Главная » Статьи » В помощь учителю » Казахский язык и литература |
НӘТИЖЕЛІ САБАҚ КЕПІЛІ – ТИІМДІ ЖОСПАРЛАУ Бүгінгі күні сындарлы оқыту мұғалімнің ой-пайымы мен ұстанымына ерекше маңыз беруде. «Егер де сен кеме жасағың келсе – адамдарды шақырып, жұмысты жоспарлаудың, бөліп берудің, құрал-саймандарды тауып берудің қажеті жоқ. Адамдардың шексіз теңізге деген ынта-ықыласын асқындыра ояту керек. Сонда олар өздері-ақ кеме жасап алады...» (Антуан де Сент-Экзюпери). Расында да тиімді оқытуда жас жеткіншектердің оқуға деген қабілеттеріне және ынтасына әсер ету, сыныптағы жағдай мен қарым-қытынас (когнитивті, эмоциялық және әлеуметтік) арасындағы байланысты түсіну тек мұғалімдердің демеуі мен қолдауы арқасында жүзеге асатыны белгілі. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамның филиалы Қарағанды облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында курстан өткен мұғалімдердің тиімді жоспарлау дағдысын жетілдіру мақсатында желілік қоғамдастық аясында серіктестік әдістемелік көмек беру әрекеттері жалғасын табуда. Курстан кейінгі қолдау аясында мұғалімдердің сабақтарын бақылау барысында табысты қол жеткізіп жатқан және әлі де ойлану мен жетілдіруді қажет ететін тұстар анықталуда. Атап айтқанда, оқу мақсаты және күтілетін нәтижені саралауды, белсенді оқыту әдістері мен тапсырмаларды оқу мақсатына жетуге бағыттауды, жұптық және топтық әңгіменің сапасын арттыруды, кері байланысты тиімді қолдануды; оқушыларға қалай оқу керектігін үйрету мақсатында өзара бағалауды және түсіну дәрежесін бағалау үшін қалыптастырушы бағалауды орынды қолдануды қажет етеді. Сол себепті бұл жетілдіру тұстарды дамыту мақсатында мұғалімдерге сабақты жоспарлауды қайта қарау қажеттілігі туындап отыр. Демек, мұғалім сабақтың толыққанды жоспарын жазуда, ең алдымен, сабақтың тақырыбын, одан кейін оқу мақсатын айқындап алғаны жөн. Мақсат, көбінесе, мұғалім жалпы неге қол жеткізгісі келетіндігін сипаттау үшін қолданылады. Дұрысы – мақсатты оқушылардың бір сабақ ішінде нені үйреніп шығуына қарай бағыттап қою керек. Егер оқу мақсаты оқушыға түсінікті болса, онда оның сабақтағы іс-әрекеті аса белсенді, саналы және нақты нәтижеге қол жеткізуге бағытталған болады. Оқушылардың оқуға деген ынта-ықыласын олардың сабаққа мақсат қою сәтіне қатыстыру арқылы арттыруға болады. Тәжірибе бойынша оқу мақсаттары мен күтілетін нәтиже Блум таксономиясының танымдық мақсаттарына негізделіп құрастырылуда. Жоспарлау тиімді болу үшін мұғалімдерге аса маңызды мән беруді қажет ететін ол – тілдік мақсаттар. Әр пәннің өз тілдік стилі бар, оны нақты бір пәннің «ғылыми тілі» деп атауға болады. Тілдік мақсаттар мұғалімдер мен оқушыларға оқуға деген ынтаны қалыптастыруға, өлшеуге және қолдауға көмектеседі. Оқушылар сабақта ауызша дәлелдеу, талқылау және басқаларды иландыру қабілеттерін дамыту үшін ұсынылған тақырыпты қарастырады. Сабақ кезеңдері құрылымына қарай төмендегідей үшке бөлінеді: сабақтың бастапқы бөлімінде оқушылардың зейінін шоғырландыруға, белсенділігін арттыруға, тақырып бойынша қызығушылығын оятуға, шағын топқа біріктіруге, тақырып бойынша бастапқы білімдерін бағалауға бағытталған тапсырмалар қарастырылса, негізгі, яғни мағынаны тану бөлімінде жаңа білімді игеру мен қолдану, түсінуін тексеру, пайымдау кезеңі жүзеге асырылады. Жаңа білімді игеру мен қолдануда – оқылатын фактілер, негізгі мақсаттар, ережелер туралы нақты көріністер беру; жаңа білімді қабылдауға және бастапқы қорытындыларға әрі жүйелеуге жеткізу тапсырмалары болса, түсінуін тексеруде -– оқушы тақырып мазмұнын игерді ме немесе жоқ па екенін және жаңа түсінігімен байланысын белгілеу, табылған проблемаларды жою тапсырмалары қамтылмақ. Жаңа материалды бекітуде, ойтолғаныс бөлімінде материалдар бойынша өзіндік жұмыстар үшін қажетті білімді бекіту тапсырмалары орындатылады, рефлексия . Оқу мақсаты мен табыс критерийлерін айқындап болған мұғалім келесі кезекте оқу мақсатына жетуге бағытталған жаттығуларды айқындағаны дұрыс. Жаттығулар сол тапсырманы орындау стратегияларына негізделеді. Сабақта қолданылатын барлық тәсілдердің өзіндік мақсаты болуы керек. Алайда сабақты түрлі формалар және әдістермен тым толтырып жіберу оқыту мақсатына жеткізуге әкеле бермейтінін ескергеніміз де жөн. Сондықтан оқушылардың сабақта оқу еңбегін тиімді ұйымдастыру, білімімен қатар біліктілігін қалыптастыру қажет. Бұл маңызды міндеттер қазіргі адам қызметінің сипатына байланысты туындайды және олар мұғалімнен оқытудың тиімділігін арттыру жолдарын үнемі іздестіруді талап етеді. Сабақтың тиімділігін арттыру жолдарының бастылары: оқушылардың оқу материалының негізін сабақтың өзінде меңгеруі тиіс, бірақ бұл негіздер кездейсоқ емес, саналы игерілуі керек; ұжымдық жұмыс кезіндегі әр оқушының барынша дамуына мүмкіндік туғызу; сабақтың белгілі бір құрылымның болуы. Бұл жағдайда жұмыстың сыртқы жағы (сұрау, түсіндіру, бекіту) емес, оның ішкі құрылымы оқушыларға білінбейді, бірақ оны мұғалім нақты ойластырғаны дұрыс; сабақта оқушылардың өз бетіндік жұмыстарының үлесін арттыру; сабақтың тиімділігін көтеруде көп жағдайда пәнаралық және пәнішілік байланысты сақтау; сабақтың тиімділігі, көбіне оқушылардың жалпы-интеллектуалдық біліктілігінің (бәрінен де есептеу және оқу дағдысы) деңгейімен анықталуы. Қазір тиімді оқыту идеясы мен жаңартылған білім беру мазмұнының оқыту үдерісіне енуіне байланысты рефлексияның педагогикадағы алатын орнының мәні арта түсіп, жеке тұлғаның және білімді дамытудың шарттарының бірі болып отыр. Рефлексияны әр түрлі жүзеге асыруға болады, әрине, әр тақырыптың соңында, сабақ кезеңдерінің аралығында, тарау аяқталғанда. Ол бірте-бірте оқушының ішкі рефлексиясына ұласады. Бүгінде білім беру жүйесінің ерекшелігі – білім алушының қандай да бір іс-әрекетке құзіреттілігін дамыту, арттыру, қалыптастыру. Біз оқушының білімін, біліктілігін, дағдысын бағалаудан оның құзыреттілік қасиетінің қалыптасуын бағалауымыз керек, қазір оқушылардың білімділігі ғана басты рөлде емес, басты орында оқушының құзыреттілігін, оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасау, өзін-өзі дамыту, өзіндік білімін көтеру сияқты мақсаттар қойылған. Сол себептен оқытуға деген көзқарас өзгергендіктен, оқыту нәтижесін бағалау да жаңа бағытқа ие болуда. Қорыта келе, тиімді жоспарлау - мұғалімнің оқыту мен оқу тәжірибесін жетілдірудің, оқушыны үнемі ойда ұстау арқылы олардың табысты оқуына ықпал етуге мүмкіндік берудің, яғни сапалы білім беру негізі. Тойымбекова Ж.Б. «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ | |
Просмотров: 2199 | Комментарии: 3 | | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|