| Главная » Статьи » В помощь учителю » Уроки музыки |
| Әншілік өнерге алғаш қадам басқан адамдарды ең алдымен әншілік қабілетін жетілдіруге арналған әдебиеттер қызықтырады, вокалдық өнер туралы сұрақтарға жауап іздейді. Педагогтар қандай да бір кітапты бағыттауға қиналады.Әншілік өнерді дамытуға арналған оқулықтар, әдебиеттер бар. Бірақ , олар көбінесе тәжірибелі әдіскерлер мен әнші-орындаушыларға арналған. Жаңа бастаған әншілерге одан бағыт-бағдар алу қиынға түседі. Жалпы барлық әншілер вокал негізін игеруі тиіс. Аспаптарды өз бетімен үйреніп ойнайтындар болады. Оларға арналған «Баянистің алғашқы қадамы», «Гитаристің әліппесі», «Домбыраға арналған оқулық» немесе «Домбыра үйрену мектебі» сияқты көмекші құралдар бар. Ал әншілерге арналған ондай құрал жоқтың қасы.Жаңа бастаған әншілерге арналған әдістеме болса тамаша болар еді. Әншілік өнерге бой ұрған адамдардың табиғи музыкалық қабілетіне қоса білімі де болу қажет.Осы мақсатта жас вокалистерге көмекші құрал ретінде өз еңбегімді ұсынбақпын. Табиғи қабілет пен дарын. Әнші болу үшін ең алдымен мәнерлі дауыс, әншілік қабілет,есту және есте сақтау қабілетінің жоғары болуы, музыкаға деген белсенді эмоциялық сезім, жақсы дикция, еңбекқорлық , сахналық сырт бейне, жақсы дауыс болу керек. Осы қабілеттердің барлығы бір адамның бойынан табылуы мүмкін бола бермейді. Біреуі болса, екіншісі болмауы мүмкін. Үнемі жаттығудың нәтижесінде олар бірін-бірі толықтырып жатады. Дауыстың сапалық негізі не дегенде, мен, тембр, диапазон , таза дауыс және дауыстың қаттылығы дер едім. Маңыздысы тембр. Дауыс күші аз болып, кішкене ғана диапазон болғанда, қызығушылықты әдемі тембр тудыруы мүмкін. Мұндай дауыстарға ария айтпай-ақ камералық репертуар мен халық әндерін айтуға болады. Егер диапазон мықты болып тембр нашар болса, онда әншілік дауыс әдемілігі болмай, қызықтырудан айырылады. Тембр – дыбыс бояуы, дауыс бейнелеушісі. Дауыс бояуы – туғаннан қалыптасқан табиғи сапа, бірақ өсе келе арнайы оқу кезінде өзгеруі мүмкін. Тембрде музыкалық көңіл күй, эмоциялық сезім байқалады. Сондықтан да музыкалық мәнерлілікпен үнемі жұмыс істеу өте маңызды. Диапазон дегеніміз төменнен жоғарыға дейінгі дауыстағы дыбыстардың жиынтығы. Ал әншілік регистр біртекті дауыс бояуының дыбыс қатарындағы дауыс тербелісінің жұмысы. Ерлердің тазаланбаған дауысында екі регистр болады: кеуде және бас (фальцет). Арнайы оқыған әншілер негізгі регистрде фальцетпен айтпайды, тек аралас дыбыспен (микстпен) айтады. Әйелдер дауысы үш регистрге бөлінеді: кеуде (төменгі), ортаңғы (аралас) және бас (жоғарғы). Әйелдер дауысы ерлерге қарағанда табиғатынан аралас регистрлі болады. Дауыстағы өтпелі дыбыстар деп бір регистрден екінші регистрге ауысатын дыбыстарды айтады. Мұны музыка тілінде мутация деп атайды. Ерлер дауысында бір өтпелі кезең, ал әйелдер дауысында екі өтпелі кезең болады. Бұл уақытта шекара дыбыстарында ән айту қиын. Себебі өтпелі дыбыстардағы тәсіл біртекті регистрлі дыбыс жасай алмай, сыну пайда болады. Сондықтан жасанды аралас дыбыс жасау тәсілін қолдану керек. Микст – кеуде және бас дыбыстарының бірігуінен жасалған аралас дыбыс. Ол жұмсақ , кеуде дыбысына қарағанда жеңіл әрі фальцетке қарағанда дыбыстырақ . Дауыс жаттығулары. Ешқандай вокалдық дайындығы жоқ адамдармен вокалдық жаттығуларды жасағанда бірден кемшіліктен бастамай, алдымен мадақтап, дауысына келетін жаттығулардан бастау керек. Содан кейін ғана әдемі дауысына бөгет жасап тұрған қателіктермен жұмыс жасап, әншілік қабілетін жетілдіретін тәсілдерді үйрету керек. Дауыс жаттығуларын орташа диапазонда аз көлемде бастаған жөн.Олардың жылдамдығы бірде баяу, бірде жылдам болып кезектесе, ал дыбыс биіктігі сатылап қозғалыста болуы керек. Темпі (жылдамдығы) қозғалмалы болуы керек. Мұндай жаттығулар үнемі белгіленген кезекте жүргізіліп отыруы тиіс. Осындай жұмыстардан кейін ғана мақсатты түрде дауысты дыбыстарға арналған жаттығулармен ауыстырып отыру керек. Орындаушының жеке бас ерекшеліктерін жөндеген соң дауысты дыбыстарды меңгеруді қолға алған дұрыс. Дауысты дыбыстарды таңдау және ретке келтіру жолдары әртүрлі: ыңғайлы дауысты дыбыстардан ыңғайсыз дауысты дыбыстарға қарай, жақсы дауыстан сәтсізге қарай. Дауысты дыбыстармен жаттығуларды «ә»,«ү»,«и»,«е», «о»,«ө»,»,«у» дыбыстарынан бастаған ыңғайлы. Ән айту үшін ең әуелі қалай тыныс алу керектігін үйреніп, дыбысты шығару үшін оны қалай пайдалануға болатынын біліп алған жөн. Тыныс алу. Табиғи тыныс алу мен ән салу кезіндегі тыныс алудың көп айырмашылығы бар. Ән айту үшін кеудеге қажетті мөлшерде ауа толтырып, арнайы тыныс алу керек. Әншінің міндеті – сол ішке тартқан ауаны әннің ұзақтығы мен мәнеріне сәйкес мөлшермен өлшеп шығару. Гигиена бойынша демді неғұрлым мұрын арқылы алған дұрыс. Бірақ ,қысқа үзіліс (пауза) кезінде ауызбен де, мұрынмен де дем алуға тура келеді.Мұндай аралас тыныс алу кезінде іштегі ауа жылиды, шаңнан тазаланады, дауыс шығару мүшелерін тітіркенуден сақтайды. Дауыс аппаратының барлық бөлігі бір-бірімен тығыз байланыста болса да ән айтпай-ақ , яғни әннен тыс тыныс алуға арналған жаттығуларды жасауға болады. Әншілік негіз. «Әншілік негізде ән айту», «Әншілік негізде дыбыстау» - бұлар нағыз әншілік дауыстарға арналған музыкалық мінездеме терминдері. Анығырақ айтсақ , дауыстың сапалы шығуына жағдай тудыратын өкпе мен өңеш, резонаторлардың жұмыс кезіндегі жай-күйі. Әр әншінің әншілік негізі әртүрлі. Ол вокалдық техниканы меңгерген сайын дамып жетіледі. Резонаторлар – дауыс аппаратының сыйымдылығы. Ол дауыс қатпарында әлсіз туған дыбыстарды тербеліске ұшыратып, өсіріп көркемдейді. Жоғарғы (бас) резонаторлар өңештің жоғары бөлігінде орналасқан: жұтқыншақ бөлігі, ауыз бөлігі, мұрын бөлігі. Төменгі резонаторлар тамақтан кейін орналасқан: өкпе, трахея, бронха. Шабуыл (Атака). Шабуылдау – дыбыстың туу кезеңінің басы. Оның үш түрі бар: қатты, жұмсақ , дем алу басы. Ән айту кезінде жұмсақ шабуылдау негізге алынады, қалған екеуі вокалдық техниканы жетілдіруге арналған жаттығуларда қажет болғанда қолданады. Академиялық және халық әндерін орындаушыларға вокалдық – педагокикалық талаптардың бірлігі бірдей. Оларға мыналар: көркемдік және техникалық жетілдіру бірлігі; оқу материалдарының қиындық кезеңдері; үйренушілермен жекелеме жұмыс; тыныс алудың аралас түрі; әншілік негіздің керектілігі; бос, салмақ салмайтын дыбыстың ашықтығы; мәнерлі де әдемі дауыс; жақсы дикция; таза интонация; әнді жүрекпен орындау жатады. Дауысты дыбыстардың тілдегі және ән айтудағы ерекшелігі. Вокалдық ән айту барысындағы басты ерекшелік дауысты дыбыстардың ұзартылып айтылуы, сыйымдылығы, дөңгеленіп, әдеміленіп айтылуында. Вокалдық дағды - үнемі жаттығудан қалыптасқан вокалдық ән айту рефлекстерінің жиынтығы. Вокалдық дағды көп қайталауды талап етеді. Интонация тазалығы неге байланысты болады десек, ол әншінің табиғи дарынына, яғни музыкалық есту қабілетінің өткір болуына, жаттығуына, физикалық көңіл-күйіне, дұрыс тыныс алуына, дыбысты айту сапасына, сахнадағы қобалжуына байланысты болады. Вокалдық педагогикада оқушыларды әншілік өнерді үйрету барысында дауыспен көрсету әдістемесі кеңінен қолданылады. Әнші болуды армандайтын оқушылар еліктегіш болып келеді. Мұғалімнің дауыс ерекшелігіне еліктеген оқушы тура солай салып алады. Бәрі еліктеуден басталғанымен ән айту техникасын меңгерген оқушы өзінің табиғи дауысын жоғалтып алмай, өз дауыс ерекшелігін сақтап қалуы тиіс. Әншілерде дыбысты айтуда кездесетін негізгі кемшіліктер: интонацияның таза шықпауы, жоғарғы немесе төменгі дыбыстарға жетпей қалуы, дауысты дыбыстарды әртүрлі тембрде шығаруы, тербеліс кезінде вибрацияның жағымсыз болуы, жасанды дауыспен айту, дауысты дыбыстардың қысаңқы кейде тым ашық болуы, дыбыстарды мұрынмен шығарып айту т.с.с. Хор мен ансамбль әншілері. Жеке әнші мен хорда ән айту мәнері бірдей болғанымен өзіндік ерекшеліктері бар. Хорға немесе ансамбльге дауыстары бір-біріне жақын адамдарды алады. Олар бір-біріне еліктеп, біркелкі дыуыспен айтуға жаттығады. Өз дауыстарын сақтап қалу көркемдік жаттығулар мен жетекшінің репертуар таңдауына байланысты. Болашақ әншіге хорда немесе ансамбльде жеңіл дыбыстау, қиналмай ән айту - пайдасы зор негіздер. Бастапқы оқуға хордағы дағдылар мен жеке ән айту өте бағалы болып саналады. Сонымен бірге классикалық ансамбльдер мен халықтық бағыттағы ән айту әншілерге өте пайдалы. Ол есту, ансамбльді сезіну, өзін тыңдай білу мен өзгені тыңдауға көмектеседі және гармониялық есту қабілетін дамытады. Хор тәжірибесінде фальцетпен айту жиі пайдаланылады.Ол вокалдық орындау мүмкіншілігін кеңейтеді. Хорда вокалдық дағдыларға тәрбиелейтін маман- хормейстр. Ол хорға тон береді. Көркемөнерпаздар ұжымдарында вокалдық дайындығы жоқ адамдар көп болады. Онда хормейстр ән үйрететін бірінші адам болғандықтан игерген теориялық білімін өз тәжірибесінде ұштастыра білуі тиіс. Репертуар. Дұрыс таңдалған репертуар әншінің дауысын жетілдіре түседі, қате таңдалған репертуар әншінің дауысына кері әсерін тигізіп, бұзады. Ұзақ уақыт жеңіл репертуарда айтса, ол дауысты жетілдіріп, шыңдай түседі. Репертуардың тиімді таңдалуы өз дауысын бағындыруға септігін тигізеді. Вокалдық шығарманы оқу. Бастапқы кезең орындаушының жеке қабілетіне байланысты. Партияны бірден толық орындауға болмайды, шығармамен танысу керек. Автордың ескертпелерін есте сақтау қажет. Алдымен жеке бөлімдерді айтып жаттығу қажет. Шығарманы мағыналық бөлімдерге бөліп, ең басты мағынаны тауып, қиын бөлімді айтып жаттығудан бастаған дұрыс. Сахна мәдениеті және іс-қимыл. Алғаш сахнаға шыққан әншіде қобалжу басым болады. Одан құтылудың жолдары: үйдегі, жұмыстағы проблемаларды ойламау; алдын-ала қалай болар екен деген артық ойдан аулақ болу; концертке шығар алдында ұзақ қыдырмау; кітап оқымау; репертуардың қиындығын ойлап өзін тежемеу т.б. Сахнада 2-4 рет баяу әрі терең тыныс алған жөн. Өзін бос, еркін ұстап, репертуарға тыңғылықты дайындалса, сахнадағы қобалжуды жеңе алады. Әр вокалдық жанрда іс-қимыл әртүрлі болады. Эстрадалық әншілердің қимылы – академиялыққа мүлдем жат. Орындайтын шығармаға сай іс-қимыл болу керек. Ұялшақтық, артық қимыл сахнадағы әншілерде көп таралған әдеттер. Мимика тыңдаушыларды қосымша ойлануға әкеліп, дыбысқа мінездемелік сипат қосады. Костюм – орындаушылардың визиткалық карточкасы. Ол шығарманың мазмұнына кері әсерін тигізбеуі керек. Классикалық репертуарға эстрадалық сәндіктің керегі жоқ.. Ескі романстарға джинсы шалбардың керегі жоқ, ол саяхат туралы әндерге көбірек келеді. Дауысты күту жолдары: үнемі дұрыс жасалған әдістемелік оқулар, тұрмыстағы дұрыс ұйымдастырулар, дене шынықтыру жаттығуларының қарапайымдылығы, шынығу . Дауысқа зиянды әдеттерден сақтану: дауысқа сай келмейтін қиын репертуар таңдау, айқайлап ән айту, айқайлап сөйлеу, сыра ішу, шылым шегу, шаң-тозаңда жүру, өте ыстық немесе суық тағамдар ішу, шемішке шағу т.б. Пайдаланылған әдебиеттер 1. В.П.Морозов Искусство резонансного пения М.,2002 2. О.Далецкий Вокальный «катехизис» Молодежная эстрада М.,1991, №1. 91-99бет. | |
| Просмотров: 6978 | |
Форма входа |
|---|
Социальные закладк |
|---|
Поиск |
|---|
Друзья сайта |
|---|
Теги |
|---|
Статистика |
|---|