ең төменгі деңгей ретінде фактілерді қарапайым қабылдау мен танудан бастап анағұрлым күрделі деңгейлерге қарай жылжи отырып, ең күрделісі бағалау деп жіктеді. Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы осыған дейінгі алған білімдері болғандықтан қосымша берілетін тақырыптарды тереңдете түсу көзделді. Біз ғана емес, бүкіл әлем мойындаған Абайдың шығармашылығына жалпы шолу жасау мақсатында бұл сабақта Абайдың сан қырлы екенін берілген тапсырмалар арқылы ұғындыруға тырыстым. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деген екен: "Абайдың мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға деген көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс." Бұл тақырыпты таңдауда алдыма мынадай мақсат қойдым: Абай пікірлерінің құндылығына, өміршеңдігіне көз жеткізу. Шығармашылық жұмысқа баулу, адам атына лайықты азамат болып қалыптасуға тәрбиелеу. Түйінді ой айта білуге, өзіндік пікір қалыптастыруға жетелеу. Осындай мақсат қоя отырып өтілетін сабақтан мынадай нәтиже күттім: 1.Абай шығармаларының мәнін ұғынады; 2. Оқушылар шығармашылық жұмысқа төселеді;3. Ізденеді. Өмірмен байланыстырады. 4.Тілдік дағды қалыптасады. Сабақтың түйінді ойы ретінде Мұхтар Әуезовтың мына сөзін алғанды жөн деп таптым: " Бұл шығармада Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған ойшыл ұстаз тәрізденеді." Қолданылған әдіс-тәсілдер: сұрақ – жауап, талдау, миға шабуыл. Қамтылған модульдер: оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету, оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу. Барлық оқушыларды сабаққа тарту үшін топтық жұмыс таңдап алынды. Негізгі дерек көздері, құрал-жабдықтар ретінде қосымша материалдар, Абайдың өлеңдері, қарасөздері, афоризмдері алынды. Сабақта формативті, критериалды бағалау жүзеге асты. «Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бола біл» дегендей алған білім,біліктілігімізді оқушыға үйрету мақсатында өн бойымдағы алған өзгерістерді жеткізуге тырыстым. "Сұрақтардың толассыздығы аса маңызды болып табылады. Әуесқойлықтың қолданылуының себебі бар. Өмірдің , мәңгіліктің құпияларын немесе таңғажайып шындықтың құрылымын пайымдаған кезде шаттанбауға болмайды. Тек әр күн сайын, ең болмаса, осы құпиялардың сәл ғана бөлігін түсінуге әрекет жасау жеткілікті. Ешқашан әуесқойлықтың ұлы сезімін жоғалтпаңдар" деп Альберт Эйнштейн атап көрсеткендей сабақтың өн бойында баланың сыни тұрғыдан ойлауына жағдай жасап, өмірмен байланысты құнды сұрақтармен ой тастап отырдым. Тізбектелген сабақтар топтамасында оқушыларға сұрақ қою, негіздеу, болжам жасау мен үлгілеу дағдыларын жаттықтыру қажеттігін түсіндім. Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлауын дамыту мақсатында/қай тапсырма болса да/ мынадай үш негізгі сұрақ төңірегінде жұмыстануды жөн деп таптым. "Қалай? Қашан? Қандай?" Сонымен қоса ойластырылған тапсырмаларды оқушыларға қалай берем, қашан берем, қандай тапсырма берем деген сұрақтың төңірегінде жұмыстану айтарлықтай нәтиже береді деп айта аламын. Оқушылардың сабаққа деген құлшынысын арттырудың бір жолы- топтық жұмыс болды. Топтық жұмысқа жұмылдырудың нәтижесінде сынып оқушыларының барлығы дерлік сабаққа тартылды. Білу деңгейінде мынадай мақсат қойылды: Сабақтың тақырыбын айқындау.Қазақтың бас ақыны - ұлы Абай Құнанбайұлы жөнінде осыған дейінгі алған білімдеріне сүйене отырып нені білетіндіктерін анықтау. Ең алдымен оқушының назарын сабаққа аудару мақсатында Абайдың "Сегіз аяқ" әні электронды оқулықтан тыңдатылды. Әнді тыңдату арқылы, біріншіден , сабақтың тақырыбын ашу көзделсе, екіншіден сабақ басында балаға жағымды көңіл-күй сыйлау жағы да қоса қарастырылды. Оқушылар әнді тыңдай отырып, қиял әлеміне шарлайды. Тың идеялар дүниеге келді. Есеналиев Жасұлан деген оқушым "Апай бұл өлеңде Абай өмір сүрген дәуір көрініс тапқан ғой " десе, Кабылов Раймбек деген оқушым "Соңындағы болсайшы көпшіл деген жолы бүгінгі заманға да байланысты ғой" деп екеуара талқылау әңгімесіне ұласып, топтық деңгейге дейін көтерілді. Абайдың әні екендігін барлық оқушы тапты. Ол солай болуы қажет те, өйткені төменгі сыныпта /5,6 сыныпта/ қалыптасқан білімнің берілгендігі байқалды. Бұл жерде жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу модулі көрініс тапты. Топқа бөлу жағы да бүгінгі сабақпен байланысты болды. Осы мақсатта Абайдың "Ғылым таппай мақтанба", "Қыс", "Әсемпаз болма әрнеге" өлеңдерінің тақырыбы жазылған парақшалар арқылы топқа бөлінді. Әр топта бес оқушыдан болды. Орындарына жайғасқан соң әр топ өздеріне түскен өлеңнің алғашқы шумағын хормен айтып шықты. Бұл-топтық жұмыстың жеке жұмыстан айырмашылығын ұғындыру үшін ұсынылды. Бұдан соң өтілген тақырып бойынша сұрақтар ұсынылды. Оқушының жауабы критериалды бағаланды. Сонымен білу деңгейіне қойылған мақсаттан мен күткендіктен де жақсы нәтиже алдым. Себебі балалар арасында қызу тартыс туды. Мен "Сегізаяқ" әніндегі айтылмақ ойды табады деген нәтиже күткенмін. бірақ тақырып ол шеңберден шығып, оқушының бүгінгі өмірмен байланыстыру нәтижесінде қызу талқыға ұласты. Ән бойынша құнды пікір айтқан оқушылар сыныптастар арасында формативті бағаланды. Түсіну деңгейінде электронды оқулықтан Абайдың жиырма тоғызыншы қара сөзі тыңдатылды. Сонымен қоса әр үстелге парақшалар да қоса таратылды. Мақсаты: Абай Құнанбайұлының 29-қарасөзінің мәні мен мағынасын ашу,түсіндіру. Осындай тапсырмадан мынадай нәтиже күтілді: мақал-мәтелдердің орынды қолданылуын талқылайды. Мақал-мәтелдердегі түйінді ойды айқындай біледі.Оқушылар электронды оқулықтан тыңдаған соң Абай қарасөзіндегі айтылмақ ойды анықтады. Содан соң оның "дәлелін" мына кесте арқылы дәлелдеді: Бір оқушымның жасаған жұмысының үлгісі ұсынылды. Абайдың пікірі Менің пікірім/Дәулетиярова Дана/ "Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті"дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Абай пікірін толық қостаймын. Себебі ата-ана мен үшін өмірдегі ең қымбат жан. Өйткені олар маған өмір сыйлады, бар жағдайымды жасады. Сондықтан мен үшін дүниеден гөрі жанымда қолдап, қорғап жүретін ата-анам қымбат. Мен анамды ешкімге де, ешнәрсеге де айырбастамас едім. Осы мақалды қолдануда абай болайық. Қолдану деңгейінде Абай афоризмдерінің жалғасын тауып, асты сызылған сөзді орыс, ағылшын тілдеріне аудару тапсырмасы берілді. Мақсаты: Абай афоризмдерінің құндылығын көрсету.Тілдік дағдыларын пайдалану. Күтілетін нәтиже: Афоризмнің жалғасын таба алады. Орыс,ағылшын тілінде қолдана алады. Осы бағытта Абайдың мынадай афоризмдері берілді: Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге.Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез. Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз. Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын. Бойда қайрат, ойда көз, Болмаған соң айтпа сөз. Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның. Оқушылардың барлығы орыс тілінде аударды. Ағылшын тіліне аударуда балалардың қиналғанын байқадым. Сондықтан сөздікпен көп жұмыс жасау керектігін ескерттім. Талдау деңгейінде мынадай тапсырма берілді: Абай афоризмдері мен 29-қарасөзін салыстырып,өмірлік жағдаяттармен байланыстыру. Мақсаты: берілген тапсырманы ой елегінен өткізіп, салыстыру. Күтілетін нәтиже: Абай афоризмдері мен 29-қарасөзін салыстыра алады. Берілген тапсырманы өмірлік жағдаяттармен зерделейді. Оқушы Абайдың 29-қарасөзіндегі өзі қалаған мақал-мәтелдің біреуін алып, өзі сәйкес деп тапқан афоризммен салыстырып, байланыстырады. Мысалы Альфинур деген оқушым мынадай байланыс жасады. Математикалық формула түрінде көрсетіп, өз ойын ауызша дәлелдеді. Осы оқушымның жұмысын ерекше деп бағалап, сыныптастарына үлгі еттім. Мынадай ой түйіндеу сыни ойлаудың нағыз шыңы деп ой түйдім. Бойында дарындылықтың ұшқыны барын байқадым. Жинақтау деңгейінде өздері қалаған мақал- мәтел немесе афоризм негізінде көрініс сомдау тапсырылды. Мақсаты: оқушының дүниетанымын дамыту. Адами қасиеттерге тұжырым жасау. Күтілетін нәтиже: Өмірдегі әр түрлі жағдайлардан сабақ алады. Ұтымды пікірлер ұсынады.Әр топ өз деңгейінде орындап шықты. Топтар бір-бірін берілген критерилер бойынша бағалап, әр топтың нені айтқысы келгенін талқыға салып, адами қасиеттердің жиынтығын топтастырды. Бұл жерде басты назар құзіретті тұлға қалыптастыруға бағытталды. Яғни оқушы осы алған білімін ертеңгі күнде жарата алатындай жағдайға жетуі көзделді. Бағалау деңгейінде мынадай мақсат белгіленді: Оқушыны рефлексивті есеп жазуға, бағалауға үйрету. Күтілетін нәтиже: Оқушы рефлексивті есеп жазуды біледі, өзгені бағалайды. Ол үшін оқушыларға мынадай жетекші сұрақтар беріліді: -Бүгінгі сабақ саған әсер етті ме? -Сабақта қандай қиыншылықтар кездесті? -Қиыншылықты ненің көмегімен жеңдің? -Өзіңнің жауабыңа көңілің толды ма? Себебін ашып жаз. -Сен үшін бүгінгі сабақта кімнің жауабы сәтті болды? Профессор Джон Хэтти кез келген басқа факторға қарағанда, оқыту сапасына кері байланыстың көп ықпал ететінін көрсетті. Сабаққа көп араласа бермейтін, оқу үлгерімі орташа,көп сөйлемейтін Тастайбеков Ақжол деген оқушым былай деп жауап жазыпты: "Бүгінгі сабақ маған өте әсер етті. Өйткені мен топта жұмыстанып, өз-өзімді бағаладым. Мен үшін қиын болғаны бүгінгі өмірмен байланыстыру. Осы қиындықты мен сыныптасым Азаттың көмегімен жеңдім. Ол екеуміз бірге көрген жағдайды есіме салды. Сабақтағы жауабыма көңілім толды, себебі мен сабаққа көп араласа бермейтінмін. Ал осы сабақта мен өз-өзімді бағалау үшін тырыстым. Тапсырмалар да қызықты болды. Маған Альфинурдың жауабы қатты ұнады. Бәріміз шығарма түрінде жаздық, ал Альфинур формула түрінде түсіндірді." Осы оқушымның жауабынан сабақта мақсат қойып, одан нәтиже күту арқылы көп нәтижеге жетуге болатындығын түсіндім. «Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін, тек қана олардың оқуы үшін жағдай жасаймын» деген Альберт Эйнштейннің сөзімен келісе отырып, мынадай мақсатта жұмыстанғанды жөн деп шештім: мұғалім ретінде бағыттаушы рөліне еніп, соның нәтижесінде оқушылармен ынтымақтастықты арттырып, осы арқылы үйренуге бағытталған белсенді оқушы бейнесін қалыптастырып, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан, сыни тұрғыдан ойлай алатын, өмірлік жағдаяттарға даяр тұлға қалыптастыруға барынша ықпал ету. | |
Просмотров: 3624 | Комментарии: 2 | | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|