Главная » Статьи » В помощь учителю » Физика |
Алия Омарова №31орта мектептің физика пәнінің мұғалімі ШҚО , Семей қаласы Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттердің бірі- жастарға терең білім мен тәрбие беру. Ал, оның негізі жалпы білім беретін мектептердің оқыту үрдісін жақсарту болып табылады. Оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін сапалық есептер шығару өте пайдалы. Сапалық есептерде математикалық күрделі өрнектер жоқ , сондықтан оқушы есеп шығаруға да дағдыланады , үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс жасауға мүмкіндік мол . Сапалық есептерді шығара отырып оқушының пәнге қызығушылығы артады. Физика сабағында оқушылардың қызығушылығын пәнаралық байланыс арқылы және қоршаған ортада жиі кездесетін құбылыстар арқылы жүзеге асыру - оқыту технологиясындағы қажетті тәсілдердің бірі. Мысалы, «Дыбыс толқындары» тақырыбын өткенде музыкаға әуес оқушыларға мынадай құбылыстарды түсініп барып , осы тақырып бойынша есептер шығару өте қызықты болатындығы анық. Физикада дыбыс тонының биіктігі тербеліс жиілігімен сипатталады. Секундына 1000-1200 тербелістерді қобыз, скрипка, орган, жетіген, рояль шығара алады. Әйел дауыстары одан да биік. Бұндай дауысқа халық әншісі Бибігүл Төлегенова апамыздың дауысы жатады. Дыбыс секундына -2018 тербеліс жасайды.Осындай мағлұматты бергеннен кейін оқушыларға есепті шығартқан дұрыс болады. Мәселен, рояльдың жиілік диапазоны 90 Гц пен 9000 Гц аралығында. Ауадағы дыбыс толқындары ұзындықтарының диапазондарын табыңдар. Есептерді шығару барысында үлгерімі төмен оқушыға есептің мазмұны жақсы түсінікті есептерді беру арқылы оның ынтасын арттыруға болады. Мәселен , «Дененің еркін түсуі. Еркін түсу үдеуі» тақырыбын түсіндіру барысында «Тас құдық түбіне 4с-те құлап түсті. Құдықтың тереңдігі қандай екен ?» -деген сияқты сұраққа жауап іздеу арқылы есепті шығаруға болады. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында сабақта , үйірме сабақтарында немесе үйге тапсырма ретінде оларға физикалық ертегі немесе әңгіме құрастыру олардың ойлау қабілеттерін шыңдай түсетіні анық. Бұл оқушылардың сөздік қорын молайтуға , өз бетімен дербес жұмыс істеу дағдысын дамытуға көп септігін тигізеді. Жылу құбылыстары тарауы бойынша оқушылардың білімін Шығайбай ертегісін , осы ертегіге байланысты суреттерді пайдалана отырып толықтыруға болады. Алдаркөсе қандай айла-тәсілмен байдың тонын алып қалды? –деген сұрақты қоя отырып , оның физикалық тұрғыдан түсіндіре кету керек. Алдаркөсенің ішкі энергия есебінен терлеп-тепшіп тұрғандығын , неліктен байдың тонын киіп алды?-деген сұрақ қою арқылы әр түрлі заттардың жылу өткізгіштігі тақырыбы бойынша , түлкі ішік , түлкі тымақ жүндерінің арасында ауа болатындығын , ал ауаның жылуды нашар өткізетіндігі айтылады. Физика сабағын оқушының қызығушылығын арттырып , түрлендіре жүргізсе, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Ең басты мақсат- оқушының сабақта үндемей отырмауын қадағалап, сабақты баяу қабылдайтын, түсінбейтін балалардан жиі сұрап, көбірек қозғап отыру керек. Халықтық педагогиканың бір саласы – ұлттық ойындар. Қазақ халқының ұлттық ойын түрлерін өтетін тақырыпқа лайықтап пайдалану- тасада қалып келген дәстүрлерімізді қайта жандандырып , ұрпақтар бойына сіңіруге үлкен көмегін тигізеді. Сонымен бірге оқушылар халқымыздың өткен тарихына ойлы көз тастап , қарым-қатынасты, салт-дәстүрлерді саналы түрде сезінеді. Оқушылардың физика сабағында пәнге ынтасын арттыруда, белсенділіктерін дамытуда пайдаланып жүрген ойын түрлерін келтіре кетсек. Қазақтың «Қыз қуу» ойыны салт-дәстүріміздің бір түрі. Осы ойын шартын оқушыларға айта кетіп, сабағымызда оны қандай түрде орындайтынымызды түсіндіреміз. Тақтаға бір ұл, бір қыз шығып , тарау бойынша формулаларды тездетіп жазып шығады. Егер ұл бала формулаларды бұрын жазып бітсе , қызды қуып жеткен болып есептеледі , ал қыздан қалып қойған жағдайда айып төлеу ретінде қыздың қойған сұрағына жауап береді. Арқан тарту ойынында бір топтың ғана жеңіске жететіндігін Ньютонның үшінші заңына байланысты деп түсіндіре кетуге болады. Бала ойынмен өседі. Осыны жақсы түсінген балаларымыз ұлттық ойынның небір түрлерін ойлап тапқан. Асық ату ойыны көне заманнан қазірге дейін жалғасын тауып келе жатқан ойын түрі. Бұл ойын түрімен әсіресе ауыл балаларының барлығы жақсы таныс. Осы ойын түрін білген оқушы мына бір есептің мазмұнын жақсы түсініп , есеп шығару барысында қиыншылық көрмейтіні анық. Массасы 20 г асық 0,5 м/с жылдамдықпен қозғала отырып, массасы 9г тыныш тұрған асыққа соқтығысады. Соқтығысқаннан кейін бірінші асықтың жылдамдығы 0,2 м/с –қа өзгереді. Екінші асық қандай жылдамдықпен қозғалысқа келеді? Сабақ барысында мақал-мәтелдерге де көңіл бөлініп оларды физикалық тұрғыдан талдау тапсырылады: «Қазан отпен, адам әрекетпен қызады» , «Көсеу ұзын болса қол күймейді» , «Аузы күйген үрлеп ішеді». Мақалдың тәрбиелік мәні, жіберген қатеңді екінші рет болдырмауға , ол қатеңнен тиесілі қорытынды жасай білуге меңзесе, физикалық тұрғыдан ыстық нәрсені үрлесек , содан кебу процесі тездетіліп, нәтижесінде оның температурасының төмендейтінін ұғуға болады. Оқушылардың жалпы және жеке ойлау ерекшеліктерін қалыптастыру мен дамыту арқылы ғана қазіргі дүниенің ғылыми бояуын олардың бойына сіңіруге болады. Ал, ойлау үрдісі ғылыми ұғымдар жүйесінің қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты және керісінше , ұғым дегеніміз-ой. Әрбір оқушы оқу материалын шығармашылық деңгейде игере алады, яғни шығармашылық қабілетін дамытады. Бұл үшін оның шығармашылық ойын дамыту негізінде оқуға, яғни өздігінен білім алуға үйрету қажет . Қоршаған ортамен тығыз байланыстағы кез-келген табиғат құбылыстары шығармашылық жұмыстың бастауы бола алады. Әрбір жеке тұлғаның ақыл-ойының , шығармашылығының дамуына жағдай жасай білуіміз қажет. Оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп , олармен бірге үйірме жұмыстарын жиі жүргізіп, оны қызықты етіп өткізу әрбір саналы ұстаздың міндеті. Сабақ- шығармашылық еңбектің жүзеге асырылатын басты орны болғандықтан , шешуші міндетті жүзеге асыру –ұстаздың шеберлігіне тәуелді. Оқу материалын қызықты ету үшін ойлана, жан-жақты даярланудың өзі ішкі шығармашылық күйді туындатып, оқушыларға берік те терең білім беруге мүмкіндік береді. Оқушыларға оқу материалын түсінікті әрі қызықты етіп беру үшін сыныпты көз алдыңызға елестетіп, әрбір оқушының даярлығы мен мүмкіндігіне , қабілеті мен біліміне сүйеніп, сабақтың құрылымына талдау жасай отырып, алдыңызға мақсат қоясыз. Оқу материалын баяндау барысында тәжірибелер көрсетіп, жаттығулар орындатып, дидактикалық материалдар мен техникалық құралдарды жүйелі пайдалану арқылы әсер алуға жетелейсіз. Оқушыларға сапалы білім беруді жүзеге асыру үшін алдыма төмендегідей шарттарды орындауды мақсат етіп қоямын. 1.Жалпы мәдениеттік мәні бар ұлттық, аймақтық , жергілікті материалдарды өз сабақтарымда кеңінен пайдалану. 2.Оқушылардың тұлға ретінде дамуына жағдай жасау. 3.Оқушылардың физика сабақтарындағы белсенді іс-әрекеттерін ұйымдастыру үшін барынша көп мүмкіндіктер жасау. 4.Оқытудың әр кезеңінде оқушылардың пәнді оқуға қызығушылығын қалыптастырып, дамытып отыру. 5.Пәнаралық байланысты сабақта тиімді пайдалану. 6. Деңгейлік және саралап оқыту жағдайында барлық оқушылардың бағдарламалық білімді меңгеруін жүзеге асыру. Қазіргі таңда сабақты қызықты өткізу үшін көп мүмкіндіктер баршылық. Әсіресе интерактивті тақтаны сабақтарда жиі пайдалану тиімді. Ол оқушының пәнге қызығушылығын арттырып қана қоймай , қазіргі заман талабына сай білім алып ,сабаққа берілген уақытты тиімді пайдалануға және басқа мектептердің оқушыларымен алған білімдерін бөлісуге көп ықпалын тигізеді. Сөз соңында айтарым, жалпы оқушылардың пәнге қызығушылықтарын түрлі әдістермен арттырып, сабақтың сапасын көтеруге , оқушылардың білімге деген оқу-танымдық қызығушылығын арттыруға , қазіргі қоғам талабына сай білім алуына көп әсерін тигізеді. | |
Просмотров: 2175 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|