Главная » Статьи » В помощь учителю » Уроки музыки |
XVIII-XIX ғасырларда сыбызғы қазақ даласында ең кең тараған аспаптың бірі болды. Сол кездегі саяхатшылар мен этнографтар қурайдан жасалған үш ойығым бар тарағанын, оны халықтың бар ықыласымен сүйіп тыңдайтындығы туралы жазған. Сыбызғы незізінен көшпелі малшының сүйікті аспабы болды. Сыбызғының нәзік үнін тек қана алыс жайлауларда емес, сонымен қатар кез келген ауылдан, әр ауылдың құтты қонағына айналған. Ол қай ортада болсын жоғары бағаланған. Орыс этнографы А. Левшин өзінің естеліктеріне Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақов өз ордасына сыбызғышыны әдейі шақыртып алып, күй тартқызғаны туралы жазады. XIX ғасырдың дарынды күйшілері Қаңқожа, Құрымбай, Тулақ өнерін сұлтан Шыңғыс Уалиханов та үлкен құрмет тұтқан. Тіпті Шоқан қайтыс болғанда әкесіне қаралы хабарды Қаңқожа мен Тулақ қобыз бен сыбызғы арқылы естірткен. Міне, бұл деректердің өзінен-ақ қазақ қоғамында бұл аспаптың қаншалықты жоғары бағаланғандығын көруге болады. Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап сыбызғы дәстүрінің тағдыры үлкен өзгеріске ұшырады. Қазақстанда болған әлеуметтік-экономикалық өзгерістер ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың тұрмыс-тіршілігі мен өмір салтына өз ықпалын тигізбей қоймады.Мұның өзі ел ішіндегі ежелден келе жатқан өнер дәстүріне әсер етіп, бұрын кең тараған кейбір өнерпаздықтың қарымы тарыла түсті. Міне, сондай ықпалға ұшыраған сыбызғы тарту, оны қастерлеушіліктің маңызы бұрынғыдай бола қоймайды. Келе-келе ол ұмытыла бастады, ал ХХ ғасырдың басында сыбызғы өнері сиреп, республикамыздың жекелеген аудандарында ғана кездесетін болды. Ғасырымыздың орта шенінде сыбызғы өнері ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі жалғасын тоқтатты десе де болады. Сыбызғы дәстүрі республикамызда Шығыс Қазақстан мен Маңғыстау өңірінде ұзақ уақыт бойы сақталды. Қазір сыбызғы өнері Монғол Халық Республикасының Баян-Өлгий қазақ аймағында өз жалғасын тауып, айтарлықтай дамып келеді. Сыбызғы дәстүрінің Қазақстан көлемінде жоғала бастап, республикамыздың тысқары аймақтарында сақталуы Баян-Өлгий қазақтарының көне әдет-ғұрыпты барынша сақтай отырып, мал шаруашылығы тұрмысынан қол үзбеуінде болса керек. Жинаққа сыбызғы күйлерінің қазіргі уақытта өте сирек кездесетін үлгілері енгізілді. Бұл күйлер сыбызғы дәстүрінің соңғы буын орындаушылары Шанақ Ауғанбаев пен Мүйімсат Оңғаровтың орындауынан жазылып алынды. Сонымен қатар, Баян-Өлгий аймағының атақты сыбызғышысы Кәлек Құмақайұлының орындауындағы күйлер енді. Ал жинақта берілген Сармалайдың күйлерін А.Жұбанов жазып алған болатын. Сармайлар өнері – кезінде шарықтап тұрған батыс қазақстандық сыбызғышылық дәстүрдің соңғы куәсі. Бұл күйлердің бәрінің де қазақ музыка мәдениеті үшін үлкен маңызы бар, өйткені олар бір кезде үлкен әрі бай аспаптық дәстүрдің болғандығын қуаттайды. Енді сыбызғы күйлерінің кейбір стильдік ерекшеліктеріне тоқталып өтейік. Батыс Қазақстан мен Маңғыстау күйлері әрі түрлі орындаушылық мектептерге жатса да, оларға ортақ бірқатар ерекшеліктер бар. Олар мыналар: күй әуені аспаптың бай мүмкіндіктерін аша түседі; күйлерде регистрлік салыстырмалар мейлінше пайдаланылған; күй ырғағы құбылмалы, өрнекті болып келеді; күйлердің композициялық ішкі құрылымы импровизациялық иірімдерге толы. Шығыс Қазақстан, Алтай және Баян-Өлгий аймағының сыбызғы өнері кезінде болған үлкен арналы бір дәстүрдің салалары болса керек. Ол күйлердің басты ерешеліктеріне сазының ән тектес негізін, өлшемнің дәлдігін, екі-үш әуеннің қайталауынан қалыптасқан күй формасын жатқызуға болады. Сыбызғы дәстүрінің тамыры тереңде жатыр. Күй аңыздарының шығу тегіне неғұрлым тереңірек үңілген сайын, олардың көнелілігі айқындала түседі. Күй сюжеттерінің көпшілігі жан-жануарларды бейнелеп, табиғатты суреттеуге арналған. Күй аңыздарынан олардың шығу тегінің ескі діни сенім мен архаикалық культтермен тамырласып жатқаның көруге болады. Айталық, «Көкбұқа», «Желмая», «Бозінген» күй аңыздары қасиетті тотем-жануарлардың құдіретіне деген халықтың ой-сенімдерін жеткізсе, «Бөкей жарғақ», «Аңшының зары» күйлеріндегі ағайынды екі жігіт немесе екі жетім бала образдары егіздер мифінің бейнесін көрсетеді. «Талшыбық бәйбішенің зары», «Зарлау» күйлеріндегі суға кеткен балалар туралы аңыздарда өзен-суды жер асты әлеміне апаратын жол ретінде түсінген мифологиялық көзқарастар сақталса, «Балжыңкер», «Қара жорға», «Өрелі көк», «Тепеңкөк» күйлерінде қасиетіне табынған жылқы малының образдары бейнеленген. Сыбызғы өнерінің дәстүрі соңғы кезде көмескіленіп қалса да, оның күйлері әлі де көптеген уақыттар бойы музыка зерттеушілерінің назарын өзіне аударып, аспаптық мәдениетіміздің тарихи сырлары аша түспек. орындаған: Омарова Ж.Б. №2 өнер мектебі Қараганды к. | |
Просмотров: 1291 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|