| Главная » Статьи » В помощь учителю » Уроки музыки |
| Қазақ халық музыкасы - этнопедагогиканың зерттеу объектісі Абікеш Жанна Зулхарнайқызы Ақтөбе қаласы, № 29 орта мектеп Адам баласы әу бастан өз ұрпағын өмiрге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгенi көпке аян. Бүгiнгi қалыптасқан белгiлi ғылыми-теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмiрге келгенше де адамзат тәрбие iсiмен айналысып бақты. Оның қағазға жазылып түспеген, бiрақ халық жадында мәңгi сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып тарап келген бiлiм-бiлiк,тәлiм-тәрбие беру тағлымдары бар. Ол халықтық педагогика деп аталады. Халықтық педагогика салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар, тағам дайындау, қонақ күту рәсiмдерi мен ауыз әдебиетi үлгiлерi, ұлттық ою-өрнек, өнер түрлерi, спорт ойындары арқылы отбасылық тәрбиеден басталып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, ру-тайпа, қала бердi бүкiл халықтық қарым-қатынастан берiк орын алған тәлiм-тәрбиенiң түрi, адам мiнезiн, iс-әрекетiн қалыптастырудың белгiлi нормасы болып табылады. Олай болса, халық педагогикасы қоғам дамуының (алғашқы қауымдық қоғамнан бастап) белгiлi сатыларынан өтiп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесiнiң бастау бұлағы, педагогикалық құралы болып, тәрбие жүйесiнiң қызметiн атқарып келгенiн байқаймыз. Яғни, осыдан келiп ғылыми педагогика мен халықтық педагогиканың тәрбие тәсiлдерiндегi сабақтастығы, принциптiк-идеялық үндестiгi туындайды. Бүгiнгi әлемдiк аренаға жеткен ғылыми-педагогика халықтық педагогикадан бастау алып, оны ғылыми теориялар мен қағидалар тұрғысынан жан-жақты зерттеп, қарастырып, байытты. Сөйтiп, өз қажетiне жаратты. Осы қажеттiлiктен келiп, халықтың эмпирикалық тәжiрибесiне негiзделген ұрпақ тәрбиелеу тағылымдары - халықтық педагогиканы ой елегiнен өткiзiп зерттеп, тәрбие мен оқу iсiнiң өзектi құралы етудiң жолдарын және оның шығу, даму кезеңдерiн өзiндiк ерекшелiктерiн, басқа ғылымдармен байланысын зерттейтiн педагогиканың ғылыми бiр саласы этнопедагогика пайда болды. Академик Г.Н.Волковтың пiкiрiнше, халықтық педагогиканың ерекшелiгi: оның адам баласының дүниеге келген күнiнен бастап бiрге жасасып келуiнде, адамдардың қоғамды құруда, қоршаған ортаны - табиғатты өзiне икемдеп игеруiнде, еңбек тәрбиесiнiң алғашқы адамдар өмiрiнде басты рөл атқарғаны, тәрбиенiң басқа түрлерiнiң кейiн туғандығы, халықтық тәрбие жөнiндегi қағидалары өмiрлiк тәжiрибеге негiздеген эмпирикалық бiлiм болып келуi, оның ұлттар мен ұлыстардың жазу мәдениетi шықпай тұрған кезiнде пайда болып, халық арасында ауызша тарауы, сондықтан да оны шығарушы авторларының аты-жөнi халық жадында сақталмай, бүкiл халықтық мұраға айналып кетуi, халықтың ұрпақ тәрбиелеудегi озық тәжiрибелерi мен ой түйiндерi сол халықтың ой-тiлегiмен, арманымен ұштасып келгендiктен, озық үлгiлерiнiң мәңгi сақталып, ал тозығының бiртiндеп өмiрде қолданудан шығып калуы, халық педагогикасы өнерге, еңбекке негiзделгендiктен, үнемi жетiлдiру, ұшталу үстiнде болуы, сондай-ақ халық педагогикасының ғылыми жүйеге, теорияларға құрылмай, жеке бастық тәрбиенiң озық үлгiлерiне және оның нәтижесiне құрылуы, тәрбие тәжiрибесiнiң ғасырлар бойы жалғасып келуi (преемственность), алғашқы тәрбие түрлерiнiң қоғамда бөлiнбей, синкреттi тұтас түрiнде берiлуi (мысалы, қол, би, музыка өнерлерiнде ой еңбегi мен дене еңбегi, ақыл-ой тәрбиесi мен еңбек тәрбиесiнiң бiрге ұштасып келуiнде)”, деп саралай көрсете келдi де, “халық педагогикасы ру, тайпа, ұлттар мен ұлыстардың ұрпақты тәрбиелеу тәжiрибесiне негiзделiп, халықтың тәрбие құралдары (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын түрлерi, ауыз әдебиетi үлгiлерi) арқылы iске асыруға құрылса, ал этнопедагогика теориялық ойларға, ғылымға негiзделедi. Ол халықтың этнографиялық салт-дәстүрiн, тұрмыс-тiршiлiгiн педагогикалық, логикалық ғылыми жүйе тұрғысынан зерттеп қарастырады... Қазақ халық музыкасы. Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардың, соның ішінде қазақ халқының орта ғасырдағы музыкалық мәдениетті ең алдымен сол заманнан бүгінгі күнге дейін жеткен музыкалық мұралары, музыка өнерін, музыка аспаптарын зерттеуге көптеген үлес қосқан орта ғасырлық ойшылдар, Әбу Наср әл-Фараби (870-950жж.), Махмұд Қашқари (1029-1101жж.),Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551), сияқты ұлы ғалымдар, А.Левшин (1799-1879), Ш. Уалиханов (1835-1865), Н.Стремоухов,А.Эихгорн(1844-1909), А.Затаевич(1869-1936) және басқа көптеген ғалым-зерттеушілер мен этнографтар көп жазды. Әбу Насыр әл-Фарабидің бізге жеткен музыкалық-теориялық еңбегінің бірі «Музыка туралы үлкен трактат» атты кітабы Орта Азияда қолданылған ыспа аспаптардың зерттеулерінің дәлелі болып табылады. Б.Сарыбаев қазақ аспаптарын зерттеуші, Әбу насыр әл-Фарабидің зерттеу трактатында екі ішекті қыл-қобыздың сыртқы түрі садаққа ұстайтындығын өз еңбегінде атап өткен. Әбу Насыр әл-Фараби «Музыка туралы үлкен трактат» еңбегінде сол кездегі аспаптардың шығу тегі, музыка мәдениеті, орындаушылық өнері, эволюциялық дамуы жайында толық түсінік берген. ...қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс-тарих үшін елеулі бұйым, -деп Мұхтар Әуезов айтып кеткен. Сондықтан өз елін, өзінің кіндік кескен туған жерін ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық музыка мәдениетімізді сүймейтін адам жоқ деп ойлаймын. Қай халық болмасын өзінің атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық музыка өнері болады және әр халықтың белгілі бір өз ішінде кең тараған, өріс аспаптары да болады. Қазақта қаншама арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты батырлар мен ақындар, ел билеген көсемдер, небір дүлдүл шешендер, ақылы асқан даналар, аруақты бабалар елімнің елдігін сақтап қалған Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би тағы да басқа қазақ даналары туралы айтып мақтан етеміз. Тарихқа қарасақ, қазақ халқын құраған бірлестіктер ежелден көп уақыт күрескен . Ол дәуірдегі бабаларымыздың ерен ерліктері, бастарынан өткен қиыншылықтары мен қуаныштары аңыз – жыр болып бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Алтын Орда дәуірі мен Қазақ хандығы тұсындағы батырлар мен баһадүрлердің айтулы ерліктері де әлі күнге дейін ел аузында жүр. «Алпамыс», «Ер тарғын», « Қобыланды», «Ерсайын», осылар сияқты қаһармандық жырлар - ежелгі ел үшін жасалған ерліктердің аңыздық нұсқасы. Халқымыздың еркіндікті аңсауы сөзінде ғана емес, сазында қалғанын осылар дәлел етеді. Осы замандағы күйлерде азаттықты сағыну сарыны анық байқалады. »Сары - өзен», «Бозінген», «Ертіс толқыны», сияқты күйлерді мысалға келтіруге болады. Музыка – халықтың жаны. Сондықтан онда сезім күй анық көрінеді. Осы кездегі халық күйшілері екі ішекті домбырада, қылқобыз, сыбызғы, шертер арқылы өз дәуірінің ауыр тұрмыс жағдайын, мұңын, арманын, күресін, ерлік істерін, қуаныштарын, қазақ даласының кең және сұлу табиғатын суреттейтін философиялық, героикалық, ана сүтімен дарыған туған тілін, ата-бабаларымыздан жалғасып лирикалық күйлерімен көрсеткен Қазақтың күй өнері . Қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, сүргіленіп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Құдайберген Жұбановтың еңбегінде «күй» сөзіне мынадай пікірін білдіреді: « Қазақта «күй» түрінде айтылатын шағатай, ұйғыр тілдерінде, анатоль түрік тілінде «көк» болып айтылуы тиіс. Қазақтың «и» дыбысының бір қатары шағатай тілінде, ескі ұйғыр тілінде, түркімен, әзірбайжан, анатоль түріктерінің тілінде к, г-ге айналады. Қазақша «байламақ» деген сөз оларша «бағламақ» болады; қазақша «тимек» деген сөз оларша «текмек» болады ... сондықтан «күй» деген сөз оларда «көк» болуы табиғи нәрсе», - дейді. Сондай-ақ Ақселеу Сейдімбек те осы пікір жайлы « Күй деп басталатын қай сөздің де сезіммен астасып жатыр. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады», - деп Құдайберген Жұбановтың пікіріне қосылған. Ен далада күн кешкен елдің аузынан шыққан «күй» деген сөздің аспаптық музыкаға тән атау екені, оның түп-тамыры одан да арғы замандарда жатқаны он төртінші ғасырдан бері белгілі. Осыған дәлел байырғы заманда 600 жыл бұрын тасқа салынған суреттін табылуы. Сондай ақ «күй» сөзінің көнелігін білдіретін тағы бір дерек қазақта «Ақсақ құлан» атты күй болуы. Туу тарихы жағынан бұл күй Шыңғыс хан жорықтарымен тұстасады. Қазақ халқының басына қара заман боп орнаған ХІІІ-ХІV ғасырдың тарихи оқиғаларын баяндайтын шығармаларды алсақ , олардағы музыкалық тілдің тереңдігі, асқан шеберлікті керек ететін ойнау әдіс-амалының молдығы, аңыз хикаяларды суреттеудегі бағдарламалық жүйесі Қазақстан жерінде аспаптық музыка мәдениеті аса жоғарғы дәрежеде ертеде-ақ дамығанына бірден бір айғақ. Қазақ халқының тұрмыс-харекетімен, өмір-тіршілігімен әрқашанда тығыз байланыста болатын күй – жүздеген жылдардан бері қанат жайып, өркендеп келе жатқан жанр. Халқымыздың музыкалық қазынасында сары алтындай сандалкер күйлер жүздеп саналады. Оларды хатқа түсіретін нота мәдениеті жоқ болса да, сыры мен сымбатын жоғалтпай, қайта ажарлана, әрлене түсіп, ауыздан ауызға көшіп, атадан балаға мирас боп қала берді. Әлбетте, құм басқан қалалардай, бізге жетпей, уақыт шыңының астына көміліп қалған күйлер де есепсіз екені және даусыз. Көпке белгілі, қазақтың халық арасында ең кең тараған музыкалық аспабы – домбыра. Оның әлденеше себептері бар. Біріншіден – домбыраны жасау аса қиынға соқпайды, қолы ұсынақты адам көрінген ағаш затынан жасап ала береді. Екіншіден – домбырада тарту, үйрену, басқа аспаптарға қарағанда аса қиынға соқпайды. Домбыраның пернелері барлық дыбыстарды скрипка сияқты мойын бойлап іздетпей, дәл үстіне түсіреді. Қай пернеде қандай дыбыс бар екенін баста біліп алса, ұмытпау дәрежесі айта қалғандай болса, орындаушы кейін де сол пернені оңай тауып алады. Үшіншіден- домбырада түрлі жағдайда тартуға бола береді, үйде отырып та, түрегеліп тұрып та, шалқадан жатып та, ат үстінде де. Бұл айтылғандар, халық аралап жүрген домбырашылар үшін аса керекті жағдай. Халық күйшілерінің ат үстінде тұрып тартуларыда, шалқасынан жатып тартулары жайында ел аузында әңгімелер көп. Бірнеше күн бұрын кетіп қалып, екі-үш күннен кейін қайтып келіп, үйдің үстінде қалықтап жүрген Топан атты бүркітін түндіктің ашық жерінен көрген Дәулеткерейдің жақсы көрген қыранына арнап шалқасынан жатып тартып шығарған «Топан» күйі немесе Тәттімбетпен күй тартысқан Абайдың анасы Ұлжанның сіңлісі Тайғараның(Малғара) кей кездерде орнынан түрегеліп кетіп домбыраны емшектің үстіне қойып тарту – оның адам ыңғайына келе беретіндігін дәлелдейді. Төртіншіден – домбыра сүйемелге де ыңғайлы. Мұнда шалқайыңқырап отырып әндетуге де болады. Әншінің даусына кесел келтірмейді. Сондықтан домбыра, бір жағынан әншінің жыршының ақынның да «қолқанаты». Әрине, домбыра бәрінен бұрын күйдін аспабы. Қазақ күйлерінің көпшілігі домбыраға арналып шығарылған. XVIII-XIX ғасырларда және XX ғасыр басында туған күйлер мен олардың аңыздары. Бұл кезеңнің рухани мұраларына саяси-әлеуметтік сарынның мейлінше айқын көрінісі тауып отыратынын алдымен айту қажет. Бұл кезеңде туған күйлер де, күй аңыздары да ерекше молдылығымен, тақырыбының әралуандығымен , оқиғасының деректілігімен назар аударады. Әсіресе күйлердің әуен-сазының мейлінше шыңдалған кәнігі (профессиональный) деңгейін айрықша атап өткен жөн. Бұл кезеңге Боғда, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Тоқа, Ықылас, Қазанғап, Сейтек сияқты ондаған дәулескер күйшілер қазақ музыкасының ұлттық тілін біржолата орнықтырып, жалпы адамзаттық мәні бар рухани феномен деңгейінде танылды. Пайдаланған әдебиеттер: 1.Б. Сарыбаев «Қазақтың ұлттық аспаптары» 24б. Алматы-1978ж. 2.Ғ. Уразалиева – Шілдебаева «Ғасырлармен үндескен домбыра» 6б. Астана- 2006ж. 3.Ә. Нысанбаев «Қорқыт ата» 42б. Алматы- 1997ж. 4. М.Өтеуов және Ш. Төлегенұлы «Ғасырдан-ғасырға»165б.Алматы-2000ж. 5.А.Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» 8б. Астана-2002ж. | |
| Просмотров: 3090 | Комментарии: 1 | |
Форма входа |
|---|
Социальные закладк |
|---|
Поиск |
|---|
Друзья сайта |
|---|
Теги |
|---|
Статистика |
|---|