Главная » Статьи » В помощь учителю » Казахский язык и литература |
Қарағанды қаласы №23 орта мектеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жупышева С.Г. «Ән аға – Шәмші аға» атты ән кеші. Мақсаты: Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау,оқушыларды ән өнерін білуге тәрбиелеу,олардың сөйлеу тілін дамыту. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, музыка. Көрнекілігі:Ш.Қалдаяқовтың портреті, презентациялар, суреттер, Түрі: ән кеші Кештің барысы: 1-ші жүргізуші: Қадірменді ән сүйер қауым! Ән әлемінің падишасы, «Қазақ вальсінің королі» атанған халық артисі, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың шығармаларына арналған «Ән аға – Шәмші аға» атты концертімізді бастаймыз! Бүгін сіздердің алдарыңызда мектеп өнерпаздары дайындаған Шәмші әндері шырқалады. Ендеше, «Ақ ерке – Ақ Жайықтың» жағасында шалқып, «Бақыт құшағында» балқып, айдын көлде жүзгендей «Қайықтаның» сазында тербеліп, әсем ән мерекесін бірге тамашалайық! Шәмшінің әнін шырқасаң атар таң күліп, Жүректе қалар әуендері мәңгілік. Жылы нұр сеуіп жаныңа ләззат беретін Әндері-ай шіркін, Шәмшінің кетті жаңғырып! 2-ші жүргізуші: Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылында, Арыс өзенінің жағасында туған. Ол орта мектепті бітірген соң, Капыланбек малдәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны 1950ж бітіріп шығады. 1951-1954 жылдары Ресейдің Қиыр Шығысында әскери борышын өтейді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 1955 жылы Ташкент қаласындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, 1956-1962 жылдары Алматы қаласындағы мемлекеттік консерваториясының композиция факультетінде профессор В.Великановтың класы бойынша білім алады. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық қызметі 50-ші жылдардан басталған. Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса мол үлес қосқан сазгер. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиіп, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Шәмші Қалдаяқовтың «Сыр сұлуы», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бантик», «Теріскей», «Бәрінен де сен сұлу», «Арыс жағасында» т.б. көптеген әндері халық арасында кеңінен тарады. Ол жазған әндердің ұзын саны 500-ден асады. 1992 жылдан бері елімізде сазгерлер мен әншілердің Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестивальдері өткізіліп жатыр. Ш.Қалдаяқов туралы қаншама естеліктер жазылып, кітаптар шығарылып жатыр, ескерткіш орнатылып, көшелер мен оқу орындарының аты берілді, деректі телефильм түсірілді. 1967ж, 1971ж, 1978ж, 1981ж, 2000 жылдары Шәмші әндерінің әндер жинақтары шықты. 1-ші жүргізуші: Шәмші Алматыда үйсіз, күйсіз жұмыссыз қиналып жүрген кезінде ауылдан анасы Сақыпжамалдың қайтыс болғаны туралы хабар алады. Бұл 1958ж еді. Сонда Шәмші үйіне жететін ақша таба алмай қатты қиналыпты. «Ана туралы жыр» әні сол кезде туған ән еді. Оны Шәмші ағамыз парктің ішінде қайғырып отырып шығарған екен. Бірақ, бұл ән тек Шәмшінің ғана анасына емес, барша қазақтың ақ жаулықты аналарына арналып шығарылған десек артық айтқандық емес. Себебі бұл әнді айтып тұрып әркім өз анасын еске алары сөзсіз. Қазір сіздерге «Ана туралы жыр» әнін Тезекбаев Казбек, Мустафин Айдос, Калиакасова Айгерім орындап береді . Әннің сөзін жазған Ғафу Қайырбеков. 2-ші жүргізуші: Көп жылдар бойы айтылмай, иесі табылмай, тасада қалып қойған әндердің бірі Қадыр Мырзалиевтың сөзіне жазылған «Сыған серенадасы». Бұл әнді архивтің ішінен ақтарып алып шығып, қалың елге танытқан әнші Тоқтар Серіков екенін бәріміз білеміз. Бүгін №23 орта мектеп төрінде шырқалатын «Сыған серенадасын» әнші қыздарымыз Қалиақасова Айгерім, Зайцева Анастасия орындайды. Солармен бірге алдарыңызда бишілер тобы! 1-ші жүргізуші: «Шынарым» әні аса көңілді, эстрадаға артисі Сара Тыныштығұлованың орындауына арнап жазылған ән болатын. Қай кезде де «Шынарымға» бәрі билеген. Қазір сіздерге бұл әнді әншілер тобы орындап береді. Дурмагамбетов Аслан, Сулейменова Алина, Петрова Юлия, Есинбекова Асия, Цыганкова Алина. Қабыл алыңыздар! 2-ші жүргізуші: «Ақ бантик» әні сыйға тартылған ән. Оны Шәмші Қалдаяқов ең алғаш өзі орындап бір тойда жолдасына сыйға тартыпты. «Ақ бантикті» тыңдасақ, қыздардың ұлдардан гөрі тезірек ержететіні есімізге түседі. Алдарыңызда: 8 В сынып оқушыларының тобы Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні «Ақ бантикті» орындайды. 1-ші жүргізуші: Қазақ бар жерде Шәмші бар, Жасайды бізбен мәңгілік. Шырқалса, Шәмші әндері Атқандай еді таң күліп. Сұлу Арыс сулары, Еркелеп ағар тербеліп. Ғашықтар жүрді жағада Жүрекке әнмен дем беріп. Шәмшінің ең танымал әндерінің бірі «Арыс жағасында» Арыстың жағасында туған бұл әнді кім білмейді?! Бірақ, бұл әнді де кезінде өкімет қиянаттың қыспағына алып, радиоға, теледидарға жібермей қойыпты. Сол кезде Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов студияға тығылып кіріп жасырын түрде өлеңді радиоға жазып, биліктің рұқсатынсыз радиодан беріп жіберіпті. Міне, сол кезде бұл әннің қазақ халқына қалай ұнағанын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Ән сол сәтте-ақ халықтың жүрегінен жол тапты. Біз бүгін бұл әнді көрермен қауымға айтқызамыз деп шештік. «Арыс жағасында» әнін қыздар тобының орындауында. Шалина Адина, Пак Александра, Петрова Юлия и Есинбекова Асия. Шәмші ағамыздың аруағы бізді қолдайтыны сөзсіз! 2-ші жүргізуші: Халық Шәмшіні «Қазақ вальсінің королі» деп бекер атамаса керек. Оның көптеген әндері вальс ырғағына жазылған. Шәмші әндеріне вальс билемеген жан бар ма? Біздің әке-шешелеріміз осы вальстердің ырғағында жүріп бір-бірімен танысып табысты емес пе? Сонымен, алдарыңызда тағы да вальс! «Қуаныш вальсі»әні . Орындайтын Зайцева Анастасия. Вальсті орындайтын бишілер тобы . 1-ші жүргізуші: Отыз жыл бойы айтушысын күтіп тасада қалып қойған бір ән бар. Ол «Өмір-өзен»деп аталады. Әнді қиын болса да сахнаға шығаруға тырыстық. Әннің сөзін жазған ақын Мұхтар Шаханов. Орындайтын Зайцева Анастасия , Федорук Валерия. 2-ші жүргізуші: «Менің Қазақстаным» әнінің шығу тарихы былай болатын. Сол кездегі өкімет басындағылар Ш.Қалдаяқовқа коммунистік партияны мақтап ән жаз деп тапсырма береді. Сонда Шәмші ағамыз Жұмекен Нәжімеденов екеуі бірігіп «Менің Қазақстанымды» жазып апарып береді. Әнді дайындап апарған кезде «мынау өлеңіңнің ішінде партия туралы бір де бір сөз жоқ қой, мынаны қабылдамаймыз, кейбір сөздерін өзгертіп партияны кіргіз» деп өлеңін лақтырып жібереді. Сонда Шәмші ағамыз «менің әндерім халқыма ұнаса болды, партияға ұнамаса қойсын» депті де бір сөзін де өзгертпестен қалдырыпты. Тіпті ол өте көрегендікпен «Бұл ән қазақтың әнұраны болады» деп айтыпты. «Менің Қазақстанымды» жаттамаған бала жоқ, айтпаған қазақ жоқ! Халық оны өзі әнұран қылып алды. Ал, 2006 жылдың қаңтар айында халық қалауы болған «Менің Қазақстанымның» кейбір сөздеріне түзетулер енгізіліп Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып қабылданды. Әнұранның сөзін жазғандар Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, әнін жазған қазақтың ұлы сазгері, ән падишасы, Қазақстанның халық артисі Шәмші Қалдаяқов. «Менің Қазақстаным» орындалады. Сахнаға орындаушылардың бәрін шақырамыз.(Әнұран айтылады). Осымен сіздерге арналған «Ән аға – Шәмші аға» атты ән кешімізді аяқтаймыз, келіп тыңдағандарыңызға көп-көп рақмет! Осы кешті өткізуге атсалысқан, көмектескен әнші-бишілерімізге, мектеп ұжымына көптен көп алғысымызды білдіреміз. | |
Просмотров: 10778 | Комментарии: 1 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|