Астанаға саяхат
Ө.Б. Аубакирова, № 5 балабақшасының тәрбиешісі
Қостанай облысы Рудный қаласы
Мақсаты:
1. Өздігінен жұмыс істеуге, талдау жасауға, шығарған есептерін саналы түрде түсіне білуге дағдыландыру.
2. Логикалық есептер шығартуға, ауызша есептер құрастыруға қалыптастыру.
3. Рудный мен Астана арасындағы пойыз станциялары туралы түсініктерін толықтыру. Туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Көрнекілігі: паровоздың, нөмір жазылған вагондардың суреттері, тапсырма шарты жазылған билеттер, 1-ден 10-ға дейінінгі нүктелермен белгіленген түрлі-түсті балықтар, Астананың картасы мен көрікті орындардың суреттері, фотоаппарат пен микрофон (ойыншық), есептер құрастыруға арналған сурет –схема, ноутбук
Әдіс-тәсілі: көрсету, әңгімелесу, сұрақ-жауап, мадақтау, суретпен жұмыс, дидактикалық ойындар, тосын сый, Астана картасымен жұмыс.
Таңғы шеңбер
Тәрбиеші: Кел, балалар, ортаға , үлкен шеңбер құрайық.
(Бәрі шеңбер жасап тұрады.)
Балалар: Қайырлы таң алтын күн! (қолдарын алға созады)
Қайырлы таң көк аспан! (қолдарын жоғары көтереді)
Қайырлы таң жер ана! (отырады)
Қайырлы таң балабақша! (қолдарын айқастырады)
Қайырлы таң достарым! (бір-бірін құшақтайды)
Тәрбиеші: Балалар, сендер саяхатқа барғыларың келе ме?
Балалар: Иә, барғымыз келеді.
Тәрбиеші: Біз бүгін бас қаламыз Астанаға пойызбен саяхат жасаймыз.Тобыл станциясына жету үшін кассадан билет аламыз, «Вагондар» деп аталатын тапсырманы орындаймыз.
Балалар билетте көрсетілген қосындының немесе айырманың мәніне сәйкес келетін вагондарға отырады. 9-8=? 8-6=? 5-2=? 3+1=? 10-5=? 4+2=?
10-3=? 4+4=? 2+7=? 4+6=?
Мысалы 9-8=1 яғни бұл бала 1-ші вагонға отырады (№ 1 деп жазылған, вагон суреті салынған шапканы киеді) т.с.с.
Жолсерік жолаушылардың тапсырмаларын тексеріп шығады.
Тәрбиеші: Құрметті жолаушылар! Рудный Астана бағытындағы жолаушылар пойызына отырғызу басталады.
Балалар вагон нөмірлеріне сәйкес паровозға тіркеледі, ноутбук арқылы пойыздың дыбысы беріледі балалар Тобыл станциясына келеді.
Жолсерік: Аманқарағай станциясына жету үшін «Домино» ойнаймыз. Яғни Тобыл өзеніндегі балықтарды 1-ден 10-ға дейінгі белгіленген дөңгелектеріне сәйкес ретімен қойып шығамыз.
Балалар тапсырманы орындайды, тәрбиеші тексереді. Пойыздың дыбысы беріледі, балалар пойызға отырады, Аманқарағай станциясына келеді.
Жолсерік: Келесі станция Қазанбасқа жету үшін «Шашылған моншақтар» деп аталатын тапсырманы орындаймыз. Жануарлардың шашылып қалған моншақтарын жинауға көмектесеміз.
8- ? =5 , ?+4=9, 7 - ? = 3, 5 + ? = 7
Осы сандар мен таңбалардың керектілерін өз орындарына қояды. Жиналған моншақтарды жануарларға (жұмсақ ойыншықтарға) сыйлайды. Пойыздың дыбысы беріледі, балалар Қазанбас станциясына келеді.
Жолсерік: Келесі станция Есілге жету үшін «Қанша? Неше?» деп аталатын тапсырманы орындаймыз. Суреттер бойынша қосу және азайту амалдарына есептер құрастырамыз.
1. Аюда 5 шырша бүртігі бар еді, сосын ол тағы 1 бүртік тауып алды. Аюда қанша бүртік болды?
2. Айгүл 4 сурет, ал Марат 3 сурет салды. Балалар барлығы қанша сурет салды?
3. Аулада 5 қаз жайылып жүр еді. 1 қаз бөлек кетті. Аулада қанша қаз қалды?
4. Қайраттың 7 кітабы бар еді. Ол 2 кітабын Асқарға берді. Қайратта неше кітап қалды?
5. Ағашта 10 алма өсіп тұр еді 5-уі жерге түсіп қалды. Ағашта неше алма қалды?
6. Үйрек 6 балапанымен жүзіп жүр еді, оған 2 балапан қосылды. Барлығы неше балапан болды?
Балалар есептерді шығарады және шешулерін жазады.
5+1=6; 4+3=7: 5-1=4: 7-2=5; 10-5=5; 6+2=8
Пойыздың дыбысы беріледі, балалар Есіл станциясына келеді.
Сергіту сәті «Орның қайда?».
Тәрбиеші: Жақсы станциясына жету үшін көңіл көтеріп, дем аламыз. Қазір музыка қосылған кезде билейсіңдер, ал музыка тоқтаған кезде вагондарыңнын рет нөмірлері бойынша тұра қалуларың керек. (ойын 3 – 4 рет қайталанады). Пойыздың дыбысы беріледі, балалар Жақсы станциясына келеді.
Жолсерік: Атбасар станциясына жету үшін «Қатесін тап» деп аталатын тапсырманы орындаймыз.
8>4; 5 =7; 3 >9; 6 < 2; 7>0; 1=9
Мысалы : 5=7 қате болғандықтан сызып тастайды.
Пойыздың дыбысы беріледі, балалар вагондарға отырады, Атбасар станциясына келеді.
Жолсерік: Астанаға жету үшін «Ойна да, ойла» деп аталатын тапсырманы орындаймыз.
Тәрбиеші: Тапсырманы дұрыс орындасаңдар Астанада адаспау үшін Астананың (көшелерінің) картасын тауып аласыңдар.
1. Аулада 5 үйрек,
Қорада 3 үйрек.
1 үйрек тығылды
1 үйрек жығылды,
Қалғаны неше үйрек?
Жауабы: қалғаны алты үйрек
2. Бір алманы 4-ке бөлдім,
Бір бөлігін жеп те көрдім.
Қалған үлкен 3 бөлігін
Қасымдағы 3 досыма бердім.
Қалтамда не қалды?
Жауабы: қалтамда нөл алма қалды
3. Бір-бірімен жарысқан
2 аю, 1 арыстан
4 қоян, 3 түлкі
Бәрі нешеу, ойлан сен? Жауабы: бәрі он
4. 2 түйе, 2 жылқы,
2 сиыр,2 ешкі,
1 қоян, 1 түлкі.
Таба алмасан бұл күлкі Жауабы: барлығы он
Геометриялық пішіндердің артына жасырылған логикалық есептерді шешіп, Астананың картасын тауып алады, қарайды, танысады. Пойыздың дыбысы беріледі, Астанаға келеді. Астананың көрікті орындарының суреттерін қарайды, тәрбиеші сұрақтарына жауап береді.
Тосын сый - 1. Есік ашылып фотоаппарат мен микрофон ұстаған тілшілер келеді.
Тілші: Сәлеметсіздер ме, біз Қостанай облысы Рудный қаласындағы «Рудныйлық жұмыскер» (Рудненский рабочий) газетінен келген тілшілер едік. Сіздерге сұрақ қоюға бола ма?
Балалар: Әрине, болады.
Тілші: Қай жақтан келдіңіздер?
Балалар: Біз Рудный қаласындағы № 5 балабақшаның «Көбелек» тобынан келдік.
Тілші: Астанадан алған әсерлеріңізі қандай?
Балалар: Керемет!
- Өте тамаша!
- Бәйтерекке барып суретке түстік!
- «Нұр Астана» ислам орталығында болдық.
- Жол бойы біраз жерлерді Есіл, Жақсы, Атбасарды көрдік.
Тілші балаларды суретке түсіреді.
Тілші: Әңгімелеріңізге рахмет, сау болыңыздар!
Тілшілер кетеді, пойыздың дыбысы беріледі, вагондарға отырады. Барлығы Рудныйға келеді.
Тәрбиеші: Біз қайда бардық, не көрдік, не үйрендік, қандай тапсырмалар орындадық? Сендерге ойындар ұнады ма? Нелерге көмектестік? т.с.с. сұрақтар қояды. Балалардың жауаптары тыңдалады, толықтырылады.
Тосын сый – 2. Есік қағылады. Бұл кім болды екен?!
Хат тасушы келеді, балалардың суреттері мен тілшіге берген сұхбаттары жарияланған «Рудныйлық жұмыскер» (Рудненский рабочий) газетін алып кіреді.
Балалар қарайды, өз суреттерін көріп қуанады, сұхбатты дауыстап оқиды.
|