Главная » Статьи » В помощь учителю » Казахский язык и литература |
«Көкірегімде төрт сәуле бар төрт бақыттан тұратын...» ( М.Шаханов шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш) Ж.А.Тауғұдретова, №2 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ақмола облысы Ерейментау қаласы Кештің мақсаты: • Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Мұхтар Шаханов шығармашылығының терең иірімдеріне үңілу, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге баулу; • Адамгершілік, рухани қасиеттерді оқушылар бойына сіңіру, отансүйгіштік сезімдерін шыңдау; Кештің көрнекілігі: кітаптар көрмесі, ақын портреті, ақын туралы лебіздер жазылған плакттар, интерактивті тақта Мұғалім: Көкірегімде төрт сәуле бар төрт бақыттан тұратын, Төртеу – менің мұратым. Төртеуінен алма-кезек нұр алам. Біріншісі – туған елім – ұлы анам. Екіншісі – ғазиз анам, саулығымды сұраған. Бірақ маған екеуі де бір адам. Үшіншісі – намыс үшін беріспеген күндерім, Жанған отты өшіруге келіспеген күндерім Тағдырымның жанарынан жеңіс көрген күндерім, Сүрінгенді сүйеймін деп, құлап қалған кездерім Бәрі, бәрі жомарттығым, адалдығым сондағы Кеудеме кеп жиналды да, бақыт болып орнады. Төртінші ме? Төртіншісі сәл тайқыса болар мұң Маған деген адалдығы ол, мені сүйген адамның, - деп жырлаған қазақ халқының ардақты азаматы, ақиық ақыны Мұхтар Шаханов шығармашылығына арналған әдеби-сазды кешімізді ашуға рұқсат етіңіздер. 1-оқушы: Туған жылы: 1942 жыл 2 шілде Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылы Қызмет жолы: – трактордың тіркеушісі; – Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректор, әдеби қызметкер; – «Лениншіл жас» газетінде оңтүстік облыстар бойынша меншікті тілші; – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы; – Республикалық «Жалын» журналының бас редакторы; – КСРО халық депутаты, КСРО Жоғары Кеңесінің мүшесі, ҚР халық депутаты; – Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1994ж.) – Қазақстанның халық жазушысы (1996ж.) 2-оқушы: Шығармалары дүние жүзінің қырықтан астам тіліне аударылған, қазақ тарихында және әлемдік әдебиетте өз орны бар Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың туындыларын жас та, кәрі де іздеп жүріп оқиды десек қателеспейміз, тіпті қазақ халқының бірнеше ұрпағы Шаханов шығармаларын жаттап өсті деп сеніммен айта аламыз. 3-оқушы: Дұрыс айтасың, ақын өлеңдеріне жазылған әндерді қалай әуелете шырқады десейші! Сол әндердің біреуін тыңдап көрсек... М.Шаханов өлеңіне жазылған Ә.Бейсеуовтің «Жайықтан қайтқан тырналар» әні орындалады. 4-оқушы: Ақын аға есімінің Мұқтар болуының да өзіндік сыры бар. Өз есімінің Мұхтар қойылуын ақын «Мені неге Мұхтар қойған» өлеңінде былай деп жырлайды... «Мені неге Мұхтар қойған» өлеңі оқылады. 1-оқушы: Мұхтар шығармаларының ерекшелігі, адамды селт еткізер тұсы - өлеңнің ішкі мазмұны, өлеңдегі ойдың тереңдігі мен көкейкестілігі. Табиғатында суреткерлік қасиеті басым болғандықтан ол ашынған жүрек, ақырған ашу, қан жылаған қайғыны мезгіл, мекенсіз өлеңнің өзегіне итере салмайды, соған әкелген жағдай мен заманды, тарих пен тағдырды баяндап, тұтас бір өмір келбетін жасайды. Айтар ой, айшықты сезім кейіпкер тағдырымен, ақынның өз тағдырымен тікелей астасып жатады. Келесі оқылатын өлеңдер осының куәсі. «Түркістан» «Отырар» 2-оқушы: М.Шаханов ой маржанын бүкіл әлемнен, ал поэзияның бастауларын халықтық жырдан іздейді. Мұхтардың «Жеңілген жеңімпаз хандығы Отырар дастаны немесе Шыңғысханның қателігі» атты шағын поэмасындағы қираған қаланың тағдыры бүгінгі халық тағдырымен тікелей астасып, ұрпаққа ауыр да абыройлы жауапкершілік жүктегендей болады. Сатқындықтың құрбаны болған Отырар ойран болды. Осы кезге дейін дауасы табылмаған сатқындық туралы, адам бойындағы ең жек көрінішті қасиетті ақын осылайша өз жырына арқау етті. «Жеңілген жеңімпаз хандығы Отырар дастаны немесе Шыңғысханның қателігі» поэмасы бойынша сахналық көрініс 3-оқушы: Мұхтар Шаханов «Желтоқсан оқиғасына» орай азаматтық әрі парасаттылық көрсетті. Өзі айтқандай: Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ, Ал, біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қоры жоқ. Кемсітпекші «желтоқсанның жалаң аяқтары» деп Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от, Тұрған олар аяз сорған қызыл беттің ары боп, Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп. Мұхтар Шаханов жайлы қандай еңбек жазылса да, Желтоқсан оқиғасы мен ақын Мұхтар есімі қатар айтылары анық. Халық намысы жер етілген сол жылдары Мұхтар Шаханов болмағанда күні бүгінге дейін Желтоқсан оқиғасына қатысты мәселелердің кейбірі, бәлкім, әлі де жабулы қазан күйінде қалар ма еді? Желтоқсан оқиғасы Мұхтардың азаматтығының, парасаттылығының, нағыз халық ақыны екендігінің айшықты мезеті болғаны аян. «Желтоқсан алаңы» өлеңі 4-оқушы: Мұхтар Шаханов - өз әріптестерінің арасында да өте жоғары бағаға ие болған ақын. Ол туралы лебіздердіі тыңдасақ: 1-оқушы: Мұхтар Шаханов - өзінің адасқақ дүлей дәуірінің белсенді ар-ожданы. Оны билік тұғырындағылар бағалай қояр мекен? Бірақ мен осындай азаматтың өзіме жақын дос екенін мақтан етемін. Расул Ғамзатов 2-оқушы: Ашық айтар болсақ, бүгінгі өз замандастары арасында Еуропада Шахановқа тең келер ақын жоқ. Роберто Чиули 3-оқушы: Ол – жаңаша ойлау дүниесінің өрені. Менің пайымдауымша, мұндай өзгеше мән-мазмұнға ие ақын бүгінге дейін күллі Азия әдебиетінде болған жоқ... Нақ осындай заңғар деңгейдегі ақын XX ғасыр мен XXI ғасыр аралығында бой көрсетуі керек –ақ еді. Ол ақынның Мұхтар Шаханов екені даусыз. Шыңғыс Айтматов 1-оқушы: Ақын Олжас Сүлейменовке арналған мына өлең ақынның достықты қадірлей білетіндігіннің айғағы іспеттес. «Біз әрқашанда біргеміз» өлеңі 2-оқушы: Өзендер мен көлдердің Көлден шалғай шөлдердің, Биіктер мен алыптардың Жылулар мен жарықтардың арасын жалғап келген бір ән бар, - деп ақынның өзі жырлағандай, оның көп өлеңіне ән де шығарылған. Көпшілікке танымал бұл әңдердің сөзін жазған М.Шаханов екенін біле бермеуіміз де мүмкін. Бұл әндер: «Айналайын», «Арыс жағасында», «Әке туралы жыр», «Кешікпей келем деп едің», «Ақ бантик» және тағы басқа көпшілікке танымал әндер. «Арыс жағасында» әні 3-оқушы: Безбүйрек нарықтың бәсейтіп даңғырын, Зарланған, қорланған туған тіл тағдырын Космополит басшылар шешпей ме, шеше ме? Тіліміз қала бере ме панасыз адамдай көшеде? Ұлт үшін қазір бұл – Нөмірі бірінші мәселе. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. «Тіл мен рух» әні орындалады 4-оқушы: Құдіретті төрт анамыздың барын бағамдатып, төрт тілек тағанымызды түгендеп берген де Мұхтар Шаханов. Ол өз шығармаларында туған жер құдіреті, ата-баба дәстүрі туралы терең танымдық түйіндер жасайды. «Туған жер» «Төрт ана» өлеңдері оқылады Мұғалім: Мұхтар Шаханов поэзиясы – бұл адамгершілік поэзиясы, бұл – намысты жанитын, рухты оятатын поэзия. Бүгінгі кешімізден соң ақын шығармашылығына деген қызығушылықтарыңыз оянса, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Кешті ақынның мына өлең жолдарымен аяқтағым келеді: Ән туады мұраттан, Ой туады сұрақтан, Небір үлкен өзендер басталады бұлақтан. Бірақ соның барлығы жете алмайды теңізге, Жоғалтады өзді-өзін, түседі де көп ізге. Өмір кейде тым қатал, өмір кейде тұйықтау, Кей өзеннің жолына бөгет болды биік тау. Небір асау, асығыс, шулы өзендер ақ тарлан Арып-арып барған да, құмға сіңіп жоқ болған. Жолсыздық пен жөнсізді жалықты көз көруден, Құтқар анау өзенді құмға сіңіп өлуден. Құтқар анау аққуды сол өзеннен жеруден, Ағын судан зерігіп, шалшық суға сенуден. Өзен болу - үлкен сын, Бақыт емес ол да аса Теңізге ағып баруға мүмкіндігің болмаса. | |
Просмотров: 7599 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|