Главная » Статьи » В помощь учителю » Дошколенок |
Ұлттық ойындар – қазақ халқының ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын - сауықтардың бір түрі. Оның бастауы алғашқы қауымдық қоғамда шыққан. Ұлттық ойындар негізінде әр халық түрлі – түрлі жаттығулар жасау жолымен дене шынықтыру ісінің негізін салды. Бертін келе шынайы спорт ойындарының шығуына түрткі болды. Оның адам денсаулығына жақсартуда пайдалы аса күшті екені белгілі. Ұлттық ойындар – ата – бабаларымыздан қалған байлығымыз, асыл қазынамыз. Сондықтан, ойынды күнделікті тұрмысқа пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор. Ойын баланың алдынан өмірдің есігін ашып, ұштаса береді. Ұлттық ойын ойнатудың негізгі мақсаты :Балалардың денсаулығын нығайта отырып өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге бағыт беру. Ойынды ойнату мен үйретудің міндеттері: қажетті дене қозғалыс дағдыларын, танымдық-қозғалыс белсенділігін арттыру; қалыптастыратын дене жаттығуларының негізгі түрлерімен балаларды таныстыру; денсаулықты нығайтуға бағытталған қозғалыс әрекеттерімен дене жаттығуларының негізгі түрлерін балаларға меңгерту; білімге деген қызығушылығын қалыптастырып дамыту. Ұлттық ойындардың мектеп жасына дейінгі балаларға лайықтары «Көкпар», «Орамал алу», «Тақия жасыру», «Алтын қақпа», «Ақ серек-Көк серек», «Айгөлек», «Ақ сандық – Көк сандық» т.б. «Ақ сүйек» ойынында баланың көзін жұмғызып алаңдағы ағаш ішіне сүйекті лақтырып жіберіп, іздеу т.б. ойындар ойнату арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйрету іске асырылады. Яғни, таңертеңгі қабылдау кезінен кешке баланың үйге қайтуына дейінгі уақыт аралығындағы күн тәртібіне сәйкес дене тәрбиесі күні бойғы тәрбие түрлерімен біртұтас сабақтас жүргізіледі. Сондықтан да, бағдарлама бойынша арнайы өтілетін тақырыптық тәрбие сәттерінің арасында әуелі дене сергіту, жұмыс соңында ырғақты қимыл –қозғалыс ойындарын өткізу көзделеді. Балаларды қазақ халқының ұлттық ойындарымен, ойната отырып жан-жақты тәрбиелейміз. Сонымен қатар бірнеше ұлттық ойындарды шартымен ұсынамын: Арқан тарту. Бұл екі топқа бөлінген балалармен немесе екі баламен ойналады. Арқанның екі жағынан екі бала немесе екі топқа бөлінген балалар тартысады. Қай топ арқанды өз жағына тартып, алып, кетсе сол топ жеңіске жетеді. Екі бала тартысқанда қай бала өзіне қарай арқанды тартып екінші баланы құлатса, құламаған бала жеңіске жетеді. Орамал тастамақ Балалар шеңбер жасап тұрады. Бастаушы(тәрбиеші) балаларды айнала жүріп бір баланың артына орамал тастап кетеді. Артына орамалды тастағанын сезген бала менің артымда деп жауап береді. Артына орамалдың тасталғанын сезбесе ол өлең, тақпақ айтып немесе билеп беруі керек. Балалар шеңбер бойында көздерін жұмып тұруы керек. Ойын осылай жалғаса береді. Ақсерек-көксерек. Бұл ойынды ойнау үшін балалар екі топқа бөлінеді, қолдарынан ұстап тұрады. Ара қашықтық 20-30 қадам. 1-ші топ. Ойынды бастайды: Ақсерек-ау ақ серек, Бізден сізге кім керек? 2-ші топ Ақсерек –ау ақ серек, Бала аты аталады (бала аты) керек. Аты аталған бала келесі топқа дейін жүгіріп барып ортасынан ұстасқан қолдарды ажыратып кету керек. Егер өтіп кетсе сол топтан бір баланы тобына алып қайтады, өте алмаса сол топта қалады. Ойын осылай жалғаса береді. Қыз –қуу Балалар арасынан бір ер бала, бір қызды (ағаш атпен) қуады. Бала қызға жетіп қолынан ұстаса ол жеңіске жеткені. Кейде қызды 2 бала да қуады қай бала бұрын жетіп қыз қолын ұстаса сол бала жеңіске жетеді. Түйілген орамал. Ойын жүргізуші ойынды өзі бастайды. Ең алдымен балаларды айналасына жинап алады да «1, 2, 3» - деп дауыстайды. Осы кезде балалар жан-жаққа бытырай қашады. Ал ойын жүргізушісі қолында түйілген орамалы бар баланы қуалайды. Ол орамалды басқа біреуге лақтырады қағып алған бала қаша жөнеледі. Осылайша ойын жүргізіледі, түйулі орамалды алғанша қуалай береді. Ұсталған ойыншы көпшілік ұйғарымымен ортада тұрып өнер көрсетеді. Одан кейін ойын жүргізуші ауыстырылады. Ойын ойнап болған соң балалар шеңбер жасап тұрады. Соқыр теке. Балалар дөңгелене тұрады. Бір баланың көзі байланып қойылады. Балалар: Бота, бұзау, қозы, лақ, Қайда кеткен құлыншақ. Соқыртеке бақ-бақ, Мені ізден тап-тап,- деп тақпақтайды. Содан кейін Соқыртеке (баланың көзі байлаулы) балаларды қуалайды немесе балалар оның жанына келіп түртіп қашады. Соқыр теке ұстап алған баланың көзі байланады да ол «Соқыр теке» ролін атқарады. Ойын осылай жалғаса береді. Сақина жасыру. Ойынды өткізуші және сақина жасырушы бала белгіленеді. Қалған ойыншылар жерге отырып тізілерінің үстіне алақандарын жаяды. Бастаушы жабулы қолын әрбір ойыншының алақанына салысымен, ол бала алақанын жаба қояды.Бастаушы бір баланың алақанына сақина салысымен, ойыншылардың біреуінен-«Сақина кімде?»-деп сұрайды. Ол сақинаның кімде екенін білсе сол баламен орнын ауыстырады. Ал білмесе ол өз өнерін көрсетеді. Ойын басқарушы ойынды осылай жалғастыра береді. Хан талапай. Бұл отырып ойналатын, негізінен қыз балаларға арналған ойын.Оған төрт-бес үміткерден қатысады.Ойын үшін он асық таңдап алынады.Он бірінші асықтардан ерекше өзге түске (қызыл, не көк) боялған болуы шарт бір-бірден асық үйірусудің қорытындысы бойынша ойыншылар кезектерін бөліседі.Бұдан соң алғашқы ойыншы қос уыстай ұстаған бар асықты ортаға үйіруі керек.Қалған ойыншылар аңдысын аңдап өзге асықтардан ерекшеленген «ханға» қадалады.Себебі, хан алшы түссе, барлығы тарпа бас салып, ортадағы асықтарды, хан талапай жасауы тиіс.Хан кімнің қолында кетсе, келесі үйірі кезегі соған беріледі екен, хан мен бірге қолына ілінген асықтардың санына қарай ұпай жазылады. Хан алшы түспеген жағдайда үйірген ойыншы шашылған асықтардың бүгі мен бүгін, шігі мен шігін , алшысымен-алшысын тәйкесімен мен тәйкесін бір-біріне соғып, кенейлер бір-біріне тимей қалғанша ұпай жинайды.Көздеген асығы үшінші бір асыққа тиіп кетсе, немесе бөгде асықты қозғап қалса да, ойынның бұзылғаны.Онда кезек келесі ойыншыға беріледі.Осы ретпен әр ойыншы жинаған асығының санына қарай ұпай жинайды. Межелі ұпай санын (100 не 50 немесе 80-40) ойын жүргізуші алдын ала белгілейді.Межеге бұрын жеткен ойыншы жеңімпаз болып саналады. Ескерту: Асықтарды бір-біріне тигізу кезінде қолмен сүйретіп апаруға, орыннан қозғап түзетуге бол майды.Ойынның соңына дейін ханға бірде - бір асық тимеуі керек.Себебі ол –хан. Аударыспақ Қазақтың кәдімгі ұлттық ойын спорт ойыны.Қарапайым бөренеден «ағаш ат» жасаудың еш қиындығы жоқ.Екі жақ басы берік тұғырға бекітілген биіктігі бір-бір жарым метрдей (балалардың жасына қарай) ұзындығы 70-80 сантиметрдей бір –біріне қапталдас орналасқан «ағаштардың» ара қашықтығы екі жақтан созылған қол ерін жектетіндей болса жеткілікті..Оларға мінген «шабандоз» балалар бір-біріне қарама қарсы отырып қол ұстасады.Төрешінің белгісімен бірі-бірі тартып, не итеріп, әйтеуір қай айласын, не күшін асырғаны қарсыласын»ағаш аттан» аударып түсуі шарт.Аяқты жерге ағаш атқа тіреуге болмайды.ойын шарты бұзылады.Ағаш аттың құлағанда айналасына құм немесе ағаш үгінділері төселу керек. Теңге ілу. Ойынға қатысушылар тепе-тең екі топқа бөлінеді.Әр қайсысы жеке-жеке шыбықтан ат мінеді. Ойын кезгі басталатын жерге сызық сызылады.Одан әрі 20-30 метрдей жерден тереңдігі бір қарыстай екі шұңқыр қазылады.Шұңқырға он-оннан тас салынады.Содан екі топтан екі сайыскер шығады.сызыққа келіп қатарласып тұрады.Бастаушының белгісі бойынша шыбық аттарын құйғытып, шаба жөнеледі.Сол беттерімен әлгі шұңқырға жетіп қол соғып жібереді де, тасты іліп алып, әрі қарай шауып кете барады, шұңқыр тұсында бөгелуге болмайды. Ұпай әр сайыскердің іліп алған тастарының санына қарай есептеледі.Қай топ көп ұпай жинаса, сол топ жеңеді. | |
Просмотров: 2322 | Комментарии: 1 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|