Главная » Статьи » В помощь учителю » Технология |
Қазақ халқының ерте заманнан қолданылып келе жатқан кигіз үйдің тарихы. Киіз үйдің пайда болуы қола дәуірінен басталады екен. Киіз үй біздің заманымыздың бұрынғы VII-ғасырда кеңінен пайдаланып, киіз басу белгілі бір кәсіпке айналады. Киіз үйдің сол кезден бастап кең таралғанын сол замандағы тасқа қашап түсірілген Алтай Сібірдегі Қызылжар тасынан, Қырымдағы суреттерден айқын байқауға болады. Көшпелі сақ тайпаларының киіз үйде тұрғанын алғаш рет ежелгі грек тарихшысы Геродот жазды. Киіз үйдің сыртқы пішіні, қабырғалары шеңбер, төбесі күмбезденіп келеді. Киіз үйдің негізгі қаңқасы кереге, сықырлауық, уық шаңырақтан тұрады. Бұларды бір сөзбен киіз үйдің қаңқасы деп атайды. Киіз үйді тіккенде үй сүйегі бір-бірімен бау-басқұрлар арқылы біріктіліп танылады. Оның сыртынан шым ши немесе ақ ши тұтылып, киіз әбзелдер- туырлық, үзік, түндік, киіз есік жабылады. Киіз үй- көшпелі өмірге бейімделген, ерте заманнан келе жатқан көпелілер баспанасы. Еуразия далаларындағы жартылай көшпелі және отырықшы халықтардың арасына кеңінен тараған. Көшіп-қонуға лайықты жасалады, түйе мен атқа тиеу арқылы жеңіл көшіріледі, оның киіз туырлықтары мен үзіктерінен жауын өтпейді. Ыстық күнде киіз үй салқын болса, қысты күні керегесін екі қабат киізбен қаптап, ошақ жағып, жазға дейін отыра беруге болады. Киіз үй- өзіндік баға жетпес өнер туындысы, қазақ халқы үшін өмір салты мен әдет-ғұрпының, дүниетанымының, сан ғасырлық мәдениетінің жарқын айғағы. Көшпенділердің кіші әлеміне айналған киіз үй олардың өмірінің көп бөлігі өтетін дәстүрлі тұрақты мекен-жайы болған. Туырлық- кереге іргесінен уықтың орасына дейінгі жерді, үзік- кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты, түндік- шаңырақты, киіз есік- сықырлауықты жауып тұрады. Киіз есіктің сыртқы киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады. Шиыршықтап түріп қоюға ыңғайлы. Көбінесе жел болғанда немесе салқын түскенде пайдаланылады. Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұстастыру, сыртқы киіздерін бастырып тұру мақсатында бау-басқұрлар қолданылады. Оларға: басқұр, құр, таңғыш, шалма, туырлық, үзік және түндік баулар, балақ бау, жел бау, иық бау тағы басқалар жатады. Кереге мен туылдырық арасынан айналдыра тұтылатын шилер киіз үйдің сыртқы пішінін жұмырлай түседі. Бай жиһаздалған киіз үйлерде, қазан-аяқ жаққа болмаса, ши ұсталмайды. Киіз үйдің сыртқы әбзелдері күн сәулесі мен тамшы өткізбеу, жылу сақтау қызметін атқарады. оларды пісірілген шаңқан ақ киізден пішіп, ою-өрнектермен безендіреді. Пішілген өрнекті жіппен жиектеу, мақпал немесе шұғадан дөдеге ою бастыру киіз үйге салтанатты сән береді. Киіз үйдің бас құралы мен жел баулары да әшекейлі өрнекпен көмкеріліп, түрлі түсті жіппен тоқылады. Киіз үйді тігу екенін бірінін қолынан келе бермейді. Тәжірибесіз адам тіккен киіз үй бір жағына қисайып немесе уығы ырғып кетеді. Киіз үйді тіккенде ең бірінші кереге жайып, оның сығанақтарын таңғыштарымен біріктіре таңады, есігін орнатады. Басқұр таңғыштарымен мықтап таңылған шеңбердің үстінен бақанмен шаңырақ көтеріп, оған уық шаңшылады. Он екі, он сегіз қанатты үйлер өте биік болғандықтан, атты кісі шаңырақты көтеріп тұрғанда, өзге атты кісілер уықты шаншатын болған. Уықты керегенің басына балақ бау арқылы байлап, бекітеді. Уықтарды шалма жіппен ортасынан байлап, бір-бірінін арасын жалғастырады. Әрбір уық қаламын шаңрақ қаламдығына сұғынта кіргізіп, екінші жағын құрмен шалмап шығады. Осыдан кейін туырлық, үзік, түндік, киіз есік деп аталатын киізден жасалған бөлшектермен жабылады да, баумен байлап бекітіледі. Киіз үйге қазақ үй, қара үй, боз үй деп үшке бөлінеді. Оның себебі-батысы мен шығысы, түстігі мен терістігі мыңдаған шақырымға созылған қазақ жерінін географиялық жағдайы киіз үйдің сырт пішіні мен жасалу технологиясына аздаған өзгешеліктер енгізген. Себебі жыл мезгілдеріндегі ауа райынын өзгеруінен бөлек оңтүстік және шығыс аймақтар жылы болғандықтан ол жерлердегі киіз үйлердің сыртқы қабаттары жұқалау, ал, солтүстік және батыс аймақтарда ауа райы салқын болатын болғпндықтан ондағы киіз үйлердің де сыртқы қабаттары жылы жақтағы ағаш үйлерден гөрі қалың болып жабылатын болған. Жалпы киіз үйдің үлкен-кішілігі санына қарай белгілейді. Киіз үйдің екі, үш, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған. Киіз үй керегесінін басы 70-80-нен 360-қа дейін барады. Ауқатты қазақтардың киіз үйі сегіз қанаттан бастап отыз қанатқа дейін баратын өте үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен безендіріліп, әшекейленген. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған. Ал орташа шаруаларға тән алты қанат ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа, жолым үй, көтерме туырлықты деп атаған. Қазақтың киіз үйі өзінің мәдени тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты негізінен үш түрге бөлінген: 1) Жазда тұруға арналған киіз үй; 2) Мереке жиынкезінде немесе қадірлі қонақты күтіп алатын киіз үй; 3) Жорық кезінде тігетін киіз үй. Бұдан басқа негізгі үйден бөлек асханаға, қоймаға, сарайға арналған киіз үйдің түрлері болған. Жолаушылар мен жорықшылардың тігетін үйлерін жорық үй деп атаған. Бұл үйді арба үстіне шағын етіп орналастыратын болған. Сондай-ақ, құрым киізден, қамыстан, шиден шағын үйлер де салынатын болған. Мұнда йүйшіктер көбінесе жаугершілікте, майдан шебіндегі далаға жауын шашыннан қорғану үшін тігілген. Молшылық пен сәттіліктің белгісі болып есептелген киіз үйдің үлгісі- ақ боз үй деп аталады. Бұндай үйлер негінен ақ, боз киімдермен жабылатын болған. Ақ боз үйдің өзімен қатар тігілетін қосалқысы- қараша үй деп аталады. Оны асхана ретінде пайдаланатын болған. Ақ боз үймен салыстырғанда көлемі кішілеу, төрт қанаттығ уығы қысқа тікелеу болғандықтан, бойы аласалау келеді. Көбінесе қоңыр киізбен жабылатын болғандықтан, қараша үй деп аталған. Сонымен қатар қазіргі кезде кей жерлерде киіз үйді қара үй деп те атайды. Меніңше қара үй деп қайтыс болған жағдайда арнайы үй тігіп, сүйегін сонда қойып, сол үйден ақіретке аттандыратын болған. Сондықтан "қара үй" деп аталады деп ойламаймын. Қазақ киіз үйдің шоқтығы саналатын, құрастырылып, ажыратылатын киіз жабынды тұрғын жайдың аса сыйымды түрін "Орда" деп атаған. Бұл ел билеген хан мен сұлтандар үшін көпшіліктің қатысуымен салтанатты, рәсімді жиындар өткізіліп тұруға, елшілер мен құрметті қонақтар қабылдауға, келессөз жүргізуге, шартқа қол қоюға ыңғайластырған киіз үй. Киіз үйдің сүйектеріне жеке-жеке тоқталатын болсақ киіз сүйегінің ең жоғарғы бөлігі- шаңырақү Қазақ үйінің киесі шаңырақтан бастау алады. Шаңырақ- қасиетті. Шаңырақты қазақ халқы барлық уақытта қастерлеп,биік ұстаған. Қанша қиын-қыстау заман туса да шаңырақты көшке қалдырып, отқа жақпаған. Шаңырақ- күннің символы. Шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкім сөйлемейді. Өйткені ұлы іс атқарылып жатқанда үнсіздік орнауы тиіс. "Жеті уық шаншылғанша жетесіз ғана сөйлейді" деген сөз дәлелі. Шаңырақтың төрт күлдіреуші- төрт тарапты білдіреді. Уықтарды күннің шашырандысы деп ұғыңыз. Ертеректе шаңыраққа үрлеген қарын байлап қоятын болған. Оның мәнісі, құт құйылады деп есептеген. Шаңырақтың астында ошақ орналасады. Ошақ- адамның оты. Шаңырақтын үстінде Алланың оты маздаса, төменде адамның оты лаулайды. Бірінші- тоғын. Ол шаңырақтың негізі. Қатты ағаштан жасалып, өрнектеледі. Екінші- күлдіреуші. Сәмбі талынан иіліп жасалады. Үшінші - беріктік. Ол күлдіреуіштер ыдырап кетпеу үшін орнатылады, өрнектеледі. Төртінші- шаңырақтың көзі. Оған уықтың қаламы кіріп тұрады. Уық- кереге мен шаңырақты жалғастырып тұрады. Киіз үйдің кеңдігі керегесіне байланысты , биіктігі уықтың ұзындығ мен қысқалығына байланысты болады. Уық саны үйге жайылатын кереге басының санына тең. Осы қосымша сықырлауық есіктің үстіне байланысатын қысқалау келген 4-5 маңдай уық болады. Оның ұзындығы есіктің биіктігіне байланысты. Иілген уықтың бойында бірнеше атаулы бөліктер бар. Уықтын керегеге байланатын ұшын "доғалай" дейді. Додағайды тесіп, қайыстан уықбау тағылған, уықтың иілген жерін иығы деп атайды, шаңырақ пен уықтың арасын қары деп атайды. Ал шаңырақтың көзіне қадайтын ұшын қаламы деп атайды, оны төрт қырлы етіп ұштауды қаламдау дейді. Уықтың иінінің ішкі бетін шеберлер бедерлеп өрнек салады немесе арнайы өрнектелген сүйек жапсырады. Кереге- киіз үй сүйегінің қабырғалық бөлігі. Талдан, жіңішке қайыңнаң жасалады. Кереге көздерінің көлеміне қарай тор көзді кереге және жел көзді кереге болып екіге бөлінеді. Тор көзді керегеде уық байлайтын диырма бас, жел көзді керегеде он жеті бас болады. Кереге жасайтын жас тал мен қайыңның қабығын аршып, көлкңкеде кептергеннен кейін қозға көміп жұмсартады. Сонан сон тезге салып түзетіп, жонады. Дайын болған кереге ағаштарын қайтадан тезге салып мүсіндейді. Бұдан соң бұларды бір-бірімен қосып, түйенің немесе өгіздің мойын терісінен дайындалған таспамен көктеп, жосамен бояйды. Керегені құрайтын әрбір ағашты "желі" деп атайды. Желінің ең ұзынын керегенің "ерісі" деп атайды Одан қысқалауын "балашық деп атайды. Ең кішісін "сағанақ" деп атайды. Киіз үйдің ағаш есігін- сықырлауық дейді. Ол киіз үй ішіне қарай ашылатын есік. Есік бірнеше бөліктен тұрады. Олар: маңдайша, екі босаға, табалдырық және екі жақтау есік. Туырлық- кереге іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді жауып тұруға арналған алты баулы киіз. Туырлықтың іргесін түріп, киіз үйдің ішінің ауасын тазартып әрі қатты ысып кеткен кезде, үй ішін салқындатып алатын да болған. Киіз есік- сықырлауықты жауып тұрады. Киіз есіктің сырты киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады. Шиыршықтап түріп қоюға ыңғайлы. Көбінесе жел болғанда немесе салқын түскенде пайдаланылады. Киіз үйдің ішкі баулары: Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұластыру мақсатында бау-құрлар қолданылады. Таңғыш- екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп танатын өрнекті жіңішке құр. Бас арқан- керегенің басын сыртынан бастыра орап таңатын қыл арқан. Шалма- уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр. Желбау- өрнекті, төгілме шашақты құр, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылады, киіз үйге сәндік жиһаздық сипат береді. Оның негізгі міндеті- дауыл кезінде шаңырақты салмамен басып тұру. Басқұр- киіз үйдің ішін безендіру үшін, әр туырлықтың кереге басына үйкемелеу үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр. Үзік бау- үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау. Бел-бау- туырлықтың керегеге тығыз тығыз жатуы және жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан. Киіз үй- қазақ халқының өзімен бірге жасасып, тарих белестерінен бірге келе жатқан заттық, тұрмыстық мәдениеттің көрінісі. Ол сонымен қатар қазақ халқының материалдық мұрасының бірі ғана емес бірегейі болып бағаланады. Киіз үй- бүгінге дейін өзө маңызын жоғалтпай жетіп, ауылды жерлерде қолайлы жазғы баспана ретінде әлі де пайдаланып келеді. Қазіргі таңда киіз үй- тарихымыздағы ең бірінші сәулеттік құрылыс. Киіз үйдің іші қыста жылы, жазда салқын. Сондықтан, шопандар да, туритер де пайдаланады. Киіз үй жер сілкінісінде де ыңғайлы, өйткені ол оңайлықпен бұзылмайды. Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен елдерге шатырдың орнына киіз үйлер апарып жүр. Киіз үй- жарты ғаламның моделі. Бүкіл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретінде қарастырсақ, киіз үй баспана ғана емес арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелі орын. | |
Просмотров: 3134 | Комментарии: 1 | | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|