Главная » Статьи » В помощь учителю » Школьная библиотека |
Мақсаты: Оқушыларды Қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы инженер, Алаш қайраткері, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірімен таныстыра отырып, оның еліне жасаған қызметін, еңбегін насихаттау. Дамытушылығы: Ізденімпаздыққа дағдыландыру, терең ойлап, пікір қорытуға бейімдеу. Тәрбиелілігі: Даланың дархан ұлының туған жері мен өскен еліне деген сүйіспеншілігін атап көрсету. Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру. Көрнекілігі: М. Тынышпаевтың өмірі туралы мәліметтерден слайд, суреттері, бейнеролик , « Отарбадай ағып өткен... » кітап көрмесі, интерактивті тақта. Кітапханашы: Құрметті оқырмандар, оқушылар, ұстаздар ! Қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы, Алаш қайраткері, Ресей ІІ Мемлекеттік Думасының депутаты, тарихшы, зерттеуші, репрессия құрбаны Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына 135 жыл толуына арналған « Тарихшы инженер » ауызша журналына қош келдіңіздер. Ауызша журнал 7 беттен тұрады. 1 бет - Мұхамеджан Тынышпаевтың өскен ортасы және қоғамдық қалыптасуы. 2 бет - М. Тынышбаев. Қазақтан шыққан тұңғыш техника маманы. 3 бет - ІІ Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануы. Бүкілтүркістандық IV – мұсылмандар съезіне қатысуы. 4 бет - Түркістан Сібір темір жолы құрылысында. 5 бет - Ғылыми - зерттеу жұмыстарымен айналысуы. 6 бет - Саяси қуғын – сүргін құрбаны. 7 бет - « Ғұмырдан да ұзақ жол » бейнеролик. Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы мамыр айының 12 жұлдызында Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы – Садыр болысының Ешкіөлмес тауының маңайында ( қазіргі Қабанбай ауданы) дүниеге келген. М.Тынышбаевтың әкесі - Әлдекеұлы Тынышбай Лепсі уезінің биі болған. 1889 жылы оқып, білім алу үшін Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді. Тағдыры тартқан тосын сыйдың мәні «балам оқып, білімді азамат болса» деп армандаған әке тілегімен үйлесіп жатқанын жанымен сезінген он бір жасар Мұхамеджан алғашқы күннен сабағын жақсы оқып, орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Осындай ынта-ықыласына табиғи қабілеттілігі қосылып, ол аз уақыт ішінде гимназия оқытушыларының назарын өзіне аударады. Жыл сайын кластан класқа І – дәрежелі наградамен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады. Гимназияның Алтын медалі мен педагогикалық кеңестің жоғары бағалаған мінездемесі жиырма жасар Мұхамеджанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. • Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады. Мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді. Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады. • Институт қабырғасында оқып жүрген кезде – ақ ол туған халқының, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап баспасөзде уытты мақалалар жариялайды және әр түрлі жиындарда сөз сөйлейді. 1900-1906 жылдары Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқып, бітіреді. • Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы - халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді. Отаршыл үкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы болды. 1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды ( Ботов ) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император ІІ Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Қарқаралы петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды. Онда мынадай жолдар бар еді: « Мал бағумен айналысқаны үшін қырғыздар ( қазақтар ) сайлау құқығынан неге айырылуы тиіс? Сауда - саттықпен, егіншілікпен, балық аулаумен және басқа да кәсіптің түрлерімен айналысушылар сайлау құқығынан айырылып отырған жоқ қой ! » Қарқаралы петициясы 47 тармақтан тұрады. • Сайлау жүйесін қайта құру жөніндегі ұсыныстар: • Діни мәселелер • Қазақ тілі • Сот ісі • Жер мәселесін шешу жолдары Патша үкіметі қазақ халқының пікірімен санасуға мәжбүр болды. Петициялардың мәтінін жазғандар батылдық пен ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Бірақ патша үкіметі петицияларда қойылған талаптарды орындауға құлық таныта қойған жоқ. Ол талаптар Ресей империясының отаршылдық саясатына сай келмейтін еді. Солай бола тұрса да петициялық қозғалыс жағымды ролін атқарды - қазақтар Ресейдің І, ІІ Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайланды. Халық бұқарасына басшылық етуде, отаршыл билік орындарына ұйымдасқан түрде петициялар жолдаудың басы – қасында қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері ерекше белсенділік көрсетті. Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды, Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхамеджан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М.Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Осының алдында ол бүкілтүркістандық ІV – мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М.Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен тізе біріктіре отырып күреседі. 1924 жылы оны Ташкентте ашылған Қазақ педагогикалық институтына, математика және физика пәнінің мұғалімі орнына шақырған болатын. Осы кездерде ол жүздердің шығу тарихы, хандар, батырлар, билер, ақындардың өмірін қысқаша сипаттап, тектердің генеалогиялық кестесін құрып, бұл тақырыпта Орыс географиялық қоғамының Түркістандық бөлімінде дәріс берген. Кеңес кезеңінде әр түрлі деңгейдегі шаруашылық қызметтерде болады. 1925-1926 жылдары жаңа астана Қызылорда қаласын көріктендіру жүйесінің бас инженері болып тұрғанда қаланы сумен қамтамасыз ету жолын және көптеген жаңа объектілер салу туралы ұсынады. Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді. М. Тынышбаев ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, Қазақстан тарихы мен қазақ халқының рулық-тайпалық құрамы туралы құнды еңбектер жазды. 1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады. Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Алайда қара тізімге алып, әр қадамын қалтқысыз баққан қызыл жендеттер оған халқының тарихын жазуға мүмкіндік бермей, қамауға алып, Ресейдің қаратопырақты аймағына (қазіргі Воронеж облысы) бес жылға жер аударады. Айдауда жүрген кезінде М.Тынышбаев Москва-Донбасс темір жолын жобалау бөлімінде жұмыс істейді. Содан кесілген мерзімін өтеп елге оралады. Бірақ ұзамай, ол 1937 жылдың қараша айында қайтадан тұтқындалып, көп кешікпей атылады. «М.Тынышбаев алдымен Воронеж қаласына жер аударылды. Мұнда ол зайыбы Әмина Ибрагимқызы Шейх-Әли және кенже ұлы Дәулетпен келіп, Москва – Донбасс темір жолы құрылысында жұмыс істеді. Жер аударылу мерзімі 1935 жылдың жазында аяқталған соң М.Тынышбаев қуғын - сүргіннің мұнымен тоқтамайтынын жақсы түсініп, зайыбы мен баласын Уфа қаласындағы Әмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді. Өзі Батыс Қазақстанның территориясы арқылы Ташкентке, үлкен қызы Фатанад - Бануге келеді. Ташкентте көп аялдамай, Қандыағаш – Гурьев темір жолы құрылысына жұмысқа орналасады. Бірақ денсаулығының нашарлауына байланысты ұзамай Ташкентке қайтып оралады. Сонда оны 1937 жылы 21 сәуір күні Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алды ». Сондықтан да жанұясы – біреу, жарұясы – үшеу болған Мұхамеджан Тынышбаевтің балаларының тағдыры да өте тауқыметті болды. Үш ұядағы ұл мен қыз бірін-бірі білмей, көрмей өсті, кейбіреуі өзінің туған бауырлары бар екенін білмей өмірден өтті. Оған себепкер – әуелі тағдыр, содан кейін кеңестің зұлматы. Алғашқы құдай қосқан қосағы – қазақ даласындағы, соның ішінде Жетісу өңіріндегі фельдшер Бақи Шалымбековтің қызы – Гүлбаһрам Бақиқызы. Сауатты, сенімді, мейірбике әйел. Ол: «1921 (бір деректе – 1923 жыл, түрмедегі көрсетіндіге жүгінсек, 1921 жылға орайласады) Шымкентте адамдарды тырысқақ (холера) індетінен емдеу кезінде инфекция жұқтырып алып қайтыс болған, сондықтан да денесін кислота құйып өртеп жіберуге мәжбүр болған» Гүлбаһрамнан – Ескендір атты бір ұл, Фатанад-Бану, Динарзада атты екі қыз қалады. Әкелерін қолдарынан түрмеге жөнелткен бұл екі қыз да тағдыр тауқыметін қатты тартып, жүрекке түскен жаралары емделмеген күйі өмірден озды. М.Тынышбаев екі дүркін 1958 жылы 28 ақпанда және 1970 жылы ақталды. Академияның тарихы Ташкентте орналасқан Орта Азия теміржол көлігі инженерлері институтының Алматыдағы оқу-консультациялық пункті ашылған сонау 1931 жылдан бастау алады. Бұл оқу-консультациялык пункт 1967 жылғы 1 қазаннан бастап Ташкент көлік инженерлері институтының Алматы филиалы болып қайта құрылды. 1976 жылғы 20 мамырда осы филиалдың негізінде Алматы теміржол көлігі инженерлері институты (АлИИТ) ұйымдастырылды. 1991 жылдың 1 каңтарында Өскемен кұрылыс-жол институтының Алматы филиалының негізінде Алматы автомобиль-жол институты (ААДИ) құрылды. 1996 жылғы 7 мамырда Алматыдағы екі жоғары көлік оқу орнының - Алматы теміржол көлігі инженерлері институты мен Алматы автомобиль-жол институтының - негізінде көлік саласы үшін ірілендірілген жоғары оқу орны - Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы ұйымдастырылды (ҚазККА). 2000 жылғы 23 мамырда Қазақ көлік және коммуникациялар академиясына қазақтан шыққан тұңғыш жол қатынастары инженері, ipi коғам және саясат қайраткері. Tүpкicтaн-Ciбip (Түрксіб) магистралінің жобасын жасаушылардың және құрылысшыларының бipi - Мұхамеджан Тынышбаевтың (1879-1938) eciмi берілді. | |
Просмотров: 1422 | |
Форма входа |
---|
Социальные закладк |
---|
Поиск |
---|
Друзья сайта |
---|
Теги |
---|
Статистика |
---|