Главная » Статьи » В помощь учителю » Технология |
«Ұстаздық – киелі де мәртебелі мамандық» Ақтөбе қаласы Ғ.Ақтаев атындағы № 6 орта мектеп технология пәнінің мұғалімі Матаева Бакыт Зулхарнаевна Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы - мұғалім. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын - мұғалімдердікі. Мағжан Жұмабаев Мұғалімнің бір ғана сыры – оның мамандығы, бұл дүниеде теңдесі жоқ мамандық тек мұғалімге ғана лайық. Сондықтан ұстаз адам – кәсіби мамандығына құштар, оны жан – тәнімен сүйетін, барлық өмірін соған арнауы тиіс. Олай болса мұғалім еңбегінің сан қырлылығы осыдан өрбиді. Мұғалім адамның өз пәнін терең меңгеруі оның ең алғашқы қыры, кәсіби шеберлілігін үздіксіз ұштай,шыңдай түсуі екінші қыры болмақ. Үшінші қыры – мұғалімнің тілді меңгеруі – тіл шеберлігі.Сөзді жетесіне жеткізе сөйлей білудің өзі – өнер. Себебі, тіл – тәрбие құралы. Төртінші қыры – байқағыштық сезімі – көрегендігі. Бесінші қыры – әр жүректі білім шұғыласымен нұрландырудың ең тиімді, ең төте жолын таба білетін жасампаздығы. Алтыншы қыры – жан – жақты дарындылығы. Жетінші қыры – үздіксіз, тынымсыз ізденімпаздығы. Сегізінші қыры – үлгі-өнегесі, мұғалім мәдениеті немесе педагогикалық әдеп – этикасы деуге болар еді.Себебі, мұғалімнің келбеті – сыртқы мәдениеті, қарым-қатынасы, өзін-өзі басқаруы, бақылауы, сөйлеу мәдениеті,үздіксіз жаңарып, өзгеріп, үнемі жаңа сипатқа ие болып отыруы мұғалімдік мамандықтың ең басты этикалық сапалық белгісі. Мұғалімнің алдындағы басты міндет – оқушыларды біліммен қаруландыра отырып, ойлауға, сөз шеберлігіне, еңбек ете білуге үйрету және тәрбиелеу.Ұстаз бүгінге емес, ертеңге, болашаққа қызмет істейді. Ол заман дамуынан артта қалмас үшін, өзін- өзі жан- жақты дамыту үшін саяси- идеялылық дәрежесін, ғылыми теориялық білімін және педагогтық мамандығын күнбе- күн жетілдіріп отыруға талаптануы қажет. Мұғалім өзінің білімімен, ақыл- парасатымен, яғни бүкіл болмысы мен қоғамның болашақ азаматын дайындауы қажет. Бүгінгі таңда мұғалім жұмыс жүйесінің негізін айқындау және жұмыс принциптерінің үйлесімділігін қоғам және нарық заманына бейімдеу үшін ең алдымен мұғалім тұлғасы, оның мамандық қызметінің сан қырлылығы, ұстаздық бедел, мәртебесі жайлы айта кетейік. Мұғалім – қастерлі, ұлы ұғым. Болашақ ұрпақтың тәрбиесін сеніп тапсырған қоғамның ең сенімді өкілі. Мұғалім – жасөспірімдерді іскерлікпен ұйымдастырып, «басқарушы», мамандығын жетік меңгерген білімпаз «шебер оқытушы», жүрек жан жылуымен оқушы жан дүниесін нұрландырып, тәлімдеп үйретуші – «рухани сәулеткер», болашаққа жөн сілтер ең жақын ақылшы – «екінші ата - анасы», көмектесіп жетектеуші, кеңес беріп ескертуші, демеп ынталандырушы, үлгі – өнегесімен тәрбиелеуші – «нәзік психолог», ізденімпаз – жаңашыл, жасампаз – еңбеккер қасиеттері бойына дарыған ең басты асыл тұлға. Мұғалімдік – ұстазға берілген жалпылама ұғым, биік тұғырлы мамандық. Мұғалімдік мамандық адам жан дүниесінің ең нәзік, ең күрделі қыр сырына қызмет ететін адамтану. Адам қажырлы еңбегімен табиғатты өзгертсе мұғалім жалпы жасампаз еңбегімен жаңа адамды қалыптастырып, дамытып, жетілдіріп өмірге дайындайды. Оқушыларын тек біліммен қаруландырып қана қоймай, назарын, білгендерін жадында сақтауға, қабілетін, ойлауын, тіл шеберлігін ұштауға, дүниеге деген құштарлығын, өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастырып, ықыласын, сенімін, төзімділігін, іскерлігін, ізденімпаздығын тағы басқадай танымдық қасиеттерін жетілдіріп, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеуді өзінің өмірлік мақсаты, ізгілік мұраты деп санайды. Қазақтың ұлттық ою-өрнегінің этномәдени қызметі Матаева Бакыт Зулхарнаевна Ақтөбе қаласы, Ғ.Ақтаев атындағы № 6 орта мектеп Этнопедагогика - халықтың тарихи өмір тәжірибелерін жүйелеп тұжырымдаған ұлттық тәлім-тәрбие туралы ғылым, этникалық қауым педагогикасының дамуын зерттейтін педагогикалық білімдердің жаңа саласы. «Этнос» («этнос» - гректің «тайпа», «халық», «ұлт» деген сөзінен шықан) және «педагогика» сияқты екі сөзден құралып, этнопедагоика деп аталатын бұл ғылым - жалпы педагогика ғылымдарының түп негізі. Этнопедагогика ғылымы жиырмасыншы ғасырдың 60-жылдарынан бастап ғылым ретінде зерттеліп, оның ғылыми-теориялық негіздері айқындалды. Халық педагогикасымен ұзақ жылдар бойы айналысып, көптеген ғылыми еңбектер жазған чуваш ғалымы Геннадий Никандрович Волков педагогикалық әдебиеттерге тұңғыш рет «этнопедагогика» деген ұғымды енгізген. Этнопедагогика ғылымының негізгі материалы - халық педагогикасы, ол – халықтың мәдени мұрасы, ұлттық тәлім-тәрбие құралы. Зерттеу объектісі - халықтың тәлім-тәрбие жөніндегі ұғым-түсініктері, дәстүрлері, тәжірибесі болып табылатын ғылым саласы ретінде пайда болған этнопедагогика ұлттық тәлім-тәрбиенің қайнар бастауынан бастап, осы уақытқа дейінгі болмысын анықтап, оның болашағын белгілеп беретін, одан әрі дамып, кемелдене беретін ғылым. Этнопедагогика – белгілі бір халықтың өзіне тән ерекшелігі бар дүниетанымдық, тәрбиелік, мәдени мұрасы. Этнопедагогиканың зерттеу обьектiсi – халық педагогикасы. Халық педагогикасы дегеніміз - ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдени ойлау үрдісінің озық үлгілерінің жиынтығы. Халық педагогикасының негізгі түйіні - еңбек тәрбиесін және өндірістік білімді, дағдыны, шеберліктерді жас ұрпақтың бойына дарытып, адамгершілік, имандылық рухында тәрбие беру. Ол - ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамып келе жатқан тарихи және көне үрдіс. Этнопедагогиканың білімділік мәні сонда – ол халықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымдық, тәлім-тәрбиелік құндылықтарын ғылыми-теориялық негізде айқындап, өмірдегі қолданылмалы мән-мағынасын ашып берді. Ол құндылықтар - халық педагогикасы мен этнопедагогикалық ойлар тарихы. «Біз тәрбие ісінде халықтың тәжірибесіне сүйенеміз» - деп Аристотель айтқандай, жалпы педагогиканың түп негізі ұлттың тәжірибесіне байланысты екені белгілі. Этнопедагогика халық тәжірибесі арқылы тарихи қалыптасқан тәрбие құндылықтарын жаңғырта, жаңаша өмірмен байланыстырып пайдалану жолдарын айқындап көрсетеді. Әрбір ғылым өзінің дербес әдіснамасын, әдістерін жасайды. Сол сияқты этнопедагогиканың да өзіне тән тәрбиелеу және оқыту әдістері бар. Сонымен қатар этнопедагогика педагогика ғылымдары жүйесінің ажырамас бөлшегі бола отыра, өзінің таным объектісін зерттеуде педагогиканың бүгінгі жетістіктеріне сүйененіп, оның материалдары мен әдістерін пайдаланады, олар: әңгіме әдісі (сұрақ-жауап (әңгімелесу) арқылы тыңдаушының білімін толықтыру, пікірлесу, тұжырымдар), әңгіме-лекция әдісі (әрбір сұрақ-жауапты толықтырып отыру, соңында ой-қорыту, тұжырым-нұсқау беру), баяндау әдісі (жүйелеп баяндау, басты нәрсені көрсетеді), көрнекілік әдіс (демонстрациялық тәсілдер: көрсету, естірту, әсерлендіру), салыстырмалы әдіс (этнопедагогиканы басқа пәндермен, хронологиямен, өмірмен, жағдаймен салыстыра баяндау), ынталандыру, жағдай жасау, әсерлендіру әдістері (жауапкершілікті сезіну, сөз қолданысты зат қолданыспен үйлестіру, түрлі айтыстар, әр алуан пікірталастар тәсілдері, дүниетаным ойындары), оқытудың практикалық әдістері, сахналау әдістері, (сценка, сценарий, пьеса, интермедия), көркемдеп оқу (диалогтарды орындауға үйрету тәсілдерінің әдістік үлгілері), аудиториядан (сабақтан) тыс жұмыстар әдістемесі (этнопедагогика пәні бойынша ұйымдастырылған алуан түрлі үйірмелер, кештер, жарыстар, байқаулар, конференцияларды ұйымдастыру әдістері), жаңа технологиялық әдістер (тақырыптық іс-әрекеттік ойындар, тыңдаушылардың өзін-өзі басқаруы, теледидарды, техникалық құралдарды пайдалану ), оқытудың индуктивтік, дедуктивтік әдістері (дарадан жалпыға, жалпыдан дараға талдай білу, игі әдет, әдет-ғұрып, әдеп, дәстүр, салт, салт-сана...), қайталау, өздігінше жұмыс істеу, және проблемалық іздену әдістері (пысықтау, еске түсіру, ғылыми зерттеу, өзінше ой талдау, ой қорыту) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев өзінің 2003 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Біз өз мәдениетіміздің құндылықтарын сақтай отырып, байыппен алға жылжи беретін боламыз» деп, атап көрсеткен болатын. Қоғамдағы болып жатқан бетбұрыстар, саяси көзқарастар аясында қазақ елінің тарихын шынайы тұрғыда танып-біліп, салт-дәстүріне рухани мұрасына қасиетпен қарау ерекше маңызға ие болып отыр. «Болашақ - өткен тарихты білуден басталады» дейді, Баласағұн бабамыз, ал әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фараби: «Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің өмір сүріп жатқан дәуірінің қадірін бағалай алмайды» - деген екен. Олай болса, тарихқа, тарихи бастауларға, мәдени мұраларымызға қаншалықты терең үңілсек, қоғамдағы қазіргі жағдайды соғұрлым жақсы түсінетін, білетін боламыз. Сондай қажеттіліктің бірі – халықтың қолөнері. «Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді» деп, М.Әуезов айтқанындай, өсіп келе жатқан ұрпағымызға өз халқының өнерін бойына сіңіріп өсу – педагогтердің қазіргі кездегі кезек күттірмейтін мәселесі. Еліміздің белгілі ойшылдары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, М.Жұмабаевтар жастар тәрбиесіне еліміздің рухани негізіндегі байлығын, халық мұраларын, салт-дәстүрлерін жиі пайдалану қажеттілігіне көп көңіл бөлген. Мектеп қай халықтың болсын ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін қызмет етеді. Өйткені ол сол халықтың төл мәдениеті, тілі мен салт-дәстүрін сақтап, одан әрі дамытудың алтын көпірі. Ендеше Қазақстан мектептері де ұлттық асылдарымыз бен қазыналарымызды сақтап, дамытудың кепілі. Қай заманда да ұлттық өрлеудің, халықтық қалыптасудың ең негізгісі, бірінші шарты – білім. Ал шынайы білім беру – ұлттық сананы қалыптастыру мен дамытудың басты құралы. Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік «Білім» бағдарламасында: «балалармен мен жастарды тәрбиелеудің ең көкейкесті мәселелері ретінде, білім мекемелерінде оқушылардың этностық-мәдени ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеу, білім берудің тиімді жүйесін жасап, өмірге ендіру» қажеттігі атап көрсетілген. «Қазақтар - тек ою-өрнек әлемінде өмір сүретін сияқты» деп, академик Әлкей Марғұлан айтқандай, халық мұрасындағы ұлттық өрнектердің үйлесімді реңдерінде ата-бабаларымыздың тұрмыс-салт дәстүрі бейнеленгені шындық. Халықтың тарихын, шежіресін, географиясын, мінезін, ерлігін дәл бейнелейтін ою-өрнек құдіретті өнер.Бұл өнер халықтың болмысымен бірге туып,бірге қайнасып келеді. Қазақтың ұлттық қолөнерінің өсу жолы, өзіне тән даму тарихы бар.Ол тарих сонау көне замандардан басталады. Қазақстан жерінде бұрын-соңды жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталлған. Түркілер ою-өрнекті айрықша қастерлеген халық. Қолөнер халықтың ұлттық мұрасы. Қолөнер қашанда заман, өмір ағымымен бірге туындап, дамып, мәдениеттердің үлгілері дәлел бола алады. Кең байтақ Қазақстан Республикасы жерінде ертеден қалыптасқан көне мәдениеттің тікелей мұрагері ғана емес, сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы. Кеңес өкіметіне дейінгі қазақ халқының қолөнерінің дамуын этнографиялық тұрғыда зерттеудің ғылым үшін маңызы өте зор.Өйткені, қазақ халқының қолөнері – жалпы алғанда халық мәдениетінің ішіндегі негізгі саласы. Ою-өрнек адам өмірі үшін маңызы өте зор. Мыңдаған жылдар бойы еңбектенген жүздеген жүйрік ойшылдардың тырысқандығына қарамастан, әлемде өте терең сырлар мен соншалықты асқақ ойлар жатыр. Әлі де болса оларға терең бойлағанымыз жоқ, сондықтан да шығармашылық ізденістер мен жаңалық ашу қуанышы әрі қарай жалғасуда .Сондай-ақ, мен,яғни біз жастар – Қазақстанның болашағы, келешекте мемлекетіміздің дүние жүзінде алдыңғы қатарлы, өркениетті елдердің бірі болуы, өркендеп өсуі, ілгері дамуы – жастардың және келешек ұрпақтың қолында. Сондықтан да, менің негізгі ой-мақсатым мемлекетімнің жан-жақты дамуына өз қомақты үлесімді қосу.Соның ішінде, ұлттық мәдениетізді көтеру,оған біріншіден халқымыздың әр бір азаматы ұлттық мәдениетімізді қадірлей, қастерлей білуі қажет.Мәдениетімізге, тарихымызға тереңірек үңілсек, ілгері дамуымыз жемісті болар еді. Мысалы, қазіргі қыл қалам иелері, суретшілеріміз байырғы қазақтың ою-өрнек өнерінің үлгілерін жетік білмесе, ұлттық шынайы өнер туындысын тудыра алмайды. Өнердің барлық саласы адамға этномәдени қызмет атқарады. Соның ішінде, адамның қажеттілігіне қызмет ететін ағаш бұйымдары. Яғни, менің тоқталатыным ағаш ою-өрнегінің кешегісі мен бүгінгісін зерттеу, салыстыру, этномәдени қызметінің маңыздылығына тоқталу болып табылады. Қазіргі кезде өз өнерін баласына, қызына үйретіп, кілем тоқып, ұршық үйірумен айнылысып отыратын апалар, әжелер азайған тәрізді. Сондықтан баланы қолөнерге баулу және оны қызықтыру үшін ең алдымен оған үлгі алатындай жағдай туғызып, қазақ қолөнерінің әсемдік құпиясын ашып көрсету қажет. Қазақтың ұлттық өнердегі эстетикалық талғамды дұрыс өз мәнінде түсіндірудің маңызы зор. Қазақ халқының қолөнерінде өрнек ерекше орын алатыны белгілі. Біз өрнек өнерін көркем шығармашылық өнері ретінде қабылдаймыз.[4] Қазақтың ою және өрнек деген қоссөзі бірге келіп, латынша орнамент деген ұғымды білдіреді, мағынасы – сәндеу, әсемдеу. Ойылған, кесілген, тілінген, қиылған оюды екінші бір затқа жапсырып, жымдастырып, желімдеп әшекейлейді, әсемдейді, түрлендіреді. Ою күнделікті тұрмыста үй жиһаздарын: сырмақ, сандық, кебеже, киім-кешектерді, қабырғаларды безендіруге қолданылады. Осындай бағытта бір бұйым жасамас бұрын оқушыларға ою-өрнек түрлерін, оюдың мән-мағынасын, тарихын тереңірек түсіндіру қажет. Өйткені бала қандай оюды қолданатынын білу керек және оларды дұрыс таңдай білуі қажет. Халықтың өмір сүру ерекшелігі мен тұрмысын көп жағдайда кәсіпшілігінің дамуы айқындалып отырады. Шебер оларды жасай отырып өзінің арманын, мүддесін әсемдікке деген түсінігін білдіруге талпынатын жасыратыны жоқ қазір жастарымыз ою-өрнек сырын жете білмейді. Атап айтқанда, қазақ оюының 3 түрге бөлінетінін, оның түсірілу тәсілін, сыры мен сипатын біле бермейді. Олардың өзіндік ерекшелігі, белгілі мақсаттан туған мағынасы бар. Оған жаңа мазмұн беріп байытып, халқымыздың мүддесіне жарата білсек қандай жақсы. Оқушы ою өнерін шын ынтамен үйренуге, түсінуге құштарланса үлкен жетістіктерге жетеді. Ойы ұшқыр, қиялы қанатты болады және үлкен талғаммен туатын өнер. Ұлттық мәдениетімізді меңгермей, мәдениетті адамзат тәрбиелеу және ұлттық сананы қалыптастыру мүмкін емес. Қай кезеңде болсын адамзат алдында тұратын мұрат-міндеттердің ең бастысы, өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Білімді, жан-жақты тәрбиелі жастар ұлтымыздың баға жетпес қазынасы, сондықтан жастарды жан-жақты қабілетті азамат етіп өсірудегі халық қолөнерінің тәлім-тәрбиелік, білім-танымдық ролі орасан зор. Халық бұрын ғылым мен білімге қолы жетпесе де, сұлулық пен әсемдікті талғай да, таңдай да білген. Өз тұрмысы мен мәдениетін де, қолөнерді мұрат тұтып жетілдіре білген. Шебердің кейбір сан саласын асқан ұқыптылықпен көкірегінде қастерлей сақтап, меңгеріп, біздің дәуірімізге ұштастырғаны белгілі. Ұлттық тәрбие беру ісінде халық педагогикасының озық үлгілері мен қолданбалы өнердің ұлттық дәстүрлері тиімді қолданылмайды. Осы жұмыстарға ой қорытып жалпы оқушыларға қазіргі технология сабағында ұлттық өнерді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдеріне жататындар мыналар: оқушыларды халықтың өнеріне сендіру, оның арнаулы түрлерін оқытып үйрену; ұлттық өнердің жасалуы мен орындалу жолдарына жаттықтыру, дағдыландыру; халық өнерінен үлгі өнеге алу және еліктеу; оқушылардың ұлттық шығармашылық сезімдерін көтермелеу және дамыту, ойлау мен танымдық қабілетін қалыптастыру. Ұсыныстар: 1. «Ұлттық мәдениет, өнер» пәндері гимназия сыныптарына ғана емес, жалпы орта білім беретін мектептерде жүргізілсе; 2. Республика деңгейдегі ұлттық мәдени құндылықтарға арналған арнайы газет-журнал шығарылса; 3. Ұлттық ою-өрнегіміз белгілі бір дәрежеге көтерілсе; 4. Халықтың қажеттілігіне жасалған түрлі бұйымдарының, соның ішінде қазіргі таңда жасалынып жатқан бұйымдарында қазақтың ұлттық ою-өрнегі қолданылса; 5. Қазақстан Республикасының бір қаласы – ұлттық мәдени қала дәрежесіне көтерілсе. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелерi және тарихы. – Алматы: “Бiлiм” 2004 ж. 2.Қалиев С., Молдабеков Ж., Иманбекова Б. “Этнопедагогика” - Астана. 2005 ж. 3. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негiздерi - Алматы; 1995 ж. 4.Х.Арғынбаев .«Қазақ халқының қолөнері».Алматы. «Өнер», 1987 жыл, 168 бет. 5.«Қазақстан мектебі». Алматы. «Дәуір», № 2, 5 2004 жыл, 7 бет. 54 бет | |
Просмотров: 10426 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|